Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Impact-driven universities: Education, Leadership and Societal Change» тақырыбында өткен IAUP Central Asia Regional Conference конференциясын Almaty Management University (AlmaU) Халықаралық университеттер президенттері қауымдастығымен (IAUP) бірлесіп ұйымдастырды. Конференция Ғылым және жоғары білім министрлігінің, The Phoenix Philanthropy Group, British Council, QS Quacquarelli Symonds, Principles for Responsible Management Education (PRME) ұйымының Еуразиялық бөлімшесі және Алматы қаласының Туризм бюросының қолдауымен өтті.
Алқалы жиында IAUP президенті әрі Sias University негізін қалаушы Шон Чен сөз сөйлеп, «Орталық Азия – әлемде жастардың ең көп шоғырланған өңірі. Сондықтан осындай халықаралық конференциялардың аймақ үшін маңызы ерекше. Мұндай алаңдар тек пікір алмасу немесе өзекті мәселелерді талқылау үшін ғана ұйымдастырылмайды. Ең бастысы – халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп шешім табуға және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады», деп атап өтті.
Конференцияға онлайн режімде қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келе жатқанын айтты. «Соңғы жылдары маңызды заңнамалық бастамалар қабылданып, университеттерді қолдаудың жаңа тетігі енгізілді. Оның ішінде эндаумент-қорларды дамытуға және жекеменшік жоғары оқу орындарының қызметін жетілдіруге бағытталған жұмыстар атқарылып отыр. Конференция академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыруға, ғылыми серіктестікті дамытуға және болашақ мамандарын даярлауға жаңа серпін береді. Бұл үдерістерде жасанды интеллектінің рөлі ерекше, себебі ол білім беру жүйесінің трансформациясын жеделдететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. AlmaU университеті жекеменшік жоғары оқу орындарының ірі халықаралық бастамаларды жүзеге асырып, еліміздің білім беру экожүйесінің дамуы-на елеулі үлес қоса алатынын көрсетіп келеді», деді министр.
Бүгінде Орталық Азия университеттері енді жаһандық үрдістерді жай ғана бақылап, соңынан еретін кезеңнен өтті. Ендігі кезекте осы үрдістерді қалыптастыруға үлес қосу аса маңызды. АlmaU негізін қалаушысы әрі президенті Асылбек Кожахметов тұрақты даму, жасанды интеллект, экономикалық және әлеуметтік әсер, сондай-ақ инклюзивті даму бағыттарындағы халықаралық зерттеулерге белсенді қатысудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің төзімділікке, бейімделгіштікке және қауымдастық құндылықтарына негізделген көшпелілер философиясынан бастау алатын білім беру тәжірибесі әлемдік академиялық қауымдастық үшін қызықты әрі пайдалы болмақ.
«Біз өңір жастарының әлем университеттерінде еркін білім алуын, ал әлемнің түкпір-түкпіріндегі студенттердің Орталық Азияға келіп оқуын қалаймыз. Бүгінде университеттердің сапасы көбіне рейтингтер мен аккредитациялар арқылы бағаланады. Мен сапаға ұмтылуды қолдаймын, бірақ оны тек Гарвардпен салыстыру арқылы өлшеуге болмайды. Үш жыл бұрын Орталық Азия ректорлар одағын құрып, «Tolyq Adam»бағдарламасын әзірледік. Бүгінде осы жұмыстың алғашқы нәтижесін көріп отырмыз – The Awards Asia 2026 сыйлығы тағайындалды. Бұл Орталық Азия университеттерінің өздерінің табысты бастамаларын қалыптастыра алатынын көрсетеді. IAUP Central Asia 2026 конференциясы еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, академиялық байланыстарды дамытуға, білім беру саласына жаңа серіктестіктер мен инвестициялар тартуға, сондай-ақ Қазақстанның ғылым, білім және инновациялардың өңірлік орталығы ретіндегі тартымдылығын арттыруға ықпал етеді», деді А.Қожахметов.
Конференцияда геосаясат және геоэкономика саласының стратегы, John von Neumann University Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Норберт Чизмадиа университеттердің зияткерлік капиталды қалыптастырудағы және халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлінің артып келе жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, университеттер – қалалар мен мемлекеттер дамуының басты қозғаушы күші.
British Council-мен серіктестікте ұйымдастырылған «Халықаралық стандарттар және нәтижеге бағдарланған университеттердің болашағы» пленарлық сессиясын IAUP басқарма төрағасы әрі CETYS University (Мексика) президенті Фернандо Леон-Гарсия жүргізді. Сессияда Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығының директоры Әлібек Мәдібеков жаһандық стандарттар барлық елде бірдей тиімді бола бермейтініне тоқталды. Сарапшының пікірінше, оларды ұлттық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып бейімдеу маңызды. Контексті ескеру стандарттардың өзектілігі мен тиімділігін арттырып, мемлекеттер мен өңірлердің бірлесіп дамуына және тұрақты өсіміне мүмкіндік береді. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Самғат Ермекбаевтың пікірінше, елімізде білім алуға ниет білдіретін шетелдік студенттердің саны айтарлықтай артып келеді, алайда қолда бар ресурстар бұл сұранысты толық қамтамасыз етуге әрдайым жеткілікті бола бермейді. Өтініштердің көбеюіне халықаралық білім беру бағдарламалары мен қос диплом жобаларының дамуы ықпал етті. Сонымен қатар дарынды жастардың өз елінде сапалы білім алып, кәсіби әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды міндеттің бірі. Бұл үшін білім беру инфрақұрылымын кеңейтіп, университеттердің академиялық әлеуетін нығайту қажет.
Ұлыбритания Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттігінің (QAA) жөніндегі атқарушы директоры Роб Страудтың пікірінше, ең жоғары импактке қол жеткізу үшін стандарттарды үнемі жетілдіріп, жаңартып отыру қажет. Контекстуализация аса маңызды, себебі әр елдің өз ерекшелігі, құндылықтары және қоғамдық сұраныстары бар.
Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленов «Қоғамдық импактіні өлшеу өте күрделі, себебі оның әсері уақыт өте келе көрініс береді» дейді. Өйткені ол жарияланымдар саны мен формалды көрсеткіштер арқылы өлшенбейді. Ықпалдың басты көрсеткіші тек сандық метрикалар емес, қоғам мен әлемге нақты пайда әкелетін түлектер. Десе де рейтинг пен көрсеткішке ғана назар аударып, қоғамға тигізетін нақты әсерін екінші орынға қоятын университеттер де бар.
Кәсіпкерлік білім беру саласындағы жетекші университет – Babson College деканы Амир Реза «Студенттердің кәсіпкерлік бастамаларын шектемей, оларға болашақты қалыптастыруға қажетті дағдылар мен құралдарды беруге ұмтыламыз. Басты мақсат – стартап құруды үйрету емес, жастардың жаңа мүмкіндіктер жасап, әлемді өзгерте алатын ойлау қабілетін дамыту», деп атап өтті. Ал Kusto Group компаниясының негізін қалаушы Еркін Тәтішевтің пікірінше, бүгінде Орталық Азиядағы көптеген студент ересек өмірдің нақты талабы мен сын-қатеріне толық дайын емес.
QS Quacquarelli Symonds ұйымымен серіктестікте өткен «Жоғары білім және орнықты даму: әлемге қажетті университеттер» сессиясында QS Impact жобаларының жетекшісі Зоя Зайцева Қазақстан студенттерді жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге даярлау деңгейі бойынша жоғары көрсеткіштерге ие екендігін атап өтсе, Global Education Futures негізін қалаушы әрі директоры Павел Лукшаның пікірінше, университеттің басты миссиясы – студентке әлемнің тұтас бейнесін көруге, құбылыстардың өзара байланысын түсінуге және өз орнын табуға көмектесу.
Іс-шарада ҰКП «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев, Team University бас директоры Хикмат Абдурахманов, Future Readiness Forum және Xponential Group ұйымдарының президенті әрі бас атқарушы директоры Тарик Курейши, Sunway University президенті әрі вице-канцлері Сибрандес Поппема, Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің білім беру жөніндегі ұлттық маманы Мейіргүл Алпысбаева, Орталық Азия университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Сарварбек Рахматиллаев және т.б. сарапшылар өз пікірлерін бөлісті.
АЛМАТЫ