Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Әлбетте, Алтын Орда – бұл жай ғана мемлекеттік құрылым емес, ол бүгінде біз «Еуразиялық» деп атайтын ұлан-ғайыр кеңістіктің барлық дерлік халқының тарихына арқау болған өркениеттік матрица. Ұлы даланың осы тамырлы тарихы арқылы Қазақстан Еуразияның географиялық орталығы ғана емес, сонымен қатар, ең алдымен, сауда жолдары мен мәдени құндылықтардың алмасу торабы – «Еуразия жүрегі» ретінде қабылданып келеді.
Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау қажет. Жошы ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Алып өркениет кезеңінде қалыптасқан жазба әдебиет пен терең мәдениет, архитектуралық үйлесім мен эстетикалық талғам, қалалар мен озық инженерлік шешімдер, орнықты қаржы жүйесі мен Ұлы Жібек жолындағы байланысты үздіксіз қамтамасыз еткен көлік логистикасы сияқты дамыған салалар – соның айқын айғағы.
Жалпы, XVIII–XX ғасырларда тарих сахнасына шыққан кейбір «классикалық» империялардан Ұлық ұлыс түбегейлі өзгешеленеді. Мысалы, көптеген империя өздері жаулап алған елдердің жер-су атауларын, елді мекендерін өзгерту арқылы ұлт жадын жоюға тырысқаны тарихтан белгілі. Ал құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың тілі мен дініне, салт-дәстүріне ешқандай қысым жасамаған Ұлық ұлыс олардың мәдениеті мен әдебиетінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Үлкен континенттің бірқатар мемлекеті мен халқына даму жолын ашып, жаңғыртушы жасампаз қызмет атқарды.
Дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатқан Алтын Орда – Рим империясы сияқты орныққан әрі тиімді мемлекет тетігі арқылы қалыптасқан тұтас жүйе.
Алтын Орда мемлекетінің жарғы-түзімі арқылы әлемнің түрлі ұлт-ұлыс өкілдері, әрқилы нәсілдер мен діни наным-сенім өкілдері бір шаңырақ аясында жарастықта өмір сүргені мәлім. Халқымыздың жатты жатырқамайтын үйлесімділік пен үндестікті ардақтайтын ізгілікті дәстүрінің түп-тамыры Алтын Орда дәуірінде түбегейлі қалыптасып шыңдалғаны анық. Ол мемлекеттің тетігі – меритократия қағидатына, сондай-ақ вертикалды басқару мен адамның жеке тұлғасына құрметпен қараудың үйлесіміне негізделген еді. Сондықтан Ұлық ұлыс тарихынан қазіргі жаһанданудың, гуманизм идеяларының, адам құқықтары мәртебесінің алғышарттарын байқауға болады.
Жошы әулеті әлемге әйгілі Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, дәлірек айтқанда 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымға билік жүргізді. Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Құрылтай институты мен дана билер дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» қағидатымен әділдік принципі басты рөл атқарды. Шығыс пен Батыстың, теріскей мен күнгейдің арасын жалғаған алып империя Еуразия құрлығындағы тепе-теңдікті сақтады. Салиқалы сыртқы саясат арқылы Алтын Орда Мысыр мәмлүктері, Ватикан, Византия, Осман империясы және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты. Әсіресе Берке хан мен Байбарыстың байламды достығы Еуропа мен Ислам әлемін бүлінуден, қираудан сақтап қалды.
Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі – «түркілік ислам» қалыптасып, орнықты. Сол арқылы қазіргі қазақ халқының мұсылмандық сенімі қалыптасты. Берке ханның ислам мәдениетін енгізу үрдісі әз Жәнібек тұсында қуаттанып, ислам мемлекеттік дін ретінде орныға түсті. Осы тұстан бастап, Еуразия кеңістігінде көне түркілік дәстүрден түркі-мұсылмандық мәдениетке бет бұрған жаңа тұрпатты өркениет қалыптаса бастады. Бұл тұрғыда, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Ұлы даланың зияткерлік мұрасында ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасы дараланып көрінеді. Ол жалпыға ортақ мұсылман құндылықтары мен жергілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген «түркілік исламның» бастауында тұрды. Сондықтан Ясауи хикметтері Ұлы даланың мәдени коды іспетті.
Қазақ халқы – Алтын Орданың тікелей мұрагері. Бұл – қазақ даласының аумақтық территориялық тұрғысынан ғана емес, халықтық қалпы, жоралғы-салтымен де сипатталады. Алтын Орда жүргізген татулық, тұтастық, толеранттылық сияқты ұстанымдар қазақ мемлекеттігінің арқауына айналғаны белгілі. Сонымен қатар ұлыстың атасы Жошының Арқа төсінде мәңгілік тыныстауы да бұл ұйғарымды қуаттай түседі. Оның үстіне генетика ғылымының жетістігі көптеген қазақ руының бастауын Ұлық ұлыстың даңқты дәуірінен тарататынын айғақтап, көне шежірелердің ақиқаттығын растап отыр. Жалпы, қазақ халқының ру-тайпалық тарихы мен шежірелерін Алтын Орда тарихы контексінде қарастырған жөн. Себебі қазіргі қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың бірқатары Алтын Орда құрамында болған өзге түркі халықтарында молынан ұшырасады.
Қазақ мемлекеттігінің тамыры тағы да тереңдей түсті. Бірнеше жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтсек, енді оған 250 жыл қосылып, 800 жылға жетіп отыр. Әлбетте, оның арғы жағында Қарахан мемлекеттігі, Түрік қағанаты, Ғұн мемлекеттігі сияқты тамырлардың жатқаны анық.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Сенат депутаты