Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында тәртіп, жауапкершілік және салауатты өмір салты құндылықтарын насихаттау әрі құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Іс-шараның басты қонағы – NAIZA лигасының және панкратионнан әлем чемпионы Ильдар Құдайбергенов жастар тәрбиесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда жасөспірімдерге дұрыс бағыт беру аса маңызды.
Фото: Аружан Махмут / Kazinform– Жастарға көп көңіл бөліп, дұрыс тәрбие беру керек деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, балалардың әрқайсысы әртүрлі. Өйткені қазіргі заманда балаларды қорғау қиын – ғаламтор мен әлеуметтік желінің әсері бар, - деді ол.
Спортшы өз өміріндегі қиын кезеңдерді жасырмай, жастарға ашық жеткізді.
Оның айтуынша, әр адам өз жолын таңдауы тиіс.
– Мен өзімнің жеке тәжірибемнен айтайын. Мен де мінсіз, тілалғыш бала болған жоқпын. Бірақ біз «робот» өсірмейміз ғой. Олар өмірде не қалайтынын нақты білуі керек. Оларға жай ғана дұрыс жолды нұсқау қажет, - деді чемпион.
Сонымен қатар ол тағдырындағы күрделі кезең туралы айтып, өмірлік сабақтың маңызын атап өтті.
Ол өткенге өкпелемей, алға ұмтылудың маңызына тоқталды.
– Өткенге өкпелеудің қажеті жоқ. Одан дұрыс сабақ алып, алға қадам басу керек, - деді ол.
Чемпионның айтуынша, табандылық пен еңбек кез келген нәтижеге жеткізеді.
– Солай спортпен қайта шұғылданып, жақсы нәтижелер көрсете бастадым. 7-8 жыл бойы дайындалып, жаттыққан адамдар құрамада болып, жарысқа қатысса да жеңе алмай жатса, мен жарты жылда Naiza лигасының чемпионы атанып, өз белбеуімді қорғадым, - деді ол.
Кездесу барысында құқықтық мәдениет мәселелері де кеңінен қозғалды. Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілда жастарға заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндірді.
Фото: Аружан Махмут / Kazinform– Әлеуметтік желі жүргізгенде, қоғамдық ортада теріс көзқарастағы пікірлер білдіру, «өз ойымды айтып жатырмын» деп өзгелерге кері әсер ету – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен жауапкершілік қарастырылған, - деді ол.
Прокурордың айтуынша, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Астана қаласында буллинг, кибербуллинг, алаяқтық тақырыбында жиі лекциялар жүргізіледі. Десе де, сол ақпараттар естіген жерде қалып кетеді, - деді Ақжол Сәтілда.
Сондай-ақ ол жауапкершілік жасына қатысты маңызды ақпарат берді.
– Жауапкершілік 14 жастан басталады. Бірақ 14 жасқа дейін жасалған әрбір әрекетке ата-ана жауап береді. Қазір жасөспірімдер арасында әлеуметтік желі арқылы теріс қылықтарды дәріптеу өте жиі кездеседі. Көлік жүргізу, жылдамдықты арттыру сынды видеоларды да жастар қызығушылықпен көреді. Бұл әрекеттердің бәрі заңға қайшы, - деді прокурор.
Ал полиция майоры Назым Шәріпова интернет қауіпсіздігі мен алаяқтық мәселелеріне тоқталды.
Фото: Аружан Махмут / Kazinform– Дропперлікпен айналысқан азаматтар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сол үшін банк шоттарыңызды, карта нөмірлерін ешкімге бермеңіздер. Себебі алаяқтыққа сіздердің қатыстарыңыз болмаса да, заңнамаға сәйкес шот иесі жауапқа тартылады, - деді ол.
Оның айтуынша, жастардың құқықбұзушылықтан аулақ болуы – өз болашағын қорғау.
– Сол үшін жастарды заңды бұзбауға шақырамын. Себебі бұл сіздердің игіліктеріңізге қайшы. Кейін өздеріңіз де, ата-аналарыңыз да жапа шегеді. Қазір интернет алаяқтық қарқын алып тұр. Егер сіздер де осындай жағдайға тап болып, 4 сандық кодты айтып қойсаңыздар, дүрбелеңге салынудың керегі жоқ. Себебі алаяқтық әлі болған жоқ. Ондай кезде телефонды өшіріп, ата-аналарыңызға хабарлау керек. Олар сіздерге алаяқтың хабарласқанын білуі қажет, - деді Назым Шәріпова.
Спикер жастарға сақ болу қажеттігін де ескертті.
– Егер белгісіз біреу сізге ақша аударса, ата-анаңызбен бірге банкке барып, бөтен адамнан ақша түскенін айтып, оны банк арқылы өз иесіне кері қайтаруды сұраңыз. Бұл арқылы сіз өзіңізді алаяқтық оқиғасына сыбайлас болудан қорғайсыз. Оған қоса, әлеуметтік желіде түрлі сілтемелер тарап жүр. Мұндай сілтемелерге кірмеуді өтінемін. Өйткені сіздер автоматты түрде заңбұзушылыққа ортақтасқан боласыздар, - деп толықтырды спикер.
Кездесуде сөз алған «Темір адам» лақап атымен танылған спортшы Тимур Спатаев тәртіп пен білімнің маңызын атап өтті.
Фото: Аружан Махмут / Kazinform– «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген. Менің өмірлік кумирім болған Бауыржан Момышұлы, Қажымұқан, Жақсылық Үшкемпіров аталарымыз секілді болғым келген. Балалар болашақта «мен кім боламын?» деп қазірден бастап алға мақсат қоюы керек. Егер мақсат айқын болса, арман орындалады, - деді Тимур Спатаев.
Сондай-ақ ол білім мен спорттың қатар жүруі керектігін атап өтті.
– Тек спортпен шектелмейміз. Себебі қазір спортқа да білім керек. Болашақ — осы елдің іргесін қалайтын қазіргі жастар. Бәріміз жастарға үміт артамыз, сол үшін ерінбей оқу керек. Егер спортшы боламын десеңдер, жақсы тамақтану керек. Зиянды тамақтарды ішіп, чемпион бола алмайсыңдар, - деп түйіндеді спортшы.
Айта кетейік, ашық диалог форматында өткен кездесу барысында қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, өмірлік тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың тұлғалық дамуына оң әсер етіп, құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.