Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Кескен күйік қалашығының тарихи кезеңі нақтыланды

Шығыс Қазақстанда аю видеоға түсірілді

Маңғыстауда бір бірін аяусыз ұрған қыздардың төбелесі тарады

Сындарлы кезеңдегі келелі міндеттер

Атырауда қыз алып қашпақ болған жігіттер ұсталып, айыппұл арқалады

Норвегия Украинаға 150 миллион долларға жуық қаражат бөлді

Аралас жекпе жек шебері Қуат Хамитов Дубайда сенсациялық жаңалық жасады

Омар Сатаев Грек рим күресінен әлем чемпионатында қола медаль алды

Amazon 600 мың жаңа жұмысшының орнына ЖИ ды таңдады

Агросектордағы өнімділік 15 пайызға өсті

ВТБ Банк ЕО санкциясына тап болды ҚР Ұлттық банкінің жауабы

Halyk қоры ұлттық мұраны жаңғыртты: Белбасарда жаңа стадион ашылды

Бірлік пен рухтың мерекесі. Сауалнама

Ақтөбе облысындағы жол апаты: ауруханаға жеткізілгендердің жағдайы белгілі болды

Чехия Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі әріптестердің бірі ретінде қарастырады

Бекболат Молдабеков: Жасанды интеллект тек көмекші құрал, жауапкершілік адамға жүктеледі

Астанада қаламгерлер бас қосты

Қайрат футбол клубының негізгі қақпашысына қатысты тың дерек айтылды

Қайта оралған ұлы күн нағыз ұлттық мереке

Жер дүмпуіне байланысты хабарландырудың жұмыс алгортимі тексеріледі ТЖД

Дербес ел болуға жол ашқан қастерлі күн

Дербес ел болуға жол ашқан қастерлі күн

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақордада Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекет басшысы сөзінің басында отандастарымызды еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнімен құттықтады.

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Жаңа тұрпатты мемлекет болу жауапкершілігі

– Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз. Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті.

Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемен­дігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қай­та жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуел-

­­сіздік байрағын көтерді. Тарихи әділ­дік ор­­нап, ұлттың рухы асқақ­тады. Сондықтан бұл күн­­ді халқымыздың дербес ел болуына жол аш­­­қан қастерлі күн деуге болады. Тәуелсіздік – бәрі­нен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің ай­қын көрінісі. Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өт­кеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады», деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет пен қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен қатар келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы жылдарда еліміздің бағындырған белестері аз емес. Біз жер жүзіне егемен мем­лекет ретінде танылдық. Ше­кара­­мызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бір­лігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақ­тылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетіп отыр.

Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз. Кейінгі жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасал­ды. 2019 жылы ауқымды рефор­малар қолға алынды. Қазақ­стан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті. Жалпыхалықтық рефе­рен­дум арқылы Ата заңымыз­ға түзетулер енгізілді. Парла­мент­тің құзыреті кеңейді, Үкімет­тің жауапкершілігі артты. Конститу­циялық сот құрылды. Адам құ­қық­­тары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бас­тап Кассациялық сот жүйесі іске қо­сылды, бұл қоғамымызда әділет­­тілікті күшейтуге жағдай жасады.

Әділетті Қазақстанды құру жолын­да басқа да нақты шаралар қолға алынды. Азаматтарымыз мем­ле­кеттік маңызы бар шешім­дер қабылдауға белсенді түрде ара­ласа бастады. Ауыл, аудан және об­лыстық маңызы бар қала әкім­дері тікелей сайланатын болды. Ауыл әкім­дері­нің бар­лығы, ал аудан әкімдері­нің 25 па­йы­зы жаңарды. Осылай­ша, би­лік жүйесі айтарлықтай өзгерді. Елі­мізде «Күшті Президент – ықпал­ды Парламент – есеп бере­тін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Ашығын айтсақ, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған.

– Біз бір ел болып саяси ре­фор­маны табысты іске асы­рып жатырмыз, соның нәти­жесі ретінде қоғамда түбегейлі жаң­ғыру үдерісі басталды. Рефор­­ма­ларымызды жүзеге асыру­ға барша адамзат үшін аса қиын, күрделі кезеңде кірістік. Пан­демия, алпауыт елдер­дің санк­циялық текетіресі, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен соғыстар әлем елдерінің дамуына орасан зор шығын келтірді. Бұл жағ­дайлар Қазақстанға да сал­қынын тигізді. Дегенмен біз қажет­ті шараларды дер кезінде қабыл­дадық. Экономикамыздың әлеуе­тін сақтай отырып, оны тың сер­пінмен дамыта түстік. 2019 жы­л­дан бері экономикамыз 16 па­йызға өсті, былтыр осы көрсеткіш шамамен 137 трлн теңге, яғни 291 млрд доллар болды. Бұл Қазақ­станның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсе­теді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 млрд долларға жетті. 7 жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 млрд доллар болды, – деді Президент.

Бұған қоса Мемлекет басшысы ұлт­тық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріліп отырғанын жеткізді. Әсіресе көлік-тасымал саласы стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамып жатыр. Қазақстан Еуразияның басты логистика орталығы, яғни хабы болуы керек. Оған еліміз­дің әлеуеті жетеді, мүмкіндігіміз де мол. Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосыл­ды. Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Қытай арқылы ауқымды жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық. Қазіргі халықаралық нарықтағы тұрақсыз ахуалды ескерсек, мұны үлкен жетістік деп айтуға болады. Әуе қатынасы саласындағы табыстарымыз да аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар. Бірақ бұл жүйені одан әрі дамытуы­мыз керек. Оның үстіне әуе жолдары арқылы жүк тасымалдау жүйесін де (карго) нығайтуымыз қажет.

Президент елімізде өндіріс те дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің эконо­микадағы үлесі 40 пайызға жақын­дады. Кәсіпкерлер еліміздегі еңбекке қабілет­ті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр. Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Былтыр Қазақстанда 19 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш, нәтижесінде, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 млн тоннадан аса бидай жиналды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті артуда, сауда серіктесі ретіндегі беделі нығаюда.

– Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Сондықтан біз осы жауапты, құрметті миссияны міндетті түрде орындаймыз. Әлеуметтік стратегиямыз тиімді, әділетті болуы керек. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – өскелең ұрпақ үшін жасалған үлкен қадам. Біз озық ойлы ұлт болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін, ең алдымен, білім-ғылымды дамыту қажет. Сондықтан бес жылда білім беру саласына бөлінетін қар­жыны үш есе арттырдық. Ұстаздардың жалақы­сын екі есе ұлғайттық. Қазіргі таңда қоғамымызда мұғалім мамандығының мәртебесі анағұрлым көтерілді. 1 200 жаңа мектеп аштық. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көп­теген білім ордасы бой көтерді. Ұлт­тық ғылымды қолдауға да мән беріп отыр­­­мыз. Бұл салаға салынған қаражат 5 жыл­да 5 есе өсті. Шетелдің 33 беделді уни­вер­­­си­т­ет­­тері­нің филиалы ашылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының айтуынша, ұлт саулығын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданды. 2020 жылдан бері медицина саласына бөлінетін қаржы 3 есе артты. 927 медицина нысаны ашылды. Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты.

Қазақстан қауіпсіз ел болуы керек. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қоғамымыздың басты қағидаты саналатын болды. Осы жұмыстың аясында жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырып, күшейтеміз, онсыз Әділетті Қазақстан туралы айтудың өзі қисынсыз. Кейінгі бес жылда қылмыс саны және көшедегі бұзақылық едәуір азайды, қылмыстық ахуал қатаң бақылауға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары азаюда, еліміздің бұл мәселе­ге қатысты тәжірибесіне шетелдік сарап­шылардың ықыласы күшейді. Түптеп келгенде, «Заң мен тәртіп» тұжы­рым­дамасы – еліміздің жарқын болаша­ғын құру үшін аса маңызды тетік.

Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлт­тық акциясы азаматтарымыздың, әсіресе жастардың басым көпшілігінің қолдауы­на ие болып, табысты жүзеге асырылып жатыр. Былтырдан бері шамамен 2,8 млн гектар жер тазартылды, 4 млн-нан аса ағаш отырғызылды. Ең бастысы, азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімі, бүкіл болмысы өзгере бастады.

Бәсекеге қабілетті ұлттың көші ілгері

– Жалпы, барлық салада атқарылған жұмыс өз жемісін беріп жатыр деп айтуға болады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, өзгерістерді міндетті түрде жалғастырамыз. Биыл еліміздің мерейі өсіп, рухы көтерілген жыл болды. Аза­мат­тары­мыз көптеген салада табыс­қа жетті, жаһандық жарыстарда топ жарды. Оқушыларымыз түрлі халықара­лық білім додасынан мыңнан аса медаль иеленді. Үздік спортшыларымыз, соның ішінде боксшылар туымызды биікте желбіретті. Дарынды жастарымыз ұлт өнерін жер жүзіне паш етіп, кеңінен дәріптеп жүр. Жаһан жұрты қазақты рухы биік, көзі ашық, мәдениеті бірегей, зияткер ұлт ретінде тануда. Бұл – жылдар бойы жүргізілген жүйелі және тиімді жұмыстың нәтижесі. Енді осы қарқынды бәсеңдетпей, тек алға қарай қадам басуымыз қажет. Қазақстанымыз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті ел болуы керек. Бұл – жалпыұлттық стратегиялық мақсатымыз, барша азаматқа ортақ міндет, қастерлі парыз. Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек. Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе мұны жас­тары­мызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көр­сеткен жөн. Еліміздің ертеңі – өскелең ұр­пақтың қолында. Сондықтан жас­тары­мызды, ең алдымен, Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет. Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құн­ды­­лықтарды қолдайтын және ел бірлі­гін нығайтуға үлес қосатын азамат. Еліміз­дің озық болуы осындай отаншыл, тәртіп­ті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланыс­ты. Өз қабілетіне сенетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі, еңбекқор адамның ешкімге тәуел­ді болмайтынын жас ұрпақ ұғынып өсуі қажет. Әр азаматымыз өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болмақ, – деді Президент.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек екенімізді алға тартты. Бұл – ең алдымен, ұлтымыздың сапасы, яғни азаматтарымыз заманауи, озық ойлы, жасампаз болуы қажет деген сөз. Қазіргі аса күрделі, құбылмалы және қарама-қайшылыққа толы заманда озық ел болу оңай шаруа емес. Сол себепті біз батыл шешімдер қабылдап, нық сеніммен жарқын болашаққа қарай жүреміз. Сонда ғана осы уақыт халқымыздың сана-сезімінде ұлы бетбұрыс жасаған тарихи кезең болып қалары анық.

– Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақ­станды жаңа жағдайға бейімдеу, сол ар­қы­лы еліміздің егемендігін нығай­тып, бә­се­кеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым. Қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бәріңіз де мұны көріп-біліп отырсыздар. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамуда. Осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Барша елмен достық қатынас орнатып, мемлекетімізді сенімді серіктес ретінде таныттық. Соның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартып жатырмыз. Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз. Жақында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Мұны зор жетістік деп айтуға болады. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында негізгі халықаралық мәселелерге баса назар аудардым, бірқатар ұсыныс айттым. Әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керек. Қазақстан дүние­жүзі қауымдастығының жауапты әрі ықпалды мүшесі ретінде алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді, – Мемлекет басшысы.

Бұдан соң Президент ауқымды жаң­ғыру кезеңіне қадам басқанымызды, мақсатымыз баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау екенін айтты.

– Таяуда халыққа арнаған Жолдауым­да Парламентті реформалау туралы мәлім­дедім. Бұл бастаманы алдын ала жа­рия­лауымның өзі еліміздегі саяси үде­ріс­тердің ашық жүріп жатқанын көр­сетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту кейінгі жылдары жүзеге асырыл­ған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ. Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді. Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады. Әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтар­дың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ. Саяси бағдарымыз бен қабылдаған нақты шешімдеріміз ұлты­мыздың ұзақмерзімді мүддесі мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау, елді дамыту қағидаттарын көздейді. Мұны берік ұстанамыз. Жолдауда бір палаталы Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақтау қажет екенін ашық айттым. Бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша қалыптастыру партиялардың институционалдық негізін нығайтуға септігін тигізеді. Сайлау­шылармен жүйелі жұмыс істеуіне ықпал етеді. Яғни мемлекеттілігімізге пайда әкеледі. Бұл ешқандай кері кету немесе демократиялық қағидаттардан бас тарту емес. Ел қамын ойлап, саяси тұрғыдан салмақтап, осындай ұйғарымға келдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Аймақтық деңгейде азаматтар билікпен тікелей әрі тұрақты қарым-қатынас жасайды. Сондықтан жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер белсенді жұмыс істеп, елдің мұң-мұқтажын шешуде маңызды рөл атқаратынын көрсетуге тиіс. Кейінгі жылдары тікелей сайлау институтын айтарлықтай кеңейттік. Әуелі ауыл әкімдерін сайлауды енгіздік, кейін ол аудан, содан соң облыстық маңызы бар қала басшыларын сайлауға ұласты. Сол себепті Қазақстанда ай сайын түрлі электоралды науқан жүріп жатады. Бұл біздің өңірдегі бірегей саяси тәжірибе саналады. Баршамыз осынау істің мақсатқа сай орындалуын бақылап, егер оның жағымсыз салдары болса, шара қабылдау қажет.

– Реформалар – табиғи үдеріс, мұнда артық консерватизмге орын жоқ. Жер­гілікті мәслихаттарды сайлауда мажори­тарлық жүйені сақтау керек деп санай­мын. Осы тұста тағы да атап өткім келеді: мемлекеттік маңызы бар кез келген мәселе бойынша шешуші сөзді азаматтарымыз айтуға тиіс. Конституциялық реформа жасалған кезде, сондай-ақ атом стансасын салу мәселесін талқылаған уақытта дәл солай болған. Қазір де солай болмақ. Бұл елімізде жаңа саяси мәдениеттің пайда болғанын көрсетеді, яғни бұл – қоғам көкейінде жүрген аса өзекті мәселелерді шешудің жаңа дәстүрі қалыптасып жатыр деген сөз. Азаматтар өз Отанының келешегіне шынайы алаңдап, оның даму жолында аянбай тер төксе, ұлт шын мәнінде егемен елге айналады. Өзге мемлекеттер де оны солай қабылдайды. Тіпті ол бір қарағанда ұсақ іспен айналысқандай көрінгенімен, шын мәнінде, өте маңызды жұмыс атқарса, мысалы, көгалдандырумен, өзі тұратын аумақты тазалаумен шұғылданса, хал-қадерінше қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағаласа, вандализм мен дөрекі қы­лық­тарға қарсы тұрса, елге пайда­сын тигізеді. Өзіне, отбасына, туған еліне жаны ашитын отандастарымыздың үлкенді-кішілі жетістіктеріне күн са­йын куә болып жүрміз. Олар шынайы патриоттығының арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр. Баршаңызға мәлім, жыл сайын азаматтарымыз түрлі салада топ жарады. Бұл халқымыздың жасампаз болмысын паш етеді. Жастарды осындай ізгі амалдар жасауға ынталандырады, ұлттық рухымызды жани түседі, – деді Президент.

Жаһандық озық үрдістерден кейін қалуға болмайды

Мемлекет басшысы атап өткендей, Higgsfield AI стартапы – биылғы айтулы жетістіктердің бірі. Оны Қазақстанның алғашқы «сыңармүйіз» стартапы деуге болады. Әдетте жаһандық нарықта бір миллиард долларға немесе одан да қымбатқа бағаланған компанияларды осылай атайды. Бұл бірегей жобаның негізі Astana Hub алаңында қаланған болатын. Мұны математика және физика пәндерінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық олимпиада жеңімпаздары, дарынды энтузиастар жасады. Осындай мықты азаматтар – еліміздің келешегі. Жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастыруда. Ал жаңашылдық – ұлттық сипатымыздың маңызды қырына айналды. Демек, мемлекет қолдау көрсетсе, білімді, еңбекқор балаларымыз бен немерелеріміз әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер жасай алады. Алайда бірлі-жарым табысқа тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан Үкіметке келешегінен үміт күттіретін отандық стартаптардың нарықта лайықты орнын табуына көмектесетін заманауи, тиімді экожүйе құру міндеті жүктелді.

– Қазақстан цифрландыру көрсет­кіші бойынша дүниежүзілік индекс­терде жоғары орындарды иеленеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ, ең бастысы, болдық, толдық деуге болмайды. Әлемдегі ең жоғары талаптарға сай келетін заманауи экономиканы дамыту үшін ғылыми-техникалық прогресті жіті бақылап отыру қажет. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіні жан-жақты енгізуді мемлекет дамуының басым бағыты ретінде белгіледік. Қазақстанның жаһандық озық үрдістерден кейін қалуына болмайды. Әйтпесе, замана көшіне ілесе алмаймыз. Ал оның салдары өскелең ұрпаққа тиюі мүмкін. Жұмыс басталды. Алғашқы ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. «Қазақтелеком» базасында тағы бір суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. «AI Sana» бағдарламасы және ауқымды «Alatau City» жобасы қолға алынды. Аталған бағыттағы аса маңызды жұмысты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. Стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс. Уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Креатив пен инновация – өсімнің арқауы, ал зияткерлік капитал елдің бәсекеге қабілеттілігінің өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллект дәуірінде жаңа салалар мен бизнес түрлері міндетті түрде пайда болады. Бұл – ойлы, алғыр жастар үшін нағыз жарқырай көрінетін сәт. Мемлекет пен қоғам жас таланттарды қолдауы керек. Біз мұны міндетті түрде іске асырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу аса маңызды міндет екенін атап өтті. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлеріміздің идеялары мен стартаптарына инвестиция құйып, олардың өнімін тұтыну арқылы отандық өндірушілерді қолдаған жөн. Халқымыздың ауызбіршілігі осыдан да көрінеді.

Қазір ұлттық нышандарымыз, яғни брендтеріміз көбейіп келеді. Ұлттық өнім дегеніміз – ең алдымен, елімізді бүкіл әлемге паш ету деген сөз. Сондықтан «Made in Qazaqstan» таңбасы сапа мен сенім белгісі болуға тиіс. Біздің тауарларымызға шетел азаматтарының қызығушылығы артып жатыр. Бұл отандық бизнестің өсіп-өркендеп келе жатқанын көрсете­ді. Компанияларымыз жаһан­дық нарыққа шығып, кәсібін өрістетіп жатыр. Олар Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан озық ел ретінде танытып жатыр. Адал кәсіпкерлерді отаншылдығын нақты іспен көрсетіп жүрген азаматтар деп атаған жөн. Себебі олар табанды еңбекпен көптеген жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мол үлес қосуда. Осындай орта және шағын бизнес өкілдерін қолдау мемлекет саясатының басымдығы болып қала береді.

– Кейінгі кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен Премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режімі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрын­ғы қалпында қалдырды. Алдағы уақыт­та шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады. Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлер­мен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін. Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, мемлекет түйткілдерді біртін­деп шешіп келеді. Ең маңыздысы – нәти­же, өзімізді жарнамалау емес. Кез келген азамат білімі мен еңбек­қорлы­ғының арқасында қабілет-қарымын көрсетіп, іскерлік, шығарма­шылық немесе мемлекеттік қызмет­тегі мансабында табысқа жететін орта, қазір жиі айтылатын экожүйе қалыптастыруға күш салып жатырмыз.

– Қазақстан талантты, мақсатшыл жандар тұрақтап қалғысы келетін ел қатарына қосылып келеді. Біздің ең басты байлығымыз – білімді, белсенді адамдар. Мен мұны үнемі айтамын әрі қайталаудан жалықпаймын. Әрбір азамат өзінің табысы мен еңбекқорлығы арқылы еліміздің гүлденуіне елеулі үлес қосады. Біз тәртіпке бағынатын отандастарымызды шынайы патриот ретінде дәріптеп, мақтан тұтуымыз керек. Өйткені олар ұлтты ұйыстырады, халқымызды кәсіби және рухани тұрғыдан биіктерді бағындыруға жігерлендіреді. Осылайша, біз бәріміз Қазақстан азаматтарының жасампаз рухын сыйлауымыз керек. Мұндай игі үрдісті жан-жақты қолдау қажет. Ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылыс ұлттық болмысымызға тән қасиет болуы керек. Армандау, алға мақсат қою – өте дұрыс. Алайда қазіргі заман нақты іс-әрекеттің уақыты екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан елге пайдалы, болашаққа қажет істермен айналысу керек. Сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі отаншылдық, яғни нағыз патриотизм дегеніміз осы.

Қазір еліміз аса күрделі жолдың басында тұр. Біз бір ел болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек, көреалмаушы­лық, қызғаныш сияқты теріс әдеттер­ден арылған жөн. Қазақ­станды күшті және дамыған озық ел ету – тек өз қолы­мызда. Оған біздің мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де жетеді: экономикамыз – орнықты, жеріміз – берекелі, жар­қын болашаққа деген сеніміміз зор, ал азаматтарымыз, әрине, өте дарынды және қабілетті. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Біз ұлт ретінде биік белестерді бағындырамыз десек, ең алдымен, халқымыздың ауызбіршілігі мықты болуы керек, азаматтарымыз бірін-бірі сыйлап, құрметтеуі қажет. Бір елдің ішінде өмір сүріп, бір жерде тұрып, жанжалға, ұрыс-керіске жол беруге болмайды. Біреудің еңбегін жоққа шығару, не болмаса ой-пікірін келеке ету, басқа адамды қаралау – озық, өркениетті қоғамға жат қылық, тіпті ұят нәрсе, ондай әрекеттер үшін қоғам және заң алдында жауап беруге тура келеді. Ғаламтор желісінде бір тақырыптан басталған талқылау бітпейтін пікірталасқа ұласып кетеді, тіпті бұл құбылыс «аса қауіпті қоғам­дық дерт» деген осындай түсінік, ұғым пайда болды. Мұндай дерттен құтылуымыз керек, – деді Президент.

Жұмысшы мамандарын қадірлейтін қоғам құру маңызды

Мемлекетіміздің егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығы – еліміз үшін аса маңызды тарихи меже. Көптеген елдің тарихына қарайтын болсақ, мұндай құжаттар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ғасырлар бойы сақта­лады, азаматтық сана-сезімнің мызғы­мас негізі ретінде қызмет етеді. Сон­дық­тан Егемендік туралы декларация  – мемлекеттігіміздің берік арқауы, халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі.

– Егемендігімізді жариялаған алғашқы күннен бастап мемлекет­тілігімізді бекемдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолынан айныған емеспіз. Бұл – ең дұрыс стратегия. «Еңбек – берекенің бастауы» деп бекер айтылмаған. Біз адал, бәсекеге қабілетті азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіп, қолдауымыз керек. Жұмысшы мамандарын қадірлейтін қоғам құру маңызды. Елімізде қажырлы еңбегінің арқасында нағыз еңбек адамы атанған азаматтар өте көп, – деген Мемлекет басшысы салтанатты жиынның ортасынан табылған бірқатар азаматтың атын құрметпен атап өтті.

Солардың бірі – Мұрат Кеңесұлы Қаражұманов. Ол 45 жылға жуық табанды еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Майталман механизатор жас мамандарға жол көрсетіп, мол тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бұл салада Қаражұман әулетінің 30-дан аса өкілі жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады. Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылданды.

Жалпы, Жұмысшы мамандық­тары жылы аясында адал еңбегімен Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталып жатыр. Осы мерекеде Сергей Петрович Чернобайға құрмет көрсетілді. Ол – еңбегі ерен кенші, «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, отандық көмір өндірісінде аты аңызға айналған тұлға. Еңбеккерлер әулетінен шыққан азамат. Ата-анасы да, жұбайы да, тіпті балалары да өз тағдырын шын мәнінде батыл жандардың қолынан келетін кәсіппен байланыстырған. Өнегелі отбасының жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Бұл – жай ғана цифр емес, қажырлы еңбек пен кәсіби сабақтастықтың жылнамасы. Президент Чернобай әулеті ел дамуына өлшеусіз үлес қосып, өз ісіне адалдықтың және нағыз еңбек­қор жандардың үлгісі боларына кәміл сенетінін айтты. Бұл ретте Сергей Петрович Чернобайға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Осы ортада болған тағы бір құр­метті азамат – Александр Анатольевич Касицин. Ол – «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері, еңбек жолын қарапайым зоотехниктен бастап, еліміздегі ең озық агроөнеркәсіп шаруашылықтарының бірінің басшысына дейін көтерілген айтулы маман. «Галицкое» серіктестігі ауылды жаңғыртып, еңбеккерлерге қамқорлық көрсету арқылы керемет табысқа қол жеткізді. Бұл мереке­де ел алдын­дағы еңбегі үшін Александр Анатольевич Касицин «Отан» ордені­мен марапатталды.

Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі Сергей Васильевич Харчен­ко – өз ісін жақсы көретін, Отанын шексіз сүйетін жан ретінде көпке үлгі. Белгілі қаламгер, парасатты басшы, дарынды ұстаз мемлекеттің өркендеуіне, отандық журналистиканың дамуына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Кеше Сергей Васильевич Харченко I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды.

Әйгілі археолог Зейнолла Самашевтың есімі баршаңызға белгілі. Ол өркениетіміздің теңдессіз қазынасы саналатын «Берел қорғанын» ашып, оны жан-жақты зерттеуге зор үлес қосты. Бұл жаңалық тарих ғылымын шын мәнінде жаңа деңгейге көтер­гені сөзсіз. Ал белгілі ғалым, картография зерттеушісі Мұхит-Ардагер Сыдықназаров төл тарихымызды түгендеуге атсалысып келеді. Ұлттық ғылымды өркендетуге сіңірген еңбегін ескере отырып, қос ғалымға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлықты табыстау туралы шешім қабылданды. Осы сыйлық кеше алғаш рет берілді.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен даңқты спортшы Шавкат Рахмонов марапатталды. Ол еліміздің атын шет мемлекеттерге танытып, мерейін үстем ету жолында тер төгіп жүр.

Биыл Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрылғанына 30 жыл толды. Ассамблея – берекелі бірлігіміздің мызғымас нышаны, теңдесі жоқ біре­гей құрылым. Оның мүшелері елдегі тұрақтылықты нығайту үшін аянбай еңбек етіп жүр. Ал қоғамдағы келісім мен ынтымақты күшейту – нағыз отан­шылдық белгісі. Осы орайда Мем­лекет басшысы еліміздегі бірнеше этно-мәдени орталықтың өкілдеріне «Ел бірлігі» орденін табыстады.

Мәдениет – ұлттың рухани дер­бестігінің кепілі. Сондықтан өмірін өнер жолына арнаған қайрат­кер­лерге әрдайым құрметпен қарай­мыз. Руханиятымызға ерекше еңбек сіңіргені үшін белгілі өнер майтал­ман­дары – Болат Әбділманов, Тама­раасар Жанқұл, Шынар Жаныс­бекова «Қазақстанның халық әртісі» атағына лайық деп танылды.

