“Орын жоқ“: Астанада балалар неге музыка мектептеріне оқуға түсе алмай жүр?
Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Астанада небәрі үш мемлекеттік балалар музыка мектебі жұмыс істейді. Оның екеуінде ғимараттың жобалық сыйымдылығынан әлдеқайда көп бала оқиды. Сұраныс жоғары бағыттарға түсу оңай емес. Ата-аналар балалары оқуға қабылданбағанын айтса, музыка мектептерінің бірін бұрын басқарған директор бір орынға бес-жеті баладан таласатынын жеткізді. Елордада балаларға арналған музыка мектептері неге жетіспейді? Мұғалімдер не себепті жұмыстан кетіп жатыр? Жекеменшік музыка мектептері мемлекеттік білім беру ұйымдарының орнын баса ала ма? Толығырақ Tengrinews.kz материалында.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Астанада 2026 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша үш мемлекеттік балалар музыка мектебі (№1 БММ, Роза Бағланова атындағы №2 БММ, Ермек Серкебаев атындағы №3 БММ) жұмыс істейді; жалпы сыйымдылығы — 1 890 орын, 2 737 бала білім алуда (847 балаға артық). №1 БММ: 240 орынға есептелген, 651 бала оқиды; №3 БММ: 450 орынға есептелген, 946 бала оқиды; №2 БММ: 1 200 орынға есептелген, 1 140 бала оқиды. Оқуға түсуге жоғары конкурс; №3 БММ бұрынғы директоры Сергей Лизунковтың бағалауынша — бір орынға 5–7 бала, әсіресе фортепиано және эстрадалық вокал бөлімдеріне сұраныс жоғары. Мектептер оң жағалаудағы бейімделген ғимараттарда орналасқан; жалпы білім беретін мектептерде филиалдар ашылуда, бірақ бұл аудитория тапшылығымен шектеледі. 45-ке жуық педагог жетіспейді (концертмейстерлер, домбыра, фортепиано, скрипка және т.б.); үміткерлер әрдайым талаптарға сай келе бермейді немесе жұмыс кестесі мен жалақыға көңілдері толмайды. Оқытушылар «Педагог мәртебесі туралы» заң бойынша аптасына 18 сағат норма болса да, жүктеменің ~27 сағатқа (1,5 ставка) дейін төмендегенін айтады; сонымен бірге жекелеген пәндер бойынша жүктеме артып келеді. Жалақы: мемлекеттік мектептерде — ~137–257 мың теңге (өнер мектептерінде 150–200 мың теңге); жеке студиялар 400–500 мың теңгеге дейін ұсынады; төлем санаттары: музыкалық мектептер — B3, жалпы білім беретін мектептер — B2. Үйірмелерге арналған ваучерлік жүйе: ~600 ұйым, бір балаға айына 22 500 теңге; 42 000-нан астам ваучер берілген, кезекте 65 000 бала тұр; кезек мысалы — 15 981 адамның ішінде 13 706-шы орын, қайта есептеудің ең жақын күні — 31.08.2027. Жеке сабақтардың құны (қазан 2026): вокал/фортепиано бойынша 8 жеке сабақ — 50–82 мың теңге; топ-педагогпен немесе аптасына 3 рет — 106–120 мың теңге; шағын топтар — ~25 мың теңге. Мемлекеттік музыкалық мектептер жүйелі білім мен диплом береді; жеке студиялар — икемді бағдарлама ұсынады, нәтиже педагогқа байланысты. Нұра ауданында жаңа мемлекеттік музыка мектебі жоспарлануда (мерзімі айтылмаған); 2026 жылғы тамызда 100–150 балаға арналған №1 БММ филиалы ашылды; Сығанақ, 17/41 мекенжайындағы нысан жеке креативті индустриялар мектебіне айналды (айына 50 мың теңгеден бастап), ваучерлер 2027 жылы күтілуде. Кейс: Астана тұрғыны Гүлназ Ахметова фортепиано бөлімінен орын таппаған; қызы хор бөліміне қабылданды, фортепиано мәселесі әлі де ашық қалып отыр.
Гүлназ Ахметованың өзі музыка пәнінен сабақ береді. Ол қызы фортепианода ойнауды үйренгенін армандаған. Бірақ үйінің маңындағы үйірмеге емес, толыққанды білім беріп, соңында диплом табыстайтын музыка мектебіне бергісі келген.
Ол екі музыка мектебі мен бір өнер мектебіне барған, бірақ барлық жерден бірдей жауап естіген: биыл фортепиано сыныбында орын жоқ.
"Мұғалімдердің жүктемесі көп екенін айтты. Бірақ шын мәнінде олай емес. Мұғалімдердің өздері маған Threads желісінде сабақ сағаттары қысқарғанын айтты", – дейді Гүлназ.
Оның айтуынша, өнер мектебінде қызының тыңдалым нәтижесін көрсетпеген. Мектеп өкілдері нәтиже Instagram парақшасында жарияланатынын мәлімдеген. Ал көрші кабинетте қобыз сыныбына балаларды қабылдап жатқанда, басқа бір анаға бағалар жазылған емтихан парағын бірден көрсеткен.
Гүлназ қызын жекеменшік студияға бергісі келмейді. Өйткені оған диплом берілетін жүйелі музыкалық білім қажет.
Астанада мұндай мамандандырылған мемлекеттік музыка мектебі үшеу ғана. Олар - Сарыарқа ауданындағы №1 балалар музыка мектебі, Байқоңыр ауданындағы Роза Бағланова атындағы №2, Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектептері. Бұдан бөлек, музыкамен қатар басқа да бағыттар бойынша білім беретін екі мемлекеттік өнер мектебі бар.
Гүлназдың қызы екі мектепте қабілетін тексеретін сынақтан өткен. Анасының айтуынша, қызын оқуға қабылдауға дайын болған, бірақ фортепиано емес, қобыз сыныбын ұсынған.
"Қызым музыкаға қабілетті, ырғақты жақсы сезінеді, есту қабілеті де өте жақсы. Мұны анасы ретінде емес, музыка педагогі ретінде айтып отырмын", – дейді Гүлназ.
Үшінші мектепте тек хор бөліміне қабылдау үшін сынақ өткізілген. Гүлназ кетуге жиналғанда, қызы жылап жіберген. Өйткені ол дәл осы мектепте оқығысы келген. Ақыры екеуі қайта оралып, қыз хорға қабылданған.
"Меніңше, Астанаға үш музыка мектебі өте аз", - дейді ол.
Гүлназдың оқиғасы баласын белгілі бір музыкалық бағытқа бергісі келетін ата-аналар қандай қиындыққа тап болатынын көрсетеді. Білім басқармасының мәліметі де елордадағы музыка мектептеріне түсетін жүктемі жоғары екенін растайды.
Концертсіз-ақ аншлагАстана қаласы білім басқармасының 2026 жылғы қазандағы мәліметі бойынша елордада үш мемлекеттік балалар музыка мектебі жұмыс істейді.
Астанадағы мемлекеттік музыка мектептерінің ғимараттары. Сурет және коллаж: Сымбат Имашева
Жиынтық жобалық сыйымдылығы 1 890 орын болатын үш мектепте барлығы 2 737 оқушы білім алады. Айырмашылық - 847 адам.
Дегенмен бұл сандар 850-ге жуық бала ғимаратқа сыймай жатыр дегенді білдірмейді: музыка мектептері бірнеше ауысыммен жұмыс істей алады, ал әртүрлі пәндер бойынша сабақтар бөлек кестемен өтеді. Бірақ бұл дерек екі мекеменің ғимараты қаншалық қарқынды пайдаланылып жатқанын көрсетеді.
Мемлекеттік музыка мектебіне тыңдалым нәтижелері бойынша түсуге болады. Білім басқармасы мұндай мектептерге оқуға түсу үшін ваучерлік кезек қарастырылмағанын мәлімдеді. Балалар музыкалық қабілетіне қарай іріктеледі.
2015 жылдан 2023 жылға дейін №3 БММ-ны басқарған, ал қазір жеке студиясы бар Сергей Лизунковтың айтуынша, тыңдалым әдетте тамызда өтеді. Балалардың есту қабілеті мен ырғақты сезінуі тексеріледі.
"Бір орынға шамамен 5-7 баладан келеді. Фортепиано мен эстрадалық вокал сияқты ең танымал бағыттарда бәсекелестік өте жоғары", - дейді ол.
Бұл - Астананың барлық музыка мектебі бойынша ресми статистика емес, бұрынғы директордың берген бағасы. №1 БММ байқау туралы мәлімет бере алмады. Мектеп директоры Жанар Қалиева оқуға қабылдау жөніндегі жалпы ақпарат білім басқармасында екенін айтып, сол мекемеге жүгінуге кеңес берді.
Осылайша, үш мектеп бойынша әр орынға үміткерлердің нақты санын анықтау мүмкін болмады.
Орын неге тапшы?Мұның бірнеше себебі бар. Біріншісі - музыкалық білімге деген сұраныс.
"Әрине, сұраныс артты", - дейді Сергей Лизунков.
2018 жылдан бері Астанада сабақ беріп келе жатқан эстрада вокал педагогі Инна Цой музыкамен айналысуға деген қызығушылық тек балалар арасында емес, ересектер арасында да артып келе жатқанын байқаған. Оның айтуынша, адамдар музыканы кәсіби мансапқа жетудің жолы ретінде ғана емес, есте сақтау, зейін қою және қимыл-қозғалысты үйлестіру қабілетін дамытудың тәсілі ретінде де қарастыра бастаған.
Бұл ретте ата-аналардың уәжі әртүрлі, олар сауалнама барысында өз ойын бөлісті.
Гөзәл Мырзағұлова қызы Айлинді бес жасында вокалға берген. Бұған қыздың вокзалдағы адам лық толы лифтіде еш қысылмай ән салғаны себеп болған. Қазір Айлин он жаста. Ол жекеменшік студияда білім алып, түрлі байқауда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Айлин. Гөзал Мырзағұлованың жеке мұрағатынан алынған сурет
Эльвира Өмірбекова бес жасар қызын домбыра, фортепиано немесе скрипка үйірмесіне беруді жоспарлап отыр. Ол қызының музыкаға қабілетін байқап көргісі келеді.
Ал Жанар Мерғалиева кейде ата-аналардың балаларын түрлі үйірмеге беруге ұмтылуына өзге ата-аналардың қысымы әсер етеді деген пікірде.
"Қалайша сенің балаң ешқайда бармайды? Бәрі апарады, демек, сен де міндеттісің, әйтпесе жаман анасың", - дейді Жанар аналар арасында қалыптасқан жазылмаған қағиданы сипаттап.
Инна Цой ата-аналар балаларына түрлі үйірмені байқап көруге мүмкіндік беруінен еш әбестік көрмейді. Өйткені бала бір іспен айналысып көрмейінше, өзіне не ұнайтынын біле бермейді.
Алайда баланың музыкаға ынтасы болған күннің өзінде оны оқытуға мүмкіндік шектеулі.
Бұрын балалар төсегі тұрған жерде қазір пианино тұрАстанадағы үш мемлекеттік музыка мектебі де қаланың оң жағалауында орналасқан.
Сергей Лизунковтың айтуынша, бұл мекемелер бастапқыда музыкалық білім беруге арналмаған, кейін мектепке бейімделген ғимараттарда жұмыс істейді. Мәселен, №1 балалар музыка мектебінің қабылдау бөлмесіндегілер бұрын бұл ғимаратта балабақша болғанын растады.
Бір кездері балалар күндіз ұйықтайтын төсектер тұрған бөлмелерге қазір пианино қойылған.
"Мәселені жалпы білім беретін мектептерде филиалдар ашу арқылы шешіп жатыр. Бірақ бұл ең тиімді жол емес. Өйткені ондай мектептердің өзінде оқушы көп, сондықтан бізге сынып бөліп беру оларға да қиын", - деп түсіндірді Лизунков.
Айта кетейік, 2012 жылы Екібастұзда жеке концерт залы бар Глинка атындағы балалар музыка мектебі ашылған.
Екібастұздағы Глинка атындағы балалар музыка мектебі. Сурет: akorda.kz
"Мысалы, Екібастұзда керемет музыка мектебі салынды. Ал Астанада әлі күнге дейін үлкен, беделді музыка мектебі неге жоқ екені мен үшін жұмбақ. Балалар жаңа аспаптарда ойнап, жақсы концерт залында өнер көрсете алатын мектеп болса ғой", - дейді Лизунков.
Ғимараттардың айырмашылығы суреттерден де анық байқалады. Екібастұздағы музыка мектебінде арнайы жабдықталған бөлмелер мен концерт залы бар. Ал елордадағы балалардың бір бөлігі музыкалық білім беруге бейімделген ғимараттарда оқиды.
Алайда мәселе тек ғимараттарда емес.
Мұғалім жетіспейді. Онда неге сағаттары қысқарады?Астана қаласының білім басқармасы елордадағы музыка мектептеріне шамамен 45 педагог жетіспейтінін хабарлады.
Сұранысқа ие мамандар қатарында:
концертмейстерлер, домбыра, фортепиано, скрипка, гитара, сольфеджио, кларнет, жетіген, қобыз, флейта және вокал оқытушылары бар.Басқарма мәліметінше, бос жұмыс орындарына маман табу оңай емес. Кейбір үміткерлер біліктілік талаптарына сай келмесе, енді бірі жұмыс кестесі мен жалақысына байланысты ұсыныстан бас тартады.
Ал бос сағаттар мектепте жұмыс істейтін мұғалімдер арасында бөлінеді. Кейбір пәндер бойынша олардың апталық жүктемесі тоғыз сағатқа немесе одан да көп уақытқа артады.
Алайда мұғалімдердің өздері жағдай басқаша екенін айтып отыр.
Оқытушылардың пікіріThreads желісінде педагогтер балаларды қабылдауға маман тапшылығы ғана емес, оқу жүктемесінің қысқаруы да кедергі екенін жазған. Олардың айтуынша, бұрын аптасына 40 сағатқа дейін жұмыс істеуге мүмкіндік болған. Кейін бұл көрсеткіш 36 сағатқа, ал қазір көбіне 27 сағатқа дейін қысқарған.
Бір қарағанда, мұнда қайшылық бар сияқты. Білім басқармасы мұғалім жетіспейтінін айтса, педагогтердің өздері сабақ сағаттары аздығына шағымданады.
Мұның бір себебі жүктемені бөлу ережелерінде болуы мүмкін.
"Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің айлық жалақысын есептеу үшін апталық нормативтік оқу жүктемесі 18 сағат деп белгіленген. Бір жарым ставка 27 сағатқа тең. Мұғалімдер айтып отырған шектеу де осы.
Алайда 45 бос жұмыс орнының бәрі қазіргі мұғалімдердің сабақ сағаттарын қысқарту салдарынан пайда болды деуге бұл мәлімет жеткіліксіз. Ол үшін қай мамандықтар бойынша бос орын барын, қанша штатқа маман табылмағанын және оқу жүктемесі қалай бөлінетінін білу қажет.
Әзірге бір нәрсе анық: маман тапшылығы мен оқу жүктемесіне қойылған шектеулер музыка мектептерінің жаңа оқушыларды қабылдау мүмкіндігіне әсер етеді.
Мәселе жалақыға да тіреледі.
Электрон еңбек биржасында №1 және №3 балалар музыка мектептерінің фортепиано, домбыра, кларнет мұғалімдері мен концертмейстерлерге арналған бос жұмыс орындары жарияланған. Ұсынылатын жалақы 137 мыңнан 257 мың теңгеге дейін жетеді. Ал елордадағы өнер мектептері педагогтерге 150-200 мың теңге аралығында жалақы ұсынады.
Жекеменшік студиялардың хабарландыруларында 400-500 мың теңгеге дейін жалақы ұсынатын орындар да кездеседі. Дегенмен мемлекеттік мектептер мен жекеменшік ұйымдардың жұмыс шарттары, жүктемесі және мамандарға қоятын талаптары әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан бұл сомаларды тікелей салыстыру дұрыс емес.
Лизунков еңбекақы төлеу жүйесіне де назар аударды.
