Как сообщает Qazaq24.com со ссылкой на сайт Informburo.KZ.
Кейінгі бес жылда Қазақстанда бір дәуірдің үніне айналған ірі тұлғалар өмірден өтті. Әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде қазақ халқы қаншама қайраткерден айырылды. Былтыр екі бірдей даңқты жазушы Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабеков дүние салды. Артынша аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов өмірден өтіп, мәңгілік мекеніне аттанды. Жақында өршіл ақын Мұхтар Шаханов қайтыс болып, қайда жерленетіні қоғамның қызу талқысына түсті. Алғашында "Кеңсайға" жерленетіні айтылса, ақынның жолдасы Ханшайым Шаханова президентке хат жолдап, жарының аманатын жеткізді. Мұхтар Шаханов көзі тірісінде Арыстан баб кесенесінің іргесіне жерлеуді өтінген.
Осы орайда Информбюро тілшісі танымал тұлғалардың қайда жерленгенін анықтап көрді. "Кеңсай" зиратынан орын берілсе де, өзі қалаған жердің топырағы бұйырған қайраткерлер жоқ емес.
Мұхтар ШахановБиыл 19 сәуір күні көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. 21 сәуірде Алматыда ақынды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Мұхтар Шахановты жерлеу рәсімі ақынның аманатына сай Отырарда өтті. Халық жазушысы Арыстан баб кесенесінің маңындағы Қоғам ауылының зиратына жерленді.
Көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков те Арыстан баб маңында жерленіп, басына кесене тұрғызылған. Ал Мұхтар Шаханов жер қойнына тапсырылған Қоғам ауылының зиратында академик Өмірзақ Айтбаев пен сатирик Көпен Әмірбек жерленген.
Оқи отырыңыз: Мұхтар Шаханов Арыстан баб кесенесі маңындағы Қоғам ауылының зиратына жерленді
Мұхтар Мағауин2025 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ол АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында көз жұмды.
Жазушы 2007 жылы Чехияға, 2010 жылы Чехиядан АҚШ-қа қоныс аударды. Өмірінің соңына дейін Мерилэндте тұрды.
Вашингтондағы Diyanet Center of America мешітінде жазушының жаназасы оқылды. Мұхтар Мағауиннің денесі Вашингтон маңындағы Парклоун мемориалының мұсылмандар зиратына қойылды.
Қыркүйекте жазушының ұлы Едіге Мағауин Абай облысы Шұбартау ауданындағы Босаға өңірінен әкелінген топырақ пен жусанды әкесі жатқан қабірге салды.
Оқи отырыңыз: Жазушы Мұхтар Мағауин өмірден өтті
Асанәлі Әшімов2025 жылы 21 желтоқсанда Қазақстанның Еңбек Ері және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында дүние салды. 23 желтоқсанда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өнер саңлағымен қоштасу рәсімі өтті.
Асанәлі Әшімов Жамбыл облысында дүниеге келгенімен, Алматыдағы "Кеңсай-1" зиратына жер қойнына тапсырылды.
Алматыда "Кеңсай" зираты 1961 жылы пайда болған. Бүгінде "Кеңсай-1" және "Кеңсай-2" болып екіге бөлінеді. "Кенсай" зиратында 170 мыңдай қабір бар. Мұнда Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Дінмұхамед Қонаев, Жұбан Молдағалиев, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Оралхан Бөкей, Шәмші Қалдаяқов, Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза, Әбілхан Қастеев, Сағадат Нұрмағамбетов, Роза Бағланова, Зейнолла Қабдолов, Сырбай Мәуленов, Ермек Серкебаев, Тахауи Ахтанов, Сәбира Майқанова, Қаршыға Ахмедияров, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Мәлік Ғабдуллин, Асқар Сүлейменов, Хамит Ерғали, Раиса Мұхамедярова, Ілияс Есенберлин, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Батырхан Шүкенов сынды танымал тұлғалар жерленген.
Оқи отырыңыз: Алматы Халық әртісі Асанәлі Әшімовті қалай ақтық сапарға шығарып салды
Дулат Исабеков2025 жылы 21 ақпанда Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков 83 жасқа қаарған шағында өмірден өтті. 23 ақпанда Қазақстан Жазушылар Одағы ғимаратында халық қаламгерді ақтық сапарға шығарып салды. Дулат Исабеков "Кеңсайға", 2022 жылы дүниеден өткен асыл жары Нұрғайша Жармұқамедованың жанына қойылды.
Дулат Исабеков қазіргі Түркістан облысы, Арыс ауданында туған. Бір-екі жасында қатты ауырып, демі шықпай қалған кезде үй-іші баланы өлдіге санаған. Денесін дәлізге шығарып тастап, көрін де қазып дайындап қойған. Таңертең жерлейміз деп отырғанда көрші кемпір сәбиді көргісі келіп, бетін ашып қараған екен. Сәби Дулат өлудің орнына, бетіне қарап ыржиып күлген екен. Кемпір сәбидің тірі екенін қуана хабарлап, қаралы жиынның арты тойға ұласқан.
Оқи отырыңыз: Қазалы 2025: Қазақ халқы биыл кімдермен мәңгіге қоштасты?
Талғат Мұсабаев2025 жылы 4 тамызда ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев 74 жасында қайтыс болды. 6 тамызда Алматыдағы Офицерлер үйінде ғарышкер Талғат Мұсабаевты халық ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу рәсіміне ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов те келді.
Үш рет ғарышқа ұшқан қаһарман Кеңсай зиратына жерленді.
Талғат Мұсабаев 1951 жылдың 7 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданы, Фабричное ауылында дүниеге келген. Ол үш рет ғарышқа ұшып, ашық космосқа жеті рет шығып, онда қырық сағаттан аса уақыт болған.
Оқи отырыңыз: Ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті
Мұрат Әуезов2024 жылы 14 маусымда қоғам қайраткері, ғалым, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов 82 жасында қайтыс болды.
Мұрат Әуезов 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген. Ол – белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы.
16 маусымда Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі өтті, жаназасы шығарылды. Марқұм Алматыдағы Райымбек даңғылы бойындағы Орталық зиратта жатқан әкесі Мұхтар Әуезовтің қасына жерленді. Бұл қорымда Әміре Қашаубаев, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев, Дина Нұрпейісова, Иса Байзақов, Тайыр Жароков, Саттар Ерубаев, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Әмина Өмірзақова, Қалибек Қуанышбаев, Әліби Жанкелдин, Жұмабай Шаяхметов секілді тұлғалар жатыр.
Әбдіжәміл Нұрпейісов2022 жылы 5 ақпанда Қазақстанның Халық жазушысы,Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасында дүниеден өтті. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты Қазақстанда қаламгерлер арасында Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.
7 ақпан күні Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет тетатрында жұртшылық даңқты жазушымен қоштасты.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Сол кезде Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіқалықова жерлеу рәсіміне келіп, жазушысының туған жері Белараннан топырақ әкелінгенін жеткізген еді. Қаламгер Алматыдағы "Кеңсай-2" зиратына жерленді.
Оқи отырыңыз: Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден өтті
Ескендір Хасанғалиев2021 жылы 30 сәуірде белгілі әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев 81 жасында өмірден озды. Сол жылы сәуірде жұбайы Дарико екеуі коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханада жатқан еді. Дәрігерлер ем-шара жасағанымен Ескендір Хасанғалиевтің жағдайы күрт нашарлап, аурудан көз жұмды.
2 мамыр күні Халық әртісімен қоштасу рәсімі композитордың өз шаңырағында өтті. Қаралы жиынға жиналғандар өнер иесін ақтық сапарға "Атамекен" әнімен шығарып салді. Ескендір Хасанғалиевтің денесі Алматыдағы "Кеңсай" зиратына жерленді.
Оқи отырыңыз: Әйгілі композитор Ескендір Хасанғалиев өмірден өтті
Қабдеш Жұмаділов2021 жылы 5 сәуірде Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүние салды. 6 сәуір күні қаламгер тұрған үйдің алдына 200-ге жуық адам жиналып, марқұмның жаназасы шығарылды. Коронавирус пандемиясы кезінде карантиндік шектеулер болғанықтан көп адамның жиналуына рұқсат жоқ болатын.
Қабдеш Жұмаділов 70 жасын Мақаншыда тойлап, Алматыға бет алған кезде Таскескеннің тұсындағы жол айрығына тоқтап, "Мен дүниеден қайтқанда осынау тұсқа қойыңдар" деп жол жиегін көрсеткен. Марқұмның сүйегі өзінің өсиеті бойынша Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты – Аягөз тас жолының бойындағы бейітке қойылды. Өмір бойы өзі қалам тербеген Тарбағатай тауының бөктеріне жерленді.
Бір жағы Алматы мен Алакөлге, бір жағы Семей, Өскеменге апаратын тоғыз жолдың торабын ел "92 шақырым" атайтын. 2022 жылы жол түйіскен төбеде жазушының кесенесі бой көтеріп, бұл жер ресми түрде "Қабдеш" бекеті деп аталды.
Қаламгер 1936 жылы 24 сәуірде Қытайда Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. Ол Қытайда қуғын-сүргінге ұшырап, 1962 жылы шекараны бұзып өткен қазақ көшімен атамекенге оралған. Биыл жазушының туғанына 90 жыл толып отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов қайтыс болды
Жақсылық Үшкемпіров2020 жылы 2 тамызда грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ерi Жақсылық Үшкемпіров 69 жасында қайтыс болды. Даңқты спортшы коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауыр дерттен көз жұмды.
4 тамызда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жақсылық Үшкемпіровтың жаназасы шығарылып, Алматыдағы "Кеңсай" зиратына жерленді.
Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Тегістік ауылында дүниеге келген. Ол грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері атанды.