Ашылмай келген ақиқат: Пулеметті денесімен жауып, өзін құрбан еткен қай Боран Нысанбаев?
Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат ІІ дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске биыл 80 жыл толды. Осыған орай жұртшылық назарына Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаев туралы жаңа архивтік деректерді ұсынып отырмыз.
Орел облысы, Покровск ауданы, Никольское деревнясындағы Боран Нысанбаев Арыстантегі жерленген Бауырластар қорымы.
«Матросовшылар» деген кімдер?
Ұлы Отан соғысында Кеңес әскерлері қан майданда талай жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Ерекше ерліктің бірі жауынгерлердің жаудың атыс ұясын өз денелерімен жауып, қаза табуы.
Соғыс жылдарында ДЗОТ-тардағы пулеметтердің аузын денесімен жауып, кеңес әскерлерінің ілгері шабуылдауына жағдай жасаған жауынгерлерді әдетте «матросовшылар» деп атаған. Себебі, осындай ерліктің біреуін 19 жасар қызыләскер Александр Матросов жасаған. Ол 1943 жылдың 27 ақпанында Калинин облысына қарасты Чернушки деревнясын жаудан азат ету үшін болған ұрыста өзінің денесімен жау ДЗОТ-ның аузын жауып, кеңес әскерлерінің ілгері жылжуына мүмкіндік берген, сол жерде өзі де қаза тапқан. Қызыләскердің осындай ерекше ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Соғыс барысында А.Матросов сияқты ерлік жасаушы офицерлер мен солдаттар саны 470 тен асқан. Дейтұрғанмен, Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі 80-жыл ішінде соғыс тарихын зерттеушілер А.Матросовтың ерлігін одан бұрын да жасаған жауынгерлердің болғандығын дәлелдеді.
Солардың бірі – 1942 жылы қаңтар айында Гурьев облысы, Есбол (қазіргі Индер) ауданынан майданға аттанған қызыләскер Боран Нысанбаев Арыстантегі (Арыстан немересі – А.Ш.) еді.
Минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі жасаған ұлы ерлікБоран Нысанбаев Арыстан немересі 1918 жылы қазіргі Бақсай ауылдық округі (бұрынғы Орал губерниясы, Редут болысы, Бесарал ауылдық кеңесі ) аумағында дүниеге келген. Руы – Таз (Жастабан бөлімі). Әкесі – Арыстанов Нысанбай, анасы – Рәзия Өтеғалиева. Ол отбасындағы 4 ұл, 2 қыздың бірі. Ұрпақтарының айтуынша, Боран Таңдайда интернатта жатып, бастауыш білім алған. БЛКЖО мүшесі. Үйленген, әйелі – Ұрқия Дәлеуова.
(Никольское деревнясындағы Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев Арыстантегіне қойылған ескерткіш тақта. 12.06.2025)
Боран Нысанбаев Арыстантегі Есбол аудандық әскери комиссариатында есепте тұрғандықтан 1942 жылы 14 қаңтарда Есбол ауданының орталығы Кулагино ауылынан майданға аттанған. 1943 жылдың 13 ақпанында Боранның ағасы Ерші де майданға аттанады. Өкінішке орай, кейін екеуінен де хабар болмаған.
Бастапқыда оларды іздеу ешбір нәтиже бермеген, оның себебі – Атырау облыстық архивінен Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы деректер табылмаған.
Содан кейін ұрпақтары Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстық және Ресей Федерациясының Подольск қаласындағы әскери архивтерге хат жазып, «Память народа» сайтымен хабарласқан.
Сол Ресей Федерациясынан табылған деректерге сүйене отырып, Боран Нысанбаев Арыстантегінің жауынгерлік жолы туралы қысқаша мынаны айтуға болады:
1943 жылғы 6 ақпанда 48-Армияның, 137-атқыштар дивизиясы, 771-атқыштар полкі, 1-батальонының әскерлері Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясын фашистерден азат ету үшін шабуылға шыққан. 40 минуттық артиллериялық дайындықтан кейінгі кеңес әскерлерінің шабуылынан еш нәтиже болмаған. Себебі, жаудың ДОТ тәрізді етіп жасалынған мықты да үлкен ДЗОТ-ынан пулеметтер жоғарыдан оқ себелеп, жауынгерлердің ілгері жылжуына мүмкіндік бермеген.
