Жолдағы жазасыздық: сана мен жүйе сыналған сәт

28.03.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Мемлекет басшысы осы тақырыпты өз Жолдауында жыл сайын көтереді. Ауқымды міндетті жүзеге асыруға енді прокуратура тартылды. Соңғы оқиғалар бұл бағытта жаңа іс-шаралардың қажетін аңғартады. Жолдағы тәртіп – тек техникалық мәселе емес, ол – қоғамдық сана мен құқықтық мәдениеттің айнасы.

Жол апаты – жауапсыздық көрінісі

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында мың­даған адам қаза тауып, ондаған мың адам мертігетін жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отырғанын нықтады. 

– Адамдар күн сайын жол үс­тін­де қазаға ұшырап жатыр. Ара­сын­да тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақ­сарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге болады. Жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқы­май-ақ алатын жайттар бар. Үкі­мет, әкімдер, ІІМ батыл қадам жасауы керек, – деді ол. 

2025 жылғы 8 қыркүйектегі  Жолдауында Қ.Тоқаев жол қауіпсіздігі мәселесіне қайта орал­ып, «мұның халықтың өмірі мен ден­саулығына тікелей әсер ете­тініне» назар аудартты: «Был­тырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалды. Со­ған қарамастан көлік апаты азай­май тұр. Жыл басынан 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркел­ген. Көп нәрсе көлік жүргізуші­лері­нің өзіне байланысты, жол ережесін бұзатыны аз емес. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет», – де­ген Президент қоғамдық орын­дар­да ахуал өзгермегенін, азаматтарға қауіп-қатер төніп тұрғанын айтты. 

Жуырда Алматыда болған жол апаты соған дәлел. Қайғылы оқиға 21 наурызда, Әл-Фараби даңғылы және Меңдіқұлов көшесінің қиыл­ысында болды. Сағат 03:30 шама­сында Zeekr жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes-ке соғылған. Соның салдарынан Mercedes жүр­гізу­шісі және оның екі жол­ау­шысы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Үш адамды мерт қылған Zeekr жүргізу­шісі аман қалды. Бол­жам бойынша, апат кезінде жүр­гізуші көше жары­сы­на қатысқан.

Апат фактісі бойынша қыл­мыс­тық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Басты мегаполистегі қоғамды селт еткіз­ген жол апатынан соң сарапшылар елдегі жол жүрісін бақылау сала­сын­да жүйелі проблемалар барын мәлімдеді. Пікірінше, қолданыс­тағы шаралар көше бәйгесімен тиімді күресуге мүмкіндік бермей­ді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов аталған түнгі жа­рыс­тарға жоғары лауазымды поли­ция қыз­меткері қатысты деген жорамал туралы түсінік­теме сұрап, ІІМ-ге жүгінді. 

Ол апаттан соң полиция ар­найы рейд бастағанын мәлімдеді. Небәрі үш күнде Алматыда 5 мың­нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. 43 жүргізу­ші спиртті ішімдік немесе есірткі тұтынып, мас күйде көлік жүргіз­гені үшін ұсталды. Тағы 369 адам рөлде құжатсыз отырған. Айыппұл тұрағына 94 автокөлік қойылды. Жылдамдықты асырудың 2 мың­нан астам жағдайы тіркелді. Әсіре­се, бір жүргізушінің Әл-Фараби даңғылында көлікті 250 шақырым/сағат жылдамдықпен айдау дерегі ерекше аталды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынды.

Рейдтерге қарамастан, 25 нау­рызда Әл-Фараби даңғылында тағы ЖКО адам өлімімен аяқталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Mitsubishi Delica жүр­гізушісі Розыбакиев көшесімен қиыл­ыста жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақатынан әйел адам оқиға орнында көз жұмды. Қа­зақстан жолдарындағы қанды қырғын – бұл ең алдымен техника­ның кемшілігі емес, сананың ақауы.

Көретін қамера бар, тоқтатар қол жоқ

Көшедегі жарыс, жылдамдыққа құмарлық, жауапсыздық – мұның бәрі бір адамның емес, тұтас қоғам мәдениетінің кемістігі. Трагедия­ның тағы бір басты сабағы – алдын алудың әлсіз екенінде. «Авто­Адвокат» заңгері Алексей Катун­цев көшедегі қаптаған камера қылмыскерлерді дәл ереже бұзу мезетінде тоқтата алмайтынын, әрі кетсе, тек салдарды тіркейтінін айтады: «Тіпті, автоматты тіркеу жүйесі де әрдайым тұрақты жұмыс істемейді. Камералар істен шығуы, нашар интернет байланысына тәуелді болуы, уақытша жұмыс істемеуі мүмкін, бұл да бақылау тиімділігін төмендетеді. Камера ма­шинаны тоқтата алмайды: ай­ып­­пұлды кейін төлеттіреді. «Ма­жорлар» үшін бұл мәселе емес», – дейді заңгер.

Өкінішке қарай, мұндай қасі­рет­тер жол ережесін өрескел бұзу­шыларға сабақ болмайды: жүргізу­шілер сол бұрынғыдай көше жа­рыс­тарын ұйымдастыруды жал­ғастырған. Мәселен, осы аптада, 24 наурызда Астанада жүргізуші­лердің жол жүрісі қағидаларын дөрекі бұзғаны түсірілген видео тарады: бірі жоғары жылдамдықпен зулаған күйі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе, екіншісі қасақана қарсы бағытпен қозғалып барады. Астаналық төл автотіркегішінің бейнежазбасын Threads-те жария­лады: ол түнде ата-анасымен вок­зал­дан үйіне қайтып келе жатқан­да, қасынан жоғары жылдам­дық­пен екі көлік зымырап өткен. Полиция бұл оқиғаға кеш үн қат­ты: ереже бұзушылармен профи­л­актикалық әңгіме жүргізіпті.

Автосарапшы Алексей Алек­сеев те тіпті ЖИ басқаратын озық камералардың жолдағы қауіпті жағдайға тосқауыл бола алмай­ты­нын, тек айыппұл жазатынын тілге тиек етті. Бұл – жазаның алдын алу емес, артынан ілесу ғана. «Дұры­сы, Жедел басқару орталығының операторы дәл қазір болып жат­қан­ды нақты уақыт режимінде қа­дағалап, ақпаратты дереу пат­руль­дік экипажға беруге тиіс. Олар жедел әрекет етіп, қосымша күш­те­р­ді жұмылдырып, ереже бұзушы­ны тез тоқтатуы қажет. Алайда іс жүзінде бұл жұмыс істемейді. Әр түн сайын Алматыда Әл-Фараби, Момышұлы, Абай бойымен авто­көлік жүргізушілері жарысады: нөмірлерін алып тастап, қалаған­ынша айдайды», – деді А.Алексеев.

Қылмыскер болса, азшылық та қауіпті

Сарапшы мұндай жүргізушілер жүйені саналы түрде айналып өтетінін атап өтті: мемлекеттік нө­мірі болмаса, камералар ереже бұзуды тіркемейді, демек әрдайым жазаға тарта бермейді. Елде жеке Жол полициясының жоқтығы жағдайды күрделендірді. Әмбебап патрульдер шақыруға аттанудан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге дейін түрлі міндетті қатар атқарады, жол қауіпсіздігі кейін сыр­ғ­ып кетеді. Бақылаудың ша­шыраңқы сипаты тәртіптің әлсір­еуіне әкеледі. 

                                                                              коллаж: Елдар ҚАБА

Жол ережесін бұзушылар үшін жаза қатайтылуы мүмкін. Алма­ты­да үш адамның өмірін қиған резон­ансты жол апатынан соң сенатор Марат Қожаев «жүйелі ереже бұзу­шыларға» қарсы түбегейлі шара қабылдауды ұсынды. Ол мұндай жүргізушілердің көп еместігін, жал­пы санның небәрі 5-6%-ын құрайтынын айтты. Бірақ қауіп осы топтан төнеді.

– Жүйелі түрде 100 және одан да көп құқықбұзушылық жасайтын жүргізуші бар. Міне, соларды барлық жеңілдіктен, соның ішінде айыппұлды 50% жеңілдікпен төл­еу­ден айыру керек. Сондай жар­ыс­­қой болса, толық айыбын өте­сін. Жүргізуші куәлігін тартып алу, қайта емтихан тапсыруға жіберу, тіпті мұндай жүргізушілер үшін ар­найы тест енгізу арқылы оны ереже сақтауға мәжбүрлеу керек, – деді депутат.

Сенатор Германияны үлгі етті: онда жол жүрісі ережесін қайта-қайта бұза беретін жүргізушілерді арнайы психологиялық сынақ тап­сыруға жолдайды. Оны «нақұ­рыстарға арналған тест» (MPU немесе Idiotentest) деп атайды. Әйтпе­се, сенатор ІІМ-нің әрбір «автоша­бандозға» бір полицейден бекітіп бере алмайтынын қосты.

ЖИ Қазақстан шындығына сүрінді

Мәселенің төркіні жазасыздық пен жауапсыздық сезімінде жатыр. Ресми мәлімет бойынша, жол апа­тына кінәлі болғандардың 81%-ы – бұрын да ереже бұзған «тәжіри­бе­лі» рецидивистер. Сон­дықтан жол қозғалысы қауіпсізді­гін қамта­масыз ету проблемалары Бас про­кур­ор Берік Асыловтың өзі төраға­лық еткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыс­ты­лыққа қарсы күресті қамтамасыз ету жөн­індегі үйлестіру кеңесінің отыры­сына арнайы шығарылды. Оған құқық қорғау және орталық пен жергілікті органдардың өкіл­дері қатысты. 

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жол апаттарының не­гіз­гі себебі – жол қозғалысы ере­же­лерін сақтамау. Көптеген жүр­гізуші оларды егжей-тегжейлі біле бермейді. Жолдарда «рециди­вис­тер» қаптап кеткен.

– Талдау көрсеткендей, апатқа кінәлі болған жүргізушілердің 81%-ы бұған дейін де жол қозғалы­сы ережелерін бұзғаны үшін бірне­ше рет жазаға тартылған! Бұл қай­та­лану деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. Мәселен, ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзыпты. Оның 13-і – жыл­дам­дықты арттыру фактілері. 8 қаңтарда ол қарсы жолаққа шығып кетіп, салдарынан өзі және екі жолаушысы қаза тапты. Мұндай жағ­дайлар жыл сайын қайталана­ды, – деді Б.Асылов.

Тағы бір жағдайда жүргізуші соңғы екі жылда 72 рет жол қозға­лысы ережесін бұзған! Соның іш­ін­де 2025 жылы жылдамдықты арт­тырғаны үшін 30 рет жауапкер­ші­лікке тартылған. Ақыры, был­тыр­ғы 30 тамызында Алматыда жаяу жүргіншіні қағып, өлтірді. Бас прокурор жүргізуші куәлігін беру процесіне бақылауды қатайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету қажетін атап өтті. 

Масқарасы сол, медициналық көр­сетілімдерге сәйкес көлік құра­л­ын басқаруға тыйым салынған жүргізушілер де көбейіпті. Мәсе­лен, Абай облысының Үржар аудан­ында эпилепсия дерті бар жүргізушінің ұстамасы ұстап, сал­дарынан 6 баланы қағып, 4-еуін мерт қылды. Тағы 2-еуі жарақат алды. «Мұндай құқықбұзушы­лық­тарға дереу құқықтық шара қол­дан­ы­луға тиіс. Мемлекеттік бас­қару органдары өз бағыттары мен нысаналы топтары бойынша, білім беру және құқық қорғау мекеме­ле­рінің ғылыми әлеуетін қоса отыр­ып, нақтыланған ұсыныстар ен­гізеді», – деді Бас прокурор. 

Отырысқа қатысушылар жол жүрісі ережелерін бұзушылықты бал­дық есепке алуды енгізуді ұс­ын­ды. Бұл тәртіпті жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді уақытылы анықтап, көлік жүргізуден шетте­ту­ге мүмкіндік береді. Балдың шек­­ті деңгейіне жеткен жүргізуші қайта емтихан тапсыруға жіберіл­мек. Бірақ мұндағы басты бір шарт – тәртіп сақшыларының адалдығы. Жүргізушінің балы таусылуға жа­қын­дағанда, полицейге балл жаз­бауы үшін көбірек пара ұсынуы мүм­кін. Яғни, «балл саудасы» деген жаңа қара нарық пайда болу­ын жоққа шығаруға болмас. 

Жалпы, кейбір сарапшының ұсынуынша, жүргізушілердің сана­сындағы «бағдаршам» жақын арада жөнделмейді екен, демек мәселені шешу үшін оны адам факторынан мүлдем арылту керек. Бүгінде әлем Autopilot пен Self-driving cars (өзін-өзі басқаратын көліктер) дәуіріне қадам басты. Жас­анды интеллект – бұл «ағатай, кешіре салыңызшы!» деп айта алмайтын, пара бермейтін, шар­ша­­майтын жүргізуші. Жол жүрісі ережелерінен ауытқымайтын алгоритм. ЖИ көңіліне желік біт­пейді, қарсы жолаққа шығып, «ба­тыл-крутой» көрінуге тырысп­айды. Бағдаршамның сары түсіне тез өтіп кетуді әбжілдік санамайды. Ол ұйықтап кетпейді және рөлде отырып телефонға алаңдамайды. Мұның сыртында, барлық көлік бір орталық басқару жүйесіне бағынса, кептеліс пен соқтығысу матем­атикалық тұрғыдан мүмкін болмайды. 

Бірақ мұның бәрі – болашақ­тың ісі. Қазақстанның заңнамасы әзірге жүргізушісіз көліктердің көшеге шығуына рұқсат етпейді. Сондай-ақ ең озық технологияның өзі біздің шындыққа тап болғанда «миы ашып» кетері даусыз. Авто­номды көлікке мінсіз жол белгілері мен анық сызылған жолақтар ке­рек. Ал Қазақстандағы қармен бір­ге еритін асфальт пен көрін­бей­тін белгілер ЖИ-ді тығырыққа тір­ейді. Робот-көлік ережемен келе жатқанда, оның алдын орап кететін «пысық» жүргізушілер жүйе­­нің авариялық тоқтауына се­беп болады. Сондықтан депутат­тар қолданыстағы жазаларды қатайту­мен әуестеніп әлек. 

Технология – құрал ғана, ал қауіпсіздік – таңдау. Адамдар жол ережесін бұзуды «ерлік» деп санау­ын тоқтатпаса, тіпті ең ақыл­ды ма­шина да ажалдан арашалай ал­майды. Ата-баба «ат – ердің қана­ты» деген. Бүгінгінің «темір тұ­л­пар­лары» ердің қанаты емес, қа­­бі­рге айналып бара жатқандай. Көлікті басқару куәлігін сатып ал­ған жүргізушінің, оның парасын қа­л­тасына салған мамандан­ды­рылған ХҚКО басшыларының, көшеде жын ұрғандай айдағанға көз жұма қараған тәртіп сақшысы­ның қарау тірлігі жолдағы жазық­сыз жандардың қанымен жуылып жатыр. Ендігі кезекте маңызды­сы – жолдарды есірген «киллер­лер­ден» батыл әрі қатал арылтып, заңды сыйлайтын жүргізушілерді тәрбиелеуде.

Айхан ШӘРІП

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью