Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Жатақхана бұйырмаса ше?
Жыл сайын елімізде 50 мыңнан аса абитуриент арман қуып, мегаполистерге аяқ басады. Алайда бұл қалалардағы өмір сүру динамикасына бәрінің ілесе күн көруі екіталай. Көпшілігі қаржылық қиындықтарға тап болатыны жасырын емес. Осы орайда Астана мен Алматыдағы бағаны бақылап, студенттерге қай шаһар тиімді екенін саралап көрдік.
Кейінгі екі жылдың бедерінде пәтер жалдау құны Алматыда орта есеппен 23%-ға, елордада 18%-ға шарықтаған. Қазір Krisha.kz және OLX платформаларында Алматыдағы бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 180-300 мың теңгенің айналасында, ал Астанада 150-250 мың теңге аралығында құбылып тұр. Мұндай жағдайда студенттер үшін ең қолжетімді нұсқа – жатақхана. Студенттер үйінің айлық ақысы 15-40 мың теңге шамасында.
Кофе мен такси тағы бар...«Астанада жатақхана бұйырмаса, оқуды жалғастыру екіталай болар еді. Коммуналдық төлемді қоса есептегенде, пәтер ақысы біз алатын айлық шәкіртақыдан әлдеқайда асып түседі», дейді Astana IT University-дің 2-курс студенті Әлия.
Әлбетте, баспана мәселесі – шығынның жарты бөлігі ғана. Одан басқа тамақ, қоғамдық көлік, телефон операторы ақысы да өмір сүру базасы. Айтпасқа болмас, студенттік шақтың қызығы мен шыжығы – ойын-сауық кештері де бар. Әрине, бұл әр жастың қызығушылығы мен мінез-құлық ерекшелігіне, қала мәдениетіне қарай бейімделеді.
Мәселен, Алматыда кофехана жастардың ең жиі бас қосатын ортасы. Бұған студенттер айына орта есеппен 6-10 мың теңге көлемінде (егер тек 5-8 шыны кофе ішсе) жаратады. Достарымен кездесуге басқа да орындарға барады. Ал Астанада бұл шығынның орнын қыстыгүнгі такси басады. Арқаның сақылдаған сары аязында термометр бағамы -30°C-тан асқан кезде автобус күтіп тоңбас үшін студенттердің амалсыз такси қызметіне жүгінетіні заңдылық.
Студент шәкіртақысын қайда жұмсайды? (жатақханада тұратындардың орташа бюджеті)
Сараласақ, жатақхана ақысын қосқандағы жалпы шығын: Астанада 120-200 мың теңге көлемінде болса, Алматыда 150-250 мың теңгеге жетеді. Демек шәкіртақы студенттің негізгі қажеттілігін толық жабуға жетпейді. Көпшілігі ата-ананың көмегіне не қосымша табысқа тәуелді.
«Алматыда тек пәтер жалдау ғана емес, күнделікті өмір сүрудің өзі айтарлықтай қымбатқа түседі», деп ағынан жарылды ҚазҰУ-дың 3-курс студенті Әли.
Алматы – қымбат қала
Экономистердің пайымдауынша, Алматыдағы қымбатшылық тек абсолютті баға деңгейімен өлшенбейді. Мұндағы мейрамхана, кофехана мен ойын-сауық орындарының көптігі, сондай-ақ «lifestyle» брендтерінің белсенділігі студент шығынын байқатпай арттырады. Ал Астанада негізгі қаржы үш арнаға кетеді: тұрғын үй, ауа райының қолайсыздығынан туындайтын шығындар мен енді ғана қалыптасып келе жатқан инфрақұрылым.
Дегенмен, қос шаһарға да ортақ бас ауыртатын дүние бар – ол жыл санап өсіп жатқан баспана бағасы мен жатақханадағы орын тапшылығы. Статистикаға сүйенсек, кейінгі үш жыл ішінде студенттік үй-жайдағы орын саны небәрі 12%-ға өскен. Ал дәл осы аралықта жоғары оқу орындарына түскен студент қатары 31%-ға артқан. Бұл сәйкессіздік мәселенің қаншалықты ушығып тұрғанын аңғартады.
Сарапшылардың пікірінше, студенттік инфрақұрылымды дамыту мәселесі қазіргі жоғары білім реформасының ең өзекті әрі кезек күттірмейтін тақырыбына айналуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, сапалы білімге ұмтылған талай жастың арманы қаражаттың құрсауында қала бермек.
ТҮЙІН. Бүгінде Алматы немесе Астананы таңдау – жай ғана қала таңдау емес, алдағы төрт жылғы бюджетіңді жоспарлау, қаржылық мүмкіндік пен шектеулерге байыппен қарау деген сөз. Әрине, мамандықтың беделі мен үлкен қала беретін мүмкіндіктер өте маңызды. Бірақ жатақханадан орын ала алмай қалу немесе қымбат пәтерді жалдауға шаманың келмеуі – жастардың жоғары білімді толық аяқтамай тастап кетуіне басты себептің бірі болып отыр.
Қарақат АЛМАНАТҚЫЗЫ,
AITU Цифрлық журналистика факультетінің
2-курс студенті