Утильалымға 10 жыл: Қазақстан көлік импорттайтын елден өндіруші елге айналды ма
Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазақстанда трактор, автобус және арнайы техниканың өндірісі мен импорты туралы деректер жарияланғанымен, олардың ішкі нарықтағы орташа сатылым көлемі туралы толық ресми статистика жоқ. Ұлттық статистика бюросы бөлшек саудадағы нақты ақша айналымын көліктің түрлері бойынша толық ашпайды.
Ал жеңіл автокөлікке қатысты үш негізгі көрсеткіш – импорттың кедендік құны, отандық өндіріс құны және бөлшек саудадағы сатылым көлемі ресми статистикада бар. Бұл олардың баға динамикасын салыстыруға мүмкіндік береді.
Материалда келтірілген 2015 жылғы және 2025 жылғы өндіріс, импорт, жұмыспен қамту, жалақы және автопарк құрылымы туралы деректер Ұлттық статистика бюросының толық 12 айға арналған ресми қорытынды статистикасына негізделген.
2025 жылғы бөлшек сауда құрылымы бойынша толық жылдық дерек әлі жарияланбағандықтан, баға динамикасын салыстыруда соңғы толық статистикалық жыл ретінде 2024 жылғы көрсеткіштер пайдаланылды.
Жеңіл көлік бағасы инфляция қарқынынан 1,9 есе жылдам өскенМемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне қарағанда, 2015 жылы Қазақстанға 67 055 жеңіл автокөлік импортталған. Олардың жалпы кедендік құны 1 млрд 142 млн 560 мың долларға жеткен. Орташа баға – 17 040 доллар. Бұл сол кездегі орташа бағаммен 3 млн 793 мың теңгеге тең болды.
Ал 2024 жылы Қазақстанға 144 361 жеңіл автокөлік импортталған. Олардың жалпы кедендік құны 2 млрд 269 млн 310 мың доллар болған. Орташа импорт бағасы – 15 719 доллар. Бұл 2024 жылғы орташа бағаммен 7 млн 388 мың теңгеге тең болды. Осылайша автокөлікті импорттаудың орташа бағасы 3,79 млн теңгеден 7,39 млн теңгеге дейін өсіп, 1,95 есе артқан.
Коллаж: Kazinform/ Nano banano
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2015 жылы Қазақстанда 12 453 жеңіл автокөлік жасалған. Олардың жалпы өндіріс көлемі ақшаға шаққанда 82 млрд теңге болған. Орташа өндіріс құны – 6 млн 586 мың теңге немесе 28 660 доллар.
2024 жылы Қазақстанда шамамен 134 мың жеңіл автокөлік жасалды. Олардың жалпы өндіріс көлемі ақшалай есептегенде шамамен 1 трлн 890 млрд теңге болған. Орташа өндіріс құны – 14 млн 100 мың теңге немесе 30 мың доллар. Осылайша отандық автокөліктің өндірістегі өзіндік құны 6,586 млн теңгеден 14,1 млн теңгеге дейін өсіп, 2,14 есе артқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2015 жылы Қазақстанда жаңа жеңіл автокөліктердің бөлшек саудадағы жалпы сатылым көлемі 186 млрд 594 млн теңге болған. Қазақстан автокөлік одағының деректеріне сүйенсек, сол жылы 97 446 жаңа жеңіл автокөлік сатылған. Орташа сатылым бағасы – 1 млн 915 мың теңге немесе 8 600 доллар.
2024 жылы жаңа жеңіл автокөліктердің бөлшек саудадағы жалпы сатылым көлемі шамамен 1 трлн 860 млрд теңгеге жеткен. Сол жылы шамамен 205 мың жаңа жеңіл автокөлік сатылған. Орташа сатылым бағасы – 9 млн 070 мың теңге. Бұл - шамамен 19 300 доллар деген сөз. Осылайша ішкі нарықтағы жеңіл автокөліктің орташа сатылым бағасы 1,91 млн теңгеден 9,07 млн теңгеге дейін өсіп, 4,74 есе артқан.
Өндіріс құны мен бөлшек баға арасында логистика, дилерлік үстемеақы және қаржыландыру шығындары сияқты қосымша факторлар бар.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2015–2024 жылдар аралығында жинақталған инфляция шамамен 2,5 есе өсті.
Ұлттық банк деректері бойынша, теңгенің долларға шаққандағы орташа жылдық бағамы 2015 жылғы 222 теңгеден 2024 жылы 456 теңгеге дейін әлсіреп, шамамен 2,05 есе өзгерді, яғни 2015-2024 жылдары автокөлік бағасының өсімі инфляциядан да, теңге бағамының өзгерісінен де жылдам болды.
Инфографика: Kazinform
Ұлттық статистика бюросы мен халықаралық автомобиль ұйымдарының деректеріне сәйкес, утильалым енгізілгенге дейінгі 2005-2015 жылдары жаңа автокөліктің орташа бағасы 904 мың теңгеден 1,91 млн теңгеге дейін өсіп, 2,12 есе артқан. Осы кезеңдегі жинақталған инфляция 2,03 есе болған, яғни автокөлік бағасы инфляциямен шамалас қарқынмен өскен. Ал 2015-2024 жылдары автокөлік бағасы инфляциядан 1,9 есе жылдам өскен.
Айлық VS көлік бағасыҰлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2015 жылы Қазақстанда бүкіл салалар бойынша орташа айлық шамамен 126 мың теңге болды. Ал бұған дейін келтірілген сандардан жеңіл автокөліктің орташа бағасы 1 млн 915 мың теңге болғанын есептеп шығаруға болады. Демек, сол кезде орта табысы бар қазақстандық жеңіл көлік сатып алу үшін шамамен 15 айдың еңбақысын жұмсау керек болған.
2025 жылы ел бойынша орташа айлық 429 мың теңгеге жетсе, жаңа автокөліктің орташа бағасы 9 млн теңгеден асты. Демек, орташа айлық алатын қазақстандық үшін жаңа көлік сатып алу құны 15 айлық табыстан 22-23 айлық табыс деңгейіне дейін ұлғайған. Бұл сандар Kolesa.kz сайтындағы жаңа автокөліктер бағасының архивтік деректерімен де (2015 және 2024 жылғы) сәйкеседі.
Импорт VS отандық өндіріс2015 жылы Қазақстанда жаңадан тіркелген жеңіл автокөлік саны 79 508 көлік болған. Оның 67 055-і импортталса, 12 453-сі ел ішінде жасалған. Пайызға шақсақ, импорт үлесі - 84%, отандық өндіріс үлесі 16% болған.
2025 жылы импорт пен отандық өндірістің жиынтық көлемі 388 929 көлік болды. Оның ішінде 229 985 көлік импортталып, 158 944 көлік Қазақстанда жасалған. Демек, утильалым енгізілген 9 жылдың ішінде импорт үлесі - 59%, ал отандық өндіріс үлесі 41% болып отыр.
Инфографика: Kazinform
Бұл нені көрсетеді?
2015-2025 жылдар аралығында:
• импорт көлемі 67 055-тен 229 985-ке дейін өсті;
• отандық өндіріс көлемі 12 453-тен 158 944-ке дейін өсті;
• импорт пен отандық өндірістің қосындысы 79 508-ден 388 929-ға дейін ұлғайды.
Осылайша отандық өндірістің үлесі 16%-дан 41%-ға дейін өсіп, импорт үлесі 84%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Абсолют санмен алсақ, импорт 10 жыл ішінде қысқарған жоқ, керісінше өскен. Ал отандық өндіріс көлемі 10 еседен жоғары қарқынмен өскен. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде саланың ақшалай өндіріс көлемі 27 еседен астам ұлғайған.
Ұлттық статистика мәліметі бойынша, автомобиль бөлшектері мен керек-жарақтар өндірісі 2015 жылғы 172,9 млн теңгеден 2025 жылы 395,1 млн теңгеге дейін өсіп, шамамен 2,3 есе артқан.
Ал осы кезеңде шиналар, дизель қозғалтқыштары, қозғалтқыш бөлшектері мен автокөлік компоненттерінің импорты 315,7 млн доллардан 1,9 млрд долларға дейін өсіп, шамамен 6 есе ұлғайған. Бұл өндіріс көлемі артқанымен, негізгі компоненттер бойынша импортқа тәуелділік сақталғанын және саланың локализация деңгейі әлі де шектеулі екенін көрсетеді.
Коллаж: Kazinform/ Nano banano
Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, «Автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндіру» саласында жұмыспен қамту айтарлықтай артқан. 2015 жылы салада 1 995 адам жұмыс істесе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 9 745 адамға жеткен. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы осы кезеңде 138 мың теңгеден 570 мың теңгеге дейін өсіп, шамамен 4 есе артқан.
Автопарк жасарды ма?Ұлттық статистика бюросының дерегіне көз салсақ, 2015 жылдың қорытындысында Қазақстанда тіркелген 3,86 млн жеңіл автокөліктің 57,8 пайызының шығарылғанына (2,23 млн) 10 жылдан асқан еді. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша (12 айдың статистикасы әлі жарияланған жоқ) автопарк 6,46 млн көлікке дейін ұлғайғанымен, оның 67 пайызы (3,75 млн) 10 жылдан ескі. Осылайша соңғы 10 жылда ескі көліктердің саны да, үлесі де артқан. Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде есептегенде, жеңіл автокөліктің орташа жасы 2015 жылы шамамен 11,4 жыл болса, 2025 жылы 14,5 жылға дейін өскен.
2024 жылы Премьер-министр Олжас Бектенов депутат сауалына берген жауапта 2022 жылы утильалым құнын 50 пайыз арзандату салдарынан Қазақстанға әкелінетін ескі көліктер саны қайта артқанын атап өтті.
Инфографика: Kazinform
Утильалымнан жиналған қаражат
Еске салайық, 2016 жылы утильалым базалық мөлшерлеме (50 АЕК) мен қозғалтқыш көлеміне байланысты коэффициент арқылы есептеліп енгізілді. 2022 жылы коэффициент 50 пайызға төмендетілгенімен, АЕК-тің жыл сайын өсуі төлем көлемін қайта ұлғайтты. Қазір 3 литрлік қозғалтқышы бар көлік үшін утильалым шамамен 2,5 млн теңгеге жетеді.
Импортталған ауыл шаруашылығы техникасы мен автобустардан, жүк көліктерінен де утильалым алынады.
2022 жылы «Оператор РОП» ЖШС-нің орнына «Жасыл даму» АҚ келді. Сол кезде алдыңғы оператор утильалым арқылы 691 млрд теңгеден астам қаражат жинағаны, оның жартысына жуығы ғана елдегі көлік құрастыратын зауыттарды қолдауға бағытталғаны белгілі болды. Осы шудан кейін жиналған қомақты ақшадан тағы 100 млрд теңге бөлініп, 4 пайыздық автонесие қайта жанданды.
«Жасыл даму» акционерлік қоғамының бізге берген дерегіне қарасақ, 2022-2025 жылдары утильалым есебінен жаңа оператордың шотына 1,13 трлн теңге түскен:
2022 жылы – 177,7 млрд 2023 жылы – 269,1 млрд 2024 жылы – 306,2 млрд 2025 жылы – 375,4 млрд теңге.Осы кезеңде қаражаттың 498 млрд теңгесі (шамамен 44%) отандық көлік пен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге бұрын төленген утильалымды қайтаруға бағытталған. Тағы 451,5 млрд теңге (шамамен 40%) «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыруға бөлінген.
Ал қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуға 2022-2025 жылдары 1,3 млрд теңге жұмсалған, бұл жалпы жиналған қаражаттың шамамен 0,11 пайызына тең. Сонымен қатар, оператор осы кезеңде республикалық бюджетке 73,5 млрд теңге дивиденд және 135,7 млрд теңге корпоративтік табыс салығын төлеген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы Қазақстанда 17 автомобиль бренді жасалса, 2025 жылы олардың саны 27-ге жеткен.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда кузовты дәнекерлеу және бояу сияқты технологиялық операцияларды қолдана отырып, ұсақ тораптық әдіспен (CKD) 8 брендтің 12 жеңіл автомобиль моделі жасалады. 2015 жылы Қазақстанда аккумулятор батареялары тек «Қайнар-АКБ» ЖШС кәсіпорнында жасалатын. 2025 жылы жеңіл автомобильдерге арналған келесі компоненттер өндірісі де жолға қойылды: автомобиль шиналары – «Tengri Tyres» ЖШС (Қарағанды облысы Саран қаласы); автомобиль орындықтары – «Almaty Autoparts Production» ЖШС (Алматы қаласы); мультимедиялық жүйелер – «Kazakhstan Mobility Engineering» ЖШС (Алматы қаласы), - деп жазылған министрлік жауабында.
Инфографика: Kazinform
Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2021-2024 жылдары отандық зауыттарда өндірілген көліктерді өткізу кезінде қосылған құн салығынан босату және импортталатын жинақтаушы бөлшектер бойынша ҚҚС жеңілдіктері арқылы бюджетке 1,31 трлн теңге түспей қалған.
ҚорытындыТүйіндесек, он жыл ішінде Қазақстанда жеңіл автокөлік өндірісі 12,7 есе өсіп, нарықтағы үлесі 16 пайыздан 41 пайызға дейін артты. Саладағы жұмыспен қамту 4,9 есе, орташа айлық жалақы 4,1 есе көбейді. Алайда осы кезеңде жаңа автокөлік бағасы 4,74 есе қымбаттап, инфляциядан 1,9 есе жылдам өсті, автопарктің орташа жасы 11,4 жылдан 14,5 жылға дейін ұлғайды. 2022-2025 жылдары утильалымнан 1,13 трлн теңге жиналды. 2021-2024 жылдары ҚҚС жеңілдіктері есебінен бюджетке 1,31 трлн теңге түспеген. Мұндай саясат өндірісті өсіргенмен, көлікті қолжетімді ете түсіп, автопаркті жаңартуда айқын нәтиже берді деу қиын. Соған қарамастан, соңғы 10 жылда өндіріс инфрақұрылымы мен мамандар базасы айтарлықтай кеңейген.
Еске салсақ, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта «Жасыл даму» қаражатын орман техникасын сатып алуға пайызсыз беру мүмкін емес екенін айтқан еді.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:20
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 12 Наурыз 2026 12:38 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















