Ауладағы кемпірлермен сөйлесудің өзі эмоционалды күйзелісті басады Екатерина Миронова
Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
– Адамның депрессияда жүргенін қалай анықтауға болады? Ол өзі қандай категорияға бөлінеді?
– Адамның депрессияға түскенін бір ғана сипаттамамен анықтау мүмкін емес. Депрессия адам бойындағы көңіл-күйіне, мінез-құлқына, когнитивті және физикалық белгілердің жиынтығымен өлшенеді. Депрессия әшейін көңіл-күйдің болмауынан деп қабылдамауымыз керек. Көңіл-күйінің құлазып, салы суға кеткен күйі ұзаққа созылып, яғни 2 аптадай қалыпты өмір сүруінен қалса, осы алаңдатарлық жағдай. Нақты айтсақ, не нәрсеге зауқының болмауы, жабырқауы, енжарлық танытуы. Бұрын қуаныш сыйлаған ісінен ләззат алмауы, өз-өзін түкке тұрғысыз көруі, кінәлі сезінуі, әр нәрсеге тітіркеніп, мазасыздануы – эмоцияның алғашқы белгілері.
Екіншіден, мінез-құлық белгілеріне мыналар жатады: сөйлесіп-әңгімелесуден қашуы, бұрынғыдай белсенділік танытпауы. Әдеттегі істеп жүрген әрекеттерден, хоббиінен бас тартуы, телехикая мен ұйқыдан бас көтермеуі не болмаса, керісінше, ұйқысы бұзылып, мазасызданып кетеді. Ішімдікке салынып, тамақсау болуы да мүмкін.
Үшіншісі – когнитивті (ойлау) белгілері. Оларға есте сақтау қабілетінің нашарлауы; ойы сан-саққа кетіп, ден қоя алмауы; болашаққа сенімін жоғалтып, одан жақсылық күтпеуі; ойының сан-саққа кетіп, тежелуі; халі одан да ауыр болса өмір сүруге құлқы жоғалып, өлім жайлы ойлай бастайды.
Төртіншіден, физикалық белгілері жоғарыда айтқандай, ұйқысыздық немесе ұйқыға бой алдыруы. Тәбеті болмай немесе тамаққа қомағайланып кетуі. Бас ауырып, себепсізден-себепсіз дененің ауырсынуы. Бойын шаршаңқылық басып, өзін әлсіз сезінуі тағы бар.
– Депрессияға көбіне түсетіндердің жас мөлшері қандай? Олардың арасында қайсысы басымырақ: әйел ме, ер азаматтар ма? Жалпы, депрессия бойынша көбіне қандай себептерге байланысты көмек сұрайды?
– Ер азаматтардан гөрі, қыз-келіншектер депрессияға екі есе көбірек түседі. Негізінен олар гормоналды факторларға байланысты (етеккірдің келуі, жүктілік, босанғаннан кейінгі кезең, етеккір алдындағы синдром, менопауза) көмекке жүгінеді. Оның бәрін тіркеп отырамыз. Әрине, ер азаматтардың депрессияны сылтау етіп, психологтің көмегіне жүгінуі өте сирек. Онда да жұмыс барысы, ішімдікке тәуелділігі, ашушаңдықпен келуі – көз байлау. Оның түп-тамыры депрессияда жатыр. Сондықтан көбіне ер азаматтарда депрессия байқалмай әрі өте ауыр өтетінін ескерген жөн.
Адамның депрессияға түсуіне 3 фактор әсер етеді. Олар: биологиялық (ми қыртысындағы биологиялық процестердің бұзылуы, дәрумендердің, макро және микроэлементтердің жетіспеушілігі, гормоналды өзгеріс), психологиялық (стреске төзімділіктің төменднуі, мазасыздық және т.б.) әлеуметтік (несие, отбасылық мәселе, шығын, қарызы және т. б)
– Бойыңызды шаршаңқылық билеп, көңіл-күй болмаса, апатияға түссе – ферритиннің жетіспеушілігі, анализ тапсырып, дәрігерге қаралған дұрыс дейді. Осы қаншалықты рас?
