Согласно информации сайта Informburo.KZ, сообщает Qazaq24.com.
Қазақстандық шахматшы, гроссмейстер Бибісара Асаубаеваға бөлінетін қаржы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Дауға шахматшының анасы әрі менеджері Лиана Таңжарықованың мәлімдемесі себеп болды. Ол қызының жетістіктеріне қарамастан тұрақты жалақы алмайтынын айтты. Бұған жауап ретінде Қазақстан шахмат федерациясы Бибісараға 2023-2026 жылдары шамамен 388 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінгенін жария етті.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі бұл ақша бір ғана спортшы үшін қомақты қаржы екенін айтса, енді бірі Қазақстан туын көтеріп жүрген Бибісара Асаубаева қолдауға лайық екенін жеткізді. Осы орайда Информбюро тілшісі тараптардың пікірін саралап, сарапшылардың сөзіне құлақ түрді.
388 миллион теңгенің есебіБибісара Асаубаева – блиц бойынша шахматтан үш дүркін әлем чемпионы. Биыл ол үміткерлер турнирінде екінші орын алып, күміс медаль иеленді. Әйелдер арасындағы ФИДЕ рейтингінде үздік жеті шахматшы қатарына енді.
Шахматшының анасы Лиана Таңжарықова 388 миллион теңге спортшыға тікелей берілген қаражат емес, гранттар мен сыйақылардың жалпы жиынтығы екенін айтып отыр. Айтуынша, Бибісара федерациядан тұрақты жалақы алмайды. Ал гранттар мен төлемдер негізінен жаттықтырушыларға аударылады. Ол Қазақстан шахмат федерациясының жылдық бюджеті шамамен 10 миллион доллар екенін айтып, сол қаражаттың есебін сұрады.
Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, Бибісара Асаубаева – ұлттық құрамадағы ең көп қолдау алатын спортшы. Ұйым дерегінше, 2023-2026 жылдары бөлінген 388 миллион теңге гранттар, сыйақылар және спорттық жетістіктерге берілетін төлемдерден тұрады. Спортшыға қосымша демеушілер тарапынан да қолдау көрсетілетінін еске салды.
"2024 жылдан бері әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева жылына 40 млн теңге көлемінде грант алады. 2026 жылы федерация гроссмейстерге – 40 млн теңге, сондай-ақ жүлде ретінде – 25 млн теңге, жеке бапкері Лиана Таңжарықоваға 10 млн теңге берді. Бір жылда 115 млн теңге бөлінді. Шахматшыға Спортты қолдау ұоры секілді басқа да тараптардан қолдау көрсетіледі", – делінген Қазақстан шахмат федерациясының мәлімдемесінде.
Ал Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова 2023-2026 жылдары федерация бөлген қаржының есебін көрсетті. 388 млн теңгенің 315 млн теңгесі жаттықтырушылардың жалақысын құраған. Шахматшының жетістігі үшін 73 млн теңге берілген.
"Шахматтың бұқаралық спортқа айналуына баса мән берілді. Мектепте мыңдаған бала шахмат ойнап жүр. Бұл өте жақсы дер едім. Шахмат та басқа спорт түрлері секілді тек қана бұқаралық спорт емес. Бибісара үшін бұл – кәсіп. Мұндай деңгейдегі кәсіби спортшы зияткерлік элита болып есептеледі. Әлемдік деңгейде елдің атын шығарады. Сол себепті халықаралы көрсеткіштері мен салынған қаржының арасында үлкен айырмашылық болып отыр. Елімізде бәсеке жоқ. Үндістан, АҚШ, Өзбекстанда жетекші шахматшылар – мәртебеге ие кәсіби спортшылар әрі оларға жүйелі қолдау жасалады. Жеке өздеріне еңбекақы төленеді, келісімшарты, жеке демеушілері болады. Ол жай ғана спортшы емес, толыққанды кәсіби маманға айналады. Бұл елдерде бұқаралық спорт база болса, ал элита – мақсат. Сол себепті элита кездейсоқ, жоқ жерден пайда болмайды. Спорт өзінен-өзі бұқаралық сипатқа айналмайды. Оған элитаға айналған спортшылар ықпал етеді. Үлгі алып, солар сияқты болғысы келеді. Балалар шахматқа "пайдалы ойын" деп емес, "мен де сондай болғым келеді" деп қызығады. Осылайша есімі елге белгілі шахматшылар жаңа буынды қалыптастырады", – деді Лиана Таңжарықова.
Бибісараның анасы шахматты стратегиялық тұрғыда дамытуды жолға қойған елдерде бұқаралық сипат шахматтың негізін қалайтынын, ал элита нәтижелерді, беделді және ықпалды қалыптастыратынын айта кетті.
"Федерацияның міндеті – элитаға басымдық беретін жүйе құру. Басқаларды кәсіби тұрғыда өсуге жігерлендіру үшін элитамызды қолдауымыз керек", – деді ол.
"Бибісара бүкіл федерацияның жүгін арқалап жүр"Спорт шолушысы Анық Көкенайұлы болса шахмат спортына ақша көп бөлініп жатқанымен, Бибісара Асаубаева ғана нәтиже көрсетіп жүргенін айтып отыр.
"Олимпиадалық спорт түрлерін қолдау керек""Бибісара Асаубаеваға бөлінетін қаржы талқыланып жатыр. Одан қалды қазақ тілін білмейді деп табалап әлек. Қай тілде сөйлесе де Бибісара – Қазақстанның бірінші шахматшысы. Әлемдік ареналарда тарихи нәтиже тіркеп, Қазақстан туын желбіретіп жүр. Бұл – факт. Бибісараның алатын ақшасы құпия сақталуға тиіс еді. Бірақ оны ашықтан ашық жария етті. Одан да шахмат федерациясына бөлінетін қаржының есебін сұрасын. Елімізде шахмат спортына ақша бөлініп, барлық мүмкіндік жасалғанымен дәл қазір дамып жатыр деп айту қиын. Нәтиже өте төмен. Әлемдік деңгейдегі Бибісарадан басқа бір шахматшы жоқ. Хейттің астында қалған Бибісараның бір өзі бүкіл федерациясының жүгін арқалап, тарихи жетістіктерге жетіп жүр. Өрімдей қызға ақпараттық шабуыл жасағыштар федерациядан 5,5 млрд теңгенің есебі мен жарыстардағы нәтижені талап етсін. Біреулер үшін 5,5 млрд теңге деген жай сан болуы мүмкін. Бірақ оның есебі болуға тиіс. Кейбір спорт түрлеріне 2-3 млрд теңге бөлінеді дегенге таңғалған едік. Бірақ сол спорт түрлері жыл сайын нәтиже беріп келеді. Олардың есебі де бар. Шахмат федерациясы сияқты үнсіз емес", – деді Анық Көкенайұлы.
Ал Олимпиада ойындарынан хабар таратып жүрген спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы мұндай қомақты қаржыны шахматтан гөрі олимпиадалық спорт түрлеріне беру керек дейді.
"Әр жетістіктің артында ата-ана тұрады""Меніңше, бір ғана спортшы үшін бұл қаражат тым көп. Сол ақшаны там-тұмдап күн көріп жүрген олимпиадалық спорт түрлеріне берсін. Шахмат олимпиадалық спорт түрі емес. Еліміздің спорттағы әлеуетін көрсететін Олимпиада сынды кешенді жарыстарда шахмат жоқ. Сондықтан спорттағы аз ақшамен Бибісараны асырай бергенді қою керек. Бибісара Асаубаеваның шахматтағы жетістіктері қазақ спортына қандай басымдық әкеліп жатыр? Маған сол қызық. Иә, шахматтан танылып жүрген қазақ қыздарының еңбегін жоққа шығармаймын. Ақша мен атақ үшін жанталасып жүрген шахматшы қыздардан гөрі залда сағаттап тер төгіп, жарақатпен арпалысып, қазақтың туын қайтсем көтерем деп жүрген Жәмила Бақбергенова, Алуа Балқыбековалар мен үшін әсте жоғары", – деді спорт сарапшысы Ақырыс Сейітқазы.
Халықаралық теннис турнирлерінен ақпарат таратып жүрген спорт шолушысы Ерік Ілиясов әр мықты чемпионның артында қайсар ата-ана тұратынын, әрі спорт бизнес болғандықтан бұл жағдайға түсіністікпен қараған дұрыс екенін айтып отыр. Өз саласын әлемдік деңгейге шығарған әркім миллионер әрі тәуелсіз болуға лайық дейді ол.
"Спортпен, ең алдымен, әркім өзі үшін айналысады. Ешкім ешкімге міндетті емес. Денсаулық, атақ-даңқ, амбиция, рекорд секілді факторлар үлкен рөл атқарады. Бұл жолда қаншама тер төгіледі, эмоция, төзім сыналады. Әр жетістіктің артында ата-ана тұрады. Жетістікке жету жолында олар бәріне барады. Себебі әркім үшін өз баласынан артық ешкім жоқ. Олар барлық құралды, мүмкіндікті пайдаланады. Бұл – дұрыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, аңыз спортшылардың артында анасы немесе әкесі тұрғанын көреміз. Оларды көпшілік ұната бермейді. Баласы үшін азаматтығын ауыстырады, демеушілерге жүгінеді, қарсыластарымен қырқысады", – деді Ерік Ілиясов.
Ол баласының жетістікке жетуі үшін барын салған әйгілі спортшылардың ата-анасын атап өтті.
"Әйгілі теннисшілер Серена мен Венус Уильямстың әкесі Ричард қыздарының болашағына сеніп, демеушілер арасында бәсеке тудырды. Өзім жақсы танитын Новак Джоковичтің әкесі де солай. Баласына жағдай жасау үшін кезінде мафия өкілдерінен қарызға ақша алып, әбден қиындық көрген. Мария Шарапованың әкесін де теннис қауымы жақсы біледі. Ол өзін дәлелдеп, Ресейге сөзін жүргізе алды. Гольф аңызы Тайгер Вудстың әкесі де дәл сондай еді. Ата-ана жүгірмесе, демеуші таппаса, баласына ең жақсы мүмкіндік сыйламаса, баланың қабілеті толық ашылмас еді. Сол үшін мен әрдайым ата-ана жағындамын. Демеуші, мемлекет, федерация спортшының жетістігі арқылы онсыз да өз мақсатына жетеді. Егер ол спортшы сол елдің тумасы болса, тіпті керемет. Қазақстан – өте жас ел, санымыз да аз. Өзімізден шыққан мықтылардың кез келген еркелігін көтеріп, оларға барынша жақсы жағдай жасауымыз қажет. Жеке сектор да көңіл бөлуге тиіс. Спорт – таптырмас маркетинг. Ұтымды пайдалана білсе, екі жақ та ұтады", – дейді ол.