Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар мен қоғамдық даму салаларының өкілдері, кітапхана мамандары, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Алқалы жиынды кітапхана директоры Ғалия Сламбайқызы жүргізіп, кітап оқу мәдениетін дамыту һәм зерделі ұлт қалыптастыру бағытындағы басым міндеттерге тоқталды. Кездесуде Алматы облысы кітапханаларын жаңғырту жұмыстары, цифрлық технологиялардың зерделі ұлт қалыптастырудағы рөлі, заманауи оқу мәдениеті, кітапхана қызметтерін цифрландыру және электрондық сервистерді жетілдіру мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстелде кітапханалардағы заманауи технологияларды енгізу бағытында RFID жүйесі мен кітапхана үдерістерін автоматтандырудың тиімділігі таныстырылды. Іс-шараға қатысушылар кітапханаларды қоғамдық әрі заманауи мәдени-ағартушылық орталық ретінде дамыту, жастар мен балалар арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыру, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттардың өзара ықпалдастығын күшейту жөнінде пікір алмасты.
Алматы облысы кітапханаларын модернизациялау жұмыстары туралы кітапханаларды дамыту және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Жадыра Асылбаева баяндап берді.
«Бүгінде кітапхана тек кітап сақтайтын мекеме ғана емес, білім мен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін, шығармашылық пен зияткерлік дамуды қолдайтын заманауи қоғамдық кеңістікке айналды. Осыған байланысты модернизациялау барысында кітапханалардың интерьері жаңартылып, жаңа жиһаздармен, компьютерлік техникамен, мультимедиялық жабдықтармен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Оқырмандарға арналған коворкинг аймақтары, балалар мен жастардың шығармашылық алаңдары, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге қолайлы кеңістіктер құрылуда. Биыл жыл басынан бері облыс кітапханаларында жалпы саны 3962 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 42856 адам қамтылды. Оның ішінде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай 15 мыңнан аса оқырман қамтылған 152 іс-шара өтті. Осыған қарап кітап оқуға деген ынта-ықыластың артқаны аңғарылады», деді.
Баяндамашы өңірде кітапханаларды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Тарқатар болсақ, осыдан екі жыл бұрын Қонаев қалалық кітапханасына модернизация жұмыстары жүргізіліп, өткен жылдың сәуір айында пайдалануға берілді. Сол жылы Әл-Фараби атындағы Ұйғыр аудандық кітапханасы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханасы және Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық кітапханаларын жаңғырту жұмыстары басталып, аталған нысандар биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілген. Осы уақытта Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандық кітапханаларын модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде оқырмандар саны, келушілер легі және кітап берілімі 3 есеге дейін ұлғайғаны аталды.
Қазіргі таңда облыс кітапханаларының жалпы қоры 2701 984 дананы құрайды. Оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар саны – 1194 116 дана. Бүгінгі күнге дейін 4781 дананың 4191 данасы кітапхана қорларына түсіп, өңірлерге таратылған.
Бүгінгі таңда Алматы облысындағы 145 кітапхана KazNEB платформасын таныту мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарына, аудандық және ауылдық әкімдіктерге, пошта бөлімшелеріне, банк филиалдарына, мәдениет үйлеріне, білім беру ұйымдарына және басқа да қоғамдық орындарға көлемі 60×80 см болатын KazNEB QR-коды бейнеленген 786 ақпараттық тақтайша орналастырылған. Бұл жұмыстар платформаның мүмкіндіктерін халыққа түсіндіруге және пайдаланушылар санын арттыруға бағытталған. KazNEB QR-коды арқылы 82 мыңнан астам электрондық кітап көпшілікке қолжетімді. Қазіргі уақытта KazNEB QR-коды арқылы платформаны пайдаланушылар саны 650 адамды құрайды. Сонымен қатар кітапханаларды цифрландыру бағытында «Ирбис» бағдарламасы «Барыс» жүйесіне ауыстырылған.
Келесі кезекте әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Алғабек Хамитұлы «Зерделі ұрпақ және заманауи оқу мәдениеті» тақырыбын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» екенін айтып, қоғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыруды маңызды міндеттердің бірі ретінде белгілеп келеді. Шынында да, кітап – адамзаттың рухани қазынасы, ұлттың зердесін қалыптастыратын ұлы күш. Кітап оқыған адам ойлайды, саралайды, ізденеді. Ал көп оқитын қоғам – кемел қоғам. Бүгінгі таңда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру тек кітапханалардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуға тиіс. Осы орайда біз бірнеше нақты бастамаларды ұсынғымыз келеді», деді.
«Ең алдымен, ауруханаларда кітап сөрелерін ашуды қолға алсақ дейміз. Дәрі тәнді емдесе, кітап жанды емдейді. Аурухана дәлізінде немесе күту залында орналасқан шағын кітап бұрышы науқастардың уақытын тиімді өткізуіне, рухани күш алуына мүмкіндік береді. Кейде адамның сауығуына үміт пен жақсы ойдың өзі үлкен демеу болатыны белгілі. Сонымен қатар сот ғимараттарының бір бөлігіне кітап стеллажын орнатуды ұсынамыз. Әділдік орнаған жерде руханият та қатар жүруі керек. Кітап адамды сабырлылыққа, парасаттылыққа, заңды құрметтеуге тәрбиелейді. Біздің келесі ұсынысымыз – әр мекемеде кітап оқуды насихаттау мақсатында қызметкерлер арасынан үздік 10 оқырманды анықтау. Жыл соңында оларды арнайы марапаттап, көпшілікке үлгі етсек, бұл кітап оқуға деген қызығушылықты арттырары сөзсіз. Өйткені жақсы үрдіс насихат арқылы қалыптасады», деген Алғабек Хамитұлы сондай-ақ «Бір облыс – бір кітап» жобасының маңыздылығын атады.
«Мысалы, Алматы облысы атынан қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын ұсынуға болады. Бұл шығарма – адам тағдыры, өмірдің қиындығы, адалдық пен адамгершілік туралы терең ой қозғайтын туынды. Осындай шығармаларды оқу арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы кеңейіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметі артады», деген пікірін білдірді.
Сондай-ақ Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Қуат Қайранбаев кітап оқуға дағдыланған жас буын мерзімді газет-журналдың да қадірін біліп, оқуға құштарлығы артатынын айрықша атап өтті.
Іс-шара қорытындысында қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруда кітапханалардың рөлін күшейту және өңірдегі кітапхана қызметін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Аталған кездесу кітап оқу мәдениетін дамытуға және заманауи кітапхана моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды пікір алмасу алаңына айналды.
Алматы облысы