Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Күн, жел, судан қуат өндіру ісіне мемлекет дұрыстап ден қойғанын аңғару қиын емес. Мәселен, кейінгі 6 жыл аралықта елдің энергия теңгерімінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4 есе өсіп, жалпы қуаттың 8 пайызын құрап отыр. Осыны ескеріп, біз саланың көрсеткіштері мен әр өңірдегі даму қарқынына шолу жасап көрдік.
Биылғы 22 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» Өңірлік экологиялық саммитінде бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, Орталық Азия елдерінің алдында тұрған ортақ экологиялық және климаттық сұрақтарды шешуде жасыл энергетика мен экологиялық технологияларға көшудің маңызы зор екенін баса айтты.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз. Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды. Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды. Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз, – деді Президент.
КӨРКЕЙГЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Энергетика министрлігінің дерегінше, бүгінде елімізде жалпы белгіленген қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 71 – жел электр станcасы, 54 – күн электр стансасы, 44 – гидроэлектр стансасы және 3 биогаз стансасы бар. Жалпы, осы нысандар былтыр 8,6 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндірген.
2025 жылы Қазақстанда 9 ЖЭК іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Тамыз айында Энергетика министрлігі ел аумағында жалпы қуаты 245 МВт болатын тағы 10 ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланғанын мәлімдеген. Оның ішінде 4 жел электр стансасы, 5 күн электр стансасы және бір гидроэлектр стансасы бар. Осылайша, жыл аяғында жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 8,8 млрд кВт/сағ-қа жетпек. Бұған қоса, жақын аралықта қуаты 3,6 ГВт болатын шамамен 100 жобаны іске асыру жоспарланған екен. Тағы 4 ірі жоба пысықталып жатыр.
Айтпақшы, салаға инвесторлардың қызығушылығы мол екенін тілге тиек еткен жөн. Қазір Қазақстан нарығына TotalEnergies, China Power, Masdar және China Energy сияқты ірі халықаралық компаниялар келді. Олардың заманауи технологиялар мен инвестициясы нысандардың қуатын көбейтуге септеспек.
Алдағы жылға да жоспар көп. Ведомство 2027 жылы елде 845 МВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланғанын жария етті. Атап айтқанда, Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газтурбиналық қондырғысын, «МАЭК» ЖШС-да қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын, «Баскуат Энергопром» ЖШС жобасының бірінші кезеңі аясында жалпы қуаты 34,7 МВт болатын 5 газпоршеньді қондырғысын, сондай-ақ Kazakhmys Energy ЖШС-да қуаты 70 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарланған. Бұлар газға қатысты. Ал жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуатына тағы 570 МВт қосылмақ. Олардың қатарында Алматы облысындағы қуаты 100 МВт күн электр стансасы, Қызылорда облысындағы жалпы қуаты 70 МВт болатын 3 күн электр стансасы, Ақтөбе облысындағы әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын 2 жел электр стансасы, Қызылорда облысындағы қуаты 50 МВт жел электр стансасы, Түркістан облысындағы қуаты 50 МВт жел электр стансасы мен Абай облысындағы жалпы қуаты 100 МВт болатын 2 жел электр стансасы бар.
«ТАЗА КӨМІРДІҢ» ТЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ
Жаңартылатын энергия көздері, «жасыл» энергетика секілді тақырыптарды қозғағанда бір дүниені түсінген абзал: сала қанша дамып, қуат үлесі артқанымен, көмірден таяу арада бас тарта алмаймыз. Әрине, экологтар көмірден қуат алуды аса құптамайды, одан шығатын зиянды қалдықтың қоршаған ортаға зияны көп екенін жиі естиміз. Алайда биыл бұның да шешімі табылғандай болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «таза көмір» технологиясын ұсынып, соның негізінде жоба әзірлеуді тапсырды.
Президент тапсырмасынан кейін 2026-2030 жылдарға арналған көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр. Оның аясында 2030 жылға дейін 7,8 ГВт жаңа энергия көздерін іске қосу жоспарланған, оның ішінде 8 жаңа электр стансасын салу және жұмыс істеп тұрған 11 стансаны жаңғырту бастамасы бар. Үкіметтің талпысына қарасақ, 2027 жылы елдегі энергия тапшылығы мәселесі толық шешілуге тиіс. Ал 2029 жылға қарай Қазақстан тұрақты электр энергиясы профицитіне шығуды көздеп отыр.
Рас, әлемде электр қуатын алудың бірнеше дәстүрлі тәсілі бар: көмір, газ, күн, жел, тіпті ағын суды пайдалану жолы белгілі. Балама тәсіл көп болғанымен, мемлекеттер табиғи ресурс пен географиялық орналасуына қарай тиімді әдістің біріне басымдық береді. Қазақстан да осы жолды ұстанып отыр, елдегі энергия қуатының 60 пайыздан астамы көмірдің үлесінде. Бұрынғы 70 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда біршама ілгерілеу бар.
Қалай алғанда да, көмірді өндіру жеңіл, тасымалдау оңай, шығыны аз. Оның үстіне, сарапшылар елдегі анықталған көмір қоры 300 жылға жететінін болжап отыр. Егер барлау жұмыстары жүріп жатқан болса, қор көрсеткіші бұдан да еселене беруі мүмкін. Сондықтан көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарын шетке ысыра алмаймыз. Әрбір шаңырақтағы жарықты дәл осы «қара алтын» қамтамасыз етіп отыр.
Дегенмен мемлекет бір бағытпен шектеліп отырған жоқ. Көмірден басқа энергия көздерінің жиынтық үлесі 40 пайызға таяп қалды. Кәсіпорындар көбейіп, дата-орталықтар бой көтеріп, жасанды интеллект технологиялары еніп жатқан тұста бұл көрсеткіштерді үлкен жетістікке балар едік.
Сұраныс бұл деңгейде тұрмайтыны тағы бар, Энергетика министрлігінің болжамынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі 30 пайызға артып, шамамен 150 млрд кВт/сағатты құрайды. Ал қазір елде өндірілетін электр энергиясының қуаты – 123 миллиард кВт/сағ. Бұл есептерге қарап, мемлекеттің энергетика саласындағы саясатын құптамасқа шара жоқ. Дәстүрлі көмір генерациясынан бастап, жаңартылатын энергия көздерін жаңғырту бастамалары жалғасын таба бергені жөн.
Мадияр ТӨЛЕУ