Сондай-ақ мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нина Жмеренецкая, Бақыт Қажыбаев, Зарина Алтынбаева және Әйгерім Алтынбек «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» атағына ие болды.

Бұған қоса ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша үлес қосып жатқан Иван Сауэрге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

– Жоғары мемлекеттік марапат­тарды халқымыздың шынайы ықы­­ласы және сый-құрметі деп қабылда­ңыз­дар. Әрбір облыста жүздеген ла­йық­ты азаматымыз менің Жарлығым­мен жоғары мемлекеттік награ­да­мен марапатталады. Олардың еңбегіне зор ризашылығымды білдіремін. Еліміз үшін ұлт саулығын сақтайтын дәрігердің, саналы ұрпақ тәрбиелей­тін ұстаздың, ауылдағы шаруа мен өндіріс­тегі жұмысшының, яғни әрбір кәсіп иесінің еңбегі айрықша маңыз­ды. Бұл – кез келген өркениетті қоғам­ға тән мызғымас заңдылық. Мен ұлт­тық мерекеміз – Республика күні қар­саңында адал еңбек етіп, еліміздің өркен­деуіне атсалысып жүрген әрбір аза­мат­қа шынайы алғысымды айтамын. Ел­дігіміз еңселі, егемендігіміз баян­­ды болсын! Көк туымыз мәңгі жел­біре­сін! Баршаңызға амандық, табыс ті­лей­мін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
seeКөрілімдер:57
embedДереккөз:https://egemen.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 25 Қазан 2025 07:37
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Кескен күйік қалашығының тарихи кезеңі нақтыланды

23 Қазан 2025 21:51see150

Шығыс Қазақстанда аю видеоға түсірілді

23 Қазан 2025 19:09see130

Маңғыстауда бір бірін аяусыз ұрған қыздардың төбелесі тарады

23 Қазан 2025 20:44see127

Сындарлы кезеңдегі келелі міндеттер

23 Қазан 2025 21:33see127

Атырауда қыз алып қашпақ болған жігіттер ұсталып, айыппұл арқалады

24 Қазан 2025 01:07see126

Норвегия Украинаға 150 миллион долларға жуық қаражат бөлді

23 Қазан 2025 19:01see124

Аралас жекпе жек шебері Қуат Хамитов Дубайда сенсациялық жаңалық жасады

24 Қазан 2025 01:07see121

Омар Сатаев Грек рим күресінен әлем чемпионатында қола медаль алды

23 Қазан 2025 23:36see120

Amazon 600 мың жаңа жұмысшының орнына ЖИ ды таңдады

23 Қазан 2025 19:47see119

Агросектордағы өнімділік 15 пайызға өсті

23 Қазан 2025 19:27see119

ВТБ Банк ЕО санкциясына тап болды ҚР Ұлттық банкінің жауабы

23 Қазан 2025 16:32see116

Halyk қоры ұлттық мұраны жаңғыртты: Белбасарда жаңа стадион ашылды

23 Қазан 2025 11:39see115

Бірлік пен рухтың мерекесі. Сауалнама

23 Қазан 2025 19:37see113

Ақтөбе облысындағы жол апаты: ауруханаға жеткізілгендердің жағдайы белгілі болды

23 Қазан 2025 11:48see111

Чехия Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі әріптестердің бірі ретінде қарастырады

25 Қазан 2025 06:54see109

Бекболат Молдабеков: Жасанды интеллект тек көмекші құрал, жауапкершілік адамға жүктеледі

23 Қазан 2025 12:29see109

Астанада қаламгерлер бас қосты

23 Қазан 2025 12:03see109

Қайрат футбол клубының негізгі қақпашысына қатысты тың дерек айтылды

25 Қазан 2025 02:34see107

Қайта оралған ұлы күн нағыз ұлттық мереке

24 Қазан 2025 12:37see107

Жер дүмпуіне байланысты хабарландырудың жұмыс алгортимі тексеріледі ТЖД

23 Қазан 2025 13:28see106
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары