Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ерлан Қарин ресми түрде Қазақстанның вице-президенті болды. Ол туралы не белгілі – Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Бұл қызметке Ерлан Қариннің кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Құрылтай депутаттары оны 31 тамыздағы отырыста қолдады. Тағайындау туралы жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
Ерлан Қариннің өмірбаяныЕрлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін, 1999 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аспирантурасын бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты.
Еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбедегі №33 орта мектепте тарих және география пәнінің мұғалімі болып бастаған.
1998 жылы Қазақстан даму институтының Саяси зерттеулер орталығына жұмысқа ауысып, Ресей және Қытай институты директорының орынбасары болды.
2000 жылы Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры болып тағайындалды.
ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР
Қызылорда облысында жыл басынан бері 88 мыңнан астам ағаш көшеті егілді
29 тамыз 15:33 1
2002 жылдан бастап Қазақстан Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі болды.
2003 жылы "Асар" партиясы төрағасының бірінші орынбасары және Халықаралық заманауи саясат институтының бас директоры қызметтерін атқарды.
2004 жылы Лаңкестікке қарсы бағдарламалар орталығын басқарды, ал 2006 жылы Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды.
2008 жылдан бастап Қазақстан Президенті Әкімшілігінде ішкі саясат бөлімін басқарды. Сол жылдың қарашасында "Нұр Отан" партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болып тағайындалды.
2014 жылдан 2017 жылға дейін Қарин Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. Кейін, 2017 жылдың ақпанында "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы болды.
2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан Президентінің кеңесшісі, ал 2020 жылдың шілдесінен бастап Президент көмекшісі болып жұмыс істеді.
2022 жылдың қаңтарында Ерлан Қарин Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Сол жылдың маусымында Мемлекеттік кеңесші болды.
2026 жылғы 30 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қарин Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Жалған тарихшылар мен ақпараттық рэкет. Ерлан Қариннің мәлімдемелеріЕрлан Қарин ел үшін өзекті тақырыптар бойынша жиі пікір білдіріп тұрады.
Мәселен, шілдеде Қазақстан тарихы жөніндегі редакциялық алқаның қорытынды отырысында Қарин жалған тарихшыларды сынға алды. Оның пікірінше, олар қоғамға өздерінің үстірт көзқарастары мен негізсіз теорияларын таңып, популизм арқылы жалған тарихи мифтерді қалыптастыруға тырысады.
"Тарих – бұл, ең алдымен, ғылым. Сондықтан тарихты зерттеуде әлеуметтік желілер арқылы түрлі жалған тарихи мифтерді тарататын жалған тарихшыларға емес, кәсіби мамандардың еңбектеріне сүйену қажет. Өйткені кәсіби тарихшылар ғылыми интеллигенция өкілдері ретінде қоғамға тарихымыз туралы дұрыс, объективті түсінік беріп, сол арқылы жалпы тарихи сауаттылықты арттыра алады", - деді сол кезде Ерлан Қарин.
Сонымен қатар ол блогерлердің немесе белсенділердің танымалдылықты қысым жасау, бопсалау және ақша талап ету үшін пайдалануы – "инфо-рэкет" туралы айтты. Қарин мұндай әрекеттерді қолдауға болмайтынын мәлімдеді.
"Мен жекелеген блогерлер мен белсенділердің қызметі кәдімгі бопсалауға айналып кеткен "инфо-рэкет" құбылысына баса назар аудардым. Мұндай тәжірибе өткен кезеңдердегі деструктивті элементтермен "жағыну саясатының" нәтижесінде пайда болып, түрлі жалған қоғам белсенділерін, блогерлер мен "қолбала оппозиционерлерді" тудырды. Қазір олар кезіндегі құдіретті патрондары мен жомарт клиенттерінің қамқорлығысыз қалса да, ескі әдетімен әлі де бұрынғы әдістермен табыс табуға тырысып жатыр. Қазір елімізде мүлдем басқа саясат жүргізіліп, басқа құндылықтар дәріптеледі. Біз "инфо-рэкетті" қандай да бір жеңілдіктермен, марапаттармен немесе келісімшарттармен ынталандырмауымыз керек", – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ Қарин треш-стримерлерді жазалау қажеттігі туралы мәлімдеме жасады. Ол бейәдеп және орынсыз контентпен күресу қоғамдағы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру үшін маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, өзгерістерге ұрандармен емес, нақты шаралармен және заңның сақталуымен қол жеткізу керек.
Айта кетейік, Ерлан Қарин Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеуге және Ата заңдағы негізгі өзгерістерді түсіндіруге белсенді қатысты. Қариннің 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция туралы бірнеше пікірі:
"Түптеп келгенде, жаңа Конституция оны қолдағандарға да, күмән келтіргендерге де бірдей қорғау мен тең кепілдік береді. Егер ертең азаматымыз әлемнің кез келген нүктесінде қиын жағдайға тап болса, мемлекет оны жалғыз қалдырмайды. Жаңа Конституцияда "әрбір азамат – мемлекеттің басты құндылығы" деген принцип нақты бекітілген". "15 наурыз – бұл жай ғана референдум күні емес, бұл – Жаңару күні. Егер азаматтар қолдау көрсетсе, біз жаңа дәуірге қадам басамыз. Адамдар баспанасынан заңсыз шығарылмайды, дербес деректер қорғалады, ал халық егемендіктің бірден-бір иесі деп танылады. Жаңа Конституция ауқымды инновациялар мен игі істердің бастауы болсын!". "Жаңа Конституциямен бірге біз жаңа дәуірге аяқ басамыз. Бұл – мыңжылдық тарихтың тынысы сезілетін Конституция. Онда жас ұрпақтың қуаты мен талпынысы көрініс тапқан. Бұл – халықтың үні естілетін Конституция. Жаңа Ата заңнан Президенттің қолтаңбасы, өмірлік ұстанымдары мен реформаторлық стилі анық байқалады. Ашығын айту керек: Мемлекет басшысы өзінің бүкіл тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін елге және халықтың болашағына қызмет етуге жұмсап отыр".Сонымен қатар Қарин "Заң мен тәртіп" қағидатын үнемі еске салып отырады. Ол заң бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығын және заңның бәріне ортақ болуы тиістігін баса айтады. Атап айтқанда, ол есірткі таратқаны үшін жазаны жеңілдетуге қарсы шығып, мұндай мәселелерде қоғамдық пікірді манипуляциялауға жол бермеуге шақырды.
Сондай-ақ Ерлан Қарин "Құрмет", ІІ дәрежелі "Достық", ІІ және І дәрежелі "Барыс" ордендерімен, "Отан" орденімен марапатталған. Бұдан бөлек, ол Қазақстанның бірқатар мемлекеттік наградасын және Өзбекстан Республикасының "Дуслик" (Достық) орденін иеленген.
Қарин ғылыми және публицистикалық жұмыспен де айналысады. Ол "Халифат сарбаздары: аңыз бен ақиқат", Джейкоб Зеннмен бірлесіп жазған "ДАИШ пен Әл-Каида арасында: Сирия соғысындағы Орталық Азия содырлары", "Балбалтас. Орхоннан Каспийге дейін", Галина Ксенжикпен бірлесіп жазған "XVII - XX ғғ. басындағы Қазақстан тарихы бойынша картографиялық материалдардың жиынтық каталогы" сынды кітаптардың авторы.
Еске сала кетейік, вице-президент институты 2026 жылғы 15 наурызда референдумда қабылданған жаңа Конституцияда пайда болды. Биыл қаңтарда Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президентті Президенттің өзі тағайындайтынын және оның өкілеттігін айқындайтынын мәлімдеген болатын.
Президент сол кезде: "Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады ", – деп атап өткен еді.
Тағы оқыңыз: “Зор мәртебе“: Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалғаннан кейін сөз сөйледі
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу