Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
- Қытайдан елге оралғанда 19 жаста болдым. Келе сала бала-шағаның қамы үшін мал баға бастадым. Шынымды айтсам, бұрын бағып көрмегем. Осында үйрендім. Сөйтіп, мал бағып келе жатқаныма 20 жылға жуықтап қалыпты, - деп бастады әңгімесін Бақтыбек Қалымхан.
Тауы да, суы да бар Сарыөлеңнің табиғаты өзіне майдай жаққанын айтады. Даласы жазық, қар қалың жатпайды. Қыста малды атпен, жазда мотоциклмен жаяды. Малдан бөлек, отын жару, от жағу, қора тазалау сынды шаруасы көп.
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform- Басқа жұмысқа бару жайлы ойламаппын да. Өзіме ұнайды. Қыста сағат 6-да, жазда 4-5-те тұрамын. Шәйімді ішіп алып, малды қорадан шығарамын. Содан күн бата бір-ақ келемін, - дейді шопан.
Далада жалғыз жүргенде ойға шомып кететінін, көбіне отбасының қамын, жақындарының жағдайын ойлайтынын жеткізді.
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform- Малшы үшін ең ауыр мезгіл – қыс. Аязы, қары, бораны бар дегендей. Ал көктем шыққан соң жеңілдейді. Жаз да жайлы. Қыста ақтүтек боранда қалған кездерім болған. Мал жүрмей қойып, адым жер мұң болып, әбден қиналдым. Әйтеуір дегенде аман-есен жеттік-ау. Қыстың жаманы сол, боранды күні үйден шыққанда малды, малмен кері қайтқанда үйді таба алмай сенделіп кетесің, - дейді Бақтыбек Қалымхан.
Қыстаққа қасқыр шапқанын да көрген. Жыртқыштың аяқ астынан малға тиіп, мазаны қашырып тұратын кездері жиі болмаса да, бірнеше рет ұшырасқан.
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform- Қайдан шыққанын білмей де қаласың. Мал үріккенде ит-құстың келгенін біліп, лезде сол жаққа қарай шабамын. Малдың арасына кіріп, қасқырды үркітемін. Талқандаған қойы болса сол жерде бауыздаймын, - дейді малшы.
Сөз арасында «малшының бір күндік ас-ауқаты қандай?» деп сұрадық.
- Мал бағып жүргеннен шығар өзім күнде ет жеймін (күліп). Таңертең де, түсте де, кешке де - ет. Тек қасындағы гарнир ғана ауысып тұрады, - дейді.
Оның айтуынша, малшы болу үшін еңбекқорлық, шыдамдылық, төзімділік керек. Бұл кәсіп екінің бірінің қолынан келмейді.
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/KazinformМалшылар көктемді асыға күтетінін айтады, себебі жайма-шуақ күндер бойды ғана жылытып қоймайды, ойды да сергітеді.
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform- Көктемде бәйге, көкпар өткізіп, бір серпіліп, демалып қаламыз. Қыстан аман шыққанымызды тойлатып дегендей. Өзім де көкпар тартамын. Ойынды көруге келетін адамның да қарасы қалың болады. Ұлттық спорт қой. Біздегі қызық осы, - деп сөзін аяқтады шопан.