Осы кезде 1-минометшілер ротасының минометшісі Боран Нысанбаев пулеметтердің себелеп тұрған оғының астымен 2 рет жау ДЗОТ-ына жақындап барып, гранаталар лақтырады. Бірақ, пулемет әлі де атылып тұрады. Содан соң, командирден пулеметтердің үнін өшіруге рұқсат алған Боран, өз денесін айналдыра гранаталармен байлап, қолына танкіге қарсы қолданылатын 2 граната алып, ДЗОТ-тың есігіне дейін жорғалап барып, есікті теуіп ашып, ішіне секіріп кіріп, гранаталарын лақтырады.
Жойқын жарылыс нәтижесінде пулеметтер түгелімен істен шығып, батальон жауынгерлері жау әскерлері орналасқан төбені басып алады. Тас-талқаны шыққан ДЗОТ-тың ішінен 28 неміс-фашист солдаттары мен офицерлерінің өліктері және комсомол мүшесі Боран Нысанбаевтың денесі табылады.
Архивтік деректерге үңілсек, 771-атқыштар полкінің командирі, подполковник А.И.Гордиенко Лески деревнясын жаудан азат етуде қаһармандық көрсеткен минометші – Исимбаев Буран деп көрсетеді. Неге Исимбаев Буран деген сұраққа былай деп жауап беруге болады. Ол мезгілде танкіге қарсы қолданылатын 2 гранатамен ДЗОТ-ты жарып, сол жерде өзі де қаза тапқан, денесі әбден пәршаланған қызыләскердің кім екенін анықтау қиынға соққан. Тек төсқалтасынан алынған, қанға малынған комсомолдық билеттің қалдығы негізінде құжат Исимбаев Буран деп толтырылған.
1943 жылдың 7 сәуірінде Исимбаев Буран «Кеңес Одағының Батыры» атағына (өлгеннен кейін) ұсынылған. Алайда, 48-армияның қолбасшысы генерал Романенко марапат бетшесіне:
«Орденом Отечественной войны 1-степени. Описать подвиг для родных и районных организаций, в армейскую газету» деген бұрыштама жазады. Сөйтіп, Буран Исимбаев 48-армияның 1943 жылғы 19 сәуіріндегі №26/Н бұйрығымен І-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (өлгеннен кейін) марапатталады.
Б.Исимбаевтың ерлігі армиялық газетте жарияланғаннан кейін, майдан штабы 1943 жылдың 14-мамырында оны, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынып, екінші рет «Марапат бетшесін» толтырады. Онда жоғарыда көрсетілген ерлік туралы жаза келіп, әскери қолбасшылар «Қызыләскер Буран Исимбаевты (өлгеннен кейін) «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады. Ұсынысқа 137-атқыштар дивизиясының командирі полковник Алферовтың, Армия қолбасшысы Армия генералы Рокоссовскийдің, Әскери кеңес мүшесі генерал-майор Телегиннің қолдары қойылады.
Осы ұсыныс негізінде 1943 жылғы 23 қыркүйекте КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Төрағасы М.И.Калининнің қолымен «Неміс-фашист басқыншыларымен күресте майданда командование тапсырмасын үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін қызыләскер Буран Исимбаевқа (өлгеннен кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін» деген указ шығады.
Осылайша, неміс басқыншыларының ажал оғын сеуіп, бас көтертпей қойған «аждаһа ДОТ-ын» құртып, сол жерде 25-ке енді ғана толған жасында өзін де құрбан еткен, комсомол мүшесі, батыр жауынгер Буран Исимбаев ерлігі айрықша құрметке ие болады.
Соғыстан кейінгі және 50-жылдарда Гурьев облысында іздестіру жұмыстары жүргізіліп, батырдың шын аты-жөні Боран Нысанбаев екендігі және оның туған жері Қазақ КСРы, Гурьев облысы, бұрынғы Есбол ауданы екендігі анықталады. Осыған орай 1963 жылы Батырдың аты-жөні түзетіліп, Л.И.Брежневтың қолы қойылған жаңа указ шығады. Онда былай деп жазылған:
«Кеңес Одағының Батырына Грамота.
КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 23-қыркүйектегі жарлығымен неміс басқыншыларымен болған шешуші ұрыс кездерінде командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үздік орындап және бұл істе батылдық пен ерліктің асқан үлгісін көрсеткені үшін Нысанбаев Боранға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Төрағасы Л.Брежнев
КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының хатшысы М.Георгадзе
Москва, Кремль. 1963 жыл 10 маусым».
Енді біз бұдан былай минометші Буран Исимбаев демей, оны шын аты-жөнімен Боран Нысанбаев деп жазатын боламыз.
