Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Өңір басшысы алдымен Күмісбұлақ аумағында жүзеге асырылатын абаттандыру жобасының жоспарымен танысты. Жобаны іске асыру жұмыстары осы жылдың тамыз айында басталады деп жоспарланып отыр.
Одан кейін облыс әкімі Ұлытау ауданы орталығындағы Тайжан көшесі, 33А мекенжайында салынып жатқан бес блокты типтік үлгідегі аурухананың құрылысымен танысты. 100 келушіні қабылдайтын емхана мен 20 төсектік орын стационары бар бұл нысанның құрылыс жұмысы толық аяқталмаған.
Мердігер ұйым – «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Нұрай-Сервис» ЖШС. Жобаның шарттық құны – 3 552,9 млн теңге. Соның 1 483,9 млн теңгесі игерілген. Медициналық кешенге 2023-2024 жылдары Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 1 239 млн теңге бөлініп, игерілді. 2025 жылға Ұлттық қор есебінен 251,6 млн теңге қарастырылған.
№3 блокта котлован қазу кезінде жерасты суының шығуына байланысты жобаға түзету енгізілді. Сараптама қорытындысы өткен жылдың желтоқсан айының соңында алынған. Облыстық комиссияның ақпан айындағы отырысында бюджетті нақтылау барысында жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, қосымша 476,1 млн теңге бөлінген. Құрылысты аяқтауға қажетті жалпы қаржы 1 539,3 млн теңгені құрайды.
Аурухана құрылысында атқарылып жатқан жұмыспен танысқан өңір басшысы нысанды биыл пайдалануға беруді және құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар осы Ұлытау ауданының орталығында өткен жылдың мамыр айында жабық бассейннің құрылысы басталған. Қазіргі уақытта мердігер «СК New Сity» ЖШС жабық жүзу бассейнінің құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның сметалық құны – 1 156,5 млн теңге. 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 835,996 млн теңге қаржы бөлінген. 2024 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 53,4 млн теңге толық игерілген. Биыл жергілікті бюджеттен құрылысты аяқтауға 300 млн теңге қарастырылып отыр.
Ұлытау облысында 31 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Осыған дейін екі мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенде жүзу кешені болмаған. Аумағы 1000 шаршы метр болатын ғимаратта біріншісі 14 жасқа дейінгі, екіншісі 14 жастан жоғары балаларға арналған екі бассейн салу жоспарланған. Мердігер құрылысты өткен жылдың соңына дейін бітіруі керек еді. Өкінішке орай құрылыс жұмысы созылып кетті.
Әзірге іргетас құйылып, ғимараттың металл қаңқасы орнатылып, сэндвич панельдермен сыртқы қабырғалары қапталды. Терезе мен есік блоктары орнатылған. Сыртқы инженерлік желілер – электр, су құбыры жүйелері тартылды. Ал ішкі әрлеу, қабырғаларды қалау, шатыр жабу, витраж орнату және блокты-модульді қазандықты монтаждау жұмыстары әлі аяқтала қоймады.
Салынып жатқан балалар мен жасөспірімдерге арналған бассейннің құрылысын аралаған облыс әкімі нысанды жыл соңына дейін тапсыруды міндеттеді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Рәміздер алаңы мен Сапар орталығының жұмысымен танысты. Тасбұлақ басында ауданның ақсақалдарымен кездесіп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы даму бағыттары мен өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Ұлытау облысы