Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Бүгінде жаңа Конституция жобасы тек комиссияда ғана емес, қоғамда да қызу талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының нақты іске аса бастағанының дәлелі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутат жаңа Конституция жобасына енгізілген бірқатар өзгеріске жұртшылық тарапынан ерекше қызығушылық туындап отырғанын атап өтті.
– Атап айтқанда, Ата Заңның преамбуласына Қазақ елінің Ұлы дала төсіндегі сан ғасырлық мемлекеттілігінің сабақтастығы шегелеп көрсетілген. Осы басты идея Конституцияның өн бойында желі тартып жатыр.
Сондай-ақ сақ, ғұн дәуірінен тамыр тартқан, Түркі қағанатында кеңінен қанат жайған, Дешті Қыпшақ, Ұлық ұлыс, Қазақ хандығына ұласқан, алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібектен қалған мемлекеттілік дәстүрімізде ерекше орын алған Құрылтай шақыру үрдісі қайта жаңғыртылып отыр. Жоғары заң шығарушы орган – Құрылтай атанды. Бұл да – тарихи сабақтастық әрі ерекше оқиға, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Конституция жобасының 4-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – халық» деп нақтыланғанын атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар жұртшылықтың елдік істерге қатысуын күшейте түсті. Қоғам саяси процестерге белсенді араласа бастады. Мұны қазіргі Конституция жобасы бойынша да талқылаулардан анық көріп отырмыз.
Ең маңыздысы – талқылау процесі ашық өтуде. Ол тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Талқылауға әртүрлі буын өкілдері, түрлі мамандық иелері мен алуан көзқарастағы азаматтар қатысуда. Біз пікір айтуға қарсы емеспіз. Сынға да ашықпыз. Сұрақ қою – азаматтардың заңды құқығы. Міне, осы процестер биліктің қаншалықты ашық әрі әрбір ұстанымын өз халқымен тікелей тақылауға дайын екенін көрсетеді, – деді депутат.
Осы ретте, «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде конституциялық реформаны іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Жаңа Конституция жобасы жарияланған күні Фракция арнайы отырыс өткізді. Жиында Әділет министрі мен Конституциялық реформа комиссия мүшелерінің түсіндірмесін тыңдап, маңызды құжат жан-жақты талқыланды. Айта кету керек, 130 комиссия мүшесінің 21-і – Мәжіліс депутаты.
– Біз жаңа Конституция жобасын жан-жақты саралап, әр нормасын жеке-жеке зерделеп, оның ел болашағы үшін маңызы мен мәнін жете таразылап, саналы түрде қолдадық. Өйткені бұл реформа қоғамның әділеттілікке, тәртіпке және тұрақтылыққа деген сұранысынан туындап отыр.
Басты мәселе – өткен кемшіліктерге жол бермеу. Сондықтан 2-баптың 1-тармағында жаңа Конституцияның басты қағидасы былайша нақты жазылған: Қазақстан Президенттік республика болып қала береді және Мемлекет басшысы биліктің барлық тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді. Ел Президенті мемлекет пен елдің болашағы үшін, қабылданған шешімдер үшін басты жауапкершілік алады. Бұл артықшылық емес, бұл – ең жоғары жауапкершілік, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Жобада 43-баптың 1-тармағында Президент жеті жылдық мерзімге бір рет сайланатыны көрсетілген. Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл – биліктің монополиялануына жол бермейтін айқын норма.
– 43-баптың 5-тармағында: «осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді» деп нақты көрсетілген. Осылайша, «мәңгілік билік» туралы әңгімеге нүкте қойылады. Сондай-ақ дәл осындай бір мерзімдік шектеу Конституциялық сот судьяларына, Жоғарғы сот төрағасына және Бас прокурорға да белгіленген. Бұл – халық алдындағы жауапкершілік пен әділеттілік принциптерінің мызғымастығын білдіреді.
Тағы бір маңызды норма – 45-баптың 3-тармағында көрсетілген: Президенттің жақын туыстары саяси немесе басқару лауазымдарын атқара алмайды. Дамыған елдерде де Президенттің туыстары кейде жоғары лауазымдарға келгенін көреміз. Мұндай мысалдар әлемде де, посткеңестік елдерде де кездеседі.
Біз өткенді жоққа шығармаймыз, бірақ одан сабақ аламыз. Қазақстан мемлекеттік қызметті отбасы мүддесіне айналдыруға жол бермейтін нақты ережелер енгізіп жатыр.
Бұл шешімді біз 2022 жылғы референдумда қабылдадық және жаңа Конституция жобасында оны тағы да бекітеміз, – деп нақтылады Елнұр Бейсенбаев.