Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Өңірдегі білім саласына біржақты пікір айтуға келмейді. Бұрынғыдай емес, шалғай ауылдардағы орта мектептерді басым бөлігі заман талабына сай жасақталды. 3 ауысымды білім ошақтары жоқ. Жаңа оқу нысандары бой көтерді. Білім сапасы біртіндеп ілгерілеп келеді. Ендігі бір мәселе – маман тапшылығы. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр.
Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек
Қауіпсіз білім ордалары бой көтерді
Кейінгі жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайып, әсіресе алыстағы ауылдағы білім ошақтарының жағдайы жақсарды. Облыс құрылған күннен бері жөндеуді немесе жаңа құрылысты қажет ететін нысандарды жаңарту деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрап, 276 нысан қайта жаңғыртылды. Оның ішінде 41 мектептің жаңаруы – білім саласына жасалған нақты инвестицияның айғағы. Бұл өзгерістердің тікелей нәтижесі ретінде білім жүйесіндегі өзекті мәселе – бейімделген мектептер саны 69-дан 38-ге дейін қысқарды. Яғни бұрын өзге ғимараттарды паналаған немесе талапқа сай емес жағдайда жұмыс істеген мектептердің орнына қауіпсіз білім ордалары бой көтерді.
«Облыс құрылғаннан бері 6 390 орындық 19 мектеп пайдалануға берілді. Бұл – тек сан емес, сапалы білімге жол ашқан мыңдаған оқушының тағдыры. Әсіресе «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында іске асқан нысандардың маңызы зор. Алакөл ауданының Достық ауылында және Панфилов ауданының Жаркент қаласында салынған 1 800 орындық екі ірі мектеп аймақтың білім кеңістігін түбегейлі өзгертті. Бұл мектептер заманауи кабинеттермен, зертханалармен, спорт және шығармашылық алаңдарымен жабдықталған», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Былтыр бірқатар ауыл қуанышты жаңалыққа кенелді. Алакөл ауданының Достық ауылында, Ақсу ауданының Көлтабан ауылында, Панфилов ауданының Талды ауылында жалпы 1 020 орындық 3 мектеп ел игілігіне берілді. Бұл – шалғай елді мекендердегі балалардың қаладағы құрдастарымен тең дәрежеде білім алуына жасалған маңызды қадам. Тек жаңа мектеп салумен шектелмей, қолданыстағы білім нысандарын жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. 2023–2025 жылдар аралығында 22 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Оның ішінде былтыр 6 нысан толық жаңартудан өтті.
Атап айтқанда, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылындағы Сәтбаев атындағы мектеп, Ескелді ауданындағы Қарабұлақ және Елтай ауылдарының мектептері, Қаратал ауданындағы Тастөбе, Көксу ауданындағы Бостоған, Панфилов ауданындағы Әулиеағаш ауылдарының мектептері күрделі жөндеуден кейін жаңа кейіпке енді. Бұл мектептерде шатырдан бастап инженерлік желілерге дейін толық ауыстырылып, оқу кабинеттері заманауи талаптарға сай жабдықталды.
«Жаңа немесе жаңартылған мектеп – ауылдағы тұрақтылықтың кепілі. Мұғалім келеді, жас мамандар тұрақтайды, ата-аналар көшіп кетуден қалады. Бұл – өңірлік дамудың ұзақмерзімді инвестициясы. Бұрын материалдық база әлсіз еді, зертханалық құрал-жабдықтар жетіспейтін. Қазір жаңа ғимаратта оқушылардың қызығушылығы артты, ата-аналардың да сенімі күшейді», дейді Еңбекшіқазақ ауылының мектеп директоры Рауан Мырзахмет.
Ауылда маман тапшы
Білім саласының мамандарының айтуынша, ауыл мектебінің жаңаруы – тек оқу үдерісін жақсарту емес, тұтас ауылдың әлеуметтік ахуалын көтеру. Ендігі мәселе – сол ауылдарды педагогтермен қамту өзекті болып отыр. Өңірде 63 маман тапшылығы анықталды. Педагог жетіспеушілігі тікелей білім сапасына нұқсан келтіретін фактор болғандықтан, бұл мәселе – басты назарда тұр. Қазір кадр тапшылығын жою үшін әрбір білім бөлімінің басшылары жүйелі жұмыс істеп жатыр.
Мәселен, орта білім беру ұйымдарында 15 754 педагог еңбек етеді. Кейінгі үш жылда олардың саны 6,3%-ға артып, кадрлық әлеуеттің динамикасы жоғарылады. Педагогтердің 95,2%-ы – жоғары білімді, 1003 маманның магистрлік дәрежесі бар. Техникалық және кәсіптік білімі бар педагогтер үлесі 4,8%-ды құрайды. Бірқатар базалық пән бойынша 50 жастан асқан педагогтердің үлесі 21-24% аралығында, ал жас педагогтердің үлесі – 6,9 %. Жастарды елді мекенге тарту өңір үшін емес, еліміз үшін де түйткілдің төресі болып отыр. Қызығы, облыста 30 жасқа дейінгі педагогтер арасында ең жоғары үлес ағылшын тілі мұғалімдеріне тиесілі екен.
«Оқу сапасына тікелей ықпал ететін өзекті фактордың бірі – мұғалімдердің пәндік білім деңгейі. Кейбір педагогтердің оқытатын пәні бойынша теориялық білімінің жеткіліксіздігі, заманауи ғылыми мазмұнды, күрделі ұғымдарды және пән ішіндегі өзара байланыстарды түсіндіруде қиындықтарға тап болуы байқалады. Бұл әсіресе жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен шет тілдерін оқытуда айқын көрініс табады. Пәндік білімнің әлсіздігі оқыту әдістемесінің де сапасына әсер етіп, сабақтың мазмұнын тереңдетуге мүмкіндік бермейді», дейді облыстық әдістеме орталығы директорының орынбасары Айбек Кенжебаев.
Бүгінде облыстағы директорлардың 90%-ының педагогикалық саладағы еңбек өтілі 10 жылдан асады. Бұл ретте басшылық құрамның 197-сі басқарушылық өтілі 7 жылға дейінгі мерзімді құрауы басқару корпусының біртіндеп жаңарып, жүйеге жаңа менеджерлердің келіп жатқанын аңғартады. Біліктілік санаты бойынша 148 басшы аттестатталған. Қазіргі уақытта 22 басшылық лауазым бос болса, оның 22-сі ауылдық мектептерге тиесілі. Мұндай көрсеткіш қала мен ауыл арасындағы кадрлық теңгерімсіздікті көрсетеді. Өкінішке қарай, ауыл мектептерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
«Бұл мәселені шешуде республикалық кадрлық резерв негізгі тетікке айналып отыр. 2023–2025 жылдар аралығында облыстан резервке енген 34 педагог білім беру ұйымдарының басшысы, ал 17 маман басшының орынбасары лауазымдарына тағайындалды. Кадрлық резерв жұмысын жандандыруды басқарушылық корпустың сапасын жақсартудың және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жоюдың негізгі құралы ретінде тиімді қолдану қажет», дейді А.Кенжебаев.
Жас мамандардың айтуынша, ауыл мектебіндегі жағдай кейінгі жылдары жақсарғанымен, бұл шешім қабылдауға жеткіліксіз. Себебі заман ағымына қарай әрбір маманның таңдау құқығы өз еркінде. Бұл жерде патриоттық сезімнің де ауадай керек екені де анық.
«Мектеп ғимараты жаңарып, сыныптар заманауи құралдармен жабдықталғаны қуантады. Оқушылар да ынталы. Бірақ жас маман үшін тек жұмыс орны емес, өмір сүру ортасы да маңызды. Ауылда тұрғын үй мәселесі, бос уақытты тиімді өткізу мүмкіндігінің аздығы, кәсіби дамуға арналған орта мен бәсекенің жоқтығы сезіледі», дейді жас маман Қанатбек Досымбек.
Жетісу мектептеріндегі оң өзгеріс – мемлекет пен жергілікті биліктің білімге деген жауапкершілігінің көрінісі. Шалғай аудандарда жаңа мектептердің салынуы, ескі нысандардың жаңаруы – өңірде сапалы білімге тең қолжетімділік қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бүгін салынған мектеп – ертеңгі білікті маман, саналы азамат. Осы тұрғыдан алғанда, Жетісу өңіріндегі білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы жылдары да жүйелі түрде жалғасады деген ойдамыз.
Жетісу облысы