Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек
Бұрын ғылыми жетістіктің өлшемі жарияланған мақалалар мен алынған патенттер болса, бүгінде оның басты бағасы – ғылыми жаңалықтың өндіріске енуі, жаңа технологияның өмірге келуі, жұмыс орындарының ашылуы және ұлттық экономикаға қосқан үлесі. Бұл – әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін дәлелдеген бағыт. АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай секілді мемлекеттер университеттерді тек білім беретін ұйым ретінде емес, инновация мен жаңа өндірістердің негізгі орталығы ретінде дамытып келеді. Ғылыми идея зертханадан бастап өндірістік желіге дейін жетіп, кейін әлемдік нарыққа шығатын өнімге айналады. Мұндай үлгі ғылымның экономикалық қайтарымын арттырып қана қоймай, елдің технологиялық тәуелсіздігін де қамтамасыз етеді.
Еліміз де осы жолды таңдады. Кейінгі жылдары ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Университеттердің миссиясы да кеңейді. Олар енді тек білікті маман даярлайтын білім ордасы ғана емес, жаңа технологияларды дүниеге әкелетін ғылыми-инженерлік орталыққа айналып келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстарға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те ерекше назар аударады. «Technopark Stroytech» ғылыми-технологиялық паркінің құрылыс жұмысы басталған кезеңде арнайы келіп, нысанның жүзеге асу барысымен танысқан министр университет ғылымының нақты өндіріспен ұштасуының маңызын атап өткен еді. Оның айтуынша, ғылымның басты нәтижесі – зертханаларда туған идеялардың экономика игілігіне айналуы. Бүгінде «Technopark Stroytech» алаңында жүзеге асқан жобалар осы мемлекеттік ұстанымның айқын нәтижесін көрсетіп отыр.
Осы бағыттағы нәтижелердің бірі – Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанынан құрылған «Technopark Stroytech» ғылыми-технологиялық паркі. Бұл орталықта ғылыми зерттеулер тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен, өндірістік кәсіпорындармен өзара ықпалдастықта жүргізіледі. Соның нәтижесінде зертханаларда дүниеге келген ғылыми идеялар тәжірибелік сынақтардан өтіп, өнеркәсіптік технологияға айналып, нарыққа жол тартады. Басқаша айтқанда, мұнда ғылым мен өндірістің арасындағы алшақтық жойылып, ғылыми нәтижелер экономикалық құндылыққа айналып жатыр.
Соның жарқын мысалы – ғылыми зерттеулер нәтижесінде әзірленіп, өнеркәсіптік өндіріске енгізілген «Diatomite» құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру технологиясы. Жоба бірнеше жылға созылған ғылыми ізденістердің, инженерлік шешімдердің және өндірістік сынақтардың нәтижесінде жүзеге асты. Ғалымдар құрылыс материалдарының жаңа буынын жасауға арналған ғылыми негіздерді қалыптастырып, зертханалық тәжірибені өндірістік технология деңгейіне дейін жеткізді. Осылайша, ғылыми идея толыққанды өндірістік жобаға айналды.
Оның маңызды ерекшелігінің бірі – өнім құрамының шамамен 95 пайызы елімізде өндірілетін минералдық шикізаттан тұрады. Сонымен қатар жекелеген рецептураларда тау-кен өндірісінің минералдық қалдықтары қайта өңделіп, екінші реттік шикізат ретінде пайдаланылады. Мұның өзі табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, өндірістік қалдықтарды азайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, жасыл экономика қағидаттарын дамытуға мүмкіндік береді.
Ғылыми әзірлеменің өміршеңдігі өндірістік тәжірибеде де дәлелденді. Алғашқы кезеңде өнімдер еліміздің жетекші құрылыс компанияларының бірі – «BI Group» компаниясының «BuildEx Training Center» базасында кешенді сынақтан өтті. Кейін Алматы қаласындағы тұрғын үй құрылысы нысандарында қолданылып, материалдардың сапасы мен технологиялық көрсеткіштері жоғары бағаланды.
Бұл өнімдерге басқа да ірі құрылыс компаниялары қызығушылық танытып отыр. «Integra Construction KZ» компаниясы оларды Қазақстан мен Қырғыз Республикасындағы құрылыс жобаларында тәжірибелік пайдаланудан өткізіп, оң қорытынды берді. Ал Түркістан облысындағы «TAU Construction» компаниясы «Diatomite» өнімдерін өз құрылыс нысандарында тұрақты қолданып келеді.
Ғылыми әзірлеменің тиімділігін көрсететін жарқын мысалдың бірі Қызылорда қаласындағы тұрғын үй құрылысы жобасы. Бұл нысанда мың тоннадан астам «Diatomite» құрғақ құрылыс қоспалары пайдаланылды. Жобаны жүзеге асырып жатқан компанияның алдағы қажеттілігі шамамен 10 мың тоннаға дейін бағаланып отыр. Бұл университет зертханасында дүниеге келген ғылыми идеяның нарық сұранысына ие өнімге айналғанының айқын дәлелі.
Қазіргі таңда «Diatomite» өнімдері Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларының құрылыс материалдары нарығында сатылып келеді. Өнімдер толық сертификаттаудан өтіп, патентпен қорғалған. Қазір өндіріс көлемін ұлғайту, өнім желісін кеңейту және технологияны еліміздің басқа өңірлеріне енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
«Technopark Stroytech» тәжірибесі ел ғылымының дамуындағы жаңа үрдісті айқын көрсетеді. Мұнда ғылыми зерттеулер мақалалар мен есептердің аясында қалып қоймай, жаңа өндірістердің іске қосылуына, импортты алмастыратын өнімдердің шығарылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ұлттық экономиканың дамуына үлес қосып отыр.
«Diatomite» жобасы бір ғана ғылыми ұжымның немесе жекелеген кәсіпорынның жетістігі емес. Бұл елімізде ғылымды коммерцияландыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Сәтбаев университеті жанындағы «Technopark Stroytech» алаңында жүзеге асқан бұл жоба зертханадан басталған ғылыми ойдың өндірістік технологияға, ал инновациялық технологияның ұлттық өнімге айнала алатынын айғақтайтын нақты тәжірибе. Мұндай жобалар көбейген сайын ғылымның қоғамдағы беделі артып қана қоймай, еліміздің технологиялық тәуелсіздігі мен экономикалық бәсекеге қабілеттілігін нығайтатын жаңа даму моделіне берік негіз қаланады.
Руслан НҰРЛЫБАЕВ,
Сәтбаев университетінің профессор-зерттеушісі, PhD