Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Құжат жұртшылық назарына ұсынылған бір апта ішінде 4 мыңнан астам ұсыныс-тілек түскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Конституциялық комиссияның 9-отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Ата Заңды қабылдаудың маңызын түсіндіріп, оның ұлттық болмысқа негізделіп әзірленіп жатқанын атап өтті.
– Біріншіден, Конституция әр елдің өз болмысына сай қалыптасады. Ал мемлекеттердің тарихы, мәдениеті, тілі, саяси жүйесі, бүгіні мен болашағы бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан Германияда, Францияда, Жапонияда немесе АҚШ-та жұмыс істейін нормалар Қазақстанға мүлдем келмейді. Аталған елдер де Конституцияны бір-бірінен көшіріп отырған жоқ қой. Мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі ұқсас мемлекеттердің өзі Конституцияны бір-бірінен көшірмейді. Ендеше мәдениеті, салты, қоғамы бөлек Қазақстан неге көшіруі керек, – деді Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, кейбір шет мемлекеттердің заңнамаларында ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлі құндылықтарымызға сәйкес келмейтін нормалар бар. Ал жаңа Ата Заңда мұндай ұстанымдарға жол берілмей, зайырлылық қағидаттары, неке институты секілді қоғам үшін маңызды нормалар нақты бекітілген. Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол белгілі бір қоғамның тарихи тәжірибесіне негізделген дүниетанымы мен моральдық құндылықтарының жиынтығы.
– Біз өз тағдырымызды, өз болашағымызды өзіміз анықтаймыз. «Кімбіз? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға өзге біреу сырттан емес, өзіміз тікелей жауап береміз. Оны жаңа преамбулада жариялап отырмыз. Бұған дейін 1995 жылғы Конституцияны 12 адамнан тұратын Сарапшылық кеңес әзірлегенін айтқан едім. Сондағы 12 адамның үшеуі – шетелдік сарапшылар. Әрине, олар әлемдік құқық нормаларын жақсы білген мамандар шығар. Бірақ біздің елдің тарихын, мәдениетін, болмысын қаншалықты жетік білетінін кесіп айта алмаймыз, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші комиссияның құрамына қатысты да өз ойын айтып, комиссия отырысы ашық өтіп жатқанына тоқталды.
– Қазір еліміздің жаңа Конституциясын осыдан 30 жыл бұрынғыдай жабық кеңседегі 12 адам емес, әрбір өңірден жиналған, түрлі саланың өкілдерінен құралған, тікелей эфирде, ашық форматта жұмыс істейтін 130 адамнан тұратын ауқымды комиссия жазып жатыр. Арамызда бірде-бір шетелдік азамат жоқ. Өз Ата Заңымызды, өз құқықтық жүйемізді өзіміз жасайтын қабілетіміз бар. Жаңа Ата Заң Қазақстанның мемлекеттілігі, орнықтылығы тұрғысынан, өз мүддесі тұрғысынан әзірленуде, – деді ол.
Әрі жаңа Конституция қазақ тілінде жазылып жатқанын айтты.
– Сол үшін де бұл шын мәнінде – халықтық Конституция. Себебі, бізге біреу сырттан келіп ақыл айтып жатқан жоқ. Бұл – өзіміз жиналып, өзіміз даулассақ та, айтыссақ та, өз тілімізде өзіміз жазып, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан қабылдап жатқан Конституция, – деп сөзін түйіндеді Ерлан Қарин.