Оның айтуынша, музыка мектептерінің мұғалімдері B3 санатына жатады. Ал жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері одан жоғары B2 санатына енгізілген.
"B3 санатына бұрынғы пионер жетекшілері, үйірме және бос уақытты ұйымдастыру қызметі жатады. Менің көзқарасымша, бұл тәсіл дұрыс емес", - дейді ол.
Музыкалық білім берудің тағы бір ерекшелігі бар: жеке сабақтарға мұғалімнің әлдеқайда көп уақыты қажет.
"Жалпы білім беретін мектепте бір мұғалім 20-30 оқушыға сабақ береді. Ал музыка мектебінде бір мұғалім бір баламен жеке жұмыс істейді. Концертмейстер қажет болса, бір балаға 40 минут бойы екі педагог қатар сабақ береді", - деп түсіндірді Лизунков.
Сондықтан оқушылар санын көбейту үшін қосымша кабинеттер ғана емес, мұғалімдер, музыкалық аспаптар мен қаржы да қажет.
Музыка мектебінде орын болмаса, қайда баруға болады?Баласы мемлекеттік музыка мектебіне түсе алмаған ата-аналар жекеменшік студияларға немесе үйірмелерге жүгіне алады.
Мұндай үйірмелердің кейбіріне мемлекеттік ваучер арқылы тегін қатысуға болады. Алайда мемлекеттік музыка мектебіне түсу мен қосымша білім беру ұйымындағы сабақтарға ваучер алу екі бөлек жүйе екенін ескеру қажет.
Бұл екеуі - екі бөлек механизм.
Астанада ваучерлік жүйе бойынша 600-ге жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Қаржыландыру көлемі - бір балаға айына 22 500 теңге. Пилоттық жоба басталғалы елордада үйірмелер мен секцияларға 42 мыңнан аса ваучер берілген. Олар тек музыкаға емес, спорт, өнер және басқа да бағыттарға арналған.Оқу-ағарту министрлігі дерегінше, кезекте 65 мың бала тұрған.
Өтінішті Qosymsha порталы арқылы беруге болады.
Бірақ ваучер алу да оңай шаруа болмауы мүмкін.
Аты-жөнін жарияламауды өтінген ата-аналардың бірі 2026 жылғы 18 тамызда өтініш берген. Тексеріс кезінде оның сегіз жастағы қызы жалпы кезектегі 15 981 баланың арасында 13 706-орында тұрған. Яғни ваучер алу үшін оның алдында 12 мыңнан аса бала кезек күтіп тұрған.
Бұл жерде тек музыка кезегі туралы емес, сурет салу, робототехника, шахмат және басқа да сабақтар кіретін жалпы дамыту бағыты туралы сөз болып отыр.
Ата-ана жеке кабинетінде кезек қайта реттелетін күнді көрген. Онда 2027 жылғы 31 тамыз деп көрсетілген.
Ата-ана ұсынған Qosymsha порталындағы өтініштің скриншоты
Qosymsha қолдау қызметі мәліметінше, сол күні балалардың жасы мен санаттары ескеріліп, кезек жаңартылады.
Алайда бұл отбасы ваучерді міндетті түрде 2027 жылғы тамызға дейін күтеді деген сөз емес. Көрсетілген күн орын берілетін уақытты емес, кезек келесі жолы қайта есептелетін мерзімді білдіреді.
Қолда бар мәліметке сүйеніп, бала нақты қанша уақыт күтетінін анықтау мүмкін емес.
Ал күткісі келмейтін ата-аналар балаларының оқу ақысын өздері төлейді.
2026 жылғы қазанның соңындағы үш жекеменшік студияның бағасына сәйкес Астана мен Алматыда вокал немесе фортепиано бойынша айына сегіз жеке сабақтың құны 50 мыңнан 82 мың теңгеге дейін жетеді. Сұранысқа ие педагогтен білім алу немесе аптасына үш сабақ өту 106-120 мың теңгеге жетуі мүмкін. Неғұрлым қолжетімді нұсқа - шағын топтар. Сегіз сабақ шамамен 25 мың теңге тұрады. Мұндай топтарда бір мұғалім бес балаға дейін сабақ береді. Жекеменшік студия музыка мектебін алмастыра ала ма?Инна Цойдың айтуынша, мемлекеттік музыка мектебі жүйелі білім береді: міндетті пәндер, бірізді бағдарлама және оқу нәтижесіне қойылатын талаптар бар.
Жеке студияда еркіндік көбірек. Бағдарламаны нақты баланың қызығушылығы мен қабілетіне қарай бейімдеуге болады.
"Бірақ мұнда көп нәрсе мұғалімнің өзіне байланысты. Өйткені өзі білімін жетілдіруді тоқтатқан педагог белгілі бір уақыттан кейін шәкірттерінің де дамуын тежей бастайды", - дейді ол.
Бала болашақта музыканы кәсіби түрде меңгергісі келсе, жүйелі дайындық пен музыка мектебін бітіргені туралы құжат маңызды болуы мүмкін. Ал мақсаты сүйікті әндерін орындауды немесе өзі үшін музыкалық аспапта ойнауды үйрену болса, жақсы жекеменшік студия да жарайды.
Алайда Гүлназ сияқты баласына толыққанды музыкалық білім бергісі келетін ата-аналардың таңдау мүмкіндігі әлі де шектеулі.
Жаңа мектептер қашан ашылады?Білім басқармасы халық саны өсуіне, көші-қонға және Астанадағы қарқынды құрылысқа байланысты қалаға тағы бір мемлекеттік музыка мектебі қажет екенін мойындайды.
Оны Нұра ауданында ашу жоспарланған, алайда құрылыс мерзімі нақтыланбаған.
Әзірге билік жұмыс істеп тұрған мекемелердің мүмкіндігін кеңейтіп жатыр.
2026 жылғы тамызда №1 балалар музыка мектебі 100-150 балаға арналған жаңа филиалын ашты. Онда домбыра мен қобыз, эстрадалық вокал, хореография үйретіледі.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек 2026 жылғы ақпанда тағы бір музыка мектебі туралы хабарлаған болатын.
Ол Instagram парақшасында Сығанақ көшесі, 17/41 мекенжайында жеке инвестиция есебінен музыка мектебін салу жоспарланып жатқанын жазған.
Шынында да, ғимарат бой көтерді. Алайда 2026 жылғы наурызда бұл мекенжайда мемлекеттік музыка мектебі емес, сабақ құны айына 50 мың теңгеден басталатын жеке креативті индустриялар мектебі ашылды. Мектептің ақпараты бойынша ваучерлермен оқу мүмкіндігі 2027 жылы енгізілуге тиіс.
Осылайша, жаңа жекеменшік білім беру ұйымы ашылуы елордадағы қосымша білім алу мүмкіндігін кеңейтті. Бірақ арнайы оқу бағдарламасы мен оны аяқтағаны туралы құжат қажет отбасылар үшін мемлекеттік музыка мектебінің орнын баса алмады.
Сергей Лизунков қалаға музыкалық білім беруге арналған үлкен мекеме қажет деген пікірде.
"Үлкен ғимарат салу керек немесе бар ғимаратты музыка мектебіне беру керек", - дейді ол.
Ал әзірге ата-аналар бос орын іздеп, музыкалық аспаптар мен оқу бағыттарының бірін таңдауға мәжбүр. Бірі ваучер күтсе, енді бірі жекеменшік студиялардың ақысын өз қалтасынан төлейді.
Гүлназ Ахметова қызы фортепианода ойнауды үйренгенін қалаған еді. Қызы музыка мектебіне түсті, бірақ хор бөліміне қабылданды.
Қазір ол хорда ән айтады. Ал фортепианода ойнауды үйрену мәселесі әлі шешілмеді.
Авторы: Сымбат Имашева - студент, 14 жылдан бері вокалмен кәсіби түрде айналысады, скрипка мен фортепианода ойнайды, "Балалар дауысы" және X-Factor жобаларына қатысқан.
Дисклеймер: Бұл материалды Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің MNU Newsroom студенті Tengrinews.kz-пен ынтымақтастық аясында дайындады. Ақпараттың шынайылығына автор жауап береді. Редакция ұстанымы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:76
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Қараша 2026 14:07 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















