Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Есім төренің есімі Жетісу жұртына, соның ішінде Лепсі өңірі халқына жақсы таныс. Арғы атасы – Тәуке хан. Тәукеден Болат, одан Әбілмәмбет, одан Әбілпейіз, одан Ағадай тараған. Құрбанғали Халиди «Тауарих-и хамса и шарқи» («Шығыстың 5 мемлекетінің тарихы») кітабында: «Әбілпейіздің қарақалпақ әйелінен семіз найман еліне төре болатын Ағадай туды. Ағадайдың үш әйелінен жалпы жеті ұлы болып, олардың әулеті Жетісу мен Лепсі бойында», деп жазған еді. Сол жеті ұлдың бірі Бөкей еді. Есім төре – осы Бөкейдің ұлы. Ол 1852 жылы қазіргі Алматы облысының Алакөл ауданында өмірге келді. Деректерде Есімнің Лепсі аймағына белгілі болыс болғаны айтылады. Сондай-ақ ел-жұртқа дәулетімен, мәрттігімен танылды. 1916 жылы өмірден өтіп, денесі қазіргі Жыланды ауылына жерленді. 2017 жылы белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың бастамасымен Есім төренің кесенесі қайта жаңғыртылды.
Туыстарының айтуынша, Есім төре жоғарыдағы суретке Романовтардың 250 жылдығын тойлау үшін Петерборға барғанда түскен көрінеді. Алайда бұл қате мәлімет секілді. Себебі Романовтар әулетінің 250 жылдығы 1863 жылы өтті. Бұл кезде Есім – әлі онға толмаған бала. Соған қарағанда бұл сурет 1913 жылғы Романовтар әулетінің 300 жылдығы қарсаңында түсірілсе керек. Түркістан өлкесінің губернаторы Александр Самсонов, Жетісу облысының әскери губернаторы Михаил Фольбаум бастаған өкілдермен бірге Жетісудың жомарты Есім төре де Петерборға барған болуы мүмкін. Алайда бұл нақтылауды қажет етеді.
Біздің ойымызша, бұл сурет Петерборда емес, Верныйда (қазіргі Алматы) түсірілген секілді. Себебі сурет авторы ретінде көрсетілген А.Топалев верныйлық фотограф Александр Туполев болуы мүмкін. Верныйдан шыққан «Семиреченские областные ведомости» газетінде фотограф Туполевтің жарнамалары жиі жарияланып тұрған. Мәселен, осы газеттің 1892 жылғы №25 санында: «Фотосуретке қатысты тапсырыстарды қабылдау және дайын жұмыстарды беру 7 маусымнан бастап менің Тас алаңдағы Червяковтың үйінде орналасқан фотосалонымда тек жексенбі және мереке күндері, сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін жүргізіледі. Фотограф Александр Туполев», деген жарнама басылған. Соған қарағанда Есім төренің суреті осы Туполевтің Верныйдағы фотосалонында түсірілген болуы мүмкін.
Енді Есім төре туралы деректерге тоқталайық. «Семиреченские областные ведомости» газетінің 1899 жылғы сәуір айындағы санында Лепсі қаласының сайлау жиналыстарына қатысу құқығы бар адамдардың тізімі жарияланған. Осы тізімдегі 156 адамның ішінде Есім сұлтан Бөкейұлының да есімі бар. Бұл кезде оның жылжымайтын мүлкінің бағасы 1870 рубль болғаны көрсетілген. Петербордан шыққан «Русский инвалид» газеті Есімнің қайырымдылығына қатысты қысқа хабар жариялапты. Аталған газеттің 1900 жылғы №222 санында «Әскери қажеттілік үшін» деген хабар басылған. Хабарда былай деп жазылған: «Түркістан ведомостарының» хабарлауынша, Жетісу облысы Лепсі уезі Батыс Шынжылы болысының сұлтаны Есім Бөкеев Қытаймен болып жатқан соғыс қимылдарына байланысты әскери мұқтаждықтарға 500 рубль садақа берген. Өлке басшысының бұйрығына сәйкес, бұл қаржы Ресейдің «Қызыл Крест» қоғамының Түркістан бөлімшесіне тапсырылып, Қиыр Шығыстағы сырқат және жараланған жауынгерлерге көмек ретінде жұмсалады». Мәлімет үшін айта кетейік, 500 рубль деген қазіргі бағам бойынша шамамен 20 миллион теңгеден асады. Осынша қаржыны қайырымдылыққа жұмсағанына қарағанда Есімнің ел айтып жүргендей жомарт болғаны рас секілді. Сондай-ақ бұл хабардан Есім төренің Лепсі уезіне қарасты Батыс Шынжылы болысын басқарғанын да байқаймыз.
Ел аузында «Есім төренің жылқысы көп болғаны сондай, жағалай су ішкенде өзеннің өзі тартылып қалады» деген әңгіме бар. Соған қарағанда төренің негізгі кәсіп көзі жылқы шаруашылығы болса керек. Одан бөлек сауда-саттықпен де айналысқан секілді. Сауда-өнеркәсіп орындары туралы мәліметтер жинақталған «Ресей империясы. Мәскеу-Сібір» анықтамалығында Есім сұлтан Бөкейұлының да аты аталады. Кітапта Есім төренің 1908–1912 жылдары Лепсі өңіріне қарасты Степановское станицасында (қазіргі Үшарал қаласы) бакалея, мануфактура және шетелден әкелген тауарлар сататын кәсібі болғаны көрсетілген. Бұл деректер Есім төренің ел аузындағы аңыз кейіпкері ғана емес, мерзімді баспасөз материалдары арқылы нақты өмір жолы айқындалатын тарихи тұлға болғанын көрсетеді. Сондай-ақ алдағы уақытта мұрағат қорларын жүйелі түрде зерделеу Есім төренің өмірі мен қызметіне қатысты беймәлім деректерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Жетісу өңірінің тарихын, төре әулетінің тағдырын және қазақ қоғамының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси өмірін тереңірек тануға жол ашады.