Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Жүсіпәлі Сламқұл – 22 жаста. Былтыр Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын грантта оқып, үздік бітірген. Талапты жас елдің өркендеуіне, әсіресе өңірлердің сапалы дамуына ықпал еткісі келеді. Осы мақсатта туған өлкесіне оралып, Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру құқықтық бөлімшесінің бас маманы ретінде жұмысқа орналасқан. Түрлі сессиялар мен тұрақты комиссия отырысын өткізу жұмысының бел ортасында жүрген маман «Мемлекеттік дүниеге «сенікі» емес, «біздің» деген көзқараспен қарасақ, іс өнімді болады», дейді.
– Мемлекеттік грантпен оқуды үздік аяқтаған (GPA 3.33-тен жоғары) түлектер бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз (тестсіз және сұхбатсыз) тікелей қабылданады. Осылай қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдандым. Міне, 230 мыңнан аса халық қоныстанған ауданда жұмыс істеп жүргеніме жылдан асты. Осы уақыт аралығында біраз тәжірибе жинап үлгердім. Түсінгенім, ауылдың дамуы ең алдымен базалық инфрақұрылымнан басталуы керек. Америкалық философ Абраһам Маслоу пирамидасына сүйенсек, жұртшылыққа әуелі таза ауызсу, электр жарығы, жол сияқты қажетті дүниелер толыққанды қамтамасыз етілуге тиіс. Осы мәселелер шешілмей тұрып, өзге бастамалардың нәтижелілігі де төмен болады. Қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілік көзқарастың да өзіндік салмағы бар. Халық ауылды немесе өңірді көркейту тек мемлекеттің міндеті деп емес, ортақ іс деп қабылдаса, кез келген бастама әлдеқайда жылдам әрі тиімді, жүйелі жүзеге асады, – деді Ж.Сламқұл.
Бүгінде Жүсіпәлі секілді дипломды ала сала, ауылға жол тартатын жастар санаулы. Бұл да – мемлекет деңгейінде жылдар бойы айтылып жүрген күрмеулі мәселе. Кейіпкеріміздің пайымынша, осы бағытта аймақтың тартымдылығын арттыру үшін бағдарламалар тиімді әрі нақты, шынайы нәтиже беретін деңгейде жүзеге асуы керек.
– Бұл құбылыс – ірі қалалардың өзінде де байқалатын үдеріс. Мұның шешімін көпшілігі ниет пен жауапкершілікке артады, әрине, ол да маңызды. Әдетте ең тиімді нәтиже тұрғын үй, табыс, мансаптық мүмкіндік пен өмір сапасын қатар жақсартқанда байқалады. Салаға қатысты айтар болсам, мемлекеттік аппаратты заманауи бағытта жаңғырту қажет. Жасанды интеллектінің дәуірінде қайталана беретін іс-әрекетті ЖИ көмегімен реттеген дұрыс. Өзім жұмыс барысында пайдаланып жүрмін, – деді ол.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін мемлекеттік қызметте тиімді пайдалануға болады деген пікірді жас мемлекеттік қызметкер Ноян Жүнісов те қуаттайды.
– Мемлекеттік қызметке қызығушылығым студент шақта «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасынан басталды. Мақсатым – өңірді дамыту. 2015 жылы ректордың көмекшісі ретінде еңбекке араласып, кейін мәдениет саласында түрлі бағытта қызмет еттім. Сөйтіп, 2024 жылы Өңірлік кадр резервіне іріктеліп, меритократия қағидаты негізінде Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары лауазымына тағайындалдым. Мемлекеттік қызметтің шынайы мектебі өңірде қалыптасатынын осы тәжірибе айқын көрсетті. Сол уақыттан бері саланы цифрландыру, жаңа технологияларды енгізуге басымдық бердім. Мысалы, былтыр облыстың мемлекеттік архивтерінде 10 131 іс, 1 001 504 парақ цифрландырылды, бұл мемлекеттік архивтерде сақталатын, сақтау бірліктері санының тек 0,43%-ын құрайды. Осы орайда мәдениет басқармасы заманауи принтерді сатып алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір архивтен анықтаманы алу 11 жұмыс күні болса, цифрланған сақтау бірліктері үлесін 50% арттырған жағдайда,мемлекеттік көрсетілетін қызметті 5–7 күнге қысқарта аламыз, – деді Н.Жүнісов.
Жас маман өңірде мәдени ғимараттардың тапшылығы барын да жасырмады. Осы орайда ол инфрақұрылымды дамытуда кәсіпкерлер де белсенді араласса деген ойын жеткізді.
– 2025 жылы Мәскеу қаласына жұмыс сапарымда жеке инвестиция есебінен ашылған музейлер мен театрлар, сондай-ақ шығармашылық жастарға арналған креативті алаңдардың кең дамығанына назар аудардым. Әсіресе бұрынғы тарихи электр стансасының негізінде қайта жаңғыртылған «ГЭС-2» Мәдениет үйі ерекше әсер қалдырды. Бүгінде бұл кеңістік көрме, дәріс, концерт және түрлі шығармашылық бағдарламалар өтетін заманауи мәдени орталыққа айналған. Осындай үлгідегі мәдени орталықтар бізде де көбірек ашылса деймін. Бұған бизнес өкілдері үлес қосса, игі. Ізінше ауылды мәдени шаралармен байытсақ, рухани дем бердік деген сөз. Өңірлерде талантты жастар өте көп, – деді мемлекеттік қызметкер.
Ноян енді Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ашылған «Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламасына докторантураға тапсырды. Осындай мақсаты айқын, өңірде ысылған жастар билік пен бұқара арасындағы сенімді нығайта түседі. Әрі басқару жүйесінің жаңа буынын қалыптастырады.