Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ тіліндегі басылымдар ұлттың саяси санасын оятып, елдік мұраттарды ашық талқылайтын қоғамдық мінберге айналды. «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осыдан 110 жыл бұрын, 2 ақпан күні жарық көргені белгілі.
Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар бұлағына айналды. Сол себепті бұл дата Ұлттық баспасөз күнін атап өту үшін таңдалды.
Алғашқы ресми басылымдар және жазба дәстүрдің қалыптасуы
Қазақ баспасөзінің тарихы 1870 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркістан уалаятының газетінен» бастау алады. Бұл басылым отарлық биліктің ресми үнқағазы болғанымен, қазақ тіліндегі жазба мәдениеттің алғашқы мектебіне айналды. Кейін Омбыда шыққан «Дала уалаятының газеті» де ресми сипатта болды. Дегенмен бұл басылымдарда ұлттық мүддеден гөрі әкімшілік саясаттың басымдығы байқалды.
ХХ ғасыр басында жағдай өзгере бастады. Қазақ қоғамында ұлттық сананың оянуы, ағартушылық ойдың күшеюі дербес, халықтық басылымға деген сұранысты арттырды. Осы кезеңде «Айқап» журналы (1911–1915) жарық көріп, қазақтың әдеби-мәдени ойының мінберіне айналды. Мұхаметжан Сералин басқарған журнал тіл, оқу-ағарту, жер мәселесін көтеріп, ұлттық интеллигенцияны қалыптастыруда айрықша рөл атқарды. Алайда қаржы тапшылығы мен саяси қысым оның ғұмырын қысқартты.
Ал қазақ баспасөзін шын мәнінде жалпыұлттық деңгейге көтерген басылым — 1913 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ» газеті болды.
«Қазақ» газетінің дүниеге келуі
Басылым қазақтың төте жазуымен, яғни араб графикасына негізделген әліпбимен шықты. Бұл әліпбиді Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімдеп, реформалаған болатын. Төте жазудың қолданылуы «Қазақ» газетінің қарапайым халыққа түсінікті болуына, сауат ашу ісінің жандануына және ұлттық жазу мәдениетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
«Қазақ» газетінің артында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш зиялылары тұрды. Газет ашу идеясы 1905 жылғы Қарқаралы петициясында айқын көрініс тапты. Онда: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет» деп көрсетілді.
Ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы 9 желтоқсанда берілгенімен, газет тек 1913 жылғы 2 ақпанда ғана жарық көрді. Алғашқы саны Орынбордағы «Кәрімов, Хұсайыновтар» баспаханасында басылды.
Газеттің не үшін «Қазақ» деп аталғанын Ахаң алғашқы санында-ақ түсіндірді:
«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет… жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік!»
(Ахмет Байтұрсынұлы,
«Қазақ» газеті, 1913 жыл, № 1)
Алғашқы санның мазмұны және бағыт-бағдары
«Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінде жарияланған «Құрметті оқушылар!» атты бас мақала басылымның тұғырнамасы іспетті болды.
Онда газет халықтың:
• көзі,
• құлағы,
• һәм тілі болуды өзінің басты міндеті ретінде айқындады.
Ахмет Байтұрсынұлы сол алғашқы санында:
«Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік!» деп, елді сергектікке, қоғамдық жауапкершілікке шақырды.
Алғашқы күннен бастап «Қазақ» бетінде жер мәселесі, оқу-ағарту, тіл, дін, отарлық саясат, шаруашылық, халықаралық жағдай, тарих пен шежіре кеңінен қозғалды. Газет қазақты тек хабардар етіп қана қоймай, ойландырды, талдатты, пікірталасқа тартты.
Ұлттық ойдың мінбері
1913–1918 жылдар аралығында «Қазақ» газетінің 266 саны жарық көрді. Алғаш аптасына бір рет, 1915 жылдан бастап екі рет шығып тұрды. Газетке Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, М.Жұмабаев, С. Торайғыров, Х.Досмұхамедұлы сынды ұлт зиялылары тұрақты жазды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу жайы» атты мақаласында:
«Бұл күнде оқудың керек екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екендігін көріп тұрмыз. Қазақ биыл 5 тиынға келісіп сатқан нәрсесін келер жылы 10 тиынға қайта сатып алады. Үкімет қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді, сол үшін қазақша оқуды халыққа тарату өз міндетіміз» деп, ағартушылықты ұлттық дамудың басты шарты ретінде көрсетті.
(«Қазақ», 1913 жыл, № 11).
«…Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан — қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарда не жазық бар? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы…»
(Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу жайы». «Қазақ» газеті, 1913 жыл, № 11)
«Қазақ» және Алаш идеясы
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Бірінші дүниежүзілік соғыс және патша үкіметінің тыл жұмысына алу туралы жарлығы «Қазақ» газетінің негізгі тақырыптарының біріне айналды. Басылым ел ішіндегі ахуалды салмақты түрде талдап, халықты дүрбелеңге емес, ұйымшылдыққа шақырды.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін «Қазақ» газеті Алаш қозғалысының саяси үніне айналды. Газет бетінде Алаш партиясының бағдарламасы, Құрылтай жиналысына қатысу, ұлттық автономия мәселелері кеңінен талқыланды.
Әлихан Бөкейхан «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған мақаласында:
«Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» деп, ұлттық атау мен болмысты сақтаудың маңызын айқын көрсетті.
(«Қазақ», 1913 жыл, № 3).
«Қазақ» газеті ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы үшін жай ғана мерзімді басылым емес, жалпыұлттық саяси ойды қалыптастырған стратегиялық институт қызметін атқарды. Ол халықты ақпараттандырып қана қоймай, елдік мүддені ұғындыруға, ұлттық мақсат жолында әлеуметтік күштерді біріктіруге ұмтылды.
Газет бетінде көтерілген мәселелер мен ұсынылған бағыт-бағдар қазақтың ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған саналы күресінің теориялық әрі практикалық негізін қалады. Кеңестік кезеңде «ұлтшыл басылым» ретінде айыпталып, оның айналасындағы зиялылар қудалауға ұшыраса да, «Қазақ» газеті көтерген идеялар тарихи тұрғыдан өз өміршеңдігін дәлелдеді.
Осы тұрғыда «Қазақ» газеті қазақ журналистикасының ғана емес, қазақ мемлекеттілігі мен ұлттық санасының қалыптасуындағы ірі тарихи бастау ретінде бағалануға тиіс. Оның мұрасы бүгінгі ақпарат кеңістігінде де ұлттық мүдде мен қоғамдық жауапкершілік ұстанымдарын айқындайтын маңызды бағдар болып қала береді.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы журналистерді Ұлттық басылым күнімен құттықтады.