Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Қазақстандағы көптеген жас дәрігер өз тәжірибесінде дифтерияны кездестірмеген, ал адамдардың басым бөлігі полиомиелитпен ауырған баланы ешқашан көрмеген. Дегенмен, осыдан жарты ғасыр бұрын ата-аналар мүлдем басқа қауіптен қорқатын еді.
Олар баласынан оғаш белгілерді іздеп, форумдарды ақтарған жоқ. Олар: "Нәрестем аман-есен дүниеге келе ме? Қызылшаны көтере ала ма? Полиомиелиттен кейін мүгедек болып қалмай ма? Кәдімгі тамақтың ауруы дифтерияның басы емес пе?" деп уайымдайтын.
Дәрігер-эпидемиолог, вакцинация жөніндегі сарапшы Нұршай Әзімбаева Tengri Health авторлық бағанында вакциналар қалай өз тиімділігі "тұтқынына" айналғанын баяндайды.
Өткен шақта қалған ауру түрлеріБаладан айырылып қалу қорқынышы тіпті халық мәдениетінен де көрініс тапқан. Қазақ отбасыларында бала аман-сау болып, ұзақ ғұмыр кешсін деген ниетпен Тұрар, Тұрсын, Аман, Есен, Көпжасар сияқты есімдер жиі берілген. Бұл есімдерде инфекциялар салдарынан болатын бала өлімі жоғары заманда ең қымбатын сақтап қалуға деген ата-ана үміті жатыр еді.
Біз бүгінде бұл туралы сирек ойланамыз. Бірақ бұл жағдайлар кеше ғана өткен еді.
"1994–1995 жылдары дифтерия өршіген кезеңде сол кездегі Талдықорған облысының ауруханасында эпидемиолог болып жұмыс істедім. Ол кезде жас маман едім. Бізге жеткізілген балалар әлі күнге дейін есімде. Бірі қатты ісінуден тынысы тарылып жатса, екіншісі тіпті су жұта алмай, әрең сөйлейтін. Үшіншісінің беті бері қарағандай көрінгенмен, артынша кенеттен әлсіреп, ауыр асқынулар басталатын".
Нұршай Әзімбаева
Дәрігер-эпидемиолог
Бірнеше күннен кейін суық хабар келеді: дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бала дифтерия асқынуынан қайтыс болды. Мен бұл жағдайларды әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын - олар өмір бойы жадыңда қалады.
Полиомиелит, қызамық, дифтерия: Қазақстанда сырқаттанушылық қалай өзгерді?Шын мәнінде, мұның бәрі баяғыда болған жоқ.
Полиомиелит. 1980 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстанда бұл аурудың 142 жағдайы тіркелді. 1996 жылдан бері - бірде-бір жағдай жоқ. Біз полиомиелиттен азат мемлекет мәртебесіне иеміз. Дифтерия. 1995 жылы дифтерия өршіп, 1105 жағдай тіркелді, 66 адам қайтыс болды. Сол кезде инфекцияның таралуын тоқтату үшін 10 миллионға жуық қазақстандыққа екпе егуге тура келді. Бұл нәтиже берді - елімізде соңғы рет бұл ауру 2008 жылы анықталды. Қызамық және эпидемиялық паротит. Салыстырып көріңіз: 1998 жылы Қазақстанда 15 000-нан аса адам қызамықпен, 5 000 адам эпидемиялық паротитпен ауырған. Ал 2025 жылы қызамықтың небәрі бір жағдайы және паротиттің 130 жағдайы тіркелді. Вирустық В гепатитімен сырқаттанушылық 70 еседен астам, вирустық А гепатитімен - 30 есе азайды.Сондықтан бүгінде бұл аурулар өздігінен жойылып кеткендей немесе тек ескі медициналық оқулықтарда ғана болғандай көрінеді. Ал дәрігерлер мынадай сұрақты жиі естиді:
"Егер бұл аурулар енді жоқ болса, балаларға не үшін екпе егу керек?!"
Бұл - қазіргі әлемдегі ең қауіпті жаңсақ түсініктердің бірі.
Аурулар тек уақыт өтіп жатқандықтан жойылмайды. Олар қоғам жылдар бойы олардың таралуына мүмкіндік бермегенде ғана шегінеді. Инфекция әлемде, тіпті бірнеше елде ғана болса да, әлі де таралып жатқандықтан қауіпті болып қала береді.
Вакцинацияның табысы уақыт өте келе оған қарсы жұмыс істейтін парадоксты тудырады: адамдар инфекцияны неғұрлым сирек көрсе, оның қаупі соғұрлым шындыққа жанаспайтындай көрінеді.
Жылдар бойы ауру туралы айтылмайды, күнделікті өмірде кездеспейді - осылайша біртіндеп оның зардаптары туралы естеліктер өше бастайды. Бірінші орынға инфекцияның өзі емес, вакцинацияға байланысты қауіптер шығады. Енді қорғанатын ештеңе қалмағандай сезім туындайды.
Бірақ шын мәнінде олай емес. Қызылша - бұған айқын дәлел.
Неге қызылша өршиді?Қызылша - әлемдегі ең жұқпалы инфекциялардың бірі. Бір адам екпе алмаған және бұрын ауырмаған 10 адамның 9-ына, тіпті 10-ына да жұқтыруы мүмкін.
Оның пайда болуын тоқтату үшін халықтың вакцинаның екі дозасымен қамтылуы өте жоғары болуы тиіс - шамамен 95 пайыз. Бұл көрсеткіштен сәл ғана ауытқу қызылшаға бейім балалардың санының артуына әкеп соғады.
Қазір Қазақстанда не болып жатыр?
Биылғы алты айда екпенің негізгі түрлері, соның ішінде қызылша бойынша қамту көрсеткіші шамамен 33 пайыз болды, ал тиімді деңгей кемінде 47,5 пайыз болуы керек. Өкінішке орай, бұл көрсеткіштер төмендеп жатыр және қазірдің өзінде зардаптарын тигізіп жатыр.
Кейінгі жылдар бұл ауқымды олқылықты ауру қаншалықты жылдам пайдалана алатынын көрсетті. 2024 жылы ДДСҰ-ның Еуропалық аймағында ширек ғасырдағы қызылшаның ең көп саны тіркелген.
Қазақстан да ауру көрсеткіші ең жоғары елдердің қатарында - 28 147 жағдай тіркелген. 2026 жылдың басында өсім жалғасты. Соңғы мәліметке сәйкес, шілденің ортасына қарай елде қызылшаның 7000-нан аса жағдайы тіркеліп, науқастардың 75 пайызы екпе алмаған болып шықты.
Олардың қатарында ата-аналары вакцинациядан бас тартқан балалар, медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалар және әлі егу жасына жетпеген сәбилер бар - олар әсіресе қорғансыз. Жасына байланысты жоспарлы екпе алуға әлі болмайтын нәресте тек ата-анасы мен дәрігерлерге емес, сонымен қатар айналасындағы адамдарға да тәуелді.
Қоғамда вакцинациямен қамту деңгейі неғұрлым жоғары болса, инфекцияның оған жету ықтималдығы соғұрлым төмен болады.
Қызылшаның қайта оралуы вакцинацияның жұмыс істеуін тоқтатқанының дәлелі емес. Керісінше, бұл халықты қорғау жүйесінде саңылаулар пайда болғанын көрсетеді.
Мәселен, қызылшадан кейін "иммундық амнезия" дамуы мүмкін екенін бәрі бірдей біле бермейді, бұл кезде иммундық жүйе бұрын қалыптасқан қорғанысын ұмытып қалғандай болады да, адам айлар бойы, кейде жылдар бойы басқа инфекциялар алдында дәрменсіз күйге түседі.
Немесе тағы бір шетін көзқарас: ауырып тұрып, "табиғи иммунитет" алу. Бірақ қызылшаның сирек кездесетін әрі өте ауыр салдары емделмейді және инфекциямен ауырғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң пайда болуы мүмкін.
Көкжөтел де өзін еске түсіріп жатыр - ол әсіресе вакцинацияның толық курсын алып үлгермеген өмірінің алғашқы айларындағы нәрестелер үшін өте қауіпті.
Қызылша және көкжөтелмен аурудың өсуі өткізіп алған екпелердің жинақталған әсерін көрсетеді және елдегі эпидемиологиялық жағдайға әсер етеді. Және бұл тек Қазақстанның мәселесі емес. Пандемия кезінде немесе одан кейін жоспарлы вакцинациямен қамту деңгейі төмендеген көптеген ел осындай проблемаларға тап болып отыр.
Кейбіреулер шектеулерге байланысты вакцинацияны өткізіп алса, біреулер емханаларға барудан қорыққандықтан, ал тағы біреулер дәйексіз ақпараттың әсерінен екпеден бас тартқан.
Екпе алмаған балалардың саны көбейген сайын, инфекцияға бейім адамдар қабаты қалыптаса береді. Біраз уақыт бойы бұл байқалмауы мүмкін, бірақ аурудың таралуы үшін бір ғана инфекция көзінің пайда болуы жеткілікті.
Иммундаудың қоғамдық мәні де осында.
Қазақстандағы және басқа елдердегі вакцинация күнтізбесіПрофилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесі - бұл тек баланың жасы мен вакцина атауы көрсетілген кесте емес, бұл халықты қорғаудың ғылыми негізделген стратегиясы. Әрбір вакцинаны егу жасы инфекция жұқтыру және ауыр асқынулар қаупі ең жоғары болатын уақытпен анықталады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық екпе күнтізбесінде 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцинация қарастырылған: 13 инфекцияға қарсы екпелер жоспарлы түрде, тағы сегізі - эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
Ата-аналар жиі Қазақстанның вакцинация күнтізбесін басқа елдердің бағдарламаларымен салыстырады. Бірақ әмбебап шешім жоқ. Әр ел өзінің эпидемиологиялық жағдайын ескереді. Мысалы, Қазақстандағыдай туберкулез қаупі жоғары жерлерде БЦЖ вакцинациясы қажет болып қала береді. Ал Батыс Еуропаның кейбір елдері тек қауіп-қатер топтарын ғана егеді.
Анықтама: БЦЖ - бұл жаңа туған нәрестелерге аурудың ең ауыр түрлерінен, ең алдымен туберкулезді менингит пен жайылған туберкулезден қорғау үшін егілетін туберкулезге қарсы вакцина.
Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялау да осындай логикамен қалыптасады.
Қазақстанның кейбір аймақтарында кене энцефалитінен қорғану маңызды. Оба жұқтыру қаупі бар аймақтарда тұратын немесе жұмыс істейтін адамдар үшін осы аурудың алдын алу шаралары қарастырылған. Мұндай вакциналар барлық елде бірдей қажет емес.
Қазақстанда екі жасқа дейінгі бала сегіз екпе алады - бұл 13 аурудан қорғаныс (аралас вакциналарды қолданудың арқасында). Салыстыру үшін: бұл жасқа қарай Германиядағы сәби 11 инфекциядан, АҚШ-та - 13-тен, ал Ресейде - 14-тен қорғаныс алады.
Қазақстанда жыл сайын 4,9 миллионға жуық екпе жасалады, оның екі миллионнан астамын балалар алады. Дегенмен, бағдарламаның тиімділігі тек вакциналардың қолжетімділігі мен денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына емес, сонымен қатар ата-аналардың сеніміне де байланысты.
Бірақ, өкінішке орай, мен жоғарыда айтып өткен себептерге де байланысты бұл сенім азайып барады.
Анам олардың отбасында 13 бала болғанын, бірақ тек екеуі ғана ересек жасқа жеткенін айтып отыратын. Қалғандары бала кезінде инфекциялық аурулардан қайтыс болған - ол кезде вакцинация әлі жоқ еді. Сондықтан біздің әжелеріміз бен аталарымыздың буыны инфекциядан қорқу мен баласынан айырылудың не екенін жақсы білетін, ал біз, бақытымызға орай, мұны білмейміз.
Осыдан бірнеше онжылдық бұрын үлкен қауіп төндірген аурулармен бүгінгі балалардың бетпе-бет келмей өсіп жатқанын біз қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Алайда вакцинацияның нағыз құндылығы да осында.
Егер ол жойылып кетсе не болар еді?
Бұл оншалықты жорамал сценарий емес. Әлемнің түрлі елдерінде түрлі инфекциялардың өршуі қайта-қайта тіркеліп жатыр. Алда – күз. Балалар мектептер мен балабақшаларға оралып, уақытты бірге көбірек өткізеді. Соның салдарынан біз жаңалықтардан ұмытыла бастаған аурулардың атауын жиі еститін боламыз. Мұндай жағдайлардың қаншалықты жиі қайталанатыны өз қолымызда.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін
Автор туралы: Нұршай Әзімбаева – жоғары санатты дәрігер-эпидемиолог, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Иммундау орталығының басшысы, денсаулық сақтау магистрі. Инфекциялық аурулар эпидемиологиясы және иммунопрофилактика саласының маманы. Жалпы еңбек өтілі - 32 жыл, оның 20 жылдан астамы мемлекеттік қызметте. Аудандық және облыстық деңгейде дәрігер-эпидемиолог, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы және басшысы болып қызмет атқарған. Ұлттық деңгейде вакцинамен басқарылатын инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау, полиомиелит, қызылша және қызамықты жою бағдарламаларын үйлестіруге қатысады.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу