Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Стратегиялық құжатта инфрақұрылымды жаңғыртуға, заманауи әрі экологиялық таза технологияларды енгізуге, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аударылған.
2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысында қаржыландыру көлемі артты. Инфрақұрылымды жаңартуға қомақты мемлекеттік және инвестициялық қаражат салынды. Атап айтқанда, былтыр электр стансаларын жөндеуге энергия нысандарының меншік иелері 348 млрд теңге бағыттады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Ал жылу желілерін жаңартуға 129 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп.
Жөндеу нәтижелеріне келсек, стансаларда 10 энергоблок, 63 қазандық, 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. 17 мың шақырым электр беру желілері мен 420 қосалқы станса жаңартылды, сондай-ақ 323 шақырым тозған жылу желілері ауыстырылды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде энергетикалық инфрақұрылымның қуаты артып, жабдықтардың тозу деңгейі төмендеді. Атап айтқанда, электр стансаларындағы тозу деңгейі – 53%-ға, жылу желілерінде – 50%-ға, ал электр желісі нысандарында 66,2%-ға дейін төмендеді.
Өткен жылдың желтоқсан айындағы ең жоғары жүктеме кезінде жүйе 17,3 ГВт қуат өндіру арқылы жүктемеге төтеп берді. Соның нәтижесінде тұрғын үйлердегі температуралық режімнің бұзылу жағдайлары республикада үш есе азайды: 65 жағдайдан 21 жағдайға дейін төмендеді. Стансалардағы технологиялық бұзушылықтар саны – 15%-ға, ал электр желілеріндегі бұзушылықтар 12%-ға азайды. Әрбір жағдайға мемлекеттік органдар тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдады.
Сонымен қатар жылу электр орталықтарының ахуалы жақсарды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 5 ЖЭО тәуекелдің «қызыл» аймағынан анағұрлым тұрақты «сары» аймаққа шығарылды, тағы 3 ЖЭО «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті. Қоймаларда жеткілікті көлемде отын қоры жасақталды. Халық пен әлеуметтік нысандардың қажеттіліктері үшін жоспардағы 7,5 млн тонна көмірдің орнына 8 млн тоннадан астам көмір дайындалды.
Қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі нығайту мақсатында келесі жылыту маусымына дайындық жұмысы үзіліссіз жалғасып жатыр. Қаржыландыру көлемі қайтадан ұлғайтылды. Биыл тек электр стансаларын жөндеуге нысан иелері 384 млрд теңге бөліп жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.
Айта кету керек, бұл қаражат электр энергиясының тарифі есебінен қалыптасады. Әрбір станса жөндеуді бірінші кезекте қажет ететін ең тозған учаскелерді өздері анықтайды.
Қазір тәуекелдің «қызыл» аймағында тұрған 5 жылу энергетикалық нысан бар: Семей, Орал, Тараз қалаларындағы ЖЭО, Ақтау қаласындағы ЖЭО-2 және Теміртаудағы ГРЭС-1. Жыл қорытындысында электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Биыл барлығы 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа, 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазір жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Кейбір нысандарда жөндеу барысында бұрын анықталмаған жасырын ақаулар шығып жатыр. Бүгінде екі энергоблок толық дайын, тағы екі энергоблокта жөндеу жұмысы жалғасуда, 13 қазандыққа күрделі жөндеу аяқталды, 27 қазандықта жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 8 турбина пайдалануға берілді, 16 нысан жөнделіп жатыр. Жоспарлы жөндеу жұмысы да қатар жүргізіліп, оған бүкіл елдегі қосалқы жабдықтардың 500-ден астам бірлігі қамтылған.
Желілік инфрақұрылымдағы кешенді жұмыстар да қолға алынған. Қазір шамамен 6,3 мың шақырым электр желілері, 135 қосалқы станса, 1 253 тарату бекеті жөнделді. Жыл соңына дейін барлығы 17 мың шақырымнан астам электр беру желілері мен 3,4 мыңнан астам тарату бекетін жаңарту жоспарланып отыр. Республика бойынша жоспарланған 377 шақырым құбырдың 65 шақырым жылу желісі пайдалануға дайын. Қазір тағы 278 шақырымда жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Жұмыс белгіленген кестеге сәйкес орындалып жатыр, жоспардан кешігу жоқ.
Еліміздегі қыстың ұзақтығы аймаққа байланысты айтарлықтай өзгереді. Егер оңтүстікте жылыту маусымы шамамен 151 күнге созылса, солтүстікте ол 222 күнге жетеді. Бұл фактор басымдықтарды белгілеу кезінде ескеріледі. Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде суық ауа райы ертерек басталады. Сондықтан бұл аймақтарда жылу желілерінің дайындығы 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады, ал 15 қыркүйекке дейін стансалардағы негізгі жөндеу жұмыстары мәресіне жетеді.
Елдің оңтүстік пен батыс бөліктерінде жылыту маусымының басталуы неғұрлым кеш мерзімге белгіленеді, сондықтан нысандардағы барлық негізгі жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Аяз болған жағдайда мемлекет отын қорларын алдын ала көбейтеді. Қазір энергия көздерінің қоймаларында шамамен 3,5 млн тонна көмір жинақталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Сонымен қатар 143 мың тонна мазут қоры дайындалған.
Тұрғындар мен коммуналдық сектордың қажеттіліктері үшін жаңа маусымға 7,3 млн тонна көмір қажет. Жанармай жеткізу мәселелерін болдырмау үшін Үкімет бірқатар шараны қарастырды: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ осы мақсаттарға шамамен 18,3 мың жартылай вагон бөлді. Жеткізу жұмысы тұрақты түрде және қатаң белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Жылыту маусымына дайындық кезеңінде 15 тамыздан бастап, мемлекеттік энергетикалық қадағалаудың басшылығымен арнайы Республикалық штаб әкімдіктермен әрі көмір разрездерімен бірлесіп, жасанды тапшылық жасау және жергілікті жерлерде бағаны көтеру әрекеттерін тоқтатады.