– Дене мен психика бір бүтін дүние, екеуін екі бөлек қарастыра алмаймыз. Мысалы, көмегіме жүгінгеннің бәрін алдымен анализ тапсыруын сұраймын. Физиологиялық тұрғыдағы мәселелер емес екеніне көз жеткізуім керек.
– Сонда қандай жағдайда дәрігердің, ал қайсысында психологтің көмегіне жүгіну керек?
– Жақыныңыздың халін елемей, оның жағдайына көз жұма қарау қаншалықты дұрыс? Психологтің көмегіне жүгіну оның жындылығын не есі кеткенін көрсетпейді. Ол дегеніміз – оның сырқат екенін мойындап, дәрігердің көмегіне жүгіну. Өйткені психиканың саулығы – денсаулықтың бір бөлігі. Сіз, кеуде тұсыңыз мазаңызды алса, кардиологке жазыласыз. Сондықтан ұйқыңыз немесе ойыңыз бұзылса, осы мәселемен жұмыс істей алатын маманның көмегіне жүгінген жөн. Назар алынатын негізгі белгілер мыналар:
1. Эмоционалды жай-күйі
– көңіл-күйдің болмауы созылмалы күйге көшіп, өмірге деген қызығушылығы жоғалады;
– себепсізден себепсіз мазасызданып, ішкі шиеленісі туындап, үрейленуі көбейе түседі;
– көңіл-күйі әп-сәтте өзгеріп, құбылып тұрады, сіркесі су көтермей, ашуланшақ келеді;
– өзін-өзі түкке тұрғысыз көріп, өз-өзіне қол салуды, өмірден қол үзуді ойлайды.
2. Ой-сананы, яғни психиканы денеден бөліп-жарып қарау мүмкін емес, екеуі тығыз байланыста екені белгілі. Сол себепті негізгі реттеуші функциялардың бұзылуы ретінде мыналар мән берген жөн:
– ұйқының бұзылуы (инсомния, ерте ояну, шамадан тыс ұйықтай беру);
– жыныстық ынтығудың болмауы немесе төмендеуі;
– тәбеттің өзгеруі (ас батпауы немесе тамақсау болуы);
– күнделікті ісін істеуден ауырсынып, күш-жігері таусылады;
– көңіл-күйін көтеріп, жан дүниесін серпіп тастайтын нәрседен ләззат алмайды.
3. Дененің сырқаты болмағандағы соматикалық белгілері
– бас айналу, асқазан-ішек жолдары, жүрек соғысы мен тыныс алуы мазаласа, ауырсынса;
– соматикалық белгілері анықталмаса да ауырғаны басылмаса, симптомдардың психикалық табиғаты болуы мүмкін (аффективті бұзылудың «бет пердесі» деп аталады).
4. Психотерапия өтпесе, яғни психологпен жұмыс істегенде мынаны байқасаңыз:
– назарыңызды аудара алмасаңыз;
– тапсырмаларды орындауға күш-жігеріңіз болмаса;
– сеанстардан хал-жағдайы одан әрі нашарлап, алға емес кері кетсе, ахуалы шиелінісе түседі;
– бірдеңе кедергі келтіріп тұрғандай көрінсе, фондық психикалық бұзылыс болуы мүмкін. Ондайды дәрі-дәрмекпен емдеп, тұрақтандыруға болады.
Сондықтан психолог дағдарыс кезеңінде, ортаға бейімделуі жойылса не болмаса қарым-қатынастағы қиындықтарды терапия арқылы еңсеруге көмектеседі.
– Қазір екінің бірі депрессияда жүрген сыңайлы, неге? Әлде бұл сөз сәнге айналған соң қолданыста жүргені ме? Себебі көбісі оның мән-мағынасы неде екенін түсіне бермейтін секілді. 80-90-жылдары адамдар депрессияның не екенін де білмеді, қалыпты өмірін сүрді. Бүгінде бәрі депрессия жайында білгенімен, оның шешімін таппай жүр. Неге олай?
