Мемлекеттік наградалар жөніндегі түзетулерді мақұлдады
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мемлекет басшысының Құрылтайдың бірінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға арналған наградаларды енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Құрылтай депутаттары әзірледі. Заң жобасын әріптестеріне депутат, құжат авторларының бірі Ләззат Жылқыбаева таныстырды.
Бастамашының айтуынша, заң жобасы – мемлекеттік наградалар жүйесіне мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған құрметті атақтарды енгізу, ғылым, техника, өнеркәсіп және қоғамның басқа да маңызды салаларындағы еңбек сіңірген қайраткерлерді марапаттау жұмысының жүйелі жалғасы.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі – еңбек адамының мәртебесін арттыру және адал еңбекті қоғамымыздың ажырамас құндылығы ретінде дәріптеу. Бүгін қарауға ұсынылған заң жобасы осы жұмыстың жалғасы болып отыр. Заң жобасының негізгі мақсаты – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде тану және оларды ынталандыру, – деді Құрылтай депутаты.
Заң жобасында екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу ұсынылған. Біріншісі – отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарды марапаттауға арналған «Шәмші Қалдаяқов» медалі. Екіншісі – бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындыларымен отандық көркем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге берілетін «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы.
Талқылау барысында депутаттар ән өнері саласындағы награда иегерлерін айқындау критерийлерін, сондай-ақ музыкалық педагогика мен жас таланттарды тәрбиелеуге қосқан көпжылдық үлесті ескеру мәселелерін нақтылады. Заң жобасының авторлары құрметті марапат иегерін анықтау процесінде еңбек сіңірген майталмандармен қатар, талантты жас авторлардың да еңбегін объективті бағалау қалай қамтамасыз етілетіні туралы сұрақтарға жауап берді.
Талқылау қорытындысы бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Заң жобасы бойынша алда атқарылатын жұмыстар Құрылтайда депутат Екатерина Смолякова жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады.
Отырыста сондай-ақ «2010 жылғы
9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң екі оқылымда қабылданды.
Құжаттың негізгі ережелері туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндама жасады. Министрдің айтуынша, хаттамада мұнай және мұнай өнімдерін жеткізудің индикативтік теңгерімдерін жыл сайын келісу, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында ақпарат алмасу, сондай-ақ Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз импорттау мүмкіндігін сақтау қарастырылған. Сонымен қатар Келісімнің қолданылу мерзімі 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылып, одан әрі тараптардың қарсылығы болмаған жағдайда бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде жалғасатыны айтылған.
Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі, Вадим Басин қосымша баяндамада мұнай өнімдерін бажсыз импорттау мүмкіндігін сақтау Қазақстанға жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ хаттаманы іске асыру отандық экономиканың мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне, ең алдымен дизель отыны мен авиациялық керосинге деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін практикалық маңызға ие.
Депутаттардың баяндамашыға қойған сұрақтары екі тарап арасындағы келісім шеңберінде туындауы ықтимал дауларды реттеу тәртібіне, сондай-ақ отандық өндірушілердің ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қажетінше қамтамасыз ету мүмкіндігіне және басқа да мәселелерге қатысты болды.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екінші оқылымда қабылданды. Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Алмат Жөкебаевтың айтуынша, құжат екі мемлекеттің ұлттық заңнамаларына сәйкес, тең құқылық қағидат негізінде әскери-техникалық саладағы екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған.
Келісім аясында әскери мақсаттағы өнімді өзара жеткізу көзделіп отыр. Оған қару-жарақ пен әскери техника, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, ынтымақтастық барысында берілген немесе әзірленген зияткерлік қызмет нәтижелері, соның ішінде оларға арналған айрықша құқықтар, сондай-ақ тиісті ақпарат пен құжаттама жатады.
Отырыс барысында Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы қаулы қабылданды. Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков бастаманың негізгі мақсаты Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы айтқан өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасында тікелей байланысты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы іске асыру екенін атап өтті.
– Өңірлермен жұмыс істеудің тұрақты тетіктерінің бірі ретінде Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру ұсынылып отыр. Кеңестің негізгі міндеті – заңдардың әзірленуіне, Құрылтай қабырғасында талқылануына мәслихаттардың тұрақты түрде қатысуын қамтамасыз ету және заңдардың жергілікті жерде қолданылуына қатысты кері байланыс алу. Кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ өңірлерді дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді, – деді салалық комитет төрағасы.
Әмірбек Оспанбековтің айтуынша, Кеңес заңдардың құқықтық тұрғыдан қолданылуына мониторинг жүргізумен қатар, өңірлердегі оң тәжірибелерді зерделеп, оларды таратуға ықпал етеді. Мәслихаттардың бюджеті мен өкілеттіктері, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және басқа да бағыттар бойынша жекелеген мәселелерді қарастыру үшін тақырыптық жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Талқылауға Құрылтай және мәслихат депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері шақырылады.
Кеңес құрамына мәслихаттарда жұмыс істеген немесе мәслихаттармен жұмыс істеу тәжірибесі бар Құрылтай депутаттарын, саяси партиялар мен жекелеген мемлекеттік органдардың өкілдерін, сондай-ақ облыстар, Астана және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағаларын енгізу ұсынылады. Өңірлермен тұрақты өзара іс-қимылды Құрылтайдың төрт депутатынан құрылатын хатшылық қамтамасыз етеді. Олардың әрқайсысына бес өңірден бекітіледі.
Сонымен қатар Құрылтай Жоғарғы Сот судьялары Марина Боровикті, Нұржан Қайыпжанды, Валерий Ноздринді, Мәдениет Омарбекованы, сондай-ақ Сәкен Абдолла мен Аслан Түкиевті қызметінен босатты. Мәселе Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабының 10) тармақшасына сәйкес қаралды.
Сондай-ақ Құрылтай Татьяна Савельеваның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Шешім Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 4-тармағына және 56-бабының 12) тармақшасына, сондай-ақ Құрылтай Регламентінің 255-тармағына сәйкес шығарылды.
Отырыс соңында Құрылтай депутаттары мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша 10 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Құрылтайдың ресми сайты мен Telegram арнасында жарияланды.
Алқалы жиын қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру мәселесіне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Құрылтай депутаттары Әмірбек Оспанбеков пен Илья Теренченко жан-жақты жауап берді.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:31
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 08 Қазан 2026 06:35 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















