Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Бұршақ аралас жаңбырдың соңы қарға ұласып, көше адам жүре алмайтын көктайғақ күйге түсті. Өңірде дабыл қағарлықтай жағдай болып, мектептер жаппай онлайн форматқа ауыстырылды. Ең қиыны, қатты желдің салдарынан қаланың бірқатар бөлігі мен алыс-жақын ауылдар жарықтан ажырап, жылусыз қалды.
Негізінен, Қызылорданың электр желілері табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмайтын күйде тұрғаны бұрыннан белгілі. Сәл жел тұрса жарық өшіп, шамдарын сайлап отыру тұрғылықты халықтың үйреншікті әдетіне айналған. Бұл келеңсіздік өңірде бірінші рет болып тұрған жоқ.
Естеріңізде болса, Сыр өңірінде дәл осындай жағдай 2023 жылы да болған еді. Ол кезде дүрбелең ақпан емес, қаңтар айында басталған болатын. Үш жыл бұрынғы қаңтар жаңбырмен басталып, толассыз жауған жауын салдарынан көшелерді су басып, тіпті кейбір көпқабатты үйлерді су шайып кеткені ел есінде. Бұл аз десеңіз, табиғаттың тосын мінезінен бірқатар аудан мен қала аумағы жарықсыз қалып, жарықпен бірге жылу жүйесі ажырап, қара халық дүрбелеңге түскен. Осылайша, ала жаздай қыстың қатал мінезіне қызу дайындық жүргізілгенін айтқан құзырлы орындардың сөзі құр дақпырт екенін осы бір жағдай ашып көрсетіп берген болатын.
Бұл жағдайдан кейін облыс әкімдігінде шұғыл жиын өткізіліп, халықты үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз ете алмаған бірқатар тұлға сынның астында қалды. Нақты айтқанда, сол жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықты қолайсыз жағдайға қалдырып, өз міндеттерін дұрыс атқармаған жауаптыларға көңілі толмайтынын жеткізген. Нәтижесінде, сол кездегі орынбасары мен қала әкіміне ауызша ескерту, сондай-ақ энергетика мен ТКШ басшысына, «Қызылорда электр тораптары компаниясының» директорына және қала әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс жариялағанын білеміз.
Бұл келеңсіздікке дейін қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 4 млрд теңге қаржы қаралған. Бірақ бөлінген қаржы межелі мерзімде игерілмей, қыруар қаражат кейін қайтарылғаны белгілі болды. Бұл 2021 жылғы жағдай. Одан кейін тозған желілерді шұғыл жөндеуге 500 млн теңге қаржы қаралып, одан да оң нәтиже болмағаны айтылып қалды.
Сол уақытта «Қызылорда Электр тораптары компаниясы» АҚ тарапынан облыста электр желілері мен қосалқы стансалардың 70 пайызының тозығы жетіп тұрғанын жеткізген. Ал мұны қалпына келтіру үшін үлкен көлемде инвестиция қажет екенін алға тартқан болатын. Бұл түйткілді түбегейлі шешу үшін жыл сайын 330-350 шақырым болатын электр желілері мен подстанцияларды жөндеуден өткізу қажеттігі туындап тұрғанын да жасырмады. Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты электр желілеріне қатысты түйткілді шешу тетіктері қарастырылатыны да айтылып қалды. Алайда биылғы жағдай жауапты тұлғалардың сол кездегі келеңсіздіктен әлі де сабақ алмағанын аңғартып тұр.
Жалпы, таяуда болған жағдай үш жыл бұрынғы ахуалдан да асып түсті деп айтуға болады. Қаланың бірқатар аумағымен қатар, іргедегі Сабалақ, Махамбетов сынды елді мекендер де жарықсыз қалды. Тіпті, бірнеше тәулік бойына жарық пен жылудан қол үзіп, өлместің күйін кешкендердің қарасы қалың.
Қыстың қытымыр мінезіне шыдас бере алмай, қараңғы бөлмеде бүрсең қаққан тұрғындардың халі біраз келеңсіздіктің бетін ашып берді. Жауапты мекемеге сан мәрте қоңырау соқса да, мәселені жедел шешу мүмкін болмағаны ойлантады. Мұны тұрғылықты халықтың өзі де растап отыр.
«Негізінен, Сабалақ ауылында шешімін күткен өзекті мәселелер шаш-етектен. Оның ішінде жарыққа қатысты мәселе жүйкені жұқартып тұр. Сәл жел тұрып жаңбыр жауса, жарықсыз қаламыз. Жыл сайын жауапты орындарға айтып та, жазып та жүрміз. Бірақ бұл мәселе әзірге шешімін табар емес. Өңірде болған табиғи құбылыста да жылдағы жағдай қайталанып, бір тәуліктен астам уақыт жарықсыз қалдық. Апатты жағдайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша қара түнекте отыруға мәжбүр болдық. Ауыл халқын мазалаған тағы бір маңызды мәселе – көгілдір отын. Өткен жыл аяғында сабалаққа көгілдір отын жетті. Алайда жарықтың жайы түбегейлі шешілмесе, көгілдір отынның да күйі қашады екен. Әсіресе, қақаған қыста жарық сөнсе, тұрғындар жылудан да қол үзіп қалатынын жауапты орындар ескерсе екен», – дейді Сабалақ тұрғыны Жанар Накипова.
Мәліметке сәйкес, қатты дауыл кезінде көшеде бей-берекетсіз өскен талдар электр желілеріне шырмалып, мұның соңы халықтың бірнеше тәулік бойына жарықсыз қалуына әкеп соқтырған. Нәтижесінде, 250-ге жуық жарық бағаналары құлап, 80 шақырымдай электр желілері үзілген деген дерек айтылады.
Бұл жерде мәселені біржақты қарауға да болмайтын сияқты. Бірінші кезекте, өңірде электр желілерінің ескіруі сәл жел тұрса жарықты ажыратуға мәжбүр етіп тұрғанын қаперге алсақ та, жыл бойына қаланы көркейту мәселесіне көңіл бөліп, талдарды қырқу жұмысын мойнына алған жауапты мекемелердің де міндеті екенін ескерген жөн сияқты. Яғни, ағаштар талапқа сай қырқылса, электр желілеріне де зардабы болмас еді. Сондықтан да бұл келеңсіздікке кеңінен талдау жасау өздігінен сұранып тұр.
Өңірде болған төтенше жағдайға орай жарыққа жауапты мекеме де жауапсыз қалмады. Бұл тұрғыда КРЭК тарапынан қатты желдің салдарынан талдар сынып, электр желілеріне зақым келтіргенін айта келе, жарық бағаналары құлап, бірқатар аумақта жарық сөнгенін жеткізді. Соған орай, «Қызылорда Электр тораптары компаниясы» АҚ-ның мамандары тәулік бойы жедел әрекет жасап, ақауларды қалпына келтіруге жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бүгінде табиғаттың тосын мінезінен туындаған зардап қалпына келтіріліп, халық жарық пен жылуға қайта қол жеткізді. Дей тұрғанмен, бұл жағдай тоқмейілсуге болмайтынын, әлі де атқарылуға тиіс шаруаның аз еместігін аңғартып тұр.
Әрине, табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл бола алмаймыз. Алайда жауапты орындар өңір инфрақұрылымы төтенше жағдайға сақадай сай болуын үлкен жауапкершілікпен қарастыруға тиіс. Неге екені белгісіз, бұл жолғы ахуалға байланысты жергілікті әкімдік шұғыл жиын өткізбеді. Халыққа келеңсіздіктің салдары жеткілікті деңгейде түсіндірілмеді. Алайда бұл атүсті қарайтын жағдай еместігін қаперде ұстап, алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданады деп үміттенеміз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы