Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Шын мәнінде, мемлекеттің қуаты Парламент қабылдаған заңдардың санымен ғана өлшенбейді. Ол заңдардың ауылдағы қарапайым адамның өмірін өзгерте алуымен өлшенеді. Азамат мемлекетпен алғаш рет министр арқылы емес, өз ауылындағы әкім, өз өңіріндегі мәслихат депутаты арқылы жүздеседі. Сондықтан жергілікті басқарудың сапасы – мемлекетке деген сенімнің сапасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті өңірлер – күшті ел» екенін үнемі баса айтып келеді. Бұл – жай ғана өңірлік саясат туралы пікір емес. Бұл – жаңа мемлекеттік басқару философиясы. Егер өңір қуатты болса, мемлекет қуатты. Егер жергілікті басқару тиімді болса, орталық билікке деген сенім де нығаяды. Президент барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында: «Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт», – деді. Сондықтан Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды кезекті құқықтық түзету ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – Президент бастамашылық еткен саяси жаңғырудың заңды жалғасы. Бұл – мәслихаттардың жаңа миссиясын айқындайтын заң.
Қазақ ешқашан кеңессіз ел басқармаған. Ұлы даладағы мемлекеттік дәстүрдің негізінде ақылдасу, кеңесу, мәмілеге келу мәдениеті жатты. Хан кеңес құрмай шешім қабылдамаған. Би жеке билік жүргізбеген. Ел тағдыры құрылтайда талқыланған. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөздің астарында ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік даналық жатыр. Сондықтан бүгінгі мәслихат – сырттан келген институт емес. Ол – қазақтың саяси мәдениетінің жаңа тарихи жағдайда жаңғырған көрінісі. Әлихан Бөкейхан жергілікті өзін-өзі басқаруды ұлттық мемлекеттіліктің мектебі деп білді. Ол жергілікті басқару мәселесінде земство жүйесін енгізуді басты шешім деп санап, жергілікті халыққа өз жерін, шаруашылығы мен бюджетін өздері басқаруға құқық беруді талап еткені белгілі. Ал Ахмет Байтұрсынұлы: «Ел ісіне халықтың өзі араласпайынша, ел ісі оңалмайды», – деп айтқан. Ұлт ұстазы мемлекет пен қоғамның дамуы үшін әрбір азаматтың өз тағдырына, ортақ іске жауапкершілікпен қарауы керегін ерекше атап өткен. Ол адамдарды немқұрайдылықтан арылып, өз құқықтары мен ұлттық мүдделері үшін белсенді күресуге шақырды. Ағартушының басты идеясы: халық санасы оянбай және ортақ іске әркім өз үлесін қоспайынша, ұлттың болашағы жарқын болмайды. Бұл ойлар Ұлттық ұстаздың мұрасы туралы еңбектерде терең зерттелген. Алаш қайраткерлері ұсынған земство идеясының өзегінде де осы қағидат жатты – халық өз жерінің тағдырына өзі жауап беруі керек.
Тәуелсіз Қазақстан осы тарихи сабақтастықты жаңа мазмұнмен жалғастырып келеді.
Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Кейін аудан әкімдерін сайлау қолға алынды. Конституциялық реформалар жүзеге асты. Билік тармақтарының жауапкершілігі күшейтілді. Енді сол реформалардың заңды жалғасы ретінде мәслихаттардың мәртебесі мен мүмкіндігі жаңа деңгейге көтеріліп отыр.
Бұл – ұзақ жылдық талдау мен жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Сенат депутаты ретінде жергілікті мемлекеттік басқаруды жетілдіру мәселесі біздің заң шығару қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі болды. Осы жылдар ішінде Үкіметке және уәкілетті мемлекеттік органдарға мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, депутаттардың бақылау функцияларын күшейту мәселелері бойынша бірнеше депутаттық сауал жолдадық.
Сонымен қатар Сенат жанындағы MIND жобалық кеңсесінде жүзеге асқан «Тиімді мәслихат» жобасының жұмыс тобына жетекшілік ету мүмкіндігі туды. Бұл жоба заңға дейінгі ғылыми алаң болды. Біз халықаралық тәжірибені сараладық, өңірлердегі нақты ахуалды зерттедік, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының пікірін тыңдадық, мемлекеттік органдармен, сарапшылармен және ғылыми қауымдастықпен ашық пікір алмастық. Осы жұмыс барысында Астана қаласының, Ақмола және Ақтөбе облыстары мәслихаттарының депутаттары ерекше белсенділік танытты. Олар тәжірибеден туған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессорлары мен магистранттары халықаралық тәжірибені зерттеп, ғылыми негіздемелер әзірледі. Бұл заңның әрбір бабында сол ортақ еңбектің ізі бар. Сондықтан бұл заң – бір адамның немесе бір мемлекеттік органның емес, қоғамның сұранысына жауап берген ортақ жұмыстың нәтижесі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында және Ұлттық Құрылтай отырыстарында мемлекетті жаңғырту тек орталық билікті реформалаумен шектелмейтінін бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, «барлық реформаның түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту». Бұл қағида мемлекеттік басқарудың әрбір деңгейіне қатысты. Өмір сапасы заңмен емес, заңның орындалуымен жақсарады. Ал заңның орындалуы ең алдымен өңірде көрінеді. Сондықтан бүгінгі реформа мемлекеттік басқарудың құрылымын ғана өзгертіп отырған жоқ. Ол билік философиясын өзгертуде. Кеше мемлекет халыққа жоғарыдан қарайтын жүйе ретінде қабылданса, бүгін мемлекет халықпен қатар жүретін институтқа айналып келеді. Бұл – Президент жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жалғасы. Осы жерде мәслихаттың тарихи рөлі айқындалады. Мәслихат – әкімнің серіктесі ғана емес, халықтың аманатын билікке жеткізетін конституциялық институт. Егер әкім атқарушы биліктің жауапкершілігін көтерсе, мәслихат қоғамдық сенімнің жауапкершілігін көтереді. Өйткені демократияның табиғаты – тек сайлау өткізуде емес. Демократияның табиғаты – теңгерімде. Президент жүргізіп отырған реформалардың ерекшелігі де осында.
Кез келген заңның өз уақыты болады. 1993 жылы мәслихаттардың құрылуы тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңінің талабы еді. 2000 жылдары экономикалық тұрақтылық басымдық алды. 2010 жылдары мемлекеттік қызметтерді цифрландыру кезеңі басталды. Ал бүгінгі кезеңнің басты талабы – институттарды күшейту.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының негізгі ерекшелігі де осы. Біз жеке тұлғалардың беделіне сүйенетін мемлекеттен институционалдық мемлекетке қарай бет бұрдық. Жаңа заңдағы мәслихат төрағасының екі мерзіммен шектелуі, депутаттық сауалдарға жауап мерзімінің қысқаруы, әкімдердің халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелердің орындалуын мәслихаттың қарауы, бюджеттік комиссияларға қатысуы, жергілікті қоғамдастық жиналыстарының өкілеттігінің кеңеюі — осының барлығы бір ғана мақсатқа қызмет етеді. Яғни басқару институттарын күшейту екені айқын.
Көпшілік «бұл заң мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтті» дейді. Мен басқаша айтар едім. Бұл заң мәслихаттың жауапкершілігін кеңейтті. Ендігі жерде депутат тек шешім қабылдайтын адам емес. Ол қабылданған шешімнің орындалуына да жауапты. Бұл – жаңа саяси мәдениет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз» деген болатын. Бұл міндет мемлекеттік биліктің барлық тармағына ортақ жауапкершілік жүктейді. Әділетті қоғам ең алдымен өңірлерде қалыптасады. Ал өңірлердің орнықты дамуы жергілікті өкілді биліктің тиімділігіне, мәслихаттардың жауапкершілігіне және депутаттардың халық аманатына адалдығына тікелей байланысты.
Сондықтан бұл заңның басты нәтижесі жаңа құқықтық нормалардың қабылдануында ғана емес. Оның ең үлкен нәтижесі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және жергілікті мемлекеттік басқарудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталуында екені анық.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Парламент Сенатының VІІІ шақырылым депутаты