Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Отандық жоғары оқу орындарындағы бағдарламаның басым бөлігі жаңартылды. Бүгінде 95 университет жасанды интеллект бойынша пәндерді енгізді. Бұл студенттерге не береді? Ал Цифрландыру және жасанды интеллект жылын науқанға айналдырмай, нәтижелі өткізуге жоғары білімде нақты қандай жұмыс қолға алынып отыр? Осы және өзге де сұрақтар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қаралды.
Жиында Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова жоғары білім жүйесіндегі негізгі өзгерістер туралы кеңінен тарқатты. Оның баяндауынша, қазіргі таңда елімізде 127 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы 8,5 мыңнан аса бағдарламасы бойынша кадр даярлайды. Кейінгі бір жылда бағдарламалардың 85%-ы кәсіби стандарттарға сай жаңартылған.
«Жедел технологиялық және экономикалық өзгерістер жағдайында білім жүйесі мен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері арасындағы тұрақты сәйкестікті сақтау маңызды. Осы мақсатта кадр даярлауды экономика мен өңірлік даму қажеттіліктерімен жүйелі болжау және үйлестіру құралы ретінде Жаңа мамандықтар атласы әзірленді. Атлас – жай анықтамалық емес, навигациялық құрал: ол – қандай мамандықтардың пайда болып жатқанын, трансформацияланатынын немесе жойылып бара жатқанын көрсетеді. Әлемде мұндай құралдарды ЕО, Сингапур және Канада кәсіптік бағдар беру және білім беруді жоспарлау үшін қолданады. Бұған қоса, біз басшылыққа алған халықаралық зерттеулер ЖИ жұмыспен қамтуды тікелей қысқартпайтынын, бірақ еңбек мазмұнын өзгертетінін көрсетті. Талдау айқындағандай, ірі бизнес цифрландыруға, автоматтандыруға және ЖИ-ді енгізуге дайын. Олар қазірдің өзінде ішкі зерттеу орталықтарын, деректер базасы кеңселерін құрып, машиналық оқытуды енгізіп жатыр. Сондай-ақ AI-мамандарына, дата-аналитиктерге, цифрлық архитекторларға, технологиялық үдерістерді автоматтандыру инженерлеріне деген сұранысты арттырып отыр», деді вице-министр.
Г.Көбенованың айтуынша, осыған орай бүгінде 95 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша пәндерді енгізді. ЖИ қазір кезіндегі компьютерлік дағдылар сияқты базалық білімге айналды. Сондай-ақ ЖИ, инжиниринг және ЖИ цифрлық технологиялары бойынша жаңа білім бағдарламаларына сай бойынша даярлау басталды. 30 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 42 білім бағдарламасын енгізді, олардың қатарында: «Қолданбалы ЖИ», «ЖИ инженериясы және блокчейн», «Медицинадағы ЖИ» және т.б. бар. Онда бакалавриат, магистратура және докторантурада 2 815 студент білім алып жүр.
«2025 жылғы 6 қарашадағы «OpenAI» компаниясымен келісім аясында мектептер мен жоғары оқу орындарының 165 000 педагогіне тегін лицензиялар беріледі. Бұл педагогтерге күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға (есептер дайындау, тапсырмаларды тексеру), студенттер үшін оқу жоспарлары мен материалдарын дербестендіруге, деректерді талдау және құжаттарды түйіндеудің озық функцияларын пайдалануға, өз курстары үшін кастомизацияланған AI-ассистенттер мен чат-боттар құруға мүмкіндік береді. «AI Sana» бағдарламасы аясында «Coursera» жасанды интеллект бойынша даярлаудың базалық платформасы ретінде пайдаланылады. 2025 жылы 98 044 білім алушы 109 987 сертификат алды, оның ішінде ЖИ бойынша негізгі курстар бар. Бүгінде 668 мыңнан аса студент ЖИ бойынша курстардан өтті. Бағдарлама ЖИ-сауаттылықты және практикалық цифрлық дағдыларды жаппай қалыптастыруға бағытталған. Қазір екінші кезеңді іске қосу шаралары басталды. Бұл кезеңде 100 студент оқытылады, іріктеу олардың жобалық идеяларын ескере отырып жүргізіледі», деді спикер.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, цифрлық мемлекетке көшу кезінде цифрландыру және ЖИ-ді енгізу үшін жоғары білікті кадрлар қажет. Осы мәселені шешу үшін министрлік жасанды интеллект саласында кадр даярлауға 12 шетелдік жоғары оқу орнын тартты. Мәселен, Сеул техникалық университетімен бірлесіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында «City University of Hong Kong» филиалы (жасанды интеллект бойынша қос дипломды бағдарламалар) және басқалары ашылды. Үш «Лу Бань шеберханасын» құру қолға алынды. Олардың Қазақстан үшін маңызды – еліміздің экономикасының аса маңызды салалары (автопилотты автокөліктер, электромобильдер, жасанды интеллект, халықаралық логистика) үшін инженерлік-техникалық кадр даярлауды күшейтеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде әртүрлі форматтағы 40 стратегиялық серіктестіке қол жеткіздік, оның ішінде 33-і – шетелдік университеттердің филиалдары. Бұл – жастарымызға елден шықпай-ақ әлемдік деңгейдегі сапалы білім алуына жасалған жағдай. Филиалдарды ашу өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып және негізінен техникалық бағыттар бойынша іске асырылады. Осы күні елімізде 35 мың шетелдік студент білім алып жүр. 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 000 адамға дейін ұлғайту жоспарланған. Қазірдің өзінде Азиядан келген студенттер саны алғаш рет ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып түсті. Қазақстанға шетелдік студенттерді тарту мақсатында халықаралық көрмелер мен форумдарды өткізуді көздейтін «Study in Kazakhstan» ақпараттық науқаны жүргізіледі. Былтыр «Study in Kazakhstan» білім көрмелері Ұлыбританияда, Әзербайжанда, Пәкістанда және ҚХР-да өтті. Биыл Вьетнам, Үндістан, Индонезия, БАӘ, Қатар, Түркия, ҚХР, Моңғолия, Марокко және басқа елдерде өткізу жоспарда бар», дейді Г.Көбенова.
Спикердің баяндамасынан соң баспасөз отырысында әдеттегідей сұрақ-жауап басталды. Өз кезегімізде біз: «Президент айтқандай, Цифрландыру және жасанды интеллекті жылын науқандатпай, нәтижелі өткізу үшін жоғары білімде нақты қандай жұмыс қолға алынып отыр? «AI Sana» бағдарламасы студенттердің цифрлық сауатын арттыруға бағытталғанын білеміз. Бастапқы кезеңдер халықаралық платформаларда оқытылды, дегенмен маманның өзінен білім алғандай болмайды. Осы тұрғыда студенттерді кімдер оқытады? Олар осы салаға бейімделген бе, біліктілігі сай ма? 600 мыңнан аса студент оқытылғаны айтылады, сапа қандай, олар сол білімін шынымен де өз саласында пайдалана алып жүр ме?» деп қатарынан екі сауалымызды қойдық.
Сұрағымызға Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова: «Цифрландыру және жасанды интеллект жылына қатысты Үкімет деңгейінде жоспар дайындалып жатыр. Бұл жоспарда шынымен де нақты міндеттер көзделген. Жоғары білімге байланысты негізгі шаралардың бірі – «AI Sana» бағдарламасының шеңберінде студенттеріміздің ЖИ-ді кәсіби қызметінде қолдануға мүмкіндік беретін жұмыстарды іске асыру. Екінші шара – Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде арнайы Жасанды интеллект зерттеу университетін құру міндеті. Осыдан басқа да бірқатар шара қолға алынады.
Расымен, «AI Sana» бағдарламасының алғашқы кезеңінде 668 мың аса студент ЖИ бойынша базалық білімін шыңдады. Бұл жерде «Coursera», «Huawei», «Google» академиясы сияқты бірнеше платформалар, сонымен қатар отандық жоғары оқу орындары мен «Astana hub» әзірлеген курстар пайдаланылды. Осы оқытудың нақты нәтижелері қазір де көрініп жатыр. Бүгінде студенттер жасаған 229 ЖИ агенті қолданысқа енгізілді. Олардың қатарында «Е-куратор», «Инклюзивті гид», «Көз-AI» деген сияқты агенттер бар. Мұның барлығы оқытуға тартылған мамандардың қажетті деңгейде дайындығының бар екенін көрсетеді. Профессор-оқытушылар құрамының 54%-дан астамы ЖИ бойынша сертификатталған курстардан өтті. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады. «AI Sana» бағдарламасының екінші кезеңінде негізгі серіктесіміз «Стенфорд» университетінің сарапшысы болған Пол Ким өзінің әріптестерімен келіп, бізге студенттерді ЖИ-мен қатар ЖИ кәсіпкерлігіне оқытатын бағдарламаны жүзеге асыруға көмектеседі», деп жауап берді.
Соңғы жаңалықтар
Шекара маңындағы ауылдар қайта өркендеу кезеңіне аяқ басты
Ауыл • Бүгін, 09:40
Цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі
Пікір • Бүгін, 09:38
Суперкомпьютердің мүмкіндігі мол
Технология • Бүгін, 09:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30
Басқа басылымдардан: Қазақстан мен Өзбекстан Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды
Басылым • Бүгін, 09:28
Жоғары білімге ЖИ-ді енгізу нені өзгертеді?
Білім • Бүгін, 09:25
Соғыста да адамзаттық қағидаттар сақталуы шарт
Әлем • Бүгін, 09:23
Кітап қорын толықтыруда нені ескеру керек?
Мәдениет • Бүгін, 09:20
Білім • Бүгін, 09:15
Мәдени құндылықты сақтау жайы байыпталды
Саясат • Бүгін, 09:12
Мемлекеттілік тарихының бедерлі белестері
Пікір • Бүгін, 09:10
Бизнес және жайлы іскерлік орта
Саясат • Бүгін, 09:07
Пікір • Бүгін, 09:05
Қазына қаржысы мақсатсыз жұмсалмауға тиіс
Қаржы • Бүгін, 09:02
Қоғам • Бүгін, 08:57