По материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Қазақстан әлемнің ең қуатты суперкомпьютері бар елдер картасына ресми түрде енді, деп хабарлады жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
"Жаңартылып жарияланған TOP-500 рейтингінде Қазақстан алғаш рет өз суперкомпьютері бар елдер қатарына кірді. AI және цифрлық даму министрлігінің басқаруындағы суперкомпьютер әлемдік ТОП-100-ге кіріп, 86-орын алды", – деп жазды министр.
Ал "Қазақтелеком" АҚ суперкомпьютері 103-орында тұр.
"Бұл есептеу қуаттары енді зерттеу орталықтарына, университеттерге, IT компаниялар мен стартаптарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ашық әрі қолжетімді болады. Бұл – еліміздің цифрлық егемендігі мен AI-инфрақұрылымының дамуы үшін тарихи қадам", – деді Жаслан Мәдиев.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 9 шілдеде Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығында NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосқан болатын.
Жаңа дата-орталықтағы жүйені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықаралық серіктестермен бірге орнатып, пайдалануға берді. Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматында есептеу әдістемесі бойынша 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алады. Есептеу қуаты жағынан Орталық Азия өңіріндегі ең үздігі саналады.