Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2-8 тамыз аралығында елордада ұйымдастырылатын сайысқа ғаламның әр түкпірінен 400-ден астам үміткер қатысып, бақ сынайды.
– Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада (IOAI) – мектеп оқушылары үшін жасанды интеллект саласындағы ең беделді әлемдік олимпиадалардың бірі. Ол – ондаған елден келген ең мықты қатысушылардың басын қосатын, сондай-ақ, ЖИ саласындағы дарындарды іріктеп, анықтайтын және дамытататын негізгі алаң. IOAI 2026 финалы Астана қаласында 2-8 тамыз аралығында өтеді. Әлемнің түрлі елдерінен 100-ден астам делегация және 400-ден астам қатысушы келеді, - делінген министрліктің ресми сауалымызға жолдаған жауабында.
Жобаны Спорттық бағдарламалау федерациясы ұйымдастырмақ. IOAI-ді өткізу – тек халықаралық мәртебелі іс-шара ғана емес, сонымен қатар стратегиялық даму құралы. Өйткені, мұндай жарыстарға қатысу жас таланттарға жаһандық нарыққа тікелей жол ашады. Үздік қатысушылар ірі технологиялық компаниялардың көзіне түседі. Шақырту алуы да ғажап емес. Ондай жағдайда қазақстандық мамандар жетекші әлемдік AI командаларының қатарына қосылады. Мұндай іс-шаралар елге халықаралық серіктестіктерді, университеттерді әкеледі және технологиялық секторға инвестиция тартады.
Одан бөлек, әлемдік деңгейдегі олимпиадаларды өткізу ішкі бәсекелестікті күшейтеді. Соның арқасында кадр даярлау сапасы жоғарылайды әрі Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретінде тұрақты имиджі қалыптасады.
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana Pro/ CanvaОқушыларға арналған бағдарламалар
IOAI-дің халықаралық деңгейдегі аса маңызды байқау екені шүбәсіз. Алайда оған әр баланың қолы жете бермейтіні де рас. Олимпиадаға елішілік іріктеуде қатарынан оқ бойы озып шыққан үздіктер ғана қатысады.
Дегенмен, қазіргідей жаһандық цифрландыру дәуірінде тек халықаралық олимпиадада бақ сынайтындар емес, өзге де оқушылар, қалың көпшілік те ЖИ саласында сауатты болуы тиіс. Бұл да мамандардың жіті назарында.
Мәселен, еліміздің әр өңірінде көптеген TUMO орталығын ашу жоспарда бар. Мұндай мекемелерде 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер тегін білім алады. Онда ешқандай емтихан не кедергі жоқ. Оқушылардың ЖИ саласына деген ынтасы мен қызығушылығы болса, жеткілікті.
– Жалпы алғанда, цифрлық және ЖИ-дағдыларды дамыту бағдарламаларымен білім беру саласының барлық сатыларындағы кемінде 450 мың оқушы мен оқытушы қамтылады, - делінген ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми жауабында.
Балалар мен жасөспірімдердің білімі мен қабілет-қарымын жетілдіруге ҚР Оқу-ағарту министрлігі мамандары да білек сыбана кіріскен. Мысалы, еліміз Массачусетс технологиялық институтымен бірлесіп, орта білім беру жүйесіне Day of AI Qazaqstan бағдарламасын енгізіп жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, бұл бағдарлама әр оқушыға ауадай қажет. Себебі ЖИ-дің жұмыс істеу қағидаттары, мүмкіндіктері және соған байланысты сын-қатерлер мен жауапкершілік туралы түсінік қалыптастырады. Сонымен қатар, математика, физика, химия, биология, жаратылыстану және информатика сияқты негізгі пәндерді оқытуға септігін тигізеді. Есептерді шешуде, күрделі тапсырмаларды орындауда қажетті сызба, бейне не пішінді жасауға көмектеседі. Сабақты балалардың танымына сай өткізуге ықпал етеді.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі– Бағдарламаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең оқушылар мен мұғалімдер арасында жасанды интеллект сауаттылығының негіздерін қалыптастыруға бағытталған. Оқу мазмұны жасанды интеллектінің базалық ұғымдарын, оны қолдану мысалдарын және этика мәселелерін қамтиды. Педагогтерді даярлау каскадтық модель бойынша жүргізіледі. Бұл ретте Day of AI командасы мұғалім көшбасшыларды оқытады. Олар кейін MIT-тен сертификат алып, жиған білімін әріптестеріне үйрете алады. Оқу ресурстарын қазақстандық жағдайға бейімдеу және бағдарламаны кеңінен енгізу мақсатында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары мен өзге де сарапшылардан жергілікті команда құрылды, - делінген Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесінде.
Ал екінші кезеңде барлық сыныпқа арналған бағдарлама іске қосылмақ. Ол 8-10 сабақтан тұрады. Аталған курс 2028 жылдың тамызына дейін оқу үдерісіне толық енгізілмек.
Жалпыға қолжетімді жобалар
Жастарды ЖИ саласында сауаттандыру және IT мамандарды даярлау мектеп қабырғасынан тыс мекемелерде де қарастырылған.
Сондай жобалардың бірі – Astana Hub халықаралық технологиялық паркіндегі Tech Orda. Бұл бағдарлама офлайн оқығандарға 500 мың теңге, ал онлайн оқығандарға 400 мың теңге грант ұсынады. Онда 18 жастан асқан азаматтар (45 жасқа дейін) қатыса алады.
– Tech Orda бағдарламасы аясында 10 мыңға жуық студент білім алды. 2025 жылы 15 мыңнан астам өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде 2 600-ден астам қатысушы оқуына кірісті, - делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарламасында.
Сонымен бірге, елімізде Tomorrow School атты ЖИ мектебі бар. Қазір онда Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжаннан 400-ге жуық студент білім алып жатыр.
Фото: Астана қаласының әкімдігі– Tomorrow School-де оқу ұзақтығы – 18 ай. Студенттер 50-ден астам жоба дайындап, 20-ға дейін бағдарламалау тілін меңгереді, - делінген министрліктің ресми жауабында.
Одан бөлек Astana Hub халықаралық технологиялық паркі IT саласында жобалары мен стартаптары бар азаматтарға қолдау көрсетеді. Мұндай мақсаттағы Silkway Accelerator, Hero Training, Startup Garage тәрізді акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар іске қосылған.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда ЖИ секторына қабілеті мен қызығушылығы бар балаларға, жасөспірімдерге және жастарға ауыз толтырып айтарлықтай жағдай жасалған. Дарыны мен білімін жетілдіремін дегендердің жолы ашық, мүмкіндігі зор. Сондықтан еліміздің бұл саладағы келешегі жарқын боларына сенім кәміл.
Айта кетейік, бұған дейін жасанды интеллект технологиялары мектептерді басқару тәсілдерін өзгертетінін жазғанбыз.
Сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген камералар Ұлттық ұлан сарбаздарын бақылап отырады.