Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің қорынан әкелінген жүзден астам жәдігер жетісулықтарға алғаш рет ұсынылды. Көрмені тамашалаған жұрт ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының тағдырымен біте қайнасқан қайраткердің өмір жолына терең бойлап, оның бай мұрасымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Астана қаласы әкімдігінің «Біріккен музейлер дирекциясы» МКҚК директорының орынбасары Нұрсерік Жолбарысұлы көрменің мазмұнына тоқталды.
«Көрме Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін қамтиды. Біз тек ақынды ғана емес, ұлт тағдыры үшін күрескен қайраткерді, ағартушыны, мемлекет қызметкерін танытуды мақсат еттік. Экспозициядағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Олар арқылы келушілер Сәкеннің тұлғасын тереңірек тани алады», деді Н.Жолбарысұлы.
Көрме экспозициясы Сәкен Сейфуллиннің балалық шағынан бастап мемлекет қайраткері дәрежесіне дейінгі өмір белестерін қамтиды. Ақынның туған жері, отбасы, білім жолы, ағартушылық қызметі мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегі кеңінен көрсетілген. Әсіресе қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолындағы қызметі мен ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесі көрменің маңызды бөлімдерінің біріне айналған. Оны бізге арнайы тамашалауға келген талдықорғандық тұрғын Гүлнар Әбдірахманқызы мақтанышпен жеткізді.
«Біз Сәкен Сейфуллинді мектептен ақын ретінде білеміз. Ал бүгін оның жеке заттарын, отбасы тұтынған бұйымдарды көріп, тұлғаның өміріне жақындай түскендей әсер алдым. Әсіресе қолжазбалары мен фотосуреттері ерекше толқытты. Мұндай көрмелер жастар үшін өте қажет», деді ол.
Көрменің ең құнды тұстарының бірі – Сейфуллиндер әулетіне тиесілі түпнұсқа жәдігерлер. Мұнда ақынның анасы Жамалдың ұршығы мен самаурыны, Сәкеннің күміс қасығы, жары Гүлбаһрам сақтап келген ақ дастарқаны, кофе тартқышы, патефоны, қойын дәптерлері, қолжазбалары, жазу машинкасы, сирек фотосуреттері мен мұрағаттық құжаттары қойылған. Бұл жәдігерлер көрерменді тұлғаның шығармашылық әлеміне ғана емес, оның адами болмысына да жақындата түсті. Осы ретте Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілі, ақын Жангелді Немеребай бұл көрменің рухани маңызына тоқталды.
«Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ мемлекетшілдігінің тарихындағы ірі тұлға. Оның шығармалары мен қоғамдық қызметі тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті. Жәдігерлерге қарап тұрып, тарихтың өзін сөйлеткендей әсер аласың. Бұл – өткен мен бүгінді жалғайтын маңызды мәдени көпір», деді ақын.
Көрмеде қазақ әдебиетінің алтын қорына енген «Асау тұлпар», «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолында», «Айша», «Тар жол, тайғақ кешу» шығармаларының алғашқы басылымдары да қойылған. Сондай-ақ қазақ халқының тарихи атауын қайтаруға үндеген «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты әйгілі мақаласына арнайы орын берілген.
Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен шығармашылығы – ұлт тағдырымен тамырлас тағылымды тарих. Сәкен қалдырған әдеби мұра мен қоғамдық қызметтің өнегесі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Жетісу облысы