Осы жерде мына жағдайға назар аударғанымыз жөн болады:
Біріншіден, Боран Нысанбаев 1 жылда ерлігі үшін 2 рет марапатталған қызыләскер. Екіншіден, Кеңес Одағының Батыры қызыләскер А.Матросов өз ерлігін 1943 жылы 27 ақпанда жасаған болса ал, Б.Нысанбаевтың ерлігі А.Матросовтан 21 күн бұрын жасалған. Б.Нысанбаевты «матросовшы», яғни А.Матросовтың ерлігін қайталаған деуге еш негіз жоқ. Оған қоса, олардың жасаған ерліктерінің сыйпаты да 2 түрлі. Атап айтқанда, минометші Б.Нысанбаев ДОТ-тың ішіне кіріп, өзін жарып, қаза тапқан. Сөйтіп, 4 ротадан тұратын батальонға жол ашқан. Ал, А.Матросов болса, ДЗОТ амбразурасын кеудесімен жауып, пулемет үнін өшірген, өзі де қаза тапқан. Олай болса, керісінше А.Матросовты Б.Нысанбаев ерлігін қайталаған деуге болады.
Осылайша, Ұлы Отан соғысында қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, қаза тапқан Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы әскери өмірбаян толықтай қалпына келтірілді деп айтсақ та болар еді. Өкінішке орай олай болмай шықты.
1963 жылы Б.Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Л. И. Брежнев шығарған указдан кейін Ресейден Гурьев және Индер әскери комиссариатына өкілдер келіп, Боранның туысқандарына іздеу салған. Осы кезде Есбол (Индер) ауданы әскери комиссариатынан 1942 жылы қаңтар айында 2 Боран Нысанбаевтардың майданға шақырылғандығы белгілі болған.
Біріншісі - Боран Нысанбаев Арыстантегі, екіншісі – Боран Нысанбаев Мәстектегі. Екеуі де 1918 жылы туған. Екеуі де 48-ші армияның 137 атқыштар дивизиясы, 771 атқыштар полкінде фашистермен шайқасқан. Ал, 1943 жылы 6 ақпанда Лески деревниясын азат ету үшін болған сұрапыл соғыста минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі өшпес ерлік көрсетіп, қаза тапты. Құжаттардан атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегінің 1943 жылдың 16 ақпанында Шалимово деревнясы үшін болған ұрыста сол жақ құлағынан жараланғаннан кейін полк командирі А. И. Гордиенконың Боранның 1943 жылы 23 ақпанда госпитальға жіберілгендігі туралы шығарған №36 бұйрығын көруге болады. Боран 1943 жылдың 23 ақпанынан 2 наурызына дейін Тула қаласындағы №1145 госпитальда жатып, емделген. (РФ Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивінің филиалы әскери-медициналық құжаттар архиві. Санкт-Петербург қаласы. Жараланғандар мен ауруларды есепке алу картотекасы). РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі 8500, 8511 қорлардағы құжаттардан атқыш Боран Нысанбаевтың 1943 жылдың 6 мамырында 336 атқыштар дивизиясының 1130 атқыштар полкінде мина тасушы болғанын көреміз. Құжаттарда былай деп көрсетілген: «1918 жылы Гурьев облысы, Есбол ауданы, Қаңбақты ауылдық кеңесінде туып,1942 жылдың 6 қаңтарында майданға алынған Боран Нысанбаев Мәстектегі 1943 жылғы 14 желтоқсанда Житомир облысы, Малин ауданы, Федоров деревнясы үшін болған соғыста қаза тапқан». (РФ ҚМОА,ҚБ.1651, Т.2,ІС 25,П.16).
Батыр Грамотасын тапсыру үшін, сол кездегі тәртіп бойынша екі Боранның да жанұялық жағдайы тексерілген. Тексеру барысында минометші Боранның ағасы Ерші сол кезде 7 жылға бас бостандығынан айрылғандығы анықталған. Осы жағдай, яғни Боран Нысанбаев Арыстантегінің жанұясында сотталған ағасының болуы, оның ата-анасына Батыр атағын тапсыруға кедергі келтірген.
Осылайша, Кеңес Одағының Батыры атағының Грамотасы 1943 жылғы 6 ақпанындағы Лески деревнясын жаудан азат етуге еш қатысы жоқ қызыләскер атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегінің отбасына тапсырылған. Мәстеков Нысанбай алғашқыда Батыр Грамотасын алмағанмен, екінші барғанда қабылдап алған. Соған орай құжаттар да түзетіледі. Атап айтқанда, 137 атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінің жауынгерлер мен сержанттарды есепке алу кітабында (РФ ҚМОА. Қ.7427, Т.580869с, І.4, П.5023) түзету бар екені байқалады. Әуелі Боран Нысанбаев Мәстектегі 16.02.43 жылы жарақат алған деп жазылса (шындығы осы – А.Ш.), кейін ол құжат 06.02.43 жылы «өлген» деп түзетілген. Архив құжатын кім, қашан түзеткені белгісіз.
Нақтылап айтсақ, 2 Нысанбаевтардың арасындағы айырмашылықтарды аңғару қиын емес болатын. Атап айтқанда: Біреуі Арыстанов Нысанбайдың, екіншісі Мәстеков Нысанбайдың баласы. Туған жерлері – әртүрлі.
Арыстанов Нысанбайдың баласы комсомол мүшесі, ал Мәстеков Нысанбайдың баласы ешқандай қоғамдық ұйымға кірмеген.
Нысанбаев Боран Арыстантегі майданда минометші болса, Нысанбаев Боран Мәстектегі – атқыш болған.
Минометші Боран Нысанбаев 1943 жылы 6 ақпанда Орел облысындағы Лески деревнясы үшін болған шайқаста қаза тапса, атқыш Боран Нысанбаев 1943 жылы 14 желтоқсанда Житомир облысындағы Федоров деревнясын азат ету барысында қаза тапқан.
Қалпына келтірілген тарихи ақиқат2019 жылдан бастап минометші Боран Нысанбаевтың ұрпағы Гүлзада Әбілдаева атасының әскери өмір жолы туралы ресейлік мекемелерден деректер жинай бастаған. Оның айтуынша, Батыр Боран Нысанбаевтың жерленген жері туралы сұрақтарына Орел облыстық әскери комиссариатынан келген жауап та күтпеген оқиға болған. Осы кезге дейін жазылып келген Батыр Боран Орел облысы, Покровск ауданы, Дросково селосында жерленген деген ақпарат қате болып шыққан. Ол жерде де Лески деревнясы болғанымен, ол аумақ 1928-1963 жылдар аралығында Дросково ауданы деп аталған. Бертін келе Дросково ауданы таратылып, 1965 жылы оның жері Покровск ауданына берілген. Яғни, 1943 жылы ол аумақ – Лески деревнясы Дросково ауданы деп аталатын.
(Батырдың немере туысы Азамат Кенжешов батыр бабасы қаза тапқан жерде. 9.05.2025)
Боран сол жерде қаза болса «Марапат бетшесінде» Лески деревнясы Дросково ауданы деп жазылуы керек еді. Құжат бойынша, Батыр Боран 1943 жылы Лески деревнясы, Покровск ауданында қаза тапқан. Олай болса, батырдың Дросковода жерленуі мүмкін емес еді. Сол күмән расталып, Батыр ол жерде жерленбеген болып шықты, қабірге қойған белгі де қалай қойылғаны белгісіз.
Орел облыстық әскери комиссариаты Гүлзада Әбілдаеваға Боран Нысанбаевтың нақты жерленген жерін анықтау үшін МПО «Огненная дуга» мекемесінің басшысы Н. А. Андреевпен хабарласыңыз деп кеңес берген. Ал, Н.А.Андреевтің айтқаны мынау:
«2019 жылы елсіз қалған Лески деревнясында қазба жұмыстары басталды. Оған мынадай оқиға себепші болды. Сол жердің тұрғыны қарт әжей кенеттен немересі мен күйеу баласынан елсіз қалға Лески деревнясына апаруды талап етеді. Ол жерге барғасын бір төмпешікті көрсетіп, сол жерге ауылдастары соғыс кезінде қаза болған Кеңес жауынгерлерін жерлегенін айтады. Іздеушілер бола қалса, осы жерді көрсетуді аманаттайды. Бірнеше күннен кейін әжей қайтыс болады».
2019 жылдың жазында қазба жұмыстары жүргізіліп, сол жерден 232 Кеңес жауынгерлерінің мүрдесі табылады. Осы жерде Ресей Федерациясы Орел облысы Покровск аудан әкімшілігінің жақында ғана, дәлірек айтқанда, биылғы – 2025 жылдың 9 қаңтарында Гүлзада Әбілдаеваға жазған хатынан (№24 құжат) үзінді келтірсек:
«... На месте дер. Лески поднято 232 бойца и командира Красной Армии, погибших в период со 2 февраля по 12 февраля 1943 года... Списочно потери за дер. Лески совпали с количеством поднятых бойцов в яме.
В том числе среди поднятых находился и Герой Советского Союза Буран Нысынбаев (посмертно) (1918 - 6 февраля 1943) – минометчик 771-го стрелкового полка 137 – стрелковой дивизии 48 – Армии Брянского фронта».
Ал, Н. А. Андреев өз хатында былай дейді:
«Боранның денесін көтергенде, оны граната жарылысынан қалған іздерінен бірден таныдық. Монголоид, бет сүйегі қысқа, шашы қара, шинельсіз. Боран бет жағында жатты. Бұл шұңқырға ол соңынан әкелінген».
2025 жылғы 9 қаңтардағы хаттан мынадай жолдарды оқимыз:
«27 августа 2019 года поднятые останки бойцов и командиров Красной Армии были похоронены с подобающими воинскими и духовными почестями в братском захоронении в д. Никольское.
Имя Героя Советского Союза Бурана Нысынбаева внесено на гранитной плите на братском захоронении в д.Никольское вместе с именами погибших бойцов.
Отдельная мемориальная плита, увековечивающая память Б.Нысынбаева на братском захоронее в д.Никольское будет установлена к 9 мая 2025года.
Глава администрации района А.В. Решетников.». (Аудан әкімдігінің басшысы А.В.Решетниковтың жазбасына қосарымыз - Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев Арыстан немересіне ескерткіш тақта Бауырластар қорымына 2025 жылдың 12 маусымында қойылды - А.Ш).
Жоғарыда келтірілген барлық архивтік деректер 1943 жылғы 6 ақпанда Лески деревнясы үшін болған шайқаста теңдесі жоқ ерлік көрсеткен жауынгер минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі екендігін нақты дәлелдейді.
Батыр атағының Грамотасын тапсыру кезінде жіберілген қателіктерге екі Боранның да, олардың ата-аналарының еш кінәсі жоқ болатын. Атқыш Боран Нысанбаевтың ата-анасы Батыр Грамотасын сұрап алған жоқ, ал минометші Боран Нысанбаевтың ата-анасы баласының батырлығын дәлелдеуге мүмкіндіктері болмады. Тек еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана минометші Боранның ұрпақтары Батыр аталарын іздеу жолында аянбай тер төгіп, ақыр соңында мақсаттарына жетті. Бұл кештеу болса да ортамызға оралған тарихи шындық. Бұдан былай Атырау облысы және Республика жұртшылығы Боран Нысанбаевтың қайсысы Лески түбіндегі шайқаста өзін құрбан еткенін білетін болады.
Биылғы - 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Нысанбай Арыстанұлының шөбересі Азамат Кенжешов 82 жылдан соң Орел облысы аумағындағы Батыр бабасы жерленген Бауырластар қорымына барып, Атыраудан апарған туған жердің топырағын салып, өзінің ұрпақтық борышын абыроймен орындап қайтты.
Ендігі мақсат – бұдан 62 жыл бұрын, 1963 жылы жіберілген қателіктің себебін халыққа жан – жақты түсіндіру, сол арқылы Боран Нысанбаев Арыстантегінің ерлігін насихаттап, тарихи шындықты қалыптастыру, оның екінші, мәңгі өмірін жалғастыру. Сөйтіп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту барысында минометші Батыр Боранның ұлы ерлігі туралы тарихи-танымдық бағыттағы шараларды кеңінен жүргізу.
Аманкелді Шамғонов,
ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар Академисының академигі,
ҚР-ның үздік өлкетанушысы.
Соңғы жаңалықтар
Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен жаңартылады
Қоғам • Кеше
5 қаңтарда Қазақстанда қар жауып, көктайғақ болады
Ауа райы • Кеше
Елімізде енді оқушыларды жасанды интеллект репетиторлары оқытады
Білім • Кеше
Жер бетінде магниттік дауыл басталды
Ғылым • Кеше
Иранда жаппай наразылықтарға байланысты интернетке шектеу қойылды
Әлем • Кеше
8 мыңнан астам белсенді, 50-ге жуық ұйым: Астанада волонтерлік қызмет қарқынды дамып келеді
Волонтер • Кеше
БҚО-да ауа райына байланысты үш республикалық жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Венесуэлаға қарсы әскери операцияға 150 бомбалаушы, жойғыш және барлау ұшағы қатысқан
Әлем • Кеше
БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Венесуэладағы жағдайға байланысты шұғыл отырыс өткізеді
Әлем • Кеше
Ұлытау облысында жоғалған үш адам табылды
Қоғам • Кеше
Ақтауда жүргізушілер жол таңбаларының сапасына шағымданды
Аймақтар • Кеше
Аружан Сағандықова 7 млн теңгелік турнирде жеңіске жетті
Спорт • Кеше
2026 жылы Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам жол салынады
Үкімет • Кеше
Астанада мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия тапсырылды
Мәдениет • Кеше
Фаббинг деген не және ол не үшін зиян?
Қоғам • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:88
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Қаңтар 2026 23:20 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















