Есірткі тасымалы елді алаңдатады
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек дәл осы мәселеге баса мән беріп, құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасында «Заң мен тәртіп» негізгі басымдық ретінде белгіленді. Осы ұстаным аясында Құрылтайдағы партия фракциясы жастардың есірткі қылмыстарына тартылуының алдын алу ісіне ерекше назар аударады.
– Бас прокуратураның Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, елімізде 2025 жылы 8 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркеліп, 4,5 мыңнан астам адам қылмыстық жауаптылыққа тартылса, 67 жасөспірім сотталған. Ал 2026 жылы 9 айда 7 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркеліп, 3 мыңнан астам адам қылмыстық жауаптылыққа тартылса, 59 жасөспірім сотталды, – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, биыл 9 айда сотталған кәмелетке толмағандардың саны былтырғы толық көрсеткіштің 88 пайызына жетіп отыр. Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді.
Емдеу-сауықтыру орталығының маманы Талғат Асылғажиннің айтуынша, мұндай заттар адамның миына, соның ішінде шешім қабылдауға жауап беретін маңдай бөлігіне ауыр әсер етеді. Соның салдарынан адам біртіндеп саналы шешім қабылдау қабілетін жоғалтуы мүмкін.
– Бұрын есірткі сатып алу үшін алдымен белгілі бір топтармен байланыс орнату керек еді. Қазір Telegram-арнаға кіресің де, тапсырыс бересің. Зиянды заттарды табу жолы оңайлап кеткеннен кейін бұл біздің жұмысымызды да қиындатып отыр, – дейді ол.
Депутат Дидарбек Ділдәбек жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың тағы бір өзекті бағыты – дропперлік екенін мәлімдеді. Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2026 жылғы маусымның басына қарай дропперлікке қатысты өндірісі аяқталған істерде күдікті ретінде өткен 214 адамның 159-ы – 18-29 жас аралығындағы азаматтар. Оның ішінде 140 адам құқықбұзушылық жасалған кезде жұмыссыз болып шыққан. Бұл қылмыстың алдын алу шараларын жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізу қажет екенін көрсетеді.
– Қаржылық мониторинг агенттігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды. Олардың банктік шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген, – деді депутат.
Депутат бұл мәселені тек қылмыстық қудалаумен шешу мүмкін емес екенін атап өтіп, қаржылық бақылау, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары өзара үйлесуге тиіс екенін мәлімдеді.
– Оқу жылының басында 1-курс студенттеріне есірткі қылмысы мен банк шоттарын өзге адамдарға берудің қаупін түсіндіру жұмысын жүйелі ұйымдастыру қажет. Құқық қорғау органдарының оқу орындары қызметкерлерімен және психологтарымен тұрақты бірлескен жұмысын жолға қойып, профилактикаға қатысатын мамандарды жастармен жұмыс істеуге арнайы даярлау керек, – деді депутат.
Сондай-ақ ол жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту қажет екенін атап өтті. Ол 14-22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл қадам студенттер мен жастардың құқық қорғау органдары және оқу орындары арасындағы жедел ақпарат алмасуын жолға қояды.
– «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік осал жастардың қажеттіліктерін анықтап, атаулы көмек көрсету қажет. Оның ішінде мұқтаж колледж студенттері мен басқа да жастарды тегін тамақпен және киімге арналған ваучерлермен қамтуды, коммуналдық кәсіпорындар базасында еңбек заңнамасына сай күнделікті ақы төленетін қысқамерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыруды қарастыру маңызды, – деді депутат.
Сөз соңында Дидарбек Ділдәбек құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім салаларының тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейту қажет екенін алға тартты. Бұл тетік қылмыстық схемаларды анықтауды, заңсыз қаржы ағынын тоқтатуды және тәуекел тобындағы жастарға көмек көрсетуді өзара байланыстыруы керек.
Көрілімдер:35
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 08 Қазан 2026 06:35 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















