Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
– Ресми түрде жұмыс істейтін әр азаматтың жалақысынан бірнеше міндетті төлем ұсталады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру, жеке табыс салығы бар. Бұл қаражаттың бір бөлігі адамның өзіне кейін қайтады, ал бір бөлігі мемлекеттік бюджетке түсіп, әлеуметтік мақсаттарға жұмсалады. Мысалы, мектеп, аурухана, балабақша салуға, әлеуметтік төлемдерге, медицина жүйесіне, құқық қорғау және әскери салаларды қаржыландыруға бағытталады.
Егер адамның жалақысы 400 мың теңге болса, алдымен айлықтың 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталады. Яғни 40 мың теңге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотына түседі. Бұл ақша болашақта зейнетке шыққанда төленетін зейнетақы үшін жиналады. Қазір азаматтар осы жинақтың бір бөлігін «Отбасы банк» арқылы ипотека ресімдеуге немесе емделуге пайдалана алады. Бірақ мұнда да шектеу бар. Мемлекет ең төменгі жалақының 50 рет еселенген мөлшерінен аспайтын соманың 10 пайызын ғана аударуға мүмкіндік береді. Қазіргі ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Яғни бір жұмыс орнынан ең көбі 425 мың теңге көлемінде зейнетақы жарнасы аударылады. Егер адам екі жерде жұмыс істесе, екі жұмыс орнынан да осы шекке дейін төлем жасай алады. І және ІІ топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік орган өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен зейнеткерлер міндетті зейнетақы жарнасын төлемейді.
Одан кейін айлықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ұсталады. Бұл – жалақының 2 пайызы. 400 мың теңгенің 2 пайызы – 8 мың теңге. Бұл ақша азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіндегі шотына түседі де кейін аурухана, емхана секілді медициналық ұйымдарға жіберіледі. Соның арқасында адам мемлекеттік емханаларда тегін ем қабылдай алады. Мұнда да шекті мөлшер бар. Ең төменгі жалақының 20 еселенген мөлшерінің 2 пайызынан артық төлем ұсталмайды. Яғни ай сайынғы ең жоғары төлем – 34 мың теңге.
Медициналық сақтандырудан да босатылатын санаттар бар. Олардың қатарында зейнеткерлер, студенттер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, декреттегі аналар және сотталған адамдар бар. Бұлар үшін медициналық сақтандыру қаржысын мемлекет төлейді. Бірақ декретте отырған әйелдің жеке кәсіпкерлігі болса немесе табыс тауып отырса, онда ол сақтандыру жарнасын төлеуден босатылмайды.
Келесі ұсталым – жеке табыс салығы. Бұл салық мемлекет бюджетіне түседі. Бірақ ол бірден толық жалақыдан есептелмейді. Алдымен жалақыдан зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру сомасы алынады. 400 мың теңгеден 40 мың теңге зейнетақы жарнасын, 8 мың теңге медициналық сақтандыруды алып тастасақ, 352 мың теңге қалады. Одан кейін мемлекет 30 АЕК көлемінде жеңілдік береді. 2026 жылы бұл – 129 750 теңге. Сонда салық салынатын табыс 222 250 теңге болады. Оның 10 пайызы, яғни 22 225 теңге жеке табыс салығы ретінде ұсталады.
Демек, жалпы ұсталым көлемі – 70 225 теңге. Яғни қызметкердің қолына шамамен 329 775 теңге тиеді. Бірақ көпшілік ескере бермейтін тағы бір мәселе бар. Қызметкердің жалақысынан бөлек, жұмыс беруші де мемлекетке бірнеше төлем жасайды. Мысалы, жұмыс беруші өз қаражатынан қызметкер үшін 3,5 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын аударады. 400 мың теңге жалақы үшін бұл – 14 мың теңге. Бұл қаражат қызметкердің шартты зейнетақы шотына түседі. Бірақ мұны жұмыс беруші тек 1975 жылдан кейін туған қызметкерлер үшін ғана төлейді.
Сонымен қатар жұмыс беруші медициналық сақтандыруға жалақының 3 пайызын аударады. 400 мың теңгеге бұл – 12 000 теңге. Бұдан бөлек, әлеуметтік аударым бар. Оның мөлшері – 5 пайыз. Бұл қаражат адамның жұмысқа жарамсыз болып қалуы, асыраушысынан айырылуы, жүктілік пен босану немесе бала күтімі демалысына шығуы сияқты жағдайларда әлеуметтік төлем төлеуге пайдаланылады. 400 мың теңге жалақы үшін әлеуметтік аударым көлемі шамамен 17 600 теңге болады.
Тағы бір маңызды төлем – әлеуметтік салық. Ол қызметкердің жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз қалтасынан төленеді. Әлеуметтік салықты есептеу кезінде де жалақыдан қызметкер төлейтін зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру сомасы алынып тасталады. Яғни 400 мың теңгеден 40 мың және 8 мың теңгені алып тастағанда 352 мың теңге қалады. Соның 6 пайызы – 21 120 теңге. Бұл мемлекетке әлеуметтік салық ретінде төленеді.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»