Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Сурет: bilim.expert
Бірегей платформа жеке және заңды тұлғалардың пайдалануына арналған. Олардың қатарында авторлар, дизайнерлер, суретшілер, фотографтар, музыканттар, қолөнершілер және өзге де креаторлармен қатар, шығармашылық студиялар, бірлестіктер, агенттіктер, продюсерлік орталықтар мен креативті индустрия саласында жұмыс істейтін ұйымдар бар.
Енді креативті индустрия өкілдері www.qazaqculture.com порталындағы «QazaqCreative» бөлімі арқылы тіркеліп, жеке кабинетін ашып, платформадағы цифрлық сервистерді пайдалана алады. Тіркеуден өткен пайдаланушылар өз профилін басқаруға, жобалары мен көрсететін қызметтері туралы ақпарат орналастыруға, хабарламалар алуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға өтінім береді.
«QazaqCreative» платформасында грант бағдарламалары, жобаларды қаржыландыру тетіктері, білім және акселерациялық бағдарламалар, консультациялық, сараптамалық, ақпараттық әрі цифрлық қолдау құралдарына дейінгі ақпарат ұсынылады. Сондай-ақ пайдаланушылар байқауларға, питчинг сессияларына, форумдарға, көрмелерге және өзге де салалық іс-шараларға қатыса алады. Цифрлық қосымша еліміздегі креаторлардың өнімдері мен қызметтеріне қызығушылық танытқан көпшілікке де арналған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустрияны дамыту және саланы мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жұмысын жалғастырып келеді. Осыған байланысты «Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізіліп, креативті индустрияға кіретін экономикалық қызмет түрлерінің (ЭҚЖЖ) саны 43-тен 53-ке дейін ұлғайды.
Тізімге «Веб-порталдар қызметі», «Радиохабар тарату», «Мәдениет саласындағы білім беру», «Жарнама агенттіктерінің қызметі», «Кітап басып шығару», «Өзге де баспа қызметі», «Кинофильмдер, бейнефильмдер мен телевизиялық бағдарламаларды тарату қызметі», «Кинофильмдерді көрсету қызметі», «Өзге де полиграфиялық өндіріс», «Тығыннан, сабаннан және өруге арналған материалдардан бұйымдар өндіру» қызмет түрлері енгізілді.