Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Фото: Жұмабай Мұсабеков— Мемлекет басшысының өңірде бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес жыл сайын көптеген спорт нысандары салынуда. Жетісу облысы құрылғаннан бері 39 нысан бой көтеріп, жаңғыртылды. Олардың қатарында тұрғын үйі бар волейбол жаттығу базасы, үстел теннисі орталығы, мұз аренасы және бүгінгі ашылып отырған заманауи көркем гимнастика залы бар. Жаңа спорт кешенінде жасалып отырған жағдайлар осы күрделі әрі әсем спорт түріне жастарды көбірек тартуға ықпал ететіне сенімдімін, — деді Б. Исабаев.
Салтанатты лента қию рәсімінен кейін қонақтар жаңа спорт нысанының ішін аралап, жабдықталуымен танысты. Жас спортшылармен әңгімелескен өңір басшысы көркем гимнастиканы дамытуға облыста бүгінгі күні барлық жағдай жасалып отырғанын айтып, болашақта еліміздің атын шығаратын мықты чемпион болу үшін қажырлы еңбектеніп, үздіксіз жаттығу керектігін айтты. Мұнан соң спорт қайраткерлерімен бірге балаларға гимнастика құрал-жабдықтары, сол сияқты спорттың басқа да түрлеріне арналған инвентарьлар табыс етті.
Фото: Жұмабай МұсабековЖаттықтырушылардың бірі Елена Беликова көркем гимнастикаға арналған жаңа зал жөнінде өз пікірін білдірді:
Фото: Жұмабай Мұсабеков— Жас спортшыларымыз үшін жеке жаттығу залы салынғанына қуаныштымыз. Бұған дейін түрлі спорт кешендерінде жаттығуымызға тура келді, бұл біршама жайсыздық туғызатын. Бұл мәселені облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтердік. Сол кезде бізге бұл мәселе назардан тыс қалмайды деп уәде берді. Бүгін біздің арманымыз орындалды деуге болады. Бұл арнайы залда жаттығу процесі үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған — төбенің биіктігі 14 метр, жарақаттануды болдырмау үшін платформасы мен гимнастика кілемі бар ағаш еден төселген. Бұл залдың ашылуы Жетісуда көркем гимнастиканың дамуына, біздің гимнасттардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне тың серпін береді деп ойлаймын, — деді ол.
Жас спортшылар да өз ойларын ортаға салды:
— Мен көркем гимнастикамен он жылдан бері шұғылданамын. Бұған дейін әртүрлі спорт кешендерінің залдарында жаттығып жүрдік, олардың төбесі аласа болды да жаттығуда тәуекелдерге баруға мүмкіндік бермейтін. Қазір жаңа залдың төбесі биік, түрлі күрделі жаттығуларды жасауға ыңғайлы, яғни үлкен мүмкіндіктерге жол ашылды, енді спорт шеберлігін қорғауға болады, — дейді спорт шеберлігіне үміткер Анастасия Теряева.
Тағы бір жас гимнастшы Аяна Мұрат та осындай пікірде.
Фото: Жұмабай Мұсабеков— Көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне үміткермін. Спорттың осы түрімен айналысқаныма жеті жыл болды. Қазіргі залымыз жарық, биік, үлкен. Мұнда кәсіби дайындығымызды шыңдап, әлемдік спорт жарыстарында еліміздің туын көкке көтереміз деп сенемін, — деді ол.
Ана-аналардың бірі Гүлжанат Ументаева залдың салынғанына ризашылығын білдірді.
Фото: Жұмабай Мұсабеков— Менің төрт қызым бар. Екінші қызым Аяулым төрт жасынан бері гимнастикаға қатысады. Жастайынан өзінің бейімі болды, сондықтан таныстарымның кеңесі бойынша гимнастика үйірмесіне бердім. Қазір сегіз жылдан бері осы спорт түрімен тұрақты айналысып келеді. Қаламызда тұрақты жаттығатын көркем гимнастиканың арнайы залы болғанына ата-ана ретінде қуаныштымын. Болашақта қызым чемпион болатынына сенемін, — дейді Гүлжанат.
Атап өтсек, ғимараттың құрылысы өткен жылдың ақпан айында басталған болатын. Мұнда екі зал бар, оның бірі гимнастика жаттығуларына арналса, екіншісі волейбол, баскетбол, мини футбол ойындарын өткізуге болатын әмбебап зал.
Жалпы, бүгінгі күні Талдықорғанда 200-ге жуық бала тұрақты түрде көркем гимнастикамен айналысады, оларды кәсіби жаттықтырушылар жаттықтырады.
Айта кетелік Жетісу облысы Достық ауылында «Келешек мектебі» ашылған еді.