Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұпайын түгендеуге бағытталған бастамаларды күн тәртібіне қойып, шешімін күткен түйткілді мәселелерге тоқталды. Соның бірі – күннен-күнге құбылып, ойын ережесі өзгерген халықаралық геосаяси жағдайлар. Дегенмен осы тұрғыда өзгермейтін белгілі қағидаттар бар. Яғни еліміздің көпвекторлы саясаты мен мәмілегерлік, бітімгерлік болмысы алға шығып отыр.
Осы орайда Мемлекет басшысының АҚШ-қа барған сапарында Ибраһим келісіміне қол қоюы еліміз үшін өте маңызды қадам болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл туралы Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде де айтып өтті. Біріншіден, Ибраһим пайғамбар – әлемдегі жетекші үш діннің атасы. Қазақтың ұлы тұлғалары – Ибраһим Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсарин да осы есімді иеленген. Яғни аталған келісімнің атауы қазаққа да жат емес.
Екіншіден, бұл келісімге қол қоюға еліміздің толық құқығы бар. Өйткені бұған дейін Сирия келісімі де біздің елдің бітімгерлік мәмілесімен іске асқаны белгілі. Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға маңызды араағайындық жасадық. Мемлекет басшысы Палестина жағдайына байланысты да өз ұстанымын білдіріп келеді. Сондықтан Ибраһим келісімі Қазақ елінің әлемдік аренадағы орнын одан әрі нығайта түседі деген сенім бар. Бұл – саяси жағынан ғана емес, экономикалық, логистикалық, технологиялық, адамгершілік қағидаттары көрініс тапқан үлкен келісім.
Айта кету керек, біздің еліміз ТМД мен түркі мемлекеттері ішінде бұған бірінші болып қосылып отыр. Сол үшін АҚШ президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевтың ниетін жоғары бағалағаны баршаға мәлім. Бұл еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымы мен халықаралық беделін арттыра түскені айдан анық.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Давостағы Бейбітшілік кеңесінің отырысына шақырылып, Бейбітшілік келісіміне қосылуы да – айтуға тұрарлық айрықша оқиға. Сарапшылар бұл кеңес болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымына балама болады деген болжам айтады. Ал бүгінде әлемнің саяси картасы мен келбеті өзгеріп жатыр. Осы орайда еліміз әлемдегі геосаяси ахуалдың ойын ережесін қалыптастыратын елдердің қатарында «орта держава» дәрежесіне сай әрекет етіп, өз үнін білдіріп отырғаны да дұрыс қадам.
Бүгінде айналамыздағы көршілеріміздің, алыс-жақын мемлекеттердің бәрімен, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен өте жақсы мәміледеміз. Олардың кейбірінің өз араларында келіспеушіліктер мен қақтығыстар орын алып жатқаны белгілі. Алайда бәрі де Қазақ елінің шақыруына құлақ асады. Мәселен, былтыр Иран-Израиль қақтығысынан кейін елімізде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне осы екі елдің де өкілдері қатысып, пікірлерін ортаға салды. Осылайша, біздің еліміздің беделі мен Президентіміздің ұстанымы әлемдік келіссөздердің үлкен алаңына, әлем құлақ асатын биік мінберге айналды.
Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы сыртқы саясатпен қоса, ішкі реформалар туралы да нақты бастамалар көтерді. Соның ең маңыздысы – конституциялық реформалар. Бұл 2019 жылы басталып, 2022 жылы жаңа деңгейге шыққан бетбұрыстық өзгерістер десек, артық емес. Сондай-ақ оның бәрін тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңындағы «қайта жүктеу» деп бағаласақ та болады. Бұл реформа аясында Конституциямыз алғашқы преамбуласынан бастап түбегейлі өзгермек. Қолға алынған осы жұмыстың бәрі – Мемлекет басшысы ұсынған Әділетті Қазақстан ұғымының конституциялық тұрғыда көрініс табуы.
Конституциялық реформадан кейін шақырылатын жаңа Парламент Құрылтай деп аталатын болды. Бұл Парламентіміздің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді және оған сайланатын болашақ депутаттардың жауапкершілігін арттырмақ. Ұлттық құрылтай отырыстары да мүлдем жоғалып кеткен жоқ, ол енді Халық кеңесі деп аталатын болды. Бұл да оның дәрежесі жоғарылағанын білдірсе керек. Президенттің өзі парламенттік реформа Сенаттың жойылуы емес, Парламенттің түбегейлі өзгеруі деп айтқан болатын. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы да жойылып кеткен жоқ. Ол да Халық кеңесі құрамында өз қызметін жаңа деңгейде жалғастыра бермек. Сонымен қатар еліміздің өзіндік бренді – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Халық кеңесіне берілуі оның функциясы мен құзыретін арттырары сөзсіз.
Бұл айтылған бастамалардың бәрі Қызылордада өткен бесінші отырыстың ел өмірі мен келешегі үшін аса маңызды басқосу болғанын дәлелдейді. Бір қызығы, осыдан тура 100 жыл бұрын Қызылордада өткен Құрылтай да бесінші болған екен. Сол кезде республикамызға «Қазақ» атауы қайтарылды, Қызылорда ел астанасы болып бекіді. Күні кеше өткен бесінші басқосуда қабылданған тағдырлы шешімдер де еліміздің келешек дамуы мен жетілуіне, әлемдік аренадан өз орнын нықтап алуына негіз боларына толық сенеміз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Сенат депутаты
Соңғы жаңалықтар
Шекара маңындағы ауылдар қайта өркендеу кезеңіне аяқ басты
Ауыл • Бүгін, 09:40
Цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі
Пікір • Бүгін, 09:38
Суперкомпьютердің мүмкіндігі мол
Технология • Бүгін, 09:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30
Басқа басылымдардан: Қазақстан мен Өзбекстан Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды
Басылым • Бүгін, 09:28
Жоғары білімге ЖИ-ді енгізу нені өзгертеді?
Білім • Бүгін, 09:25
Соғыста да адамзаттық қағидаттар сақталуы шарт
Әлем • Бүгін, 09:23
Кітап қорын толықтыруда нені ескеру керек?
Мәдениет • Бүгін, 09:20
Білім • Бүгін, 09:15
Мәдени құндылықты сақтау жайы байыпталды
Саясат • Бүгін, 09:12
Мемлекеттілік тарихының бедерлі белестері
Пікір • Бүгін, 09:10
Бизнес және жайлы іскерлік орта
Саясат • Бүгін, 09:07
Пікір • Бүгін, 09:05
Қазына қаржысы мақсатсыз жұмсалмауға тиіс
Қаржы • Бүгін, 09:02
Қоғам • Бүгін, 08:57