– Байқасаңыз, қазір әлемнің өзі әлдеқайда стреске толы. Мәселен, өмір сүру қарқыны, ақпарат ағыны, әлеуметтік желілер, өзін өзгелермен үнемі салыстыру, тұрақсыздық, жетістіктің қысымы – осының бәрі бұрын болмаған әрі мұндай көлемде емес еді. Шынымен, психика қазір «өте шулы» ортада өмір сүріп жатыр. 80-90-жылдары депрессия болмады емес, болды. Бірақ ол кезде ақпарат қолжетімді болмады, өз сезімін білдіруді не айтуды білмеді, біреуден көмек сұрау, әсіресе психикалық жағдайына байланысты ауыз ашу, ұят нәрсе не жазаға тартылатын дүние боп саналатын. Оған «шыдап бағуы керек», «өзін-өзі ұстауы тиіс» деп есептейтін. Мұндайды көбіне үнсіз қалдыратын не болмаса «жалқау», «ашуланшақ» деп мінезіне ысыра салатын.
Оның үстіне, адамдар бұрынғыдай айналасынан, яғни ағайын-туғанынан, жақынынан қамқорлық көрмейді. Бұрын қасындағы көршімен де, аулада кезіккен адаммен де, ағайын-туғанмен де сөйлесіп, әңгіме барысында шер тарқатып алатын. Соның арқасында біраз эмоционалды күйзелістің қаупін жоятын. Қазір көпшілігі «өз-өзімен», яғни өз мәселесі де, проблемасы да өз ішінде тынады. Рас, сіз айтқандай, «депрессия» сөзі сәнге айналды. Оның түп төркінін көбі түсіне бермейді. Көңіл-күй болмаса «менде депрессия» деп алмастырып қолданатын болған. Тіпті, көпшілігі шаршау, апатия, сарқылу мен клиникалық депрессия арасындағы айырмашылықты біле бермейді. Сондан болар елдің бәрі депрессияда жүргендей көрінеді. Дегенмен халықтың түсінігі өскен, ненің жақсы, ненің жаман екенін байқай бастаған. Бірақ сондай сәтте не істеу керегі, қандай дағдыны пайдалану керегін білмейді. Кейбірінің топтап, артына қарайлауға да уақыт таппайды. Енді бірі дәрігерге көрінуге ұялады, бұл психотерапия мәдениетінің жоқтығын көрсетеді. Басым бөлігі «әлсіз» боп көрінуге қорқады.
– Бұрынғыдай кірді қолмен жуып, жер қазып, бақша егілмейді. Тіпті, үйді жуып тазалайтын робот-шаңсорғыш пен ыдысжуғыш құрылғылары өздері-ақ бәрін істейді. Мүмкін осындай қол бостықтың өзі адамды депрессияға итермелейтін шығар?
– Сөзіңіздің жаны бар: тірлік болмаған соң адамда міндет, тапсырма жоқ, соған қарай ешқандай күш те жұмсалмайды. Салдарынан психика да шет-шетінен қирай бастайды. Алайда депрессия бос жүрістен ғана туындамайды. Бұл – стресс + қолдаудың болмауы + мидың қайта жүктелуі + қазіргі өмір сүру салтының қосындысы. Бүгінгі күнде депрессияның етек алуы – жұрттың әлсіз болуынан емес, олардың өмір сүру қалпы өзгеруінен. Баяғыдай күнделікті күш салу, яғни физикалық тұрғыда жұмыс істесе табиғи жолмен стресті жойып, бойды қыздырып, миға тыныштық беретін. Қазір оның бәрін үйдегі техника жасағандықтан, іштегі белсенділіктің қысымы шықпайды. Ал телефон арқылы тез әрі еш қиындықсыз алатын дофамин, яғни ләззат сол сәтте алдаусыратады. Кейіннен ми осы әдеттегі істерден ләззат алуды қойып, апатия түсіп, іші босап қалғандай күй кешеді. Оның үстіне, өмірдің өзі құрылымдалған: қазір қажеттілік сезімін беретін шынайы мәні бар жүктеме мен міндеттер азайып, бос уақыт көбейген. Әлеуметтік желілер өздерін өзгемен салыстыруды күшейтіп, бірін-бірі қолдау түгілі, адамдар бір-бірімен сөйлесуден қалып барады. Әркім өзінің кішкентай цифрлы әлемінде өмір сүреді.
– Депрессияның ең ауыр түрі қандай? Ал ол адамды неге итермелейді?
– Депрессияның ең ауыры – адамның өмір сүруге деген құлшынысы жоғалып, ештеңеге зауқы соқпауы. Ондай кезде жылаудан қалып, жан-дүниесі қаңырап, босап қалады. Болашақты түбегейлі жоққа салып, өзін толық үмітсіздік пен шарасыздық билейді. «Бұл дүниеге келмегенімде», «Мен болмағанымда» деген ойға салынады. Бұрын көз қуантып, көңілді көтерген нәрсенің бәрі мән-мағынасыз жоғалтып, ләззат сыйлаудан қалады. Өзін әлсіз сезінгені сонша жуынып, душ қабылдаудың өзі ерлікпен теңеседі. Міне, осындай белгілер байқасаңыз, бұл – депрессияның қауіпті формасы. Ондай да адам дені сау кезде істей қоймайтын әрекетке барады. Онда да өлгісі келгендіктен емес, іштегі сырқатын басу үшін, шығар жол таппағаны үшін сондай қадамға барады. Көпшілік ортаға шықпай, араласаудан қалады, ішімдікке салынуы да мүмкін. Тіпті, өз-өзіне қал салуды ойлап, оған баруы да ықтимал.
– Депрессиядан қалай сақтануға болады?
– Біріншіден, өмір қозғалыстан тұрады. Сол себепті күнделікті қозғалыстан қол үзбеу керек. Міндетті түрде спортзалға бару, марафонға қатысу емес, күнбе-күн 20-30 минут жаяулатып жүрсеңіз де жеткілікті. «Уды у қайтарады» демекші, депрессияның жауы қозғалыс, сырқатқа ілігіп кетпеуді қаласаңыз, қозғалыссыз қалмаңыз.
Екіншіден, ұйқы режимін сақтаған жөн. Әр адам өзінің биологиялық сағатына, тұрмыс-тіршілігіне қарай ыңғайлайтыны белгілі. Десе де, бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұруды әдетке айналдырыңыз. Өйткені ми эмоцияны дұрыс ұйқы кезінде ғана реттей алады.
Үшіншіден, sms-пен не WhatsApp арқылы хат алмасып, жазысқаннан гөрі жүзбе-жүз кездесіп сөйлесуді әдетке айналдырыңыз. Әрине, әңгіме-дүкен құрып, шер тарқасқанға не жетсін?! Алайда баз біреулермен амандасып, хал білісіп, сөйлескеннің өзі табиғи антидепрессант.
Төртіншіден, ұялы телефонға байланбаған жөн. Әсіресе, әлеуметтік желілерді таңғы мен кешкі уақытта шектеңіз. Соның арқасында дофаминдік шұңқырға, яғни әп-сәттік ләззат алуы миды әлсірете түседі.
Бесіншіден, ісіңізді ауқымды мақсаттардан емес, кішкентай ғана міндеттерді орындаудан бастаңыз. Мәселен, бөлменің бір бұрышын жинастыру, дүкенге бару және тағы басқалары. Әрбір орындалған ұсақ-түйек нәрсе өзіңді бақылап отырған сезімін сыйлайды.
Алтыншыдан, өзіңді бағалайтын, сыйлатын адамдармен араласып, дұрыс ортаны таңдаған жөн.
Жетіншіден, өзіңе кесірі тигенге дейін шыдап, бағудың қажеті жоқ.
Депрессия – айықпайтын сырқат емес, шығарылған үкім не мінезінің ерекшелігі, әлжуаздық емес, ми мен психиканың ахуалы. Ал оны түзеуге болады, тек адам жалғыз қалмауы тиіс.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:68
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 02 Желтоқсан 2025 16:19 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















