Елім деп өткен есіл ер
Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Солтүстік Қазақстан облысында Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының батыры атағын алған үш-ақ қазақ азаматы бар. Сол үш батырдың бірі – Жәлел Қизатов.
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Алғашқы баспалдақтар
Жуырда батырдың туғанына 105 жыл толуы С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада аталып өтіп, оның ерлікке толы күрес жолдары туралы деректі әңгімелер айтылды. Қарап отырсақ, Жәлел Қизатовтың өмір жолы қайсарлық пен табандылыққа толы болған. Оның үстіне Жәкеңнің өз заманының шыншыл тарихын әйгілеп берген кітаптары да бар.
Жәлел Қизатов – Қызылжар өңірінің төл тумасы, 1920 жылы 9 қазанда қазіргі Есіл ауданындағы Жалғызтау деген таудың етегіндегі Аяқкөл атты шағын ауылда өмірге келген. Ұжымдастыру жылдарында ауыл Қарағай ұжымшарына, ал осы төңіректегі басқа ағайындардың ауылдары Ақтас, Бұлақ ұжымшарларына бірігеді.
Жәлелдің екі жасында әкесі Қизат қайтыс болып, анасын әмеңгерлік жолмен інісі Бахрам Бекмағамбетұлына қосады. Сөйтіп, жас Жәлел атасы Бекмағанбет Жолдыұлы мен әке орнына әке болған Бахрам Бекмағанбетұлы мен анасы Жамалдың бауырында өседі. Атасы шебер әңгімеші әрі алдынан аң кетпеген саяткер, қара күш иесі де болған адам екен. Арғынның Қарауыл атасына қарайтын бұл ауыл жұрты Ақан серімен жақын туыс, аталары – оның қасында жүріп, сенімді серігі болған жандар. Үкілі Ыбырайдың ауылы да осы маңда орналасқан, бір-бірімен аралас-құралас жүрген. Тырбидың Молдахметі деген атақты әнші де осы маңда тұрған. Бергі жағында атақты ақын Кәкімбек Салықов та – осы өңірдің тумасы. Сондықтан бұл – ән мен жырға, саятшылық, атбегілік, аңшылық, балуандық өнерге өте жақын өңір. Жас Жәлелдің де бойына сол орта өнер нұрын құйып, өмірге құштарлығын ерте оятқан. Оның өлең шығарып, көркем шығармашылыққа да талас қылғаны айналасынан бойға жұққан сарқыт деуге болады.
Ауылдағы үш сыныптық мектепті бітіргеннен кейін балаға әрі қарай оқудың мүмкіндігі болмай қалады. Алайда еті тірі әкесі Бахрам (өзі Бәкем дейді) баланы қалаға апарып, Петропавлдың теміржолшылар даярлайтын курсына енгізеді. Бұл қазақ даласын қынадай қырған, қолдан жасалған 1931–1933 жылдардағы аштық кезеңі еді. Сондықтан мұны ауылдағы тұрмыс барынша ауырлап кеткен соң, баланы аштықтан құтқарудың бір амалы ретінде жасалған әрекет деп білу керек.
Ж.Қизатовтың өмірбаяндық «Өмір мен өлім» атты кітабында ФЗУ (фабрично-заводское ученичество) деп аталатын бұл оқуда 11-12 жастағы балалар төрт сағат оқып, төрт сағат жұмыс істейді екен. «Мен слесарь даярлайтын бөлімде оқыдым. Оқу онша қиын болған жоқ. Орыс тілін тез үйреніп кеттім, бірақ жұмыс, техника жағы қиын соқты. Үлкен балғаларды көтеріп, белін қайыстырып, білегін майыстырып жұмыс істеудің өзі мен сияқты кіп-кішкентай балаға қандай ауыр десеңші!» деп еске алады өзі.
Сол жылдардың өзінде кеңес өкіметінің үгіт-насихаты жас балаларды ауыр жұмысқа салып, «еңбегін қанайтын» капиталистік елдерді жағы талғанша жамандап, сынап жататын. Әсіресе қара түсті балалардың құлдықта болатынын көп айтатын. Ал сол кезде өздері де бала еңбегін қанын сорып қанаған екен ғой. 11-12 жастағы баланы күніне төрт сағат ауыр жұмысқа салғаны осыны көрсетеді.
Жәкең оқу орнының беретін тамағының да құнарсыз екенін айтады. Жұмыс та барған сайын ауырлай берсе керек, Жәкең ФЗУ-дан екінші жылы қашып кетеді. Еті тірі бала біреулерге ілесіп, әйтеуір ауылына аман жетеді. Кейінірек оның пысық, алғырлығын көрген көршілес Бұлақ кеңшарының басқармасы өзіне есепші қылып тағайындайды. Сөйтіп, ешқандай оқуы, білімі болмаса да, әркімнен білгенін сұрап алып, арасында екі-үш айлық курста да оқып, екі жылдай есепшілікті атқарады.
Ж.Қизатовтың өміріндегі алғашқы үлкен өзгеріс 1936 жылы 16 жасында Ақжар (Покровка) ауылындағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын техникумға түскені болады. Шалғайдағы бұл оқу орнына сол кезде орталықтан ығыстырылған оқымыстылар көптеп орналасқан. Тіпті «ғылым докторы» ғылыми дәрежесін алған кейбір «саяси сенімсіз» адамдар да үлкен қалаларда тұруға тыйым салынғандықтан, сол кезде осындай түкпірлердегі орта дәрежелі оқу орындарына орналастырылған екен. Мамандары жақсы, тәртібі қатал, қамсыздандырылуы сол кездің көзімен қарағанда жоғары болған осы техникумнан талай мықты шыққан. Соның бірі – кейін Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған Бәйкен Әшімов. Ж.Қизатов Б.Әшімов оқыған жылдарда бір курс төмен, бір мезгілде агроном мамандығында оқыған.
Ж.Қизатов естелігінде бұл оқу орны туралы жылы лебіздер айтады. Кітабында техникум директоры А.Ерғалиев, орынбасары Ж.Шалғашев, орталықтан келген пән мамандары биолог В.Ткаченко, М.Данилова, А.Кузнецова және басқалар туралы жақсы пікірлер жазған. 100 жылдан артық тарихы бар Жоғары ауылшаруашылық колледжі деп аталатын бұл оқу орны қазір Жәлел Қизатовтың атында.
Осы оқу орнын Жәлел Қизатов жақсы аяқтаған соң, ауылындағы мектептің меңгерушісі қызметіне уақытша тұрады. Ал 1940 жылдың ақпан айында әскери міндетін атқару үшін армия қатарына шақырылады.
«Әскер болып тудым, белімді-ай будым...»
Ж.Қизатов әскери өмір жолын Украинаның Чернигов облысының Нежин қаласында артиллерист болып бастайды. Бұл – Чернигов князінің бекінісі болған ежелгі қала. Оны Алтын Орда кезінде ХІІІ ғасырда батысқа жылжыған Мөңке сұлтанның әскері жаулап алып, бірден бағынбағандары үшін біраз жерін өртеп жіберген. Жәкең осы жерде 1940 жылдың наурыз айында фин соғысы аяқталғанша болады. Кеңес-фин немесе «қысқы соғыс» деп аталған бұл майдан – тыныш жатқан шағын ғана Финляндияның Ленинградқа таяу жерін тартып алмақ болып, Кеңес одағы озбырлықпен басып кірген соғысы. Ол 1939 жылдың 30 қарашасынан 1940 жылдың 12 наурызына дейін созылған.
Фин соғысы аяқталған соң, Ж.Қизатов қызмет ететін полкті барлық әскерімен, қару-жарағымен Солтүстік Кавказ әскери округінің Новороссийск қаласына аударады. Ал фин соғысында қолбасшылық еткендердің бірі Тимошенко деген маршалдың атағы бұл кезде аспанға шығып, Сталин оны Қорғаныс министрі етіп тағайындайды. Бірақ қолбасшылық дарыны төмен Тимошенконың бар «өнері» солдаттарды жандарын шығарып, адам төзгісіз ауыр «дайындықтарға» салу ғана болады. «Биік тауға зеңбіректі сүйреп шығару, көпірсіз өзеннен ағашпен көтеріп, қолмен итеріп, салмағы үш тоннаға дейін баратын зеңбіректерді өткізу, «жау келіп қалды» деген атой кезінде 30 кг асатын жүкпен 40–50 шақырымға уақытында жетіп, қараңғы түнде толып жатқан адырлы-бұдырлы жерлерден өту әскери оқудың негізгі программасына айналды», деп еске алған Жәкең. Мұндай дене жүктемесіне шыдай алмай жан тапсырғандар да көп болыпты.
Ж.Қизатов соғысты Новороссийск қаласында қарсы алады. Бұл қаланың жері 1829 жылы түрік-орыс соғысын аяқтаған Адрианополь келісімінен кейін Осман империясының иелігінен Ресейге өткен. Бірақ бұл жердің шеркес тұрғындары орыстарға бағынбай, ұзақ уақыт қарсылық соғысын жүргізген екен. Қала 1866 жылдың күзінен бері ғана орыс империясына қараған.
1941 жылдың тамыз айында Ж.Қизатов қызмет ететін дивизияға Днестр өзенінен өтіп, Одесса қаласын жаудан қорғау үшін Қаратеңіз арқылы оған жету туралы бұйрық беріледі. Артиллерияның барлаушысы болып, «Аранжир» деген әсем атымен жүйткіп жүрген 21 жастағы жалындаған жігіттің көңілін Жәкең кейін былай деп еске алады: «Жұрттың қалай екенін білмеймін, шынын айтсам, менде қорқу, үрейлену деген болған жоқ. Керісінше, осы соғыс дегені қандай екен, өзін тезірек көрсек екен. Әйтпесе, тіпті іш пысатын сияқты», деп ойлайды. Бұл қорқынышты әлі көрмеген, соғысты романтикалық күйде қабылдаған жастың ойы екені көрініп тұр.
Одесса қаласының маңындағы Феодосия, Қырым, Керчь, т.б қалалар үшін болған қанды қырғындарда немістердің екпініне шыдамай ығысқан Қызыл армиямен бірге Жәкеңнің артбатареясы да Қаратеңіз арқылы шегініп, Солтүстік Кавказ даласына өтеді. Сол кезде немістің қоршауында қалған бір батарея командирінің күйініп айтқан: «Жаудың автоматшылары осы арадан екі шақырым жерде ғана. Атуға снаряд жоқ, шегінуге бұйрық жоқ, командирлермен сөйлесуге телефон жоқ, не істеу керек?» деген сөзі соғыстың бір сипатын көрсеткендей. Сол батареяға дивизион командирінің шегіну туралы бұйрығын Ж.Қизатов жеткізіп, жұртпен бірге шегіндіріп алады.
Осындай майдан қарбаласы кезінде сержант Ж.Қизатов артиллериялық батарея командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Ал Сталинград түбіне жақындағанда екі айлық кіші офицерлер оқуына жіберіліп, лейтенант атағын алады. Немістің кеңес әскеріне тастаған листовкаларында орыс жауынгерлеріне өтімді етіп жазылған жолдар да болады екен.
Ростов даласымен Сталинградқа шегініп келе жатқан жолда Жәкең қазақтың үріп ауызға салғандай екі бойжеткен қызын кездестіреді. Олар соғыс бізге келер деп алаңдамай, сол маңдағы бір ауылда бейбіт өмір сүріп жатыр екен. Жәкеңмен қазақша сөйлесіп, тіпті үйлерінен дәм татып кетуге шақырады. Бірақ бұйрықпен бара жатқан солдат тамаққа барудан бас тартып, оларға дереу Қазақстанға көшіңдер, бұл жерге соғыс келеді дейді. Бірақ артынан Ростов азат етілгеннен кейін анықтағанда, олардың ауылдарын немістер талқандап, партизандардың кесірінен тұрғындарын қырып тастағанын естиді. Екі қыз да солардың арасында болыпты...
Әйгілі Сталинград соғысының кейбір шындықтарын да Жәлел Қизатовтың деректерінен білуге болады. Кеңес тарихшылары бұл соғысты Қызыл армия жауынгерлері мен офицерлерінің керемет ерлігі ретінде көрсетеді. Ерліктің болғаны рас, бірақ қырғын да сұмдық болған. «Бір ауыр снаряд Саликов пен Петров жатқан жерге түсті. Жер солқ ете түсті. Жоғары қарасам, әлгі екеуінің аяқ-қолы бөлек-бөлек ұшып кетіпті. Басқа да дене мүшелері көкке көтеріле беріп, қайта жерге түсіп жатты», деп еске алады Жәкең кітабында. Ал өзінің жарылған снарядтың көтерген топырағына қалай көміліп қалғанын былай еске алады: «Федоров екеуміз отырған окоптың дәл қасына үлкен снаряд гүмп ете түсті. Бірнеше тонна топырақтың көтерілгенін шала-пұла көріп қалдым да, қас қағым сәтте ішімнен «енді кеткен шығармын о дүниеге» деп ойлап үлгердім. Жоқ, тірі екенмін. Денемді зілдей топырақ көміп кетіпті, бірақ басым қылтиып шығып жатыр. Үстімде тау болып үйіліп қалған ауыр топырақтың астындағы аяқ-қолым қимылсыз. Құлағым да түк естімейді, бірдеңемен бітеліп қалғанға ұқсайды. Есім түзу сияқты... Бір уақытта бар күшімді жиып, оң қолымды топырақтың астынан суырып алуға тырыстым. Байқасам, дәл кеудемнің үстінде топырақ онша көп емес екен. Оң қолымды шығарып алдым да, сол жақ иығымдағы топырақты сырып түсіруге жанталастым. Қара терге түсіп, зорға дегенде жауырыным мен желкемді балшықтан айырдым-ау әйтеуір. Екі аяғым да сау екен, біраз айналып оларды да суырып алдым-ау».
Жәкең өзінің кітабында соғыс шындығын барынша әділ жазады. Жаудан азат етілген қалалар мен селоларда арақ, самогон, әйел іздеп кететін орыстың пәруайсыз солдаттары туралы шындық та мұнда көп кездеседі.
Сталинград соғысындағы ең басты ерлік Тыл еңбеккерлерінің тарапынан болған. Ж.Қизатов оны былай еске алады: «Ноябрьдің онынан (1942) бастап біз өмірі көріп-білмеген бір ғажайыпқа тап болдық. Совет армиясының жайласқан позициясына күн-түн демей қару-жарақ тасыла бастады. Пар ат жеккен арбалар, жүк машиналары үстіне соғысқа керек заттардың бәрін артып, дамылсыз ағылды. Бүкіл майдан даласы снарядқа, гранаттар мен автомат оқтарына толып кетті. Жәшік-жәшік снарядтарды тау қылып үйіп тастады. Еділдің Қазақстан жағынан Сталинградқа қарай ұшып келе жатқан самолеттен аспан көрінбеді», дейді Ж.Қизатов. Бұл тылдың тынымсыз еңбегінің жемісі екені даусыз.
Немістердің де қару-жарағы кем болмаған, бірақ кеңестікі аспан астын, жер үстін жауып кеткендей болған екен. Қара күзде басталып, ақпан айына дейін созылған бұл соғыста қызыл әскерге ауа райы да жақтасқандай, сол жылы керемет суықтар болады. Жәкеңдер соғысқан майданда үсіп кетуден қорқып, жаудың мыңға жуық әскері тұтқынға берілген көрінеді. Басқа учаскелерде де соншалықты берілгендер болыпты. Қызыл әскерлер тон, пимамен жүргенде немістер қысқа дайындалмай келіп, жұқа бәтеңке, жеңіл шинель, бастарына суықтан қорғай алмайтын кепештермен жүріпті.
Ж.Қизатов бұдан әрі Курск доғасындағы қанды қырғынға да араласып, одан Украинаны азат ету соғыстарына да қатысады. Жалпақтығы кей жерінде бір шақырымнан асатын Днепрдей жалпақ дариядан алғашқы болып өткен жауынгерлердің бірі болып көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлықпен Кеңес Одағының батыры атағын алады. Бұл кезде Жәкең қолына оқ тиіп госпитальда жатқан екен.
Қанша сынасақ та, Кеңес одағы басшыларының әділ істері де көп болған ғой. 1944 жылдан бастап Кеңес Одағының батыры атағын алған адамдарды аман сақтау керек деген бұйрық шығарып, біраз уақыт демалысқа, одан әрі тыл жұмысына тартады. Осындай қамқорлықтың арқасында Ж.Қизатов 1944 жылдың ортасында туған еліне 45 күнге демалысқа жіберіледі.
Туған жер төсінде
Соғыс әлі жүріп жатқанда туған жерге демалысқа келген батырды туған елі құшағын жайып қарсы алады. Ол түсінікті де, өйткені Ж.Қизатов туған елге табаны тиген ең алғашқы Кеңес одағының көзі тірі батыры екен. Алайда сол кездегі басшылардың пәруайсыздығына, құнсыздығына да тоқталмай кете алмайсың. Олардың бәрі де шеттен келген, өздерін қазақтан артық санайтын адамдар болған. Обкомның бірінші хатшысы Василий Николаев Мәскеу облысының Клин ауданындағы Троицк мекенінен шыққан қарабайыр орыс екен. Ол батырды идеологиялық тұрғыдан пайдаланып қалуды ұмытпай, ауылына асыққан жанды екі-үш күн ұстап, қаладағы зауыт-фабрикалардың жұмысшыларымен кездестіріп, рухты көтеретін сөздер айтқызады. Енді ауылға аттанарда қамқорсып, «Сен елге құр барма, обкомның қоймаларынан керек-жарақ салып берейік», дейді. Сөйтіп, бөлім меңгерушісі Кравченко дегенге тапсырма береді. Ол облыстың қоймасынан екі қап шай, екі қап кездеме, 40 литр спирт салғызып, «Обкомда ақша жоқ, өзіңіз төлеңіз», деп батырдың ақша салған кітапшасын алады.
Осы жерде қандай адамдардың бізді басқарғанын көре беріңіз. «Ең алғашқы қарсы алған батырымыз», «қадірлейміз», «сыйлаймыз», «аспанға көтереміз» деп тұрып, батырдың жолына керек болмашы дүниеге обкомның ақшасын қимай, қалтасына түсіп тұрған жандардың қандай нашар, жан дүниесі тақыр халдегі адамдар екені көрінеді. Мұндағы бар мәселе, келімсектердің қазақ жетістігіне шын қуанып, шын жүректен мейірленіп тұрмағандығын көрсетеді.
45 күн бойы елінде емін-еркін аунап-қунаған Жәкең осыдан әрі жоғарыдан келген бұйрықпен Орал облысына барып, ондағы халықпен, еңбекшілермен кездеседі. Одан Ленинградтағы Қызыл әскерге офицерлер даярлайтын жоғары мектепте оқиды. Жеңісті де осы қалада қарсы алады. Оқуды бітірген соң, аға лейтенант шенімен Берлинге демалысқа жіберіледі. Мұнда ол Берлин түбіндегі Карлхорст қаласындағы Геббельстің саяжайында демалады. «Саяжайға кіріп келген сәттен бірінші көзге түскені: мәрмәр төселген аяқжолдың сол жағындағы желкілдеген бау-бақша болды, оң жағында сулары қосылған үш хауыз, оларда аққулар, балықтар жүзіп жүрді. Аққулардың мойнына алтын ба, күміс пе – бір қымбат нәрседен көздің жауын алып жарқыраған дөңгелек алқалар кигізіліп қойыпты», деп еске алады батыр.
Демалыстан кейін Жәкеңе Мәскеудегі Дзержинский атындағы әскери академияға түсуге жолдама беріледі. Алайда мұнда да аяқтан шалған шовинистік көзқарас алдан шығып, құжаттарын сүзіп қараған бір жирен шал сіздің академияда оқуға бір жылдық офицерлік өтіліңіз жетпейді деп ешқандай өтіл-сөтілсіз шыбын жанын шүберекке түйіп, көзсіз ерлік көрсеткен жанды оқуға қабылдамайды.
Алайда бұдан Ж.Қизатов жасымайды, әскери саптан шығып, Алматыға жол тартады. Мұнда Солтүстік Қазақстан облысына басшы қызметке жіберілді деген жолдама алып, баяғы обкомға қайта келеді. Бұл кездегі обкомның бірінші хатшысы Григорий Мельник деген киевтік украин екен, ол батырды Николаевтан гөрі дұрыс қарсы алады. Оның үстіне «қазақ өзін соғыста танытты» деген сөз де бар болатын, шынында халқымыз қаһармандықтың неше түрлі үлгісін көрсетіп, осы соғыста өзін әбден мойындатқан еді. Сол кезде Солтүстік Қазақстан обкомында хатшының орынбасары болып қазақтың тағы бір дүлдүл азаматы Жұмабек Тәшенов қызмет істейді екен. Төрт жыл қырғыннан аман келген ағасын қиын жұмысқа жіберуге қимаған ол Мельникке айтып, Жәкеңді қаланың іргесіндегі Совет ауданына ауаткомның үшінші хатшысы қылып жібертеді. Қақаған суықта ауылына тезірек баруы үшін ұшақ та бергізеді. Міне, шын жанашырлық деп осыны айт.
Совет (қазіргі Аққайың) ауданында екі жылдай қызмет еткен соң, Ж.Қизатовты Ленин (қазіргі Есіл), одан Булаев (қазіргі М.Жұмабаев) аудандарына атқару комитетінің төрағасы қызметтеріне жібереді. Бұл қызметтерде 3-4 жылдан істеген Жәкең сол жылдарда бірнеше орден-медаль алып, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып та сайланады. Алайда тың игеру жылдарындағы көзі көріп жүрген жүгенсіздіктерді ашық айтып, қатты әшкерелеп жүрген Жәкеңнің мінезі жергілікті басшыларға жақпайды. 1957 жылы Хрущевтің «антипартиялық топ» деп Молотов, Маленьков, Кагановичтерді қудалағаны, одан кейін маршал Жуковты қорғаныс министрі қызметінен алып тастағанына ол ашық қарсылық білдіреді. Осыны сылтау еткен жергілікті билік Жәкеңді орнынан алып, артта қалған кеңшарларды басқаруға жібереді. Бір үлкен жиналыста тың игеруге келгендердің арасында ешқандай маман жоқ екенін, көбі жауапкершілігі жоқ жандар екенін ашық айтқаны үшін ұлт араздығын қоздырды деген айыппен обкомның бюросында мәселесін қарайды. Осы бюроға қатысқан Шәмет Мүрсәлімов ақсақалдың айтуына қарағанда, обкомның хатшысы: «Сен батырмын деп айғайлай берме. Саған атақты партия берген, партия тартып та алады», дегенде, Жәкең: «Мен атақты партиядан емес, жасаған ерлігім, төккен қаным үшін алғанмын. Партия оны тартып ала алмайды», деп қарсы ақырады. Осы сәтте бәрі қорқып, үн-түнсіз қалғанын айтады Шәкең. Сол кезде обкомның екінші хатшысы болып жүрген Мұзапар Дайыров деген кісі ғана: «Сабыр, Жәке, сабыр...», деп қазақша айтып қойдырған екен. Сол М.Дайыров деген абзал азамат кейін республикалық нан өнімдерін дайындау министрі болғанда Ж.Қизатовты Қызылорда облысының нан өнімдерін дайындау басқармасына бастық болуға шақырып, солтүстіктегі жат көздердің сұғынан алып кетеді...
Жәкең бұл жерде 20 жылдай абыройлы қызмет істеп, халықтың құрметіне бөленеді. Тіпті зейнетке шыққаннан кейін де, оны Табиғат қорғау қоғамына бастық етіп қояды.
1993 жылы Мағжанның 100 жылдығына Қызылжарда ұлан-асыр той болғанда Ж.Қизатов та келді. Сол кезде облыстық телеарнада істеп жүрген біз омырауында Алтын жұлдыз бен 7-8 ордені, бірнеше медалі жарқыраған Жәкеңнен сұхбат алған едік. «Елге неге келмейсіз?» деген сұраққа ол: «Қызылорда мені төбесіне көтеріп сыйлайды, барлық игілік пен жақсылық жасайды, сондай жерден қалай кетемін», деген еді.
Алайда батырдың қолында өскен, Қарапа деген қарындасынан туған жиені Кемел Қарашаұлы өмірінің соңғы жылдарында оның туған жеріне келгісі келгенін айтты. Ең соңғы рет ұшақпен келгенінде туған жерін құша құлап, жылап та жіберген екен. Осыған қарағанда батыр ағамыз өзінің туған жерін аңсағаны да көрініп тұр.
Ж.Қизатов 1999 жылы Алматының ауруханасында ауыр науқастан 79 жасында көз жұмды. Петропавл қаласында оның атына көше берілген, туған ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжіне аты берілгенін жоғарыда айттық. Өзі қызмет істеген Аққайың, М.Жұмабаев аудандарының орталығында да бір-бір көше берілсе, артық болмас еді. Ол туралы биылғы Жеңістің 80 жылдығында әңгіме де қозғадық, бірақ белгісіз Иванов, Петров сияқты адамдардың атында тұрған қаптаған көшенің бірін аудан әкімдері қимады.
Батырдың жоғарыда айтылған кітабынан басқа «Өмір өткелдері» деген кітабы да жарық көрген. 2000 жылы қызылордалықтар «Шарболат» атты естеліктер жинағын шығарған. Қызылорда қаласында көше аты берілген, №23 мектеп-лицей де Жәкеңнің атымен аталады. Мектептің алдында қоладан құйылған бюсті де бар. Осы тұрғыдан алғанда қызылжарлықтардың қызылордалықтарға деген алғысы шексіз. Жәлел Қизатов исі қазақ халқына ортақ тұлға екенін бұл істер айқындап тұр.
ПЕТРОПАВЛ


