По материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
28 ақпан күні АҚШ пен Израильдің бірлескен Epic Fury операциясында Иранның жоғары көсемі 86 жастағы Аятолла Әли Хосейни Хаменеи мерт болды. Иран мемлекеттік БАҚ-тары оның қайтыс болғанын растап, 40 күндік ұлттық аза жариялады. Осымен 37 жылға созылған билік аяқталды.
Аятолла Әли Хаменеи кім? Аятолла Әли Хаменеи 2026 жылғы 17 ақпанда Тегеранда кездесуде сөйлеп тұр. Фото: ReutersWikipedia деректері бойынша, Хаменеи 1939 жылдың 19 сәуірінде Иранның Мешхед қаласында дүниеге келген. Әкесі Сейед Джавад Хоссейн Хаменеи – әзербайжан текті діни ғалым, дәстүршіл бағыттағы дін қызметкері болған. Ол дін мен саясаттың араласуына қарсы көзқарас ұстанған.
Хаменеидің балалық шағы Иранда Пехлеви әулеті билік еткен кезеңге тұспа-тұс келді. Бұл әулет елді жаңғырту және батыс үлгісіне жақындату саясатын ұстанып, соның аясында дінбасылардың қоғамдық-саяси ықпалын шектеуге тырысып, кей жағдайда тіпті қудалады.
Ал Әли Хаменеи болса, жастайынан дін ғылымын меңгерген. 1958 жылы Құм қаласына қоныс аударып, Аятолла Хомейнидің дәрістеріне қатысты. 1963 жылы 24 жасында саяси қызметі үшін алғаш рет қамауға алынды. Одан кейін де Шах Мұхаммед Реза Пехлевидің режиміне қарсы белсенді болғаны үшін бірнеше рет тұтқынға алынған.
1979 жылғы революциядан кейін шах билігі құлатылып, Иранда діни қағидаттарға негізделген теократиялық басқару жүйесі орнықты. Жаңа тәртіп аясында қоғамдық өмірге қатысты бірқатар нормалар енгізіліп, әйелдерге хиджаб кию міндеттелді, алкоголь өнімдеріне тыйым салынды.
CBC News-тың жазуынша, осы сәттен бастап Хаменеи Иран ислам республикасында бірнеше лауазым атқарды. Ислам революциясы сақшылары корпусының құрылу процесіне қатысып, кейін қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ Иран парламенті Меджлис депутаты болды.
Шешендік қабілетіне байланысты оны Рухолла Хомейни Тегеранда жұма намазының жетекшісі қылып та тағайындады.
Президенттен – жоғары көсемгеАл 1981 жылы Хомейнидің қолдауымен президенттік сайлауда жеңіске жетіп, 1989 жылға дейін бұл қызметті атқарған алғашқы дін қызметкері болды.
Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи жұма намазы кезінде көпшілікке қол көтеріп сәлем беріп тұр. Тегеран, 1989 жылғы 17 шілде. Фото: Fatih Saribas, ReutersХаменейдің жоғары көсем болуы үшін ел конституцисына өзгеріс енгізілді. Сол кездегі конституция бойынша жоғары көсемде "Гранд аятолла" дәрежесі болуы керек. Ал Хаменеи сол кезде тек "хожат-аль-ислам" деген орта дәрежелі дін қызметкері болатын.
1989 жылғы жоғары көсем сайлауында Хаменеиді жақтап 60 адам дауыс беріп, тек 14 адам ғана қарсы болған. Хаменейдің өзі өз кандидатурасына қарсылық білдіріп, діни тұрғыдан лайықты еместігін мойындаған. Бұл қызмет Иран Конституциясы бойынша елдегі ең жоғары билік саналады.
Жоғарғы көшбасшы:
Қарулы күштердің бас қолбасшысы; Сот жүйесінің, мемлекеттік телеарнаның басшыларын тағайындайды; Қорғаныс және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды; Президент пен парламент қабылдаған кей шешімдерге ықпал ете алады.Britannica жазуынша, Хаменеи ресми діни беделі Хомейнімен салыстырғанда төмен болғандықтан, Ислам революциялық гвардиясымен (КСИР) тығыз одақ арқылы билігін нығайтқан.
