Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазақстанда алдағы уақытта несие алу қиындауы мүмкін. Ұлттық банк қарызы көп азаматтарға жаңа несие беруді шектейтін тетік енгізуді қарастырып жатыр. Әзірге жаңа талаптар күшіне енбейді, алайда реттеуші бұл бастамадан толық бас тартқан жоқ, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық банкте қарыз алушылардың борыш жүктемесін бақылауға арналған жаңа тетік - қарыздың табысқа арақатынасы коэффициентін енгізу мәселесі талқыланып жатыр.
Қарыздың табысқа арақатынасы коэффициенті деген не?Қарыздың табысқа арақатынасы коэффициенті - адамның барлық несиесі бойынша ай сайын төлейтін сомасы табысының қанша бөлігін алатынын көрсететін өлшем. Осы көрсеткіш арқылы қарыз алушының несиесін қиындықсыз өтей алатыны немесе алмайтыны бағаланады.
Егер болашақта бұл коэффициентке шекті мөлшер белгіленсе, банктер қарыз жүктемесі сол межеден асып кеткен тұтынушыларға жаңа несие бере алмайды.
Коэффициентті енгізу мүмкіндігі туралы не белгілі?Шілденің аяғында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің жетекшілігімен Қаржылай тұрақтылық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Одан кейін Ұлттық банк бөлшек несие нарығын бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.
"Қарыздың табысқа арақатынасы коэффициенті несие түрлері бойынша, атап айтқанда автонесие, ипотека және кепілсіз қарыздар бағытында бақыланады. Сонымен қатар, қарыз алушылардың жалпы берешегіне шекті мән белгілемей мониторинг жүргізу жалғасады. Қажет болған жағдайда, бөлшек несие сегментіндегі тәуекел күшейсе, Ұлттық банк жекелеген несие түрлері мен жалпы берешек бойынша коэффициенттің әртүрлі шекті мөлшерін белгілеу мәселесін қарастыруы мүмкін", - делінген хабарламада.
Ақпарат жарияланғаннан кейін Tengrinews.kz редакциясы Ұлттық банкке пікір алу үшін сауал жолдады.
Қандай жағдайда талаптар өзгеруі мүмкін?Ұлттық банктің мәліметінше, әзірге жаңа тетік енгізу немесе банктерге міндетті шектеу қою туралы шешім қабылданған жоқ.
Бастапқыда бұл коэффициентті әуелі 1 шілдеден, кейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда қазір Ұлттық банк бұл мерзімдерді растамай отыр.
"Біз бұл тетікті 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарын растамаймыз, бірақ одан толық бас тартқан да жоқпыз. Әзірге талаптарды күшейту ойда жоқ", - деп хабарлады реттеуші.
Ұлттық банк қосымша шектеулер енгізу қажеті әзірге болмағанын түсіндірді. Бұған дейін қабылданған шаралар тұтынушылық несиенің өсу қарқынын баяулатуға мүмкіндік берген.
Олардың қатарында кейбір несие түрін рәсімдеу кезінде жұбайының келісімін алу, төлем мерзімін 90 күннен артық өткізіп алған азаматтарға жаңа қарыз беруге шектеу қою, сондай-ақ, жас қарыз алушылардың алғашқы несиесін тек банкке өзі барып рәсімдеуі туралы талап бар.
Соған қарамастан, Ұлттық банк болашақта бұл мәселеге қайта оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Егер реттеуші жағдайдың нашарлағанын, мысалы, бөлшек несиенің қайтадан қарқынды өсе бастағанын байқаса, жекелеген несие түрлері бойынша қарыздың табысқа арақатынасы коэффициентіне шекті мөлшер белгілеу мәселесін қарастыруы мүмкін.
Еске салайық, 21 шілдеде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлікті несиеге сатып алуды жеңілдету жоспарланып отырғанын айтқан еді. Ол үшін автонесие беру кезінде борыш жүктемесі коэффициентін алып тастау және жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту ұсынылған.
Кейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов автокөлік өндірісін қолдау үшін борыш жүктемесі коэффициентіне қатысты жеңілдік берілгенін, бірақ оның мерзімсіз қолданылмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, шектеулерді қайта енгізудің негізгі межесі - 2027 жылғы 1 қаңтар. Алайда түпкілікті шешім банктер мен азаматтардың әрекетіне байланысты қабылданады.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу