Жолдағы жазасыздық: сана мен жүйе сыналған сәт
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Мемлекет басшысы осы тақырыпты өз Жолдауында жыл сайын көтереді. Ауқымды міндетті жүзеге асыруға енді прокуратура тартылды. Соңғы оқиғалар бұл бағытта жаңа іс-шаралардың қажетін аңғартады. Жолдағы тәртіп – тек техникалық мәселе емес, ол – қоғамдық сана мен құқықтық мәдениеттің айнасы.
Жол апаты – жауапсыздық көрінісі
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында мыңдаған адам қаза тауып, ондаған мың адам мертігетін жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отырғанын нықтады.
– Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, ІІМ батыл қадам жасауы керек, – деді ол.
2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Қ.Тоқаев жол қауіпсіздігі мәселесіне қайта оралып, «мұның халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететініне» назар аудартты: «Былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалды. Соған қарамастан көлік апаты азаймай тұр. Жыл басынан 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, жол ережесін бұзатыны аз емес. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет», – деген Президент қоғамдық орындарда ахуал өзгермегенін, азаматтарға қауіп-қатер төніп тұрғанын айтты.
Жуырда Алматыда болған жол апаты соған дәлел. Қайғылы оқиға 21 наурызда, Әл-Фараби даңғылы және Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болды. Сағат 03:30 шамасында Zeekr жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes-ке соғылған. Соның салдарынан Mercedes жүргізушісі және оның екі жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Үш адамды мерт қылған Zeekr жүргізушісі аман қалды. Болжам бойынша, апат кезінде жүргізуші көше жарысына қатысқан.
Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Басты мегаполистегі қоғамды селт еткізген жол апатынан соң сарапшылар елдегі жол жүрісін бақылау саласында жүйелі проблемалар барын мәлімдеді. Пікірінше, қолданыстағы шаралар көше бәйгесімен тиімді күресуге мүмкіндік бермейді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов аталған түнгі жарыстарға жоғары лауазымды полиция қызметкері қатысты деген жорамал туралы түсініктеме сұрап, ІІМ-ге жүгінді.
Ол апаттан соң полиция арнайы рейд бастағанын мәлімдеді. Небәрі үш күнде Алматыда 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. 43 жүргізуші спиртті ішімдік немесе есірткі тұтынып, мас күйде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Тағы 369 адам рөлде құжатсыз отырған. Айыппұл тұрағына 94 автокөлік қойылды. Жылдамдықты асырудың 2 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Әсіресе, бір жүргізушінің Әл-Фараби даңғылында көлікті 250 шақырым/сағат жылдамдықпен айдау дерегі ерекше аталды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынды.
Рейдтерге қарамастан, 25 наурызда Әл-Фараби даңғылында тағы ЖКО адам өлімімен аяқталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Mitsubishi Delica жүргізушісі Розыбакиев көшесімен қиылыста жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақатынан әйел адам оқиға орнында көз жұмды. Қазақстан жолдарындағы қанды қырғын – бұл ең алдымен техниканың кемшілігі емес, сананың ақауы.
Көретін қамера бар, тоқтатар қол жоқ
Көшедегі жарыс, жылдамдыққа құмарлық, жауапсыздық – мұның бәрі бір адамның емес, тұтас қоғам мәдениетінің кемістігі. Трагедияның тағы бір басты сабағы – алдын алудың әлсіз екенінде. «АвтоАдвокат» заңгері Алексей Катунцев көшедегі қаптаған камера қылмыскерлерді дәл ереже бұзу мезетінде тоқтата алмайтынын, әрі кетсе, тек салдарды тіркейтінін айтады: «Тіпті, автоматты тіркеу жүйесі де әрдайым тұрақты жұмыс істемейді. Камералар істен шығуы, нашар интернет байланысына тәуелді болуы, уақытша жұмыс істемеуі мүмкін, бұл да бақылау тиімділігін төмендетеді. Камера машинаны тоқтата алмайды: айыппұлды кейін төлеттіреді. «Мажорлар» үшін бұл мәселе емес», – дейді заңгер.
Өкінішке қарай, мұндай қасіреттер жол ережесін өрескел бұзушыларға сабақ болмайды: жүргізушілер сол бұрынғыдай көше жарыстарын ұйымдастыруды жалғастырған. Мәселен, осы аптада, 24 наурызда Астанада жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын дөрекі бұзғаны түсірілген видео тарады: бірі жоғары жылдамдықпен зулаған күйі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе, екіншісі қасақана қарсы бағытпен қозғалып барады. Астаналық төл автотіркегішінің бейнежазбасын Threads-те жариялады: ол түнде ата-анасымен вокзалдан үйіне қайтып келе жатқанда, қасынан жоғары жылдамдықпен екі көлік зымырап өткен. Полиция бұл оқиғаға кеш үн қатты: ереже бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіпті.
Автосарапшы Алексей Алексеев те тіпті ЖИ басқаратын озық камералардың жолдағы қауіпті жағдайға тосқауыл бола алмайтынын, тек айыппұл жазатынын тілге тиек етті. Бұл – жазаның алдын алу емес, артынан ілесу ғана. «Дұрысы, Жедел басқару орталығының операторы дәл қазір болып жатқанды нақты уақыт режимінде қадағалап, ақпаратты дереу патрульдік экипажға беруге тиіс. Олар жедел әрекет етіп, қосымша күштерді жұмылдырып, ереже бұзушыны тез тоқтатуы қажет. Алайда іс жүзінде бұл жұмыс істемейді. Әр түн сайын Алматыда Әл-Фараби, Момышұлы, Абай бойымен автокөлік жүргізушілері жарысады: нөмірлерін алып тастап, қалағанынша айдайды», – деді А.Алексеев.
Қылмыскер болса, азшылық та қауіпті
Сарапшы мұндай жүргізушілер жүйені саналы түрде айналып өтетінін атап өтті: мемлекеттік нөмірі болмаса, камералар ереже бұзуды тіркемейді, демек әрдайым жазаға тарта бермейді. Елде жеке Жол полициясының жоқтығы жағдайды күрделендірді. Әмбебап патрульдер шақыруға аттанудан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге дейін түрлі міндетті қатар атқарады, жол қауіпсіздігі кейін сырғып кетеді. Бақылаудың шашыраңқы сипаты тәртіптің әлсіреуіне әкеледі.
коллаж: Елдар ҚАБА
Жол ережесін бұзушылар үшін жаза қатайтылуы мүмкін. Алматыда үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатынан соң сенатор Марат Қожаев «жүйелі ереже бұзушыларға» қарсы түбегейлі шара қабылдауды ұсынды. Ол мұндай жүргізушілердің көп еместігін, жалпы санның небәрі 5-6%-ын құрайтынын айтты. Бірақ қауіп осы топтан төнеді.
– Жүйелі түрде 100 және одан да көп құқықбұзушылық жасайтын жүргізуші бар. Міне, соларды барлық жеңілдіктен, соның ішінде айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуден айыру керек. Сондай жарысқой болса, толық айыбын өтесін. Жүргізуші куәлігін тартып алу, қайта емтихан тапсыруға жіберу, тіпті мұндай жүргізушілер үшін арнайы тест енгізу арқылы оны ереже сақтауға мәжбүрлеу керек, – деді депутат.
Сенатор Германияны үлгі етті: онда жол жүрісі ережесін қайта-қайта бұза беретін жүргізушілерді арнайы психологиялық сынақ тапсыруға жолдайды. Оны «нақұрыстарға арналған тест» (MPU немесе Idiotentest) деп атайды. Әйтпесе, сенатор ІІМ-нің әрбір «автошабандозға» бір полицейден бекітіп бере алмайтынын қосты.
ЖИ Қазақстан шындығына сүрінді
Мәселенің төркіні жазасыздық пен жауапсыздық сезімінде жатыр. Ресми мәлімет бойынша, жол апатына кінәлі болғандардың 81%-ы – бұрын да ереже бұзған «тәжірибелі» рецидивистер. Сондықтан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемалары Бас прокурор Берік Асыловтың өзі төрағалық еткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыстылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысына арнайы шығарылды. Оған құқық қорғау және орталық пен жергілікті органдардың өкілдері қатысты.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жол апаттарының негізгі себебі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Көптеген жүргізуші оларды егжей-тегжейлі біле бермейді. Жолдарда «рецидивистер» қаптап кеткен.
– Талдау көрсеткендей, апатқа кінәлі болған жүргізушілердің 81%-ы бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет жазаға тартылған! Бұл қайталану деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. Мәселен, ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзыпты. Оның 13-і – жылдамдықты арттыру фактілері. 8 қаңтарда ол қарсы жолаққа шығып кетіп, салдарынан өзі және екі жолаушысы қаза тапты. Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады, – деді Б.Асылов.
Тағы бір жағдайда жүргізуші соңғы екі жылда 72 рет жол қозғалысы ережесін бұзған! Соның ішінде 2025 жылы жылдамдықты арттырғаны үшін 30 рет жауапкершілікке тартылған. Ақыры, былтырғы 30 тамызында Алматыда жаяу жүргіншіні қағып, өлтірді. Бас прокурор жүргізуші куәлігін беру процесіне бақылауды қатайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету қажетін атап өтті.
Масқарасы сол, медициналық көрсетілімдерге сәйкес көлік құралын басқаруға тыйым салынған жүргізушілер де көбейіпті. Мәселен, Абай облысының Үржар ауданында эпилепсия дерті бар жүргізушінің ұстамасы ұстап, салдарынан 6 баланы қағып, 4-еуін мерт қылды. Тағы 2-еуі жарақат алды. «Мұндай құқықбұзушылықтарға дереу құқықтық шара қолданылуға тиіс. Мемлекеттік басқару органдары өз бағыттары мен нысаналы топтары бойынша, білім беру және құқық қорғау мекемелерінің ғылыми әлеуетін қоса отырып, нақтыланған ұсыныстар енгізеді», – деді Бас прокурор.
Отырысқа қатысушылар жол жүрісі ережелерін бұзушылықты балдық есепке алуды енгізуді ұсынды. Бұл тәртіпті жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді уақытылы анықтап, көлік жүргізуден шеттетуге мүмкіндік береді. Балдың шекті деңгейіне жеткен жүргізуші қайта емтихан тапсыруға жіберілмек. Бірақ мұндағы басты бір шарт – тәртіп сақшыларының адалдығы. Жүргізушінің балы таусылуға жақындағанда, полицейге балл жазбауы үшін көбірек пара ұсынуы мүмкін. Яғни, «балл саудасы» деген жаңа қара нарық пайда болуын жоққа шығаруға болмас.
Жалпы, кейбір сарапшының ұсынуынша, жүргізушілердің санасындағы «бағдаршам» жақын арада жөнделмейді екен, демек мәселені шешу үшін оны адам факторынан мүлдем арылту керек. Бүгінде әлем Autopilot пен Self-driving cars (өзін-өзі басқаратын көліктер) дәуіріне қадам басты. Жасанды интеллект – бұл «ағатай, кешіре салыңызшы!» деп айта алмайтын, пара бермейтін, шаршамайтын жүргізуші. Жол жүрісі ережелерінен ауытқымайтын алгоритм. ЖИ көңіліне желік бітпейді, қарсы жолаққа шығып, «батыл-крутой» көрінуге тырыспайды. Бағдаршамның сары түсіне тез өтіп кетуді әбжілдік санамайды. Ол ұйықтап кетпейді және рөлде отырып телефонға алаңдамайды. Мұның сыртында, барлық көлік бір орталық басқару жүйесіне бағынса, кептеліс пен соқтығысу математикалық тұрғыдан мүмкін болмайды.
Бірақ мұның бәрі – болашақтың ісі. Қазақстанның заңнамасы әзірге жүргізушісіз көліктердің көшеге шығуына рұқсат етпейді. Сондай-ақ ең озық технологияның өзі біздің шындыққа тап болғанда «миы ашып» кетері даусыз. Автономды көлікке мінсіз жол белгілері мен анық сызылған жолақтар керек. Ал Қазақстандағы қармен бірге еритін асфальт пен көрінбейтін белгілер ЖИ-ді тығырыққа тірейді. Робот-көлік ережемен келе жатқанда, оның алдын орап кететін «пысық» жүргізушілер жүйенің авариялық тоқтауына себеп болады. Сондықтан депутаттар қолданыстағы жазаларды қатайтумен әуестеніп әлек.
Технология – құрал ғана, ал қауіпсіздік – таңдау. Адамдар жол ережесін бұзуды «ерлік» деп санауын тоқтатпаса, тіпті ең ақылды машина да ажалдан арашалай алмайды. Ата-баба «ат – ердің қанаты» деген. Бүгінгінің «темір тұлпарлары» ердің қанаты емес, қабірге айналып бара жатқандай. Көлікті басқару куәлігін сатып алған жүргізушінің, оның парасын қалтасына салған мамандандырылған ХҚКО басшыларының, көшеде жын ұрғандай айдағанға көз жұма қараған тәртіп сақшысының қарау тірлігі жолдағы жазықсыз жандардың қанымен жуылып жатыр. Ендігі кезекте маңыздысы – жолдарды есірген «киллерлерден» батыл әрі қатал арылтып, заңды сыйлайтын жүргізушілерді тәрбиелеуде.
Айхан ШӘРІП
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:35
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 28 Наурыз 2026 08:31 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















