Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Павлодар облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағының қаза тапқан ұшқышы сол қайғылы оқиға болған күні 29 жасқа толған еді. Ер адамның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Авиациялық жұмыстарды орындаған компания өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне оқиғаның кейбір мән-жайын айтып, қаза тапқан ұшқыштың отбасына қандай көмек көрсетілгенін баяндап берді.
Павлодар облысында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағының қаза тапқан ұшқышы сол қайғылы оқиға болған күні 29 жасқа толған еді. Ер адамның артында жұбайы мен екі баласы қалды. Авиациялық жұмыстарды орындаған компания өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне оқиғаның кейбір мән-жайын айтып, қаза тапқан ұшқыштың отбасына қандай көмек көрсетілгенін баяндап берді.
Не болды?Маса мен шіркейге қарсы авиациялық-химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізген Ан-2 ұшағы 27 мамырда Павлодар облысы Железин ауданындағы Ертіс жайылмасына құлады. Бортта екі ұшқыш болған. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды, екіншісін құтқарушылар қираған ұшақтан шығарып, дәрігерлерге тапсырды.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, ұшақты "Жеңіл және аса жеңіл авиация пайдаланушылары" заңды тұлғалар бірлестігі пайдаланған. Алдын ала болжам бойынша, әуе кемесі авиациялық-химиялық жұмыстарды атқару кезінде электр беру желісіне ілінген.
Әуе апатын Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді зерттеу департаментінің мамандары тергеп жатқаны хабарланды. Тергеу қорытындысы бойынша трагедияның нақты себептері белгілі болады.
Туған күнінде ажал құштыҚаза тапқан ұшқыш Шымкент қаласынан. Әуе апаты болған күні ол 29 жасқа толған. Ер адам Павлодар облысында авиациялық жұмыстарды атқарған компанияда екі жыл қызмет еткен.
"Мәйітті туған жеріне тасымалдау бойынша барлық шығынды өз мойнымызға алдық. Алдымен Астанаға, одан кейін туған-туыстары, жұбайы мен екі кішкентай баласы тұратын Шымкентке жеткізуді ұйымдастырдық. Сондай-ақ жерлеу рәсімін өткізуге көмектестік. Барлық шығын шамамен бір миллион теңгені құрады", - деп хабарлады "Авиасевер" ЖК өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне.
Қазіргі уақытта марқұмның отбасына қосымша көмек көрсету мәселесі шешіліп жатыр. Сонымен қатар туыстарына заңнамада көзделген төлемдер, соның ішінде сақтандыру өтемақылары мен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы тиесілі.
Кез келген ұшқын өртке ұласуы мүмкін едіЖергілікті тұрғындардың айтуынша, ұшақ Ертіс жайылмасындағы көктемгі су тасқынынан кейін әлі де су жатқан жерге құлаған. Апаттан кейін жанармай бактарынан авиациялық бензин аққан, бірақ өрт шықпаған.
Аман қалған ұшқышты құтқарушылар қираған ұшақ ішінен бірден алып шықты. Ал қаза тапқан адамның денесін шығару үшін қол құралдарын пайдалануға тура келген: төгілген авиациялық жанармайдың кесірінен электр жабдықтарын қолдану өте қауіпті болған - кез келген ұшқын өрт тудыруы мүмкін еді.
Аман қалған ұшқыштың жағдайы жақсарып келедіЕкінші ұшқыш 28 жаста. Апаттан кейін ол санавиациямен Железин аудандық ауруханасына, кейін Павлодарға жеткізілді. Ауруханаға түскен кезде ер адамның жағдайы ауыр болған. Ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан. Жағдайы тұрақталған соң бет-жақ хирургиясы бөлімінде оған ота жасалып, кейін политравма бөліміне ауыстырылған. .
Ұшақ техникалық тексерістен өткен"Авиасевер" ЖК берген мәліметке сүйенсек, апатқа ұшыраған Ан-2 бұрын ауыл шаруашылығында қолданылған. Кейінгі екі жылда ұшақ Павлодар облысында зиянкес жәндіктермен күрес жұмыстарына тартылған. Ұшу алдында әуе кемесі техникалық тексеруден өтіп, жарамды күйде болған.
Компания өкілдері ұшақтың шыққан жылына қатысты да пікір білдірді. Ан-2 ұшағының сериялық өндірісі 1990-жылдары тоқтатылған, алайда мамандардың айтуынша, авиацияда техниканың жасы емес, оның техникалық жағдайы мен қолданыстағы ұшуға жарамдылық сертификатының болуы шешуші фактор саналады.
"Авиацияда ұшақтың жасы автокөлік сияқты бағаланбайды. Мұнда "ескі" деген түсінік жоқ. Ол жөндеуден өткен, ұшуға жарамдылық сертификаты бар. Бұл Ан-2 техникалық тұрғыдан сау болатын", - деп түйіндеді компания өкілдері.
Апаттың мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Анықтама: Анықтама: Ан-2 (халық арасында "Аннушка" және "Кукурузник" деген атпен белгілі) - 1940-жылдардың екінші жартысында кеңестік конструктор Олег Антонов жобалаған танымал көпмақсатты ұшақ. Бұл - әлі күнге дейін жаппай қолданыста жүрген санаулы бипландардың бірі. Қанаттарының құрылымы арқасында ол орасан зор көтеру күшіне ие. Ұшақ арнайы дайындалмаған топырақты жерге немесе қар басқан алқаптарға қонып, ұша алады, оған екпін алу үшін небәрі бірнеше жүз метр жеткілікті. Әуе кемесі әртүрлі мақсатта қолданылады: ауыл шаруашылығы мен санитарлық авиациядан бастап, жергілікті әуе желілеріндегі жолаушылар мен жүк тасымалына және парашютшілерді дайындауға дейін.
Павлодар облысында ұшақ апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапты
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу