Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Желдей жүйткіп кісінеген жылқы жылы есігімізден енді. Қазақ жылқыны ұлттың рухани, мәдени, әлеуметтік өмірінің өзегі ретінде қарастырады. «Ер қанаты» деп бәсін биіктетіп, жеті қазынаның бірі деп бағалайды. Жылқы қасиеті, жасы, тегі, түсі, мінезі мен қабілетіне қарай бірнеше түрге жіктеледі. Сонымен қатар жылқының қазақ танымындағы орны ерекше. Осы орайда қазақ мифологиясында кездесетін суын, керқұдан (керқұлан емес), пырақ секілді ерекше тұлпарларға тоқталмақпыз.
Ертегіден Елтаңбамызға енген
Біздің қазақ «Ұстағаның шырақ болсын, мінгенің пырақ болсын» деп тілейді. Қазақ дүниетанымында қанатты тұлпар – пырақтың орны бөлек. Қиял-ғажайып ертегілерімізде, аңыз-әңгімелерімізде қанатты тұлпарлар бар. Ежелгі ғұн, үйсін, сақ ескерткіштерінде де пырақ бейнесі кездеседі. Соған қарағанда қанатты тұлпардың тарихы тереңде. Кейін қазақ даласына Ислам діні келген соң, пырақ бейнесі пайғамбарларға қызмет еткен тұлпар ретінде атала бастады. Діни әдебиеттерде Мұхаммед пайғамбардың Миғраж сапарына осы пыраққа мініп барғаны айтылады. Сонымен қатар қазақтың ауыз әдебиетінде кездеседі. Батырлар жырында пырақ батырлардың серігі ретінде суреттеледі.
Көптеген қазақ ақынының жырына да арқау болды: «Пырақ бар бес жүз жылдық жолды басқан, Ертоқым өңшең абзал асыл тастан» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы), «Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын, Тілесек бір-бір тұлпар бейне пырақ!» (Мағжан Жұмабаев), «Қайда жүрсің қоңырауың сыңғырлап, Ұстатпайтын періштенің пырағы?» (Несіпбек Айтұлы). Сондай-ақ пырақ бейнесі әлемнің көптеген халқының, атап айтқанда грек (пегас), араб (бурақ), кәріс (чхоллима), тибет (лунгта), моңғол (хиймор), башқұрт (ақбозат), татар (толпар) халықтарының мифологиясында да бар.
Пырақтың мүйізді түрі де бар. Көпшілік оны инрог, единорог деп таниды. Қазақша атауы – керқұдан. Профессор Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, мұндай мүйізді мифтік тұлпардың атауы керқұдан екен. «Біздің фольклорда мүйізді ат бейнесі бар, аты – керқұдан. Қазақ ауыз әдебиетінде, шежіреде жалғыз мүйізді жылқы ғана емес, бізге түсініксіз, ұмытылған неше түрлі аң-құстардың аты кездеседі» дей келіп, керқұдан бейнесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларында да кездесетінін айтады. Ал геральдист Айдын Рысбекұлы: «Қазақ фольклорында, шежіреде жалғыз мүйізді жылқы бар. Кейбір деректерде «керқұдан» (керқұлан емес) дейді. Оның ғылыми атауы – инрог, орысша – единорог, татарша – такмөгез», – дейді. Геральдистің айтуынша, көне түріктердің дүниетанымында мүйізді жануар бейнесі жиі кездеседі. «Мүйіз деген – тылсым күш пен биліктің ажырамас атрибуты. Қазақ ұғымында «мүйізі қарағайдай» деген тұрақты сөз тіркесі – жоғары мансапты, «мүйізін қағып алу» деген – күйрете жеңуді білдіреді» дейді ол.
Керқұдан – пырақтың бір түрі. Пырақта қанат болса, керқұданның қанатқа қоса сыңар мүйізі бар. Керқұданның қанатсыз түрі де кездеседі. Керқұдан еліміздің елтаңбасында бейнеленген. Елтаңбада екі керқұдан шаңырақты қорғап тұр. Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлихан: «Дәстүрлі қанатты тұлпар – пырақ бейнесі биік самғауды, болашақ туралы арманды білдіргендей. Тұлпардың көкке сермеген қанаттары ортақ отауымыз – шаңырағымызды қорғап тұр. Пырақтың аңыздағы ширатылған ай мүйізі қайсарлықты, қайраттылықты көрсеткендей әрі көне тарихымыздан да хабар бергендей», – десе, ақын Алмас Темірбай мүйізді тұлпар жайында: «Символикалық мәні үшін Елтаңбамызда да бейнеленген. Оның сыңар мүйізіндегі жеті буын – жеті ата, қанаттағы үш қауырсын үш жүз деген ұғымды білдіріп бейнеленген», дейді.
Су жылқысы суыннан тұқым алған
Егер сіз «Мұзды өлке 2» (Frozen) анимациялық фильмін көрген болсаңыз, Эльзаның теңізден шығатын тұлпарын көзіңіз шалған шығар. Фильм авторлары ондағы теңіз тұлпарын скандинав мифологиясындағы Нокк деген жылқы деп түсіндірген. Яғни жылқы бейнесіндегі мистикалық су рухы екен. Әсілінде бұл – кәдімгі біздің суын. Қазақтар су жылқысын «суын» дейді. Каспий теңізі маңын жайлаған қазақтар арасында суын жайлы аңыз көп. Соның бірі – белгілі бір уақытта суын айғыры теңізден шығып, жағалауда жайылып жүрген бір биеге жақындасады-мыс. Сол биеден туған құлын бәйге бермейтін сәйгүлікке айналады-мыс. Содан болар теңіз жағалай қонған қазақтар биелерін Каспийдің жағасына жаюға тырысқан.
Мифолог Серікбол Қондыбайдың жазуынша, суын – сулардың, толқындардың мифтік тұлғалануы. Ол «Арғықазақ мифологиясы» кітабында суынды былайша түсіндіреді: «Қазақ ертегілеріндегі «су жылқыларына» қатысты мынадай бір мезет бар: атақты жылқышылар теңізде өмір сүретін су айғырларының қай уақытта су астынан жағалауға шығатынын білетін көрінеді. Сондай күндері жылқышы өзінің үйірлеріндегі биелердің таңдаулыларын теңіз (көл) жағалауына жіберіп, сыртынан көздеп тұрады. Уақыты келіп, теңіз астынан шыққан айғыр жағалауда жүрген бие үйірінің ішінен ең болмағанда біреуімен жақындасуға тиіс. Нәтижесінде, суын айғырмен жақындасқан биелерді басқа жылқылардан бөлек бағып, уақыты жеткенде қанатты тұлпар, сәйгүлік болатын құлындарға ие болады екен».
Суын жайлы аңыз-әңгімелер сонымен қатар Каспий теңізі жағалауындағы түрікмен, әзербайжан халықтарының мифологиясында да бар. Түрікмендер өздерінің атақты ақалтеке сәйгүлігін суынның тұқымы деп біледі. Теңізден шығатын жылқылар сондай-ақ үнді, парсы, түрік, грузин, армян, қалмақ, башқұрт аңыздарында да кездеседі.
Қазақ танымында жылқы – күш-қайрат, батылдық, ұмтылыстың бейнесі. Сол себепті жылқы жылында жаңа ұмтылыстарға жол ашылады деп сенеміз. Жаңа жыл тынымсыз қозғалысқа, тың ізденіске толы жыл болғай!
Соңғы жаңалықтар
Бүгін республика бойынша қай жолдар жабық тұр?
Ауа райы • Бүгін, 09:35
Кәсіпкер • Бүгін, 09:15
Цифрлық дәуірдегі мүмкіндіктер
Digital • Бүгін, 09:10
Көрме • Бүгін, 09:05
Дәстүр • Бүгін, 09:00
Наурыздың рухын асқақтатқан ән
Наурызнама • Бүгін, 08:55
Қоғам • Бүгін, 08:50
Таным • Бүгін, 08:45
Мирас • Бүгін, 08:40
Қоғам • Бүгін, 08:35
Қоғам • Бүгін, 08:30
Мерекелік мәзір: Бағынбайтын баға, тарылмайтын пейіл
Экономика • Бүгін, 08:25
Кәсіпкер • Бүгін, 08:20
Адам капиталы – елді сапаландыратын негіз
Қоғам • Бүгін, 08:15
Пікір • Бүгін, 08:10