Сыртқы саясаттағы беделіNewsweek-тің жазуынша, 2002 жылы жасырын Натанз уран байыту нысанының ашылуынан кейін Хаменеи бүкіл ядролық мәселенің орталық тұлғасына айналды. 2015 жылы Батыспен ядролық мәміле жасалды, бірақ АҚШ 2018 жылы одан шығып кетті. Кейін Хаменеи ядролық қаруға тыйым салатын пәтуа шығарса да, Батыс елдері Иранды құпия түрде қару жасап жатыр деп айыптайды.
Сондай-ақ Хаменеи Ливандағы Хезболлах, Газадағы ХАМАС, Йемендегі хусилер мен Ирак-Сириядағы жасақтарды біріктірген "Қарсылық осін" дамытты. Бұл желі Иранға шекарасынан тыс аймақтық ықпал жүргізуге мүмкіндік берді.
EBSCO Research-тің жазуынша, Хаменеи тұсында бірнеше рет ірі толқулар болды: 2009 жылғы "Жасыл қозғалыс", 2019-2020 жылдардағы наразылықтар және 2022 жылы Маша Әмінидің қайтыс болуынан туындаған кең ауқымды көтеріліс ел іргесін шайқауға шақ қалды. Әр жолда ол қауіпсіздік күштерін іске қосты.
2023 жылдың 7 қазанынан кейін жағдай күрт өзгерді. Израиль Ливанға соққы жасады, Хезболланың бас командирі Насрулла өлтіріліп, "Қарсылық осі" ауыр шығынға ұшырады. 2024 жылдың соңында Сирияда Асад режимінің құлауы Иранның аймақтық беделіне қатты әсер етті. 2025 жылдың маусымында Израиль мен АҚШ Иранның ядролық нысандарына тікелей соққы жасады. 2025 жылдың соңында Иранда экономикалық дағдарыс болып, риалдың құнсыздануынан жаппай көтеріліс болып, бірнеше мың адам қаза тапты. Елде интернет толық дерлік өшірілді.
2026 жылдың 28 ақпанында арнайы операция басталып, Израильдің шамамен 200 ұшағы Ирандағы 500-дей нысанға соққы жасады. Үш жоғарғы лауазымды тұлғаның жиналысы бір мезгілде нысанаға алынды.
1 наурызда Иран астанасы Тегеран қаласында әуе соққылары немесе жарылыстардан кейін. Фото: Vahid Salemi, AP PhotoСол күні АҚШ президенті Дональд Трамп Хаменейдің қайтыс болғанын Truth Social желісінде жариялады.
"Бұл – Иран халқы үшін өз елін қайтарып алуға берілген ең үлкен мүмкіндік", – деп жазды ол.
Иранның сыртқы істер министрі Аражчи бастапқыда мұны теріске шығарды, бірақ Al Jazeera-ның жазуынша иран мемлекеттік телеарнасы кейіннен өлімді ресми растап, 40 күндік аза тұту жариялады. Осы хабар тараған соң Иран халқы екі түрлі реакция берді. The guardian бір топ алаңға шығып, режимнің құлағанына қуанса, екінші топ аза тұтқанын жазды.
Аятолла Әли Хаменеи қаза болғаннан кейін алаңға аза тұтуға шыққандар. Фото: Reuters Енді не болады?Israel Hayom-ның жазуынша, елде конституция бойынша 2026 жылдың 1 наурызында үш адамнан тұратын уақытша басқару кеңесі құрылған. Олар: президент Масуд Пезешкиан, бас судья Голям-Хосейн Мохсени-Эджеи және Сарапшылар жиналысының өкілі. CNBC иран жоғары қауіпсіздік шенеунігі Али Ларижанидің сепаратистік топтар әрекетке көшсе, қатаң жауап беретінін ескерткенін жазды.
Қазіргі уақытта ықтимал мұрагерлер қатарында Хаменеидің ұлы Моджтаба есімі жиі аталады. Алайда Иранның саяси-құқықтық жүйесінде биліктің әкеден балаға ресми түрде берілу тәжірибесі қалыптаспаған, сондықтан мұндай сценарий қоғам ішінде және діни-саяси элита арасында пікірталас туындатуы мүмкін деген бағалаулар бар.
Моджтабадан өзге, Хаменеидің тағы бес баласы бар екені белгілі.