Кіршіксіз сезімнің Пейіші
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Түркістан музыкалық драма театрының репертуары рухани салмағы басым, көрерменнің көкейіне терең ой салатын «Пейіш» атты су жаңа туындымен толықты. Спектакльдің өзегіне айналған аналық алақанның жылуы, балалық сенімнің мөлдірлігі мен үнсіз құрбандықтың биік парасаты сахналық шешім арқылы әсерлі жеткізілді. Қойылымның көркемдік қуаты сөз бен сезімнің үйлесімінде, қарапайым сәттердің өзінен терең мағына таба білген режиссерлік пайымда жатыр.
Режиссер Әли Бидахмет пен драматург Қазыбек Аманжол кинотуындының сценарийін театр табиғатына икемдеп қана қоймай, оны ұлттық таныммен, қазақы болмыспен және бүгінгі қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерімен байыта түскен. Фильм прокатқа шыққаннан әр сеансы аншлагпен өтіп, миллиард касса жинаған еді. Бірақ кинода көрші халықтың өзіне тән ұлттық болмысы айқын көрініс тапқанын аңғару қиын емес-тін. Ал сахналық үлгіде осының бәрі қазақ халқының жан-дүниесімен алмасқан. Бұлар – режиссер мен драматург тандемінен туған ұтқыр шешімдер. Ойдан қосылған кейіпкер де, қосымша эпизод та бар. Кинода Әділдің жан досы Самир болса, қойылымда Іңкәр образы да қосылады. Ол тек қызы бала дүниеге келетін отбасынан шыққан. Осы арқылы қоғамның әлеуметтік мәселесіне айналған тақырыптың өзегі тарқатылады. Қасиетті мекенге жаяу аттанған ана мен бала жол-жөнекей арасы аразға толған ағайынды жақындатады, Іңкәрдің әке-шешесінің тілеуін тыңдап бет алған бағытына аттанады.
Әр рөл – жаңа мүмкіндік
Қойылым екі шығармашылық құрамның қатысуымен ойналады. Режиссердің ұтқыр шешімі болса керек, актерлік құрам әр театрдың үздіктерінен құралған. Фильмді көргеннен кейін Райхан апа ретінде Анар Назарқұлованы жақсы таныған едік. Ал сахналық үлгіде бұл образды екі шығармашылық құрам таныстырады. Бірінші құрамда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қаллеки театрының актрисасы Алтынай Нөгербек ойнап шықса, екінші құрамда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актрисасы Гүлмира Жакилина сомдайды. Сахнада да ана махаббатын сәтті көрсете алғандықтан, залдағы лық толы көрерменнің әрқайсысы көзіне жас алды. Ана образын толық ашу үшін кәсіби актерлік шеберлік жеткіліксіз. Оны жүрегі бала деп соғатын, бауыр етінің болашағына алаңдайтындар ғана жеткізе алады. Біз актрисаларымызды басқа да спектакльдерде ақжаулықты ана образында көрген едік. Мәселен, осыдан бірнеше ай бұрын елордамызда қойылған «Құштар» спектаклінде Гүлмира Жакилина аутизм спектрі бар баланың анасы рөлін ойнап шықты. «Пейіштегі» Әділ екеуінің ұқсастығы осы еді. Сондықтан актрисаға мұндай жағдайдағы ана образын дәл көрсету қатты қиынға соқпапты. Қойылым аяқталғаннан кейін Райхан апа рөлін ойнаған екі актрисаға да сұрақтарымызды қойдық. Екеуінің де айтар ойы бір арнада тоғысты. Яғни, екеуі үшін де Сириядан өтетін бөлігі мен спектакль финалы ауыр психологиялық сахнаның бірі болған. Өйткені бала үшін жанұшыра айқайлап, жанына араша түсу үшін ішке өксік тығып, көрерменді сендіру керек деген ұстаным – шығармашылық құрамның басты мақсатының біріне айналған.
«Жасым орта жасқа келгендіктен ананың бейнесі маған жақын болып барады. Қаншалықты жақындай түссе де, ойнауға қиын жерлер болатыны рас. Мәселен, «Пейіште» баламызға бомба байлап алып келетін жері – өзімізді максималды түрде босататын кез. Егер сол жерден сәтті шықсақ, қойылым да сәтті өтеді деген сөз. Әр рөлімді ойнап болған соң өзіме міндетті түрде ұрысамын. Театрдың құдіреті де сол ғой: ол – дәл бүгін, дәл қазір, дәл осы жерде деген нәрсе. Бүгін ойдағыдай болса, келесі қойылымның кей тұсы жетпей, кей жері тым әсерлі шығады. Меніңше, әр рөл актер үшін жаңа мүмкіндік, көрерменмен диалог орнатуға берілген мүмкіндік. Шығармашыл адамдардың бір жақсы артықшылығы жұмысы арқылы ойымызды айтып көппен сырласа алады», – деді Алтынай Нөгербек.
Ал екінші құрамдағы Гүлмира Жакилина әр актрисаның көкейінде «осы рөлді мен ойнағанда қалай болар екен?» деген ниеттің жататынын айта келе, «Пейіш» фильмін көрген сәтте Райхан апаның образында өзін көргісі келіпті. Ниеті қалыс екен, театрға бейімделіп жазылған шығарма кейіпкерін ойнау үшін бірден таңдалыпты.
«Қойылымның соңындағы «Сенің туған анаң басқа, мені кешір» дегені, баласымен қоштасуы психологиялық тұрғыда актриса болсам да өзіме ауыр тиді. Киносын көргенде-ақ оқиға желісіне жүрегім ауырып отыратын. Кейін сахналық үлгісі шығатын болып, мені таңдап алғанда қатты қуандым. Менің негізгі ампулам – комедия. Соған қарамастан, Райхан апаны да өз деңгейінде ойнап шығуға тырыстым», – дейді.
Кейіпкерімнен көп нәрсе үйрендім
Әділ рөлін сомдаған Ақсұлтан Әнуарбек бұл образға дайындық ұзаққа созылғанын айтады. Рөл берілмей тұрып-ақ шығармашылық топ аутизм туралы зерттеп, түрлі әлеуметтік эксперимент жасаған. Актердің сөзінше, басты мақсат – кинодағы кейіпкерді қайталамай, қоғамдағы ерекше балалардың мінез-құлқынан жинақталған жаңа бейне жасау болған. Өйткені 35 жастағы кейіпкердің санасы 8 жаста қалғанын дәл көрсету жауапкершілік салмағын арттыра түседі. Ақсұлтан су жаңа кейіпкері көп нәрсе үйреткенін негізге ала отырып, анасына сағынышын бір сәтке болса да басуға мүмкіндік алғанын тебіреніп айтып берді.
– Күнделікті өмірде «Жұмақ – ана табанының астында» дегенді жиі естиміз. Өзіміз де айтып жүреміз. Бірақ астарын дер кезінде түсінбеген сияқтымын. Былтыр анам дүние салды. Содан кейін анамсыз өтіп жатқан әр күнім, әр түнім осы сөздің қаншалықты биік екенін, қадірлі екенін ұғып келемін. Өкінішке қарай, менің бұл рөлімді анам көре алмады. Бірақ кейіпкерім маған көп нәрсе үйретті. Ол «Апа, сен жоқ жұмақта мен не істеймін?» деген қорқынышынан анасын Меккеге апаруды нақты мақсатқа айналдырып алды. Мен одан алдынан кездескен кедергінің бәріне қасқайып қарсы тұруды үйрендім. Негізі, анам әр қойылымымды қалт жібермей көретін. Қай қалада болсам да келетін. Анамдай болған жақындарыма шақыру қағазын жібердім. Бірақ ананың орны бөлек. 511 орындықтың ішінде 1 орын бос болып тұрса, сол менің анамның орны еді деген ішкі монологым тұрады, – дейді актер Ақсұлтан. Осылайша, ол спектакль арқылы анаға деген сағынышын, махаббатын халық алдында шығара алғанына дән риза. Ендігіде ол әр рөлін анасының рухына арнап отыратын жақсы әдет қалыптастырғанын әңгімеге тұздық етті.
Премьера қойылмай тұрып, шығармашылық топ фильмнің екі бөлімін де бірге көріп, талқылау жұмыстарын жүргізген екен. Қойылым инсценировкасын жасаған Қазыбек Аманжолдың айтуынша, киносценарийді дәл көшіріп, театр тіліне икемдеу мақсат емес. Мақсат – қырғыз кинотуындысын мүмкіндігінше қазақыландырып, диалогты тілге жатық етіп көрерменге жеткізу. Біз көбіне қойылымның жүзі деп актерлерді атасақ, оның артындағы еңбек режиссердің мойнында жатыр деп түсінеміз. Шын мәнінде, шымылдық артында қаншама адамның бірлескен жұмысы жатыр. Соның ішінде оқиғаны театр әлеміне сай етіп жазып жүрген драматургтің де үлесі аз емес. «Пейіштің» қойылым күйін көрген көрермен кинодағы эпизодтардан әлдеқайда ерекшеленіп тұратынын бірден байқайды. Бұл туралы Қазыбек Аманжол толығырақ айтып өтіп, қосылған өзгерістер себебін түсіндіріп берді.
– Көп көрермен киносын көріп мазмұнын біліп отырады. Сондықтан негізгі мазмұны мен финалын қалдырып, шарықтау шегіндегі кей сахналарды ойдан қостық. Өйткені театрға көркемдеуші дүниелер керек. Негізгі өзгерткен тұсым – ауыл сахнасының ұзақ қойылуы. Фильмде ауыл эпизоды 20 минут болса, біз 1 сағат 20 минутқа дейін өзгерттік. Осы уақыт ішіне қазақ ауылын, мәдениетін, тіпті әлеуметтік проблемасын сыйғыздық.
Премьера кеші рухани тереңдігімен, сахналық көркемдігімен және актерлік шынайылығымен ерекшеленіп, театр репертуарын мазмұндық әрі идеялық тұрғыдан байытқан жаңа туынды ретінде бағаланды. Пейіш – тек уәде етілген мекен бе, әлде адам жанының күйі ме? Ол кейде ананың алақаны, кейде баланың кіршіксіз сенімі, «мен сені жалғыз қалдырмаймын» деген ішкі серт те болуы мүмкін. Көрермен жауабын өзі табады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Көрілімдер:61
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 19 Ақпан 2026 05:45 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















