Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қайғылы оқиғадан кейін ұсталған екі адам сот бақылауы шартымен босатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. түркиялық DHA агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 25 қазан күні Ыстамбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көршілес үйдің шатырына өткен. Кейін шатырдағы берік емес жабынның үстіне басып, екінші жерасты қабатының деңгейіне құлап кеткен. 26 жастағы қазақстандық оқиға орнында көз жұмған.
Тергеу барысында полиция марқұммен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. мен 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т.-ны ұстаған. Түркиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, екі адамнан жауап алынғаннан кейін олар шетелге шығуға тыйым салу түріндегі сот бақылауы шартымен босатылған. Олардың Айсұлудың өліміне қандай да бір қатысы бар екені дәлелденген жоқ.
Түркиялық журналистер қазақстандық қыздың қаза табар алдында түсірілген соңғы суретін де жариялады. Онда Айсұлудың көрші ғимарат шатырының шетінде отырғаны көрінеді. Суретті онымен бірге тұрған Дарья түсірген. Оның полицияға берген жауабына сәйкес, таңғы сағат 08:15 шамасында құрбысын шатырда көріп, қауіпті жерде отырмауын ескерткен. Бірақ Айсұлу сол жерде қалатынын айтып, оған ұйықтай беруін өтінген.
Кейін Дарья қатты музыка дауысынан оянып, бөлмеде құрбысының жоқ екенін байқаған. Сыртқа қараған кезде оның төменде жатқанын көргенін айтқан. Тергеушілер Айсұлудың қайғылы оқиғаға дейін Мазхар Т.-мен кездескенін де анықтады. Ер адамның айтуынша, қазақстандық қыз оның үйіне таңғы сағат 05:30 шамасында келіп, 07:40-та кеткен.
Сонымен қатар полиция Айсұлудың қаза табар алдындағы қозғалысы түсірілген бейнебақылау жазбаларын зерттеп жатыр. Кадрларда оның Мазхар Т.-нің үйіне барып, кейін өзі тұрған ғимаратқа қайтып келгені байқалады.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қазасын растаған болатын. Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланысып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Қазір Түркияның құқық қорғау органдары Айсұлу Бекмаханованың шатырға қандай себеппен шыққанын және қайғылы оқиғаның нақты мән-жайын анықтауды жалғастыруда.