Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Конституциялық реформа – қоғамның сұранысы мен мемлекет дамуының жаңа бағдарын ескере отырып жүзеге асқан жаңғыру жолы. Бұл өзгерістер басқару жүйесін жетілдіруге, халықтың шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін арттыруға және құқықтық мемлекеттің негізін бекемдеуге бағытталды.
Уақыт сұранысынан туған бастама
Бүгінде реформа аясында ұсынылған Ата заңымыздың жаңа жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Кеше еліміздің бірнеше қаласында өткен жиындар барысында әр саланың сарапшы мамандары жоба мәтінінің мән-жайын ашып түсіндіріп, пайдалы тұстары жайындағы пікірлерін ортаға салды.
Алқалы отырыстың бірі Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясында «Конституцияны жүйелі жаңғыртудың ғылыми негіздері» деген тақырыппен дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылды. Мәжіліс депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, қоғам белсенділері, академиктер мен жетекші ғалымдар қатысқан басқосуда жаңа жоба аясында ғылым, білім, адами капитал мен инновацияны мемлекет дамуының стратегиялық өзегіне айналдыру мәселесі сараланды.
Іс-шараны жүргізген Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Конституция жобасында адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту, алғаш рет мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде анықталып отырғанын, жаңа конституциялық модель – елдің болашағына бағыт-бағдар беретін дамудың зияткерлік картасы болатынын атап өтті.
Талқылау аясында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым конституциялық жаңғырудың мәнін қоғамның нақты сұраныстарымен, соның ішінде білім, ғылым және инновацияны дамыту міндеттері тұрғысынан зерделеу қажеттігін, реформаның ашықтығы мен қоғамдық талқылауын күшейту арқылы ғылыми қауымдастықтың, сарапшылардың үнін естуге мүмкіндік беру – ғылымға негізделген саясаттың маңызды алғышарты екенін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Конституциялық реформалар қоғамның ұзақмерзімді даму мүдделерімен, соның ішінде білім мен ғылым салаларының стратегиялық рөлімен үндес екенін айтса, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан конституциялық жаңғырудың мазмұнын тіл саясатының стратегиялық маңызын, соның ішінде мемлекеттік тілдің ғылым, білім және қоғамдық коммуникация кеңістігіндегі рөлімен сабақтастыра пікір білдірді.
Сондай-ақ Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған мазмұнды жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етті.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері Жанарбек Әшімжан, Айдос Сарым мен Анар Фазылжан қатысқан басқосудың басты мақсаты – ел тағдырын айқындайтын маңызды құқықтық құжатқа қатысты шығармашылық зиялы қауымның ұстанымын жүйелеп, қоғам назарына ұсыну, сондай-ақ жаңа Конституция жобасын жалпыұлттық талқылауға белсенді түрде тарту болды.
Талқылау барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары, жаңа Конституция жобасында қоғам, мәдениет пен шығармашылық саласына қатысты көзделген нормалар, азаматтық институттардың орны мен жауапкершілігі төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті.
Сонымен бірге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған академиялық тыңдаулар өтіп, оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, академиялық қауымдастық мүшелері, жетекші заңгер-ғалымдар қатысты.
Дөңгелек үстел отырысын ҚазҰУ заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов ашып, жаңа Конституция жобасының мазмұндық әрі идеялық өзегі преамбулада айқын көрініс тапқанын жеткізді. Жиында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституциядағы өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталғанын айтты.
«Жаңа Конституцияның жобасы бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланғаннан бастап қоғам арасында кеңінен талқылануда. Қазірдің өзінде Конституциялық комиссия түскен ұсыныстарды қарастырып, жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан әлі де жаңа Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі», деді депутат.
Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өз сөзінде жаңа Конституция жобасын талқылау қоғам үшін айрықша маңызды кезең екенін атап өтті. Академиялық тыңдаулар кезінде заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Лейла Күлтемірова, Алматы қаласы Алатау ауданының судьясы Талғат Дәулетниязов баяндама жасады.
Отбасын қолдаудың жаңа тетігі
Астанада «Ұстаным» ұлттық пікірталас клубы «Конституция: Қазақстанның тарихи таңдау айнасы» тақырыбында жиын ұйымдастырды. Отырысқа Қазақстан заңгерлер одағы, Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Қазақстанның Азаматтық альянсы және елдің 20 өңірінен келген саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын талқылап, ұсынылған өзгерістер мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті нығайтып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттырып, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтетінін сөз етті.
«Конституциялық терминология мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Қолданыстағы Конституция өз кезеңінде қабылданып, тарихи тұрғыдан маңызды рөл атқарғанымен, оның мазмұнында бірқатар ескірген ұғымдар бар. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасы қазіргі заманның құқықтық және қоғамдық сұраныстарын ескере отырып әзірленді», деді «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай.
Сонымен қатар Астанадағы «Sarap» эксперттік клубының «Өзгерістер кезеңіндегі отбасы: әлеуметтік трансформацияға Конституция тұрғысынан жауап» атты отырысы өтті. Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан қоғамдық даму институты ұйымдастырды.
Талқыға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері, академиялық қауымдастық өкілдері мен сарапшылар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен Астана қаласындағы Отбасын қолдау орталығының өкілдері қатысты.
Жиын қатысушылары жаңа Конституция жобасына, оның ішінде неке, отбасы, ана, әке және бала мәселелерін реттейтін 30-бапқа қатысты ойларын ортаға салды. Сарапшылар тақырыпты қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер мен отбасы және туыстық қатынастардың трансформациясын көрсететін әлеуметтанулық зерттеулер негізінде талқылады.
Іс-шарада Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова жаңа Конституция жобасына отбасы және неке қарым-қатынастарын реттеуге бағытталған жаңа норманы енгізу неке институтының құқықтық мәртебесін анықтап, әлеуметтік өзгерістер жағдайындағы Қазақстан отбасына жаңа құндылық бағдарын белгілеуге септігін тигізетінін атап өтті.
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы «Жаңа Конституция: Қазақстанның бүгіні мен болашағына жаңа көзқарас» атты кеңейтілген отырыс өткізді. Оған Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен сарапшылар қатысты.
Отырысты жүргізген ҚХП жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары жаңа Конституция жобасын әзірлеуге мұрындық болғанын айтып өтті. «Жоба елдің мемлекеттік саясатының жаңа бағыттарын анықтайды. Бір палаталы Парламент (Құрылтай) құрылады, жаңа Жоғарғы консультативтік орган – Халық кеңесіне жеке бөлім арналып, сондай-ақ Вице-президент институтының тетіктері қарастырылып жатыр. Бұл мемлекеттік билік архитектурасына мүлдем жаңа құрылым әкелмек», деді Мәжіліс депутаты.
ҚХП ұсынылған Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді. Партия мүшелері құжаттың адамға бағытталған тәсілін, өмір сүру құқығына, жеке басына қол сұғылмаушылықтың бекітілуіне, цифрлық жеке деректерді сақтауға, сондай-ақ азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ олардың әлеуметтік құқықтарын, әсіресе еңбек ету құқығын қорғауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Халық – биліктің бірден-бір бастауы
Қызылорда қаласында «Ауыл» партиясының Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиалы төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафаның төрағалығымен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды ашқан өңірлік филиал төрағасы: «Халық – биліктің бірден-бір бастауы. Конституциялық жаңғыру – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам», деп атап өтті.
Отырыс барысында «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, қоғам арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмысының маңызын баяндады.
Сонымен қатар Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, партия орталық аппараты басшысының орынбасары Әйгерім Сәрсенбаева да Конституциядағы өзгерістердің әлеуметтік саясат пен отбасы институтын нығайтудағы рөліне кеңінен тоқталды.
Кеше, сондай-ақ Қостанай қаласындағы «IQostanay» орталығында «Цифрландыру жылы» аясында ауыл жастарының әлеуетін арттыруға бағытталған «Auyl Jastary» республикалық семинары өтті. «Ауыл» партиясы ұйымдастырған бұл іс-шара ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты жойып, жаңа буын мамандарының технологиялық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді.
Семинардың ресми бөлімін «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Ғалымжан Құсманғали ашып, елімізде жүріп жатқан ауқымды саяси жаңғыруларға тоқталып, Конституциялық реформалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан Конституциялық реформалар – «Әділетті Қазақстанды» құрудың берік құқықтық негізі. Бұл өзгерістер – тек заңнамалық жаңарту емес, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне араласуына жол ашқан жаңа саяси мәдениеттің бастауы. Бүгінгі цифрлық дәуірде жастар осы реформалардың басты қозғаушы күші әрі белсенді қатысушысы болуға тиіс», деді ол.
Кеше еліміздің Кәсіподақтар федерациясында да жаңа Ата заң жобасын талқылауға арналған жиын өтіп, оған салалық кәсіподақтардың, еліміздің барлық өңіріндегі Кәсіподақ орталықтарының басшылары, кәсіподақ белсенділері қатысты.
КФ төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталин жаңа жобаның ең маңызды тұстарына тоқтала келе: «Оның әлеуметтік мемлекетке бағдарлануы ерекше маңызды. Кәсіподақтар үшін еңбек ету құқығы және оның конституциялық мазмұны – жаңа Конституциядағы негізгі сәттің бірі. Ол әркімнің еңбек етуге және қызмет түрін еркін таңдауға құқығын растайды. Бірақ ең басты жаңалық – құқық енді мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігімен және адамның құндылығымен тікелей байланысты болады. Бұл дегеніміз, жұмысқа жай ғана «іс» деп емес, адамның лайықты өмір сүруінің негізі ретінде қарау», деді.
Тағы бір маңызды өзгеріс ретінде Сатыбалды Дәулеталин Халық кеңесінің құрылуын атады. Жиында төрағаның орынбасары Нұрлан Өтешев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов, Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин, т.б. сөз алып, пікірлерін ортаға салды.
Жиынға қатысушыларды тыңдап болған соң, Федерация төрағасы С.Дәулеталин мемлекет пен азамат үшін ең басты құндылықтар Конституция жобасында бекітілгенін айтты. Сондай-ақ Негізгі заң жобасын қолдау – мемлекеттің және оның халқының одан әрі дамуына азамат ретінде өз үлесіңді қосу дегенді білдіретінін атап өтті.
«Біз Қазақстанның болашағына тікелей әсер ететін маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Бұл Конституция жобасын қолдау туралы шешім қоғамның болашақтағы жағдайына, тыныштыққа және еліміздің даму бағытына әсер етеді. Бұл – әрбір азаматтың ойы мен ұстанымы ерекше мәнге ие болатын жауапты сәт. Бұл кезеңнің әлемдегі жағдайы тұрақсыз болып тұрған уақытқа тұспа-тұс келуі өте маңызды. Сыртқы және ішкі қиындықтар жағдайында жаңа Конституцияны қолдау және қабылдау – еліміздің тұрақты даму жолын сақтап қалуға жасалған қадам», деп сөзін қорытындылады КФ төрағасы.
Жиын соңында қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының атынан отандастарымызға арналған үндеу қабылдады.
Сонымен қатар Астана қаласында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған спорт қауымдастығы өкілдерінің жиыны өтіп, оған ұлттық спорт федерацияларының, сондай-ақ Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері қатысты.
Спорт саласының өкілдері жаңа Конституция спортшылар арасында әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыратын құжат болатынын атап өтті.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, қатысушылар елдің Ата заңын жаңартуды қолдайтын біртұтас әрі дәйекті ұстанымдарын білдіріп, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, демократиялық институттарды нығайту, «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары мен конституциялық өзгерістер бойынша өз ойларын ортаға салды.
Спорт федерацияларының жетекшілері уақыт өзгерген сайын спорт ережелері де жаңаратындығын атап өтіп, сол сияқты заман талабына сәйкес Конституцияны жетілдіру, еліміздің әділетті, мықты және бәсекеге қабілетті болашағына бағытталған маңызды қадам деп санайды.
Басқосу барысында спорт қауымдастығының Конституциялық реформаны қолдауға арналған үндеуі оқылып, оған қол қойылды. Үндеуде ұлт денсаулығын нығайту мен адам капиталын дамыту мәселелеріне басымдық беріліп, маңыздылығына ерекше тоқталған. Яғни еліміздің спорт қауымдастығы Конституция жобасында көзделген адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау қағидатына бағытталған ережелерді толық қолдайтындықтарын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша спорт саласының өкілдері елдің тұрақты әрі әділетті дамуына бағытталған жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді.
Соңғы жаңалықтар
Жас жыршылар «Қырымның қырық батырын» жырлады
Мирас • Бүгін, 08:10
Тарих • Бүгін, 08:00
Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне қатысты
Спорт • Бүгін, 01:41
Алина Чистякова Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медальді сыйлады
Жеңіл атлетика • Бүгін, 00:55
Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталды
Спорт • Бүгін, 00:25
Руслан Курбанов семсерлесуден Германиядағы әлем кубогінің жеңімпазы атанды
Спорт • Бүгін, 00:13
Қысқы Олимпиада-2026: Жарыс кестесі жарияланды
Спорт • Кеше
Алматыда жасырылған есірткі зертханасы әшкереленді
Есірткі • Кеше
Мықты теңге экономиканы неге қолдамайды?
Экономика • Кеше
Қазақстанның спорт қауымдастығы жаңа Конституцияны қолдауда біртұтас ұстанымын білдірді
Ата заң • Кеше
Мемлекет басшысы Пәкістанның Президенті мен Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Кәсіподақтар федерациясы Жаңа Конституция жобасын қолдау үшін қазақстандықтарға үндеу жасады
Қоғам • Кеше
Пәкістан астанасындағы мешітте жарылыс болып, 31 адам қаза тапты
Оқиға • Кеше
Атырау облысында бұзақылық дерегімен 121 адамға сот үкімі шықты
Аймақтар • Кеше
Түркістанда Димаш Құдайбергеннің продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасы басталды
Өнер • Кеше