Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстан жолдарында басталған жаңа технологиялық трансформация жол қауіпсіздігінің ғасырлар бойы қордаланған мәселелеріне шешім іздейді. Цифрландыру бұрын мемлекеттік қызметті, көбіне ірі қалаларды қамтитын құбылыс секілді қабылданса, енді ол тасжолдағы тыныс-тіршілікке белсенді араласа бастады. Президент тапсырмасымен қолға алынған цифрлық трансформация бүгінде республикалық автожолдарды басқару тәсілін ғана емес, жолдың өзін де «ақылды» инфрақұрылымға айналдырып жатыр. Ал цифрлық түлеумен бірге жолдарға түрлі инновациялық технологиялар ендіріліп жатыр.
Түнмен «тілдескен» таңба
Кейінгі жылдары Қазақстан жол сапасын арттырумен қатар, қозғалыс қауіпсіздігін технологиялық құралдар арқылы күшейтуге ден қойып келеді. Соның бір көрінісі – республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында алғаш рет люминесцентті жол таңбаларын сынақтан өткізу. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы тәжірибелік жобаны «Астана – Қорғалжын» автожолының 23-ші шақырымында іске қосты. Бұл учаскенің таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда көлік қозғалысы қарқынды, табиғи-климаттық жағдай жиі құбылады, жұртты қайғылы қазаға ұшыратқан жол-көлік оқиғасы тіркеліп тұрады.
Жаңа бояудың басты ерекшелігі – күндіз жарық энергиясын жинап, түнде оны қайта шығару, жан-жаққа тарату қабілеті. Соның арқасында жолақтар қараңғы кезде, жарық жеткіліксіз жағдайда немесе қауіпті бұрылыстарда, жол айырықтарында анық көрінеді. Дәстүрлі таңбалар жүргізушіге тек жолақтың орнын көрсетсе, люминесцентті технология қосымша визуалды бағдар береді. Әсіресе жарықтандырылмаған қалааралық жолдарда оның маңызы ерекше.
Қазір мамандар жабынның жарық шығару қарқындылығын, аптап ыстық, үскірік аяз бен жауын-шашынға төзімділігін, көлік жүктемесіне шыдамдылығын, жүргізушінің жолды қабылдауына ықпалын зерттеп жатыр. Пилоттық жоба сәтті аяқталса, бұл технология республикалық маңызы бар өзге жолдарға кезең-кезеңімен енгізіледі. Ұлттық компания мұны тәуекелі жоғары учаскелердегі жол апаттарының алдын алатын қосымша құралдың бірі ретінде қарастырады.
Жолдың қауіпсіздігі, әрине тек бояумен шектелмейді. Қазақстанның ақылы автомобиль жолдарында «лазерлік визуалды бағдарлау жүйелері» орнатыла бастады. «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы бұл жобаны республикалық маңызы бар жолдардың 22 учаскесінде жүзеге асырып жатыр. Оның қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз, Орал – РФ шекарасы бағыттары сияқты стратегиялық дәліздер бар.
Лазерлік қондырғылар теңіздегі шамшырақ-маяк сияқты. Тек айырмашылығы: айналмайды, жолдың екі шетін жарықтандырып, жиегі қайда екенін көрсетеді. Осы мақсатта ол жүргізушінің шолу аймағына айқын жарық сызықтарын проекциялап, жол бойында тұрақты визуалды бағдар қалыптастырады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының түсіндіруінше, мұндай жүйе қозғалыс бағыты мен жылдамдығын дер кезінде түзетуге, ұзақ әрі бірсарынды трассаларда қалғып кету қаупін азайтуға, жүргізушінің назарын шоғырландыруға және жол жағдайын тезірек қабылдауға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Халықаралық ұқсас жобалардың нәтижесі мұндай технологиялардың тиімді екенін көрсетіпті. Шетелдік тәжірибеге сәйкес, лазерлік сигналдарға жүргізушілердің реакциясы дәстүрлі белгілерге қарағанда әлдеқайда жылдам болады. Ол қолданылған учаскелерде жол-көлік оқиғаларының деңгейі 40-50%-ға дейін төмендепті. Қазақстандық жүргізушілер жаңа жүйені оң бағалады: түнгі уақытта бағдарланудың жеңілдегенін, қозғалыс жайлылығының артқанын айтады.
Сандық жүйе серпіні
Цифрлық жаңғырудың ең маңызды бағыты жолдың үстіндегі белгілер ғана емес, сондай-ақ жолдың өзін басқару жүйесі болып отыр. Жуырда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің ІІ отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа республикалық жолдарды басқаруға арналған цифрлық порталдың мүмкіндіктерін таныстырды. Ұзындығы шамамен 25 мың шақырымдық республикалық маңызы бар автожолды қамтитын бұл жүйеде автожолдарды салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп-ұстау процестері толық цифрланған. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан барлық жоба бір платформада топтастырылған.
«Платформа арқылы өңірлер, жұмыс түрлері, көлемдері мен орындау мерзімдері бойынша жобалардың жүзеге асу барысы бақыланады. Осы арқылы басқарушылық шешімдер объективті деректер негізінде қабылданып, жұмыстардың ашықтығы артады. Қойылған міндеттердің сапалы орындалуына ықпал етеді. Портал жол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардан бастап нақты учаскедегі техниканың жұмысына дейінгі толық көріністі қалыптастырады», – деді Д.Иманашев.
Платформада су өткізу құбырларының бірыңғай дерекқоры, «ҚАЖСервис» арнайы техникасының мониторингі және жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесіндегі көлік қозғалысының қарқындылығын талдау модульдері енгізілген. Арнайы техниканың қозғалысы, атқарған жұмысы мен жанар-жағармай шығыны да нақты уақыт режимінде бақыланатыны баяндалды.
Жүк тасымалдарын кешенді бақылауға арналған арнайы модульдерді енгізу бұл жүйенің келесі маңызды кезеңі болмақ. Көлік құралдарын санаттарға бөліп, ең жүктелген бағыттарды анықтау арқылы жол инфрақұрылымына түсетін салмақты дәл бағалауға мүмкіндік туады. Алдағы уақытта енгізілетін арнайы модульдер жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бақылауды күшейтіп, заңсыз тасымал, жалған транзит және артық жүктеме тәуекелдерін азайтуға, сөйтіп бюджетке түсетін салықты арттыруға бағытталады.
Құла түздегі «көреген» камера
ЖИ мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Кейінгі кезде әлеуметтік желіні айдалада сопайып тұрған, ешқандай электр бағанына қосылмаған ерекше камералардың суреті кезіп кетті. Бұл – «ҚазАвтоЖолдың» автономды бейнеаналитика жүйесі. Күн панельдері мен жел генераторлары арқылы қуат алатын құрылғылар шалғайдағы жол учаскелерінде тәулік бойы жұмыс істей алады. Олар жолдағы жағдайды онлайн бақылап, деректерді тиісті қызметтерге жеткізеді.
ЖИ элементтері енгізілген бұл жүйе трассаның жүру бөлігінде жаяу жүргіншінің немесе жануардың пайда болуын, көліктің қарсы бағытқа шығып кетуін, артқа шегініп, ұзақ қашықтыққа кері жүруін, тұрақ ережесін бұзуын автоматты түрде анықтайды. Сонымен бірге көліктің мемлекеттік нөмірін, маркасын және түсін таниды.
Пилоттық жоба қазір «Алматы – Қонаев» ақылы жолында сынақтан өту үстінде. Мұнда жабдықтардың және автономды инфрақұрылымның жұмысы тексеріледі. Сонымен қатар ұзындығы 134 шақырымдық «Астана – Теміртау» учаскесінде қажетті инфрақұрылым орнатылып жатыр. Бұл бағытта тіректер орнатылып, камералар, күн панельдері, жел генераторлары және дерек беру жабдықтарын монтаждауға дайындық басталыпты. «Астана – Щучинск» бағытында осындай байланыс жүйелері мен жабдықтарды орналастыруға арналған негіздер пысықталады.
«Алдағы уақытта мұндай құрылғылар автомобиль жолдарын мониторингтеудің бірыңғай интеллектуалды жүйесінің бір бөлігіне айналады. Бұл жүйе қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтауға, жол қызметтерінің әрекет ету жылдамдығын арттыруға және республикалық автожолдардағы сапар қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Технологияның өзі түпкі мақсат емес. Ол – инфрақұрылымдық жаңғыртудың құрамдас бөлігі ғана. Биыл республикалық маңызы бар автожолдардың 8 900 шақырымында түрлі жұмыс жүргізілмек. Оның 3 400 шақырымы құрылыс пен қайта жаңартудан, 324 шақырымы күрделі жөндеуден, 5 200 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Мұндай ауқымды науқанды жүзеге асыру үшін 12 мың арнайы техника, 25 мыңнан астам маман және 193 асфальтбетон зауыты жұмылдырылды. Құрылыс барысында 10 миллион текше метр қиыршық тас пен 1,3 миллион тонна отандық битум пайдаланылады.
– 2026 жылғы жол маусымы кейінгі жылдардағы ең ауқымды кезеңдердің бірі болмақ! Ол қолданыстағы жол учаскелерін ғана емес, жаңа стратегиялық бағыттарды да қамтиды. Президент тапсырмасын орындау аясында жол-құрылыс маусымын белсенді жүргізудеміз. Бұл тек құрылыс пен жөндеу емес, сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігіне, өңіраралық байланысты нығайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жүйелі жаңғыру, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Д.Иманашев.
Биыл 7 ірі жаңа жобаға ерекше назар аударылады. Қатарында «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор», «Қызылорда – Сексеуіл» бағыттары, сондай-ақ Сарыағаш, Қызылорда және Петропавл қалаларын айналып өтетін жолдар бар. Жыл соңына дейін 2 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 200 мың шаршы метрден астам аумақтағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2026 жылы 7 858 жол белгісін орнату және жаңарту жоспарланған, оның 4 мыңға жуығы орнатылған. Бұдан бөлек, 51 955 шақырым жолда таңбалар жаңартылып, 101 мың катафот орнату, 578 мың бойлық метрден астам жарықтарды бітеу және 2 268 шақырымдық көрсеткіштерді орнату көзделген.
Жалпы, жарқырайтын жолақ, лазерлік бағдар, автономды камера немесе бірыңғай цифрлық платформа – бұлардың әрқайсысы жеке бөлек жаңалық болғанымен, бәрі бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – жолды жай ғана асфальт төселген аумақ емес, өңір мен өңірді жалғайтын, адам өмірін қорғайтын ақылды ортаға айналдыру.
Айхан ШӘРІП