Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Былтырғы желтоқсанда халықтың көбі доллар сатып алуға көшті. Айырбастау пункттерінде доллар бұрынғыдан тез өтіп, жұрт «ақшаны қандай валютада сақтаған дұрыс?» деп ойлана бастады. Ұлттық банк дерегінше, мұндай үдеріс бұрын-соңды болмаған. Бір айдың ішінде ақша айырбастау пункттерінде 322,8 млрд теңгеге доллар сатылған. Бұл көрсеткіш нені аңғартады?
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Доллар арқылы жасалған сауда қараша айымен салыстырғанда 38%-ға артқан, ал 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда өсім бірден 83% болған. Бірінші несие бюросы мамандары бұл жағдайды кейінгі төрт жылдағы ең жоғары нәтиже деп бағалап отыр. Яғни халық та, бизнес те долларды бұрынғыдан әлдеқайда белсенді түрде сатып ала бастаған.
Бұл үдерісте Алматы мен Астана қалалары негізгі қозғаушы күшке айналды. Желтоқсан айында Алматыда доллар бойынша нетто сауда көлемі 157,5 млрд теңгеге жетсе, Астанада бұл көрсеткіш 35,1 млрд теңгені құраған. Қараша айымен салыстырғанда екі мегаполисте де доллар сатып алу айтарлықтай артқан.
Еуро валютасына қатысты жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ. Қарашада республика бойынша еуроның нетто сатылымы 14,2 млрд теңге болса, желтоқсанда бұл көлем 14,7 млрд теңгеге дейін ғана өскен. Еуроға деген сұраныс та негізінен Алматы мен Астанада сақталған. Басқа өңірлерде бұл валютаның айналымы аса жоғары болған жоқ.
Ал рубльге қатысты көрініс керісінше болды. Қараша айында айырбастау пункттері рубльді 18,6 млрд теңгеге сатып алған еді. Ал желтоқсанда бұл көлем 11,8 млрд теңгеге дейін төмендеген. Яғни, рубль сатылып жатыр, бірақ бұрынғыдай қарқын жоқ.
Осы кезеңде теңге бағамының нығайғаны да байқалды. Желтоқсанда АҚШ долларының орташа бағамы 511,46 теңге деңгейінде қалыптасты. Салыстырар болсақ, қарашада доллардың орташа бағамы 522,72 теңге болса, қазанда 539,92 теңгеге дейін жеткен еді. Соған қарамастан, халықтың долларды белсенді түрде сатып алуы сақталған. Бұл азаматтардың валюталық тәуекелге деген сақтығын, жинағын әртараптандыруға деген ұмтылысын көрсетеді.
Сол себепті кейінгі уақытта қоғамда доллар бағамы 1000–1500 теңгеге дейін өседі деген әңгіме де жиі айтыла бастады. Осыған байланысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл болжамдарды ашық түрде жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұндай деңгейдегі девальвацияға жол беру де, оны әдейі әкімшілік тәсілмен жасау да мүмкін емес.
«Теңгенің долларға қатысты бағамы ең алдымен нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын түсіндірді. Сонымен қатар елдегі тауар мен қызмет өндірісінің көлемі де үлкен рөл атқарады. Қазір теңге бағамы ел экономикасының нақты көрсеткіштеріне сай теңгерімді жағдайда тұр. 2015 жылдан бері елімізде еркін өзгермелі валюта бағамы жұмыс істеп келе жатыр. Бұл жүйе бойынша теңгенің бағасы нарықтағы жағдайға қарай өздігінен өзгереді. Мұндай саясат экономиканың ішкі, сыртқы өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік береді әрі жасанды қысымнан қорғайды. Экспорттаушылар шетел валютасындағы табысын белсенді түрде сататын кезеңдерде немесе салық төлеу уақыты келгенде теңге нығаюы мүмкін. Ал демалыс маусымында азаматтар шетелге жиі шығып, валютаға сұраныс артқанда доллар мен еуро қымбаттайды.
Ұлттық банк бұл үдерістерге өте сирек жағдайда ғана араласады. Бағам нан, картоп сияқты тауарлардың бағасы секілді нарықта өздігінен қалыптасады», деді бас банк басшысы.
Осындай өзгеріс пен әртүрлі пікірлерден кейін халық жинаған қаражатын қалай сақтаймын деген сұраққа жауап іздей бастады. Қаржыгер Ғалым Құсайынов теңге нығайып тұрған кез доллар сатып алуға қолайлы уақыт екенін айтып отыр. Оның пайымынша, дәл қазір теңгенің күрт құнсыздануына алып келетін нақты экономикалық себеп жоқ. Бұл үрдіс көбіне макроэкономикалық дағдарыстан емес, қаржы нарығын реттеу ерекшеліктерінен туындайды. Сондықтан эмоцияға берілмей, қалыптасқан мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет.
«Жұрт теңге девальвацияға ұшырайды деп айтып жатыр, не істеу керек, жинақты қалай сақтау керек деп алаңдайды. Бірден айтайын, мен девальвация сценарийімен келіспеймін. Иә, теңге құбылмалы болып кетті, бірақ құбылмалылықтың өзі девальвацияға себеп емес. Елімізде бағам өзгерісі көбіне реттеуші ортаға байланысты, фундаменталды макроэкономикалық факторларға емес. Қазіргі жағдайда дұрыс тәсіл қолданса, тіпті пайда табуға да болады. Банктердің өзі осы мүмкіндікті белсенді пайдаланып отыр. Алайда жеке қаржыға келгенде бәріне ортақ бір ғана кеңес жоқ. Қазір теңге расымен де шамадан тыс күшейіп тұр. Егер біреу жинағының бір бөлігін долларда сақтағысы келсе, дәл осы кезең – ең қолайлы уақыттардың бірі. Ұзақ мерзімде теңге бәрібір әлсірейді, себебі макроэкономикада оның құнсыздануы инфляция айырмасына сәйкес жүреді. Бізде инфляция АҚШ-пен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары. Орта мерзімде импорт өсіп, экспорт қысқарған сайын бағам әлсірей бастайды. Бұл – экономиканың базалық заңы. Айтқандай, егер доллар аламын деп шешсеңіз, оны банктегі валюталық депозитте сақтау – дұрыс жол емес. Ақша жоғалтасыз», деп түсіндірді
Ғ.Құсайынов.
Ұлттық банктің дерегі де осы пікірді нақтылай түседі. Биылғы қаңтар айының қорытындысында 1 доллар 501,24 теңге болып, 0,9%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі 359 млн доллардан 306 млн долларға дейін төмендеді. Жалпы, айлық сауда көлемі 5,8 млрд долларды құрады.
«Қаңтарда Ұлттық қордан 350 млн доллар көлемінде валюта сатылып, республикалық бюджетке трансферт бөлінді. Бұл жалпы сауда көлемінің 6%-ына тең, яғни күніне орта есеппен 18,5 млн доллардан аспады. Алдын ала болжамға сай, ақпан айында республикалық бюджетке трансферт бөлу мақсатында Ұлттық қордан 350–450 млн доллар көлемінде валюта сатылуы мүмкін. Яғни валюта нарыққа тұрақты әрі біркелкі көлемде ұсынылады», дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Бір қызығы, АҚШ валютасы кейінгі күндері әлсіреп барады. DXY индексі 97 пункттен төмен түсіп, 96,56 деңгейіне жетті. Бұл – жай ғана биржадағы цифр емес, әлемдік нарықтағы көңіл күйдің өзгергені. DXY – доллардың 6 негізгі валютаға қатысты жағдайын көрсететін индекс. Себеп неде? АҚШ-та желтоқсан айындағы бөлшек сауда деректері күткендей шықпады. Тұтынушылардың шығыны өспеген. Негізгі сұранысты көрсететін бақылау тобы 0,1% төмендеген. Бұл экономика баяулауы мүмкін деген белгі берді. Соның әсерінен нарықта Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені жұмсарта түсуі мүмкін деген болжам бар.
АҚШ қаржы талдаушысы Аарон Хиллдің айтуынша, әлсіз статистикадан кейін АҚШ қазынашылық облигацияларының кірісі баяулады, ал доллар қысымға ұшырады. Мөлшерлеме төмендейді деген болжам инвесторлар қызығушылығын төмендетеді. Мұндай үдеріс біз секілді дамушы елдерге уақытша болса да қолайлы болуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар
Валюта бағамы: құбыла ма, тұрақтала ма?
Қаржы • Бүгін, 08:50
Сыр бойына жүгері де жерсінеді
Аймақтар • Бүгін, 08:45
Софья Самоделкина қысқа бағдарламада 12-орын алды
Спорт • Бүгін, 08:42
Қалдықты кәдеге жарататын кәсіпорын
Аймақтар • Бүгін, 08:40
Farabi university: ғылым, инвестиция және дамудың жаңа кезеңі
Университет • Бүгін, 08:35
Мирас • Бүгін, 08:30
Байқау • Бүгін, 08:25
Мирас • Бүгін, 08:20
Жалпыұлттық коалиция өкілдері Шымкент тұрғындарымен кездесті
Ата заң • Бүгін, 08:17
Спорт • Бүгін, 08:15
Болашағымыздың стратегиялық бағдары
Ата заң • Бүгін, 08:12
Ұшақта жолаушының өмірін құтқарды
Қоғам • Бүгін, 08:10
Жастар Конституция жобасын қолдайды
Ата заң • Бүгін, 08:07
Әңгіме арқауы – руханият мәселесі
Қоғам • Бүгін, 08:05
Уақыт талабынан туындаған құжат
Реформа • Бүгін, 08:02