Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Ал небәрі 11-сынып оқушысы, алматылық Әлихан Ғатаулин бұл мәселені жасанды интеллект көмегімен шешуге талпынып жүр. Бір қызығы, Әлиханға Сейсмологиялық байқау мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығынан арнайы жұмыс орны бөлінген. Ол Галина Хачикянның кабинетінде зерттеумен айналысады. Қазір Әлихан – команда құрамындағы ең жас зерттеуші.
Мектеп оқушысының зерттеуі спутниктік деректер мен геомагниттік өзгерістерді талдау арқылы зілзаланы шамамен бір тәулік бұрын болжауға бағытталған. Кейіпкеріміздің айтуынша, оның дәл осы бағытқа ден қоюына 2024 жылы Алматыдағы жер сілкінісі негіз болған.
– Ең алдымен мені сол сәттегі дәрменсіздік сезімі қатты толғандырды. Балалардың жанұшыра айқайлағаны, дабылдың үні әлі күнге дейін құлағымда. Сол кезде біз сейсмикалық қауіпті аймақта өмір сүрсек те, апаттың алдын алуға емес, оның салдарымен күресуге ғана дайын екенімізді түсіндім. Содан кейін өзіме «Қазіргі ғылымның қолында осыншама мүмкіндік, осыншама дерек бола тұра, жер сілкінісінің жақындағанын білдіретін белгілерді неліктен анықтай алмаймыз?» деген сауал қойдым. Дәл осы сұраққа жауап іздеу арқылы ғылым жолына түстім, – деді ол.
Ғылымның мәні – шындыққа сүйену
Әлиханның зерттеу бағыты көпшілікке тосын көрінуі мүмкін. Өйткені ол Күндегі жарқылдар мен жер сілкінісінің өзара байланысын зерттейді. Бұл теория ғылыми ортада әлі толық мойындалған жоқ. Сондықтан зерттеушінің өзінен оның алғашында ғылыми қауымдастық тарапынан қалай қабылданғанын сұрап көрдік.
– Ғалымдардың бұл мәселеге көзқарасы әртүрлі. Бұл – ғылым үшін қалыпты жағдай. Кейбір зерттеушілер қазіргі деректерді талдаудың жаңа мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл бағыттың болашағы бар деп есептейді. Ал енді кейбірі Күндегі үдерістер мен Жердің тектоникалық қозғалыстарының арасында тікелей байланыс барын дәлелдеу өте қиын екенін айтып, күмәнмен қарайды. Сол үшін мен қандай да бір теорияны қалайда дәлелдеуге тырыспаймын. Мен үшін ең маңыздысы – нақты дерек. Қазір басты мақсатым – жеткілікті көлемде сенімді статистикалық мәлімет жинап, оны жан-жақты талдау. Егер зерттеу белгілі бір заңдылықтың бар екенін көрсетсе, оны ғылыми деректермен дәлелдеуге болады. Ал егер ондай байланыс анықталмаса, оны да дәлелді түрде жоққа шығаруға мүмкіндік бар. Ғылымның мәні де сол – шындыққа сүйену, – деді Әлихан.
Қазір ғылыми топ Күн белсенділігін зерттеумен шұғылданады. Әлиханның сөзінше, команда құрамында Қазақстан, Италия және Германиядан келген тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Жас зерттеуші кейінгі уақытта өзін таңғалдырған маңызды нәтижелердің бірі ретінде ірі жер сілкінісінің алдында байқалатын әлсіз микротербелістердің анықталғанын жеткізді. Түптеп келгенде мұндай өзгерістерді қарапайым тәсілмен байқау қиын. Сол себепті зерттеушілер машиналық оқыту алгоритмдерінің көмегімен ауқымды деректерді саралап, бұрын назардан тыс қалған заңдылықтарды іздеп жатыр.
– Біздің мақсатымыз – жер сілкінісінің алдында байқалуы мүмкін сейсмикалық белгілерді анықтап, оларды талдау. Тағы бір маңызды жайт, қазір «жасанды интеллект» ұғымы өте кең мағынада қолданылып жүр. Мен бұл жерде GPT немесе Gemini секілді тілдік модельдерді емес, машиналық оқыту технологияларын айтып отырмын. Біз алгоритмдерді тектоникалық үдерістердің алдында пайда болатын маңызды аномалияларды тануға үйретеміз. Машиналық оқыту зерттеушілердің мүмкіндігін бірнеше есе арттыратын қуатты құрал деп ойлаймын. Оның көмегімен бұрын деректердегі жай ғана «шу» болып көрінген ақпараттың арасынан белгілі бір заңдылықтарды байқауға болады, – деді зерттеуші.
Мектеп пен ғылым арасындағы тепе-теңдік
Әлиханның күн тәртібі қатарластарынан өзгеше. Ол аптаның белгілі бір күндері Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығында болса, кейде обсерваторияда жұмыс істейді. Бұдан бөлек, халықаралық зерттеу тобының жұмысын үйлестіріп, қосымша сабақтарға уақыт бөлуге тырысады. Мектеп бағдарламасының мұндай ауқымды ғылыми ортада жұмыс істеуге жеткіліксіз екенін түсінетін Әлихан білімін өз бетінше толықтырып келеді. Ғылымға құштар жас күн сайын бірнеше сағатын қосымша дайындыққа арнайды.
– Бұл ретте менің жолым болды деп айта аламын. Өйткені мен жұмыс істейтін компания әлемдегі үздік ғарыш компанияларының үштігіне кіреді. Сондықтан мұндағы талап та, жауапкершілік те жоғары. Компаниямыз халықаралық деңгейде болғандықтан, әріптестеріміз әлемнің әр түкпірінде жұмыс істейді. Мысалы, менің бағытымдағы мамандардың бірі қазір Берлинде, енді бірі Италияда. Әріптестерімнің жұмыс кестесі өте тығыз. Бірі докторантураны аяқтап жатыр, енді бірі ауқымды ғылыми зерттеулермен айналысады. Соған қарамастан аптасына бірнеше рет кездесіп, алдағы жоспарларымызды бірге талқылауға уақыт табамыз. Осы тұста компания жетекшісі Арман Бекембаев туралы ерекше атап өткім келеді. Ол жай ғана басшы емес, нағыз көшбасшы дер едім. Әрбір талқылауға өзі қатысып, команданың жұмысына үнемі қолдау танытады, – деді ол.
Өзімді қатарластарымнан ерте есейдім деп ойламаймын
Замандастары студенттік өмірге қадам басуға дайындалып жүрген шақта Әлихан ғылыми зерттеулерге ден қойып, халықаралық деңгейдегі мамандармен бірге жұмыс істеп жүр. Мұндай өмір ырғағы оны өз қатарластарынан ерте есейіп кеткендей сезіндірмей ме деген сауал бізді де қызықтырмай қоймады.
– Әрине, мен де ҰБТ мен мектеп бітіру кеші туралы ойлаймын. Болашақ мамандығым мен қай университетте оқитыным да мен үшін маңызды. Бірақ мұның бәрін «ерте есейгендік» деп есептемеймін. Бұл салаға деген қызығушылығым шынайы. Сондықтан академиялық білім алып жүріп, таңдаған мамандығыммен қазірден бастап айналысуды қалыпты жағдай деп санаймын. Иә, менің күнделікті өмірім қатарластарымнан басқаша. Олар көбіне мектеп бітіру кешін талқылап жүргенде, мен Берлин мен Италиядағы әріптестеріммен машиналық оқыту модельдерін талқылаймын. Мен ешқашан өзімді балалық шағымнан айырылып жатырмын деп ойлаған емеспін. Керісінше, дәл қазір болашақта қоғамға пайдасын тигізетін білім мен тәжірибе жинап жүрмін, – деді оқушы.
Алматыда қуатты жер сілкінісі болғаннан бері екі жылдан аса уақыт өтсе де, тұрғындар арасында зілзала қайталануы мүмкін деген алаңдаушылық жиі сөз болады. Әлихан мұндай сауалдарды сыныптастарының да өзіне жиі қоятынын жасырмады.
Алайда ол ғылымның міндеті – болжам айтуға негізделмегенін, шын мәнінде, деректерді талдап, қауіптің алдын алуға мүмкіндік беретін жүйені жетілдіру екенін алға тартты.
– Бұл тақырып мен үшін өте қызық. Мен өзімді алдыңғы буын ғалымдарына қарсы қойып немесе олармен бәсекелесіп жүрмін деп ойламаймын. Ғылымда бір адамның ғұмыры кейбір ауқымды мәселелерді толық шешуге жете бермейді. Бірақ ғылымның ең үлкен күші – оның сабақтастығында. Әр буын өзіне дейінгі ғалымдардың еңбегіне сүйеніп, оны әрі қарай жалғастырады. Мен де өзімді сол жолдың жалғастырушысымын деп санаймын. Бүгінгі ізденістерім – өзіме дейінгі ғалымдардың қалыптастырған ғылыми негізінің жалғасы деп білемін, – деді Әлихан.
Ғылымның өмірдегі пайдасын көргенде, қызықты бола бастайды
Қазір жастардың басым көбі әлеуметтік желіге әуес және олар ғылымнан алшақтап барады деген пікірлерді жиі естиміз. Десек те, өзі ғылым жолын таңдаған Әлихан бұл жай ғана қалыптасқан стереотип деп есептейді. Оның пайымынша, мәселе жастарда емес, олардың қызығушылығын дұрыс бағыттай білуде жатыр.
– Бұл кейінгі кездері жай ғана «сәнге» айналған пікірлердің бірі деп ойлаймын. Қай кезеңде де адамдар әртүрлі болған және солай бола береді. Бірі дайын ақпаратты тұтынғанды жөн көреді, енді бірі жаңа дүние жасап, өзін дамытуға ұмтылады. Мұны тарихтағы барлық буыннан көруге болады. Сондықтан қазіргі жастарды бұрынғы буыннан түбегейлі өзгеше деп айта алмаймын. Ең бастысы, жасөспірімге өзін танытуға, қабілетін дамытуға мүмкіндік беру. Ғылымның өмірдегі нақты пайдасын көргенде, қызықты бола бастайды. Зерттеуді өзің үшін қызықты ізденіске айналдырып, алған біліміңнің айналаңа, қоғамға әсер ете алатынын түсінген кезде ғылымға деген қызығушылық артады, – деп сөзін түйіндеді Ә. Ғатаулин.
Ерекше атап өтерлік жайт, таяуда Әлихан Қазақстандағы IT және жасанды интеллект саласындағы жетекші NeuroKids платформасынан 800 мың АҚШ доллары көлеміндегі келісімшартқа ұсыныс алды. Компания жас талантқа Бизнесті дамыту және AI таланттар жөніндегі директор (Chief Business Development & AI Talents Officer) қызметін ұсынған. Жаңа лауазым аясында Әлихан платформаның халықаралық ауқымын кеңейтуге, білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект технологияларын енгізуге және әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды жастарды тартуға